Хафиздей сүйіп, Мәжнүндей күйдім дертіңе...

Ерғали БАҚАШ

12.05.2022, 14:35

1430

***

Сұлу кеш түн қойнына кетті кіріп,

Қалды ымырт құры босқа жөткірініп.

Түтілген жүндей анау ақша бұлттың,

Қасына Темірқазық жетті күліп.

Көрінді сылаң қағып Ай да керім,

Көктемнің сағыныппын майда лебін.

Гүл емес, пана іздеген жарық нұрдан,

Көбелек-ау, жастығым қайда менің?!

Қарайды жұлдыз көктен төніп бізге,

Іңкәр боп қалды ма екен көріп түзде.

Көктемдей құлпырғанмен бар тіршілік,

Көз жасын жерлейтіндей көміп күзге.

Күз міне, дірдек қағып жапырақ тұр,

Құлазып қалады ертең атырап тұл.

«Бармын ба, жоқпын ба», – деп тіршілікте,

Күрсінер терек байғұс аһылап құр.

Жоқ өкпе, жұпар аңқыр қоңыр кешке,

Ілесіп күн кешерміз өмір көшке.

Санамда сары уайым салады ойнақ,

Сабырға шақыра алмай көңілді еспе.

Бір көрініп жоқ болды...

Бір көрініп жоқ болды көктем ару,

Дидарына жан едік көптен зәру.

Көкке жайып саусағын дір-дір етіп,

Көк теректер күтеді көктен дәру.

Буы шығып, қара жер бусана алмай,

Ақ текемет әлі де тұмшалардай...

Жалт-жұлт еткен жұлдыздар ұзап кетті,

Тастан тасқа секірген тушалардай.

Жылт еткен Күн сөнеді бұлтқа кіріп,

Бөрі ұлыған аулақта, құртқа күліп.

Текемүйіз Ай анау мысқылдайды,

Көктемшілін деп өзі… жұтта жүріп.

Асау бұлақ жылтырап бұлаң қақпай,

Тынады іштен жылғаға сыр аңдатпай.

Ары-бері жөңкілген ақша бұлттар,

Жөн еді бір жауғаны ұрандатпай.

Көк қылтиса беткейде көңіл өсер,

Болмашыға алданып өмір өтер.

Жүдеген тал, мүжілген қара ағашқа,

Қарап тұрып дей бердім бәрі бекер.

Не істеу керек мұндайда, күлесің бе?

Тырысасың қалмауға күресінде.

Қыс бәрібір қабағын жазбағанмен,

Көгілдір тау, көк белдер үлесіңде.

***

Құс жолы анау соққанда қоңырауын,

Ақ бұлттардың түртеді Ай омырауын.

Енесімен көкке өрген қозылардай,

Жұлдыздардың қарашы жамырауын.

Еркін жайлап жарықты түн ақсиды,

Паналады көлеңке құрақ, шиді.

Кеберсіген даланың маңдайынан,

Жымиып кеп мөп-мөлдір бұлақ сүйді.

Бой суытты сал іңір сайрандаған,

Түнге беріп бар еркін тайраңдаған.

Қалт-құлт етіп аспанда қалқыған Ай,

Қайық сынды жағада қайраңдаған.

Елпілдейді, қара түн жаны қалмай,

Жұлдыздарсыз аспаннан жалығардай.

Айдың бірақ қабағы ашылмайды,

Өле сүйген Күнді әлі сағынардай.

***

Күнәдан пәк сұлулығың көзді арбап,

Қиял-құсым әлеміңді жүр барлап.

Көңілімнің бақшасына қонсаң ғой,

Жан тербетер, құдіретті сөзді арнап.

О, перизат!

Бұлбұл үнді гүлзарым,

Махаббаттың арқалатқан мұң-зарын.

Мәртпін, бірақ шаһарым жоқ сыйлайтын,

Ал Хафиздей түсіне алам қыз жанын.

Гүл мен қайың саған теңеу бола алмас,

Өйткені олар семсе қайтып оңалмас.

Тәңір сені хас сұлу қылып жаратты,

Бір көрген жан мәңгі есінен жоғалмас.

Тыңда мені, айлалы өмір түлкідей,

Қырын қарап, жиырылғанша кірпідей.

Хас сұлулар болмаса егер жалғанда,

Хас батырлар болар ма еді күлкілі-ей.

Күн мен Айдай дараланған бөлексің,

Зерттелмеген, жұпары мол түнексің.

Жан баласы көрген замат таңданып,

Кеуделерде дүрсілдеген жүрексің.

