Халықтың ұлы

Бекен КӨКІШҰЛЫ

17.05.2022, 08:57

2534

Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,

Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,

Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек.

Абай

Асқар таудың биік асқақтығын алыстағанда аңғарасың, ал адам баласының алыбын заман өте ұғынасың.

Қазақ Алашымыздың Алатау бөктерінде туып тәрбиленген азаматы, халқымыздың аяулы перзенті, аса ірі мемлекет қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ағамыздың туған күні 12 қаңтарды Қазақстан халқы жыл сайын қанағаттанарлықпен еске алып, атап өтіп жүргені бәрімізге мәлім. Дінмұхамед Ахметұлы қазақ елінің Ұлы тарихының жеке дара туған ұлы перзенті деп жазылып келеді.

Дара тұлға – халқының демеушісі де, жебеушісі де, қамқоршысы да болды. Ел аманатын ақтап, аса зор сенімге ие болып, СССР Жоғарғы Советінің халық сенген депутаты, Советтер Одағы коммунистік партиясы Саяси Бюросының мүшесі болып үлкен абыройға ие болды. Димаш аға адалдықтың жаршысы, өз ұлтын сүйген іскер басшы, абырой арқалаған, азаматтық тұлғасы биік, артық ашу-ызаға бармаған, өз елін көп жыл басқарып, шебер ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында экономикамызды көтеріп, қарапайым халқының әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсартып, мемлекетімізді сол кездегі Кеңес Одағы республикаларының алдыңғы қатарына жеткізді.

«Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл, ақ жолдан айнымай ар сақта» – деп айтқан әлемдік деңгейдегі ой алыбы Шәкәрімнің пікірін сақтаған осы Димаш аға болды.

Өзіне Құдай салып берген ақ жолдан таймағандығы сол, пенсияға шыққанда үйінің алдында жекеменшігінде ең болмаса бір «Москвич» немесе ескілеу болса да бір «Жигули» жеңіл машинасы болмағаны туралы кезінде баспасөз жазған.

Пенсияға шыққаннан кейін Талдықорғанның Крупская атындағы колхоз председателі, Социалистік Еңбек Ері Злиха Тамшыбаева Димекеңді қонаққа шақырғанда, баруға машинасы болмай сол кездегі Алматы әкімі Заманбек Нұрқаділовтен 5 сағатқа машина сұрап алып барып қайтқан. Бұл жағдайды Зәкеңнің өз аузынан естіп ем.

Міне, адалдық! Міне, тазалық!

Айлық ақшасы 3000 сом болып, оның 1500 сомын КПСС-тің саяси бюросының нағыз мүшесі болғандықтан, ал 1500 сом өзіне академик ретінде тиісті болса, оның 1500-ін ай сайын Алматыдағы балалар үйіне беріп отырған. Кеңес үкіметінің орталығында, немесе басқа республика басшыларының мұндай рақымшылығы ешқайсысында болған емес. Бұл білімділігі, тек сол кездегі басқарып отырған жалпы халқының жағдайы үшін ғана емес, жастарымыздың, немере-шөбереміздің болашағын, білім алуын ойлағаны деп түсінуіміз керек. Қонаевтың осындай ақылдылығынан, болашақты көрегендігінен кейін, нағыз қарапайым халқының досы, жанашыры, тұла бойы мемлекет үшін берілген адам демей не дейсің! Димаш аға елдің намысы, абыройы болды.

Көпті көрген кісі тіршіліктің түзу жолы, болмайтынын жақсы біледі. Димаш аға, ойлы-қырлы, бұралаң-бұлтарысы мол өмір өткелдерінен сүрінбей өткен, ұйымдастырушылық қабілеті зор атақты ғалым – академик. Өмір жолы «Өтті дәурен осылай» деп аталған алғашқы кітабында толығырақ жазылған.

Шыны керек, асарын асап, жасарын жасаған, әжептәуір жасқа келген адамның өмірінің соңғы жылдары жазған 500 парақтан астам кітабын оқығанда таңғалмасқа болмады. Оны оқыған халқы, Қонаев ағаның ғалымдық тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілетін пайдалана отырып, Қазақстанымызды қандай еңбекпен жаңартып экономикасын көтергенін білді.

Исі қазақты былай қойғанда, іргелес қырғыз туғандар, өзбек ағайындар, қарақалпақ бауырлар үсті-үстіне хат жазып, Димаш ағаның кітабын сұрап жатса, Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Түркия, Иран, Қытай, Монғолия тағы басқа мемлекеттердің халықтары да «Ақиқатты аттауға болмайды» атты кітабын сұрап алудан жалықпаған. Құдайға жазсаң жаз, көпке жазба деген осы шығар, сірә.

Ел ішінде: «Еру елдің ерулігі бар» дегендей, кітапты шығарған баспахана қызметкерлері де, бұйымтайлықпен ағаның бірнеше кітабын сұрап алған екен. Ондай тілекті кешегі Кеңес Одағының құрамында болған елдер ғана айтып қоймаған, аузын айға білеген Америка Құрама Штаттары, ақырын жүріп, анық басатын Корея, жаңалыққа құлағын түріп ұстайтын Италия, айтпайтын, айтса екі сөйлеу қанында жоқ Алмания өз тілдерінде шығарып та үлгергенін білдік. Мұны жоқ жерден желпініп алайын деп жазып отырғам жоқ. Халқымыз хабардар бола жүрсін дегенім. Димаш аға, әлемнің азу тісі алты қарыс алпауыттарының талайын көзімен көрген, аралас-құралас болған адам екені көпшілікке аян. Қағыс естідім бе деп, тайсақтамай бар білгенін, бар көргенін халық алдына жайып салып отырған. Әрине, төрелігі халайықта!

Әлбетте, жалпы көптің білгенін бір кісі түгел біле бермейді. Адам жүрген жермен адам жүреді, біреу білмегенді біреу біледі. Димаш ағаның ақ ниеті, ықыласы көпті түрлі ойға жетелеп, өткен күндерін еріксіз ойға алдыратыны көрініп тұр.

Сайып келгенде, Дінмұхамед Қонаев ұзақ жылдар басқарған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын саралап қана қоймай, оны сан салалы қызметінің ең өзекті мәселесі ретінде қарап, жүзеге асырып келгені кімге де болса құпия емес. Өкініштісі сол – кезінде мерзімді баспасөз беттерінде Қазақстанның өткені туралы тек теріс жағын қазбалап, сүмірейтіп көрсетуге ұмтылған мақалалар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптап кетіп еді. Және сол Қонаевтың басқаруымен істелген, бар дүниені жоқ деп, біздің жағымпаз жазғыштар қалай ғана жазды екен? Және сол мақаласымақтардың авторлары кешегі «тоқырау» деп, айдар тағып жүрген жылдарда жоқты бардай жарыса жазғандарын қалай ұмыта қоярсың. Оларға сірә да аққа күйе жағу да, қараны ақ дей салу да түкке тұрмағаны заманың түлкі болса, тазы боп шалудан тайынбайтыны ғой. Үлкен-кіші де, жақсы-жаман да әділеттің құлы екенін неге түсінгіміз келмейді, халқым? Басқарып отырған бастықтан қорыққанымыз ба? Негізі, әділдікті барынша тура айтып, бұра