Гиннесс рекордтарын жүзіммен жаулаған бағбанды мемлекет неге қолдамайды?

Айжан БҮРКІТБАЕВА

20.11.2020, 03:30

1498

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының орталығы – Есік қаласында тұратын Нұраддин Маткаримов ағаның бақшасына барған адам оның ерінбей еткен еңбегіне еріксіз таңдай қағады. Бағбан тропикалық континенттерде  өсетін жемістерді Жетісу жеріне жерсіндірген. Ыстық өңірлерде ғана өнім беретін көшеттердің өзіміздің өлкеде қалай тамыр жайғаны туралы білу үшін ғажайып бақша иесінің өзімен тілдестік.

— Нұраддин аға, бау-бақшаңызда Жетісу тарихында болмаған жемістер өсіретініңізді естіп таңғалдық. Жалпы, бағбандыққа деген қызығушылық неден басталды?

— Орта мектепті тамамдаған соң, Ташкент қаласындағы Халық шаруашылығы институтының есеп-қисап факультетіне оқуға түстім. Оны ойдағыдай аяқтап, ауылға келіп, мамандығым бойынша жұмыс істей бастадым. Алайда бағбандық өнерге деген қызығушылығым Ауыл шаруашылығы техникумының агрономдар даярлайтын бөліміне жетеледі. Жаным қалаған оқуды ынтызарлықпен аяқтадым. Сөйтіп, елге агроном болып қайта оралдым. Осы кездегі менің негізгі мақсатым жеміс-жидектердің тиімді сорттарын дүниеге әкеліп, өзіндік жаңалықтар ашу болатын. Марқұм әкем мен атам елге танымал атақты бағбаншылар болған. Маған да бағбандық өнер ата-бабамнан дарыды.

– Отаныңызға қашан оралдыңыз?

— Бағбандығымның арқасында көптеген лауазымды тұлғалармен араласа бастадым. Солардың ішінде Дилярам және Оғылжан есімді жандармен жақын араластық. Олардың екеуі де Қарақалпақ АССР жоғарғы кеңесінің депутаттары болатын. Ол кісілермен жиі жүздесіп, әңгімелесіп тұратынбыз. Олар қазақ, өзбек, орыс, тәжік тілдерінде еркін сөйлейтін. Менің қазақ екенімді білетін олар бір күні Қарақалпақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы  Кәкімбек Салықовпен таныстырды. Алғашында шағын  шаруашылықта агроном болып жүрген мені лауазымды кісі қабылдай қоймас деп ойладым. Алайда таныстығымыз достыққа ұласып, жиі-жиі кездесіп тұрдық. Бір республиканың басшысы болса да, қарапайым агрономды өзі іздеп келетін. Менің Қазақстанға көшіп келуіме осы кісі себеп болды.

— Өз еліңізге келген соң, құнарлығы таңсық топыраққа егін салу қиындық тудырмады ма?

— Атажұртыма көшіп келгенге дейін Қазақстанды құмды, тасты жер деп ойлаушы едім. Қателесіппін. Табиғаттың төрт мезгілі рет-ретімен ауысып келіп отыратын керемет жер екен. Әрине, әлемде жер көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын кең-байтақ еліміздің ыстық өңірлері де, қысы суық аймақтары да бар екенін кейін біле бастадым. Ал енді Қазақстанымыздың оңтүстік өлкесі, оның ішінде құнарлы топырақты Жетісу жері мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына таптырмайтын жер екен. Бірер жыл өзіміз қоныс тепкен Жетісудың ауа райын зерделей келе, тек тропикалық өңірлерде ғана өнім беретін жемістерді осы жерде будандастыру, жерсіндіру арқылы өсіруге болатынын түсіндім. Алдымен әр деңгейдегі басшыларға кіріп жүріп, он шақты гектардай жер алып, бірақ оның бес гектарын ғана заңдастыра алдым. Алдыңғы ауыл әлімі «сіздің қолыңыздан келеді» деп, маған бес гектар жер қосып берді. Ол жерлерге мақта, жүзім егіп қойған кезде қазіргі ауыл әкімі өзінің Серік деген күйеубаласының атына жазып берді. Қазір сол бес гектар жер босқа қуарып жатыр.

— Тропикалық жемістердің қоңыржай белдеуде өсуінің құпиясы қандай?

— Біздің базарларда жоқ қызыл анар өсірдім. Бұл менің будандастыруым арқылы дүниеге келген жеміс. Инжир мен құрма да солай. Тіпті мақта, жүгері, картоп, жүзім, помидор т.б. дақылдарды өсірудің технологиясын жаңарттым. Соның нәтижесінде мен өсіріп жатқан мақта Өзбекстан мен Шымкент өңірінде өсетін мақталардан 2-3 есе артық өнім береді. Жүгері де солай. Әдетте жүгері әр гектардан 50 центнерден өнім берсе, мен бір гектардан 200 центнерге дейін өнім аламын. Жүзімнің  Орталық Азияда жоқ 10-11 сортын өсіремін. Оның ішінде бесеуін будандастырғанмын. Өзбекстан мен Тәжікстанда жоқ қара жүзім өсіріп шығардым. Жүзімдерім 500 келіден бір тоннаға дейін өнім береді. Осының нәтижесінде Гиннесс рекордына еніп отырмын. Құлпынай қысқа да, жазға да қарамай, жылына бес рет өнім береді. Картоптан жылына үш рет өнім аламын. Сонымен қатар араб елінен әкелінген тәспі өсіремін. Оны көбіне молдалар, имамдар келіп алып кетеді. Осының бәрі тынбай еңбек еткеннің нәтижесі.