Жүрек тулар,

Жел жұлқыған емендей,

Ұшып-қонып мазам кетті елеңдей.

Тереземнен сығалайды қоңыр кеш,

Бөлмеме сен жарық болып енердей.

***

Сүйген жүрек болады екен ессіздеу,

Ғашық көңіл, құса-мұңы шексіздеу...

Мүмкін бе, дос, ойлап көрші жүрекпен,

Ақын болып сұлуларға көз сүзбеу.

Сүйді Есенин,

Пушкин де өртеніп,

Содан болар кетті олар ерте өліп.

Үрпісінен мынау ғазиз дүниенің,

Шаттық емес, өтеміз біз дерт еміп...

Сүйді жүрек ажалды да жек көрмей,

Шын досына балап оны бектердей.

Жұмақ барып, бал-бұлақтан су ішіп,

Хор қызымен өсіп-өніп көктердей.

Сүйді тағы...

Сүймеу күнә ақынға,

Сезімі оның бағынбайды ақылға.

Ажал келіп, маңдайынан сипалап,

Өлім келіп әкеткенше ақымға.

Сүю ләзім, сүймеу азап қиналдым,

Сүйген жанға дүние кең, иландым.

Асыр-салып жүрген болар жұмақта,

Асқақ Хафиз аруымен Шираздың.

Оһо, қиял, аспандаттың не дейін,

Сүю,

күю,

бәріне де көнейін.

Дидарғайып дүниеде адамдар,

Мен сендерді сүймеген күн өлейін.

Қызғалдақтар және біз...

Қызғалдақтардың арасында тұрмыз алаулап,

Құрық салдырмас асау сезімім танаулап.

Аспаннан күнді жұлып ап саған сыйласам,

Мына дүние қалады-ай әттең манаурап.

Күннен де бірақ нұрлы ғой сенің келбетің,

Қызғалдақ емес, құлпыртқан сенсің жер бетін.

Тұла бойыңа жарасып балдай қылығың,

Тербетіп тұрдың табиғатты да сол бір күн.

Шәрбатты қайтем, қап-қара көзің тұмадай,

Қарауға оған қаймыға бердім күнәдай.

Ажалыңа да еріп-ақ кетер едім мен,

Сол бір сәттердің бақыты үшін қарадай.

Өзен де,

Көл де,

тына қалғандай жабырқап,

Әуезді үніңмен жібердің лезде жарылқап.

Ырғала басып, үлбіреп тұрған қалқаға,

Аспанның өзі қарап тұрғандай таңырқап.

Тайғанақ тағдыр ішкізіп уын кеселеп,

Қоса береді азабын тағы еселеп.

Өзіңсіз қалай өмір сүрдім деп жүргенмін,

Өмірге қайта әкелдің мені жетелеп.

Қызғалдақ емес, қызыл жалындай шарпыған,

Қырларды қара аптап ыстыққа балқыған.

Өртеніп менде кетпесем болды бір күні,

Шайырдың жанын кім түсінеді шалқыған?

Саған

Хафиздей сүйіп, Мәжнүндей күйдім дертіңе,

Ажалдың өзі қарсы тұра алмай сертіме.

Өмір дегенің – сүю екен ғой біреуді,

Дүниені мынау көндіріп алып еркіңе.

Інкәрім менің – қара көзіңдей қара түн,

Тесіліп саған жұлдыздар қарап қалатын.

Бір аунап алып, өз мұңына өзі тұншығып,

Күрсініп Ай да қағатын әлсіз қанатын.

Ақыл мен көрік қатар дарыған жарығым,

Сөзім жеткенмен, қолым жете ме зарығым.

Құдайдың шексіз құдіретінің біреуі –

Сұлулық екен, қапысыз соны таныдым.

Көргенде сені, көргендей алғаш таңғалам,

Мен ғана емес, ынтызар саған паң ғалам.

Азабыңа қоса, уыңды да бер кеселеп,

Бәрібір менің жазылмас, сірә, жан-жарам.

Қарама маған, туласын жүрек асаудай,

Жаңарған дүние қызға беретін жасаудай.

Шын сүйген жанға махаббат деген – әлемнің,

Құпиясы өзі – сабырын сынап ашардай...

Көнемін қалқам, дертің де сенің балдайын,

Сүйе беремін, сүймесе өлер жандайын.

Ұялып тұрдың түсімде менің жанымда,

Арайлап атқан мейірімді сұлу таңдайын.

Мәжнүндей мұңлы, Хафиздей шерлі жас ақын,

Жанының шөлін шараппен ғана басатын.

