Фонограмма: одан құтылу мүмкін бе?

Амангелді СЕЙІТХАН

24.09.2020, 10:05

1756

      Фонограмма біздің мәдениетпен біте қайнасып кетті. Оны өнерден ажыратып алу енді қиынға соғады. Мәжіліс депутаттары талқылаған әлгі заң жобасында да оның мүлде алынуы жайында аз айтылады. Басқа емес, сала басшысының өзі де сипай қамшылап жеткізді ғой. Нақты дерек келтірсек,  мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова: «Концерт ұйымдастырушылар фонограмма туралы алдын ала хабарлауы міндетті», – депті. Демек, афишаның елеусіз бір тұсына көзге көрінуі қиын шрифтпен жөн сілтеп жіберсеңіз болғаны немесе әлгі күріш пен күрмек несібесіне қатысты мақалға салып, «Керемет концерт ұсынамыз. Арасында аздап фонограмма қосамыз» дейтін дүдәмал хабарландыру да жетіп жатыр. Ең бастысы, ескертілді. Терең тексергендердің де миы айналып қалады. Тап басып ұстағанынан сол аздап қосылған категориясына жатқыза салады. Сөздің қисынын  Райымқұловаға дейінгі министр айтқан, негізі.

      Арекең, Арыстанбек Мұхамедиұлы мәдениет тізгінін ұстаған кезде сенат депутаттары бір сілкімесе де, өнер саласындағы уәзір алдында бір сілкініп қалды.  Әсіресе сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің сөзі есте қалды. Бұл енді 2017 жылдың көктемі. Еңсегенов еңсесін тіктеп барып: «Жазылып алынған әнді ел күйтабақтан да, дискіден де тыңдайды. Концертке тек бейнесін көруге барады демесеңіз, тағы да сол жазылған, өңделген әнді естіп қайтады. Егер фонограммаға балта шабылса, өнер адамдарының да шынайы кескін-келбеті ашыла түсер еді», – деген еді. Сасқалақтайтын Арекең бе, Мұхамедиұлы сақ еткізіп жауап қатты: «Айтып жүрміз ғой, біздің де концерт ұйымдастырушыларға лицензия берілуі тиіс. Шетелдерде солай. Мысалы, біз мәдениетке жауапты екенбіз, ұйымдастырушы орталықтардың жұмысын қадағалай алатын механизміміз болуы шарт. Лицензияны енгізейікші. Олардан талап етеміз. Тәртіпке бағынбаса, рұқсат қағазды алып қоямыз». Қисынды уәж ғой. Қазір кез келген адам концерт ұйымдастыра береді. Билет сатып, көрермен жинай алсаңыз болды. Әншімен келісу оңай. Сұраған қаламақысын санап берсеңіз, өнерпаздың көңілі жай. Дер кезінде келеді, әнін айтып береді. Анығында, фонограмманың түтінін тұтатып, отын жағады. Тыңдаушының сауабын алады. Баланы емшектен шығару мүмкін шығар. Ал әншіні фонограммадан айыру? Атамаңыз! Атаусыз қаласыз.

        Әлгі заңды желеу етіп, сүйінші сұраушылар баршылық. Басылым беттерінде, әсіресе сайттарда пікір айтқан маманнан жер қайысады. Бәрі қуанышты. Сенат мақұлдап, президент қол қойғаннан кейін біздің ел фонограммасыз ән шырқап кететіндей. Біріншіден, заң тыйым салып тұрған жоқ. Тек әлгі жарқыраған афишада көрсетуіңізді талап етеді. Бір бұрышына сүйкей салу қиын ба? Тіпті концерт алдында ескертсін де. Мысалы, «Бүгінгі бағдарламамызда бұрын-соңды қолданылмаған техникалық шешімдер жүзеге асуы тиіс. Лазер-шоу әдіре қалатыны анық. Ал технология қанша қатты дамып кетті десек те, кейбір тұсында дыбыс тарауы қиынға соқса ептеп фонограммаға да жүгінеміз».  Жетіп тұр. Заң бұзылмайды.

        Егер фонограммаға мүлде тыйым салынса, ел эстрадасыз қалады. Еліріп билейтіндер мен «Чип, чипсіз» жүрмейтіндер не істейді онда? Сол саланың орындаушылары сұранысқа ие екені жасырын емес. Бірде эфирден керемет үн төгіліп жатты. Журналистикадағы ағам әрі әріптесім Әлімжан Сабыржанұлы бар көңілімен тыңдап тұр екен. Біз де құлақ тостық. Керемет ән. Керемет орындаушы. Әншінің де түрі таныс. Жоғары нотаны алып барып, қайта төмендейді. Келесіде қайта көкке самғайтыны қандай жарасымды. Ағам екеуміз де бақытты едік. Өйткені керемет орындаушының ғажап туындысын тыңдадық. «Әй, інім», – деді сосын ағам, әншінің есімін әрең еске түсірдік. «Егер де Құдайберген Бекішев болғанда, өзіміздің  Құдыш деп, бағана баж ете қалар едік», – деп күледі. Құдышты қомсыну емес. «Қуыр, қуыр, қуырмаш» деп ән салған, кейін керемет шеберлігімен баршаны тәнті еткен Бекішев өз заманының хиты еді. Дәл осы Құдышқа фонограмманың түкке қажеті жоқ. Талай тойда микрофонды ала салып, тыңдамайтындарды да тыңдатып, билемейтіндерді де билетіп, жұртты баурап алған. Концерт бергенде де, табиғи даусына көбірек сенетін. Құдайберген ғана емес, Жеңіс Сейдоллаұлының да тіке тартатынына талай рет куә болдық. Жеңіс Ысқақова мен Шәкизада да солай. Яғни кешегі кеңес мектебінен өткен әншілер «фанераға» аса байланып тұрған жоқ. Роза Рымбаева мен Нағима Есқалиева да, қажет десеңіз, бір концертті былай-ақ ұсына салады. Боршасы шығып терлеуі мүмкін. Жаныңды жұлып, ән айту қайдан оңай болсын. Ал кейінгі буынға күмән көп.