— Имамдар мен молдалар сұранысы тәспіге тоқталатынын айтып өттіңіз. Ал қалған өнімдеріңізді қайда өткізесіз?

– Өнімдерімді Ресей губернаторы келіп алып кетеді. Ақшасын кешіктірмей, кемітпей бірден жіберіп отырады. Ал өз өніміміз елде қалсын дейін десем, базарға барып сатуға шамам келмейді. Олар үлкен жүк көлігімен келіп, бір-ақ тиеп алып кетеді.

 - Жарты ғасыр бойы бақшаның берекесін байытып келесіз. Осы салада өзіңіз тәрбиелеген шәкірттеріңіз бар ма?

— Мен Алматыдағы Ауыл шаруашылығы академиясымен келісімшартқа отырғанмын. Соған байланысты болашақ агрономдар, яғни студенттер, магистранттар келіп шаруашылығымызбен танысқан. Алған білімдерін еңбекпен ұштастыратын, дипломдық жұмыстарына керекті материалдар жинап тұратын. Ара-тұра ғалымдар да келіп, менің шаруашылығыммен танысып, ризашылығын білдіріп кететін. Бірнеше жыл алдын бір орыс ғалымы келіп: «Жүз жылда қол жеткізетін шаруаны жиырма жылда жүзеге асырыпсыз ғой», – деп таңғалғаны бар. Жүзім шаруашылығы институты бар екен. Сол оқу орнынан бақшаны көруге Люба есімді әйел келген. Он жеті жыл егінмен айналысып, профессор атанғанын айтты. Менің Қазақстанда бау-бақшамен айналысқаныма 22-23 жыл болды. Ал жалпы тәжірибем 50-60 жыл шамасында. Қазақстанда болмаған өнім шығардым.  Бірақ маған студенттерге тәлім беріңіз, білгеніңізді үйретсеңіз деп, бір жоғары оқу орнына шақырған жоқ.

— Жеміс-жидек дақылдары мен жүзімнің көпжылдық аналықтарына мемлекет субсидия бөлген еді. Осы тұрғыда егін еңбеккері ретінде мемлекеттен кәсібіңізге қолдау көрсетіліп жатыр ма?

– Елге келе салысымен бағбандықпен айналыстым. Әлі күнге дейін түрлі жемістің түр-түрін шығарып келемін. Қазақстанға алғаш келген тұста елбасымыздың «еңбеккерлерді марапаттау керек» деген сөзінен қуат алып, тынбай еңбек еттім. Дегенмен жасым 75-ке келсе де, әлі бір марапат алған емеспін.  Мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмек, субсидия мүлдем жоқ. Жеті-сегіз отбасыны асырап отырмын. Жылыжайдың үстін жабуға ақшам жетпей жатыр. Несие алайын десем, оған жылжымайтын мүлікті кепілге қою керек екен. Менің үйім өртеніп кеткен. Сондықтан маған несие берілмейді. Мемлекет тарапынан марапаттау, көмек болса, бақшамда жұмыс істейтін 7-8 диқанға да қолдау болар еді. Қазір ақшасы, малы бар адамдарға орден береді де, мендей диқандар көбіне елеусіз қалады. Нұрсұлтан Назарбаевтан марапаттау керектігі туралы жазылған хат үш рет келді. Бірақ ешкім қимылдап жатқан жоқ. 2019 жылдың 4 желтоқсан күні Талдықорғанға «сізді марапаттайды» деп шақырды. Елден артық ештеңе істемеген 12-13 адамға медаль берді. Мені құр қол қайтарды. Сол күні жүрегім жылап қайтып едім.  Қарт адамды осылай алдауға бола  ма? Енді 16 желтоқсан күні марапаттаймыз деп отыр. Маған марапаттың керегі жоқ. Тек еңбегіме қолдау көрсетсе жетер еді. Мемлекет қаржы жағынан жәрдемдессе болды.

 - Әңгімеңізге рақмет.

Тегтер: бағбан кәсіп Гиннес тұлға

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК 22:38
Сүзге ханым
Сайт әкімшілігі 10:57
Диего Марадона неден көз жұмғаны айтылды
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ 24.11.2020, 11:00
"Жабық тақырып жөніндегі ашық әңгіме"
Бифат ЕЛТАЕВА 23.11.2020, 14:38
Алтын адамның алтынын сақтап, бас сүйегін қайда жібердік?
Сайт әкімшілігі 18.11.2020, 16:15
Серік Сәпиевтің әкесі қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 17.11.2020, 17:26
Жезқазғанда Алаша хан мен Жошы ханның кесенесі қараусыз жатыр

Аңдатпа


  • Нұр-Сұлтан дәмханасындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
    25.11.2020, 10:40
  • «Жас Алаш» жазған жайдан соң: Тұғыл тығырықтан шықты (видео)
    24.11.2020, 15:57
  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    24.11.2020, 12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42