Жүрегінде оның Алатау бұғып жатқанын,

Білмейді-ау ешкім, жан да жоқ сырын ашатын...

***

Мен жазбын. Сен мәңгілік көктемсің,

Жүрегімде бүршік жарып көктерсің.

Гүлдей нәзік болғанымен болмысың,

Батырлық пен қайсарлықтан өктемсің.

Менің жаным жасын түскен көктерек,

Көз мейірің түссе ғана көктемек.

Жамалыңа қарау үшін қаймықпай,

Жанарыңның ұшқынындай от керек.

Бірақ қайдан, балқып кетем қарасам,

Бақытты едім көлеңкеңе жарасам.

Тентек желдей көйлегіңмен ойнамай,

Самал болып шаштарыңды тарасам.

Бақыт бір күн созса қолын күлімдеп,

Қуаныштан жүректі мың тілімдеп.

Алып-ұшып барар едім алдыңа,

Сездіртпестен тұрғанымды дірілдеп.

Оты өшпеген сол бір үміт өндірдей,

Өлгенімше өтем оны сөндірмей.

Ақынға сен жымия сал, жәй ғана,

Қабағыңнан қайғы бұлтын төндірмей.

Гүл жайлы жыр...

Көктем келіп,

Кеуде де жыр ойнақтап,

Көңілдерге өлеңмен сыр оймақтап...

Гүлдерге арнап өлеңді жазады ақын,

Шығарам деп әлемге қазақ атын...

Гүлден гөрі жусанның исі балдай,

Гүл біткеннің барады исі қалмай!..

Сонда да бір тоқтамай, гүл жайлы жыр,

Гүл жайлы жыр білгенге күл жайлы жыр...

Әй, өмір-ай, жырлатқан өмірсізді,

Түйсінуге оны әлі көңіл сызды.

***

Махаббат деп аталатын пәк сезім,

Сендей шығар, сұқтанады жат көзін.

Сүю деген – күллі азаптың майданы,

Жүрегімде боп жатқандай тап менің...

Сен тұратын үйде көркем, еңселі,

Балконыңнан бір көрсем ғой мен сені.

Хафиз,

Мәжнүн ғашық болған арулар,

Көлеңкеңдей бола алмайды-ау ең кемі.

Көзің түндей ернің сенің шиедей,

Ессіз шайыр қиялымен сүйеді-ей.

Кір ғаламның сені айналып өтсе ғой,

Лас-қоқысы күйедей.

Әсемдіктің құны немен өтелмек,

Сені ойлаудан басқа менде жоқ ермек.

Аспан болып көз жасымды төксем де,

Қара жердің шаңы көкке көтермек.

Ех, жүрегім дертіңе ем табылмас,

Көңіл деген – көктем атты қарындас.

Зарығамын,

Үздігемін,

Не шара,

Сол көктемге келмейді ұшып қарлығаш...

Қиял

Сені көрсем, көңілді бір күй кешем,

Қуанышқа бөленбес ем сүймесем.

Бірақ айнам, бақытты боп көрініп,

Бақытсыз боп жүргендермен үйлесем.

Сені көрсем, шет-шегі жоқ сезімнің,

Әлі құрып, өшті үміті төзімнің.

Жанарыма тік қара да, оқып ал

Мен де естиін не айтарын көзімнің.

Сені көрсем, көл көремін көзіңнен,

Ескексіз-ақ жүздіресің сөзіңмен.

Мен бақыттың не екенін түсіндім,

Сол бақытқа қол жеткізбей өзіңмен.

Сені көрсем, жо-жоқ бүгін көрмесем,

Таба алам ба?

Жан ұшырып іздесем.

Азабым боп сіңіп алып санама,

Мейірім боп оралдың сен шөлдесем.

Сені көрсем, эх, шіркін ол мүмкін бе?

Ойлай-ойлай жетті жүрек бұл күнге.

Көрмесем де көргендей боп жүрмін мен,

Бар бақытым жатқандай бір күлкіңде.

Муза

Қасіретті қайғым болдың сен менің,

Мұң боп шықты махаббат деп сенгенім.

Сол мұңымнан алыстасам бір елі,

Онда менің тірі жүріп өлгенім.

Ондай мұң жоқ, маған ғана тиесі,

Жалғыз менмін мәңгі оның иесі.

Хафиз шалқып,

Омар шайқап күн кешкен,

Сол ғасырдың бізге көшкен киесі.