      Бірде Саят Медеуовпен сөйлесіп едік. Әлемдегі мәселені түгел тауысып, әнге де уақыт таптық. Ән болғанда, ән тағдыры, әнші шеберлігі жайында да пікір айтылды. Сонда Саят: «Әнші өзін сынаудан қашпауы керек. Бір концертте кемі бес-алты әнді оркестр сүйемелдеуімен айта алмаса, оның өлшем бірліктері сын көтермейді», – деді. Демек, нағыз әнші фонограммаға байланып қалмайды. Тіпті одан саналы түрде бас тартады.

— «Фанера» қартайтып жіберді, – деді бірде Жұбаныш Жексенұлы.

— Қартайтқаны қалай?

— Әншінің өмірі әнмен біте қайнасқан ғой. Сосын, әніңді нақышына келтіре орындаудан ләззат аласың, жаның жадырайды. Кәдімгідей жасарып шығасың сахнадан. Ал фонограмма ондай рахат сыйлай алмайды.

— Не істеу керек?

— Пәлендей ұсыныс айту қисынсыз. Өмірімізге сіңіп кетті ғой. Тыятын болса, кәдімгідей іріктелер едік. Кімнің шамасы  келеді, солар айтады. Күйі келмейтіндер басқа салаға кетеді. Дәстүрлі әншілер айтып жүр ғой. Операдағылар да табиғи даусымен нәпақа табады. Біз де сол көшке ілісер едік.

— Біреу бастау керек шығар?

— Бастауға дайынбыз. Еретіндер көп бола ма? Техника өз дегенін істейді. Жонып, түзелген үннің өз үстемдігі бар. Табиғи даусыңнан танитындар «фанераны» жатырқайды. Ал, керісінше, фонограммамен танылғанның табиғи даусын тыңдаушы жатырқауы мүмкін. Бұл оңай шешілетін мәселе емес.

    Дәстүрлі әнші демекші, мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Толғанбай Сембаевтан сұраймыз:

— Мәдениет министрін естідіңіз бе?

— Фонограммаға қатысты ма, енді ол тыңдаушы талғамына келіп тірелетін шығар. Ұлттық дәстүрге, қазақтың әншілік өнеріне жақын көрермен бізді тыңдайды. Заман көшінен қалып қоймауды ойлайтын тыңдарман сол эстрада әншілерін таңдайды. Шын әнші бап талғамайды. Қай жерде болса да, даусы естіледі. Үні жетеді көрерменге. Микрофон, техника дегендері желеу ғана.

— «Фанерасыз» өмір сүруіміз мүмкін бе?

— «Ескертсе болады» депті ғой. Кім біледі, өз басыма аса қатысы жоқ шаруа.

    Толғанбай әнші шолақ қайырды. Шынында, бүгінгі Нұржан Жанпейісовке, осы Толғанбай Сембаевқа сахна болса жетеді. Әнімен көрерменді баурап алу олардың міндеті. Кешегі Әміре де микрофонды қажетсінген жоқ. Мәдениет Ешекеев пен Дәнеш Рақышевтың да даусы алты қырдан асатын. Сондықтан мәселе – талғамда, көрермен талғамында. Ұнай ма – эстраданы өнер санайды. Фонограмма мүмкіндігі деп ойламайды, әнші шеберлігіне сүйсініп өмір сүре береді. Заң елге қызық. Еміренбесе де, елігізіп қалды. Ертегіге де елең ететін елміз ғой.

   

Тегтер: фонограмма әнші әншілер заң талап жанды дауыс сахна тыңдаушы орындаушы

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 29.10.2020, 11:15
Оның жыры шырқалды – ГИМН болып!
Сайт әкімшілігі 29.10.2020, 10:17
Дос туралы сыр
Айжан БҮРКІТБАЕВА 29.10.2020, 09:17
«Алтын қалам» жылдың ең үздік қаламгерін анықтады
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 17:54
Карикатушыларға арналған республикалық байқау жарияланды
Жабал ШОЙЫНБЕТ 27.10.2020, 11:01
Қазақты, Абайды қорлау – ұлттық құндылыққа шабуыл...
Тілекқабыл РАМАЗАНОВ 27.10.2020, 10:29
Азамат. Ғалым. Дос

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    29.10.2020, 11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04