Ілкі дәуір жетті бізге жыр-пырақ,

Көзінде оның отша жанып тұр сұрақ.

Қолға қалам, жүрекке нұр дарытып,

Құдай бізді сөзімізбен жүр сынап.

Ортақ тағдыр жазды жазмыш маңдайға,

Муза сені апарсын деп шалғайға.

Қарыздармын, жаным мен һәм арыммен,

Қиял төлдеп, сөз бүрлеттің таңдайға.

Нені бізге серік етсе Жаратқан,

Оған жетер жол да бізді талатқан.

Тек жабырқап қалмаса екен Муза жыр,

Жүз сүрініп, мың жығылып қаратқан.

Дауыс

Ғарыштан бір дауыстың үні естіліп,

Барады жүректегі мұң ескіріп.

Онсыз да бір тыным жоқ мына өмірде,

Қойғаны-ай, жанды тәнмен күрестіріп.

Зер салсам жүрегімнің қақ төріне,

Күнә көп өкінетін сәттеріме.

Аузымнан шыққан сөзді жазып отыр,

Періштем жоғалмайтын дәптеріне.

Сол дәптер жолымды ашар жабылмастай.

Түнекке сіңіп кетсем табылмастай,

Бір елес қыр соңымнан қалар емес,

Ол менің мұңым ба әлде арылмастай?..

Шырақ ап, түсті артыма мұң құдаша,

Тау болып үйіле ме құм құласа?

Абайдай ақиқатты айта ала ма?

Жиылып барлық ақын жыр құраса?

Ғарыштан бір дауыстың үні естіліп,

Жанымды ібіліспен күрестіріп.

Жеңіске жетеміз біз осы жолда,

Сенімді жібермесек үлестіріп...

ТҮН МЕНI САҒЫНАДЫ

Түн менi сағынады таң атқанда,

Өлеңi жетсiн дей ме Жаратқанға.

Өзiмдi-өзiм аяп отырамын,

Достарым мен жайлы өсек боратқанда.

Күнiне сан қайталап кәлиманы,

Ақынның оянды iште ар-иманы.

Өзiңдi-өзiң танып өлең жазсаң,

Бiлесiң дүние деген дариғаны.

Әлқисса, еншiме өлең қалағаным,

Байлыққа бiрақ қырын қарамадым.

Мақтанып кеттi деме менi бауыр,

Түсiмде жұмақты ылғи араладым.

Тәңiрге мiнәжат қып табынғанда,

Қол создым бұлдыраған сағымдарға.

Ұшып-ақ кететiндей күйге енемiн,

Елесiн ару өлең сағынғанда.

Азат күн тыныш түнге ұласқанда,

Сұлулар мен жайында сұрасқанда.

Құшақтап топырағымды ұйықтап жатам,

Ауылдың iргесi анау қыр асқанда.

Түн менің жұбанышым

Түн мені түрткілейді,

Тұншығып қалатындай.

Ақ бұлттар күркірейді,

Тағы да жауатындай.

Тарс жұмып, көзімді ашсам,

Түнектен ораламын.

Тас түйін сөзімді айтсам,

Кебінге оранамын.

Несіне қымсынамын,

Түн менің жұбанышым.

Қол созып ұмсынамын,

Қылпылдап тұрады ішім.

Көрінбес көзге тұнық,

Бар онда ғажайып бір.

Құнықсаң түнге құнық,

Ықылас азайып тұр.

Түн деген қара кісі,

Қара атын қамшылайды.

Ақша бұлт жыламсырап,

Көз жасы тамшылайды.

Іштегі өлең

Бір өлеңім ішімде,

Көрем оны түсімде.

Тек ақиқат біледі,

Не мән барын ісімде.

Бағытым бар, бағымда,

Арбаламын сағымға.

Қарсы жүзіп келемін,

Өткел бермес ағымға.

Жақын тартса ажалым,

Көкке кетер ғазалым.

Гүлге оранып жатады,

Кіп-кішкентай мазарым.

Шыр-пыр болып ақталмай,

Өтіріктен мақтанбай.

Бірақ сәтте өзіңді,

Көрсетесің ақтармай...

Іштегі өлең тіл қатар,

Көздің жасын құрғатар.

Кең дүниең тарайып,

Тар дүниең жырғатар.

Түн. Үміт

Қара түн, қара ат мінген жолаушыдай,

Қамалып қалмаса екен жол ашылмай.

Жұлдыздар зеңгір көктен мөлт-мөлт етіп,

Қарайды қара жерге моласындай.

Аспанда ұлы өзгеріс болатындай,

Қатқан,

Семген,

Орақ Ай, толатындай.

Қара түн қара қыз боп шашын жайып,

Күлімдеп қарсы алдымда тұратындай.

Жұлдыздар құлап жатыр кезегімен,

Білмеймін, бұған қайтып төземін мен.

Осы түн аман болсақ, ағайындар,

Шын өмір ары қарай сеземін мен.

Көкжал даусы

Қап-қара түн.

Қырда көкжал ұлыған,

О, ғажап-ай, неткен дауыс – тұнық ән.

Көкірегінде күй күмбірлеп, қисса өрген,

Сол дауысқа есім кете құнығам...

Таныс дауыс, көкжал даусы ежелден,

Бірте-бірте санада өшіп тежелген.

Сол дауыста жатыр баба тарихым,

Қара тастай қара жолда безерген.

Түн күрсінді, қабағына қан қатып,

Жалғыз қыстау. Келді көкжал қарлатып.

Отар үркіп, ит қыңсылап үйшікте,

Ақпан шалды састырды-ай бір зарлатып.

Атты мылтық, сес көрсетіп көкжалға,

Көзі жанып, жалт бұрылды көкжарға.

Не істерін білмей тұрған дағдарып,

Оқыранды мініс аты жол-жорға.

Тақым қысып, ашу билеп от алды,

Шерлі көкжал, қайда, қалай бет алды?

Көктен түсіп, жерге кіріп кеткендей,

Қан-жоса ғып жарып тастап отарды.

Ай

Тілінген бір тілім қарбыздай,

Түн демей, көрінер нұрланып.

Сыңарын іздеген жалғыздай,

Қарайды кей сәтте ұрланып.

Кеш батса, сәнденіп боянған,

Нұр жүзін көреді айдыннан.

Сол көркем бейнені көргенде,

Жеңілдеп қаламын қайғымнан.

Түнгі аспан сенімен ажарлы,

Тас түнек кетеді ашылып.

Шаттанып отырам оңаша,

Үрейді санамнан қашырып.

Қағандай тағынан түспеген,

Жұлдыздар самсаған нөкері.

Түнде олар ғаламдық күшпенен

Жер бетін, сауық қып өтеді...

Асқақ боп көрінші жалғызым,

Көз жасың тамса да өзенге.

Жағалай біткен сол жалбызым,

Айналып кетсінші өлеңге.

***

Тәңір сыйлаған көрікті ойларым, көркемім,

Өзіңмен ғана өзгеше менің өркенім.

Жұмыр жер кенет ұршықша айналып кетсе егер,

Жүрегім менің қып-қызыл шындық өртеңім.

Аптығын баспай, секунт, минут, балалап,

Жалғандық жүрер ақиқатты әркез табалап.

Жүрегімді аяп тәнімді сүйреп келем мен,

Аз ғана шаттық, көп қайғыларды паналап.

Шыдайды жүрек, шыдап келеді налаға,

Көрікті ойларға көзіңді бейуақ қадама?

Жалғанның мынау есігін қағар шындық боп,

Бір өлең жазсам, сол үшін бәрі садаға.

Жүректің серті түнектен табу керегін,

Адаспай іздеп жоғының тапса дерегін.

Шырағын жағып қарсы алар оны бұл жалған,

Себебін сұрап, қалайша бұлай демегін.

Тәңірім өзі жарылқар пенде баласын,

Бағын ойлаған, жүрегіне үңіліп қарасын.

Бүгінде мынау, ғаламның өзі жабырқап,

Өршітіп алды көкірегіндегі жарасын...

Қуаныш-қайғы, маңдайға тағдыр жазғаннан,

Айтарымды айтып өте алсам, шіркін, жалғаннан.

Көркем ойларым, гүл сынды Күнді сүйеді,

Үсіп қалмаса жарар ед, қауызын жарғаннан.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бифат ЕЛТАЕВА 20.05.2022, 14:08
Бақыт Әмірбек: «Ескі әндердің орны әрқашан бөлек»
Әділ АҚЫЛБАЙ 20.05.2022, 10:40
Киелі жердегі мәдениет фестивалі
Айнұр ӘЛИ 17.05.2022, 11:25
Dаrknet: қараңғы әлем
Бекен КӨКІШҰЛЫ 17.05.2022, 08:57
Халықтың ұлы
Дос КӨШІМ 13.05.2022, 14:10
Түлкі мен тырна
М.СӘУЛЕБЕК 13.05.2022, 08:58
Мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын шалғайдағы ауыл халқы көріп отыр ма?

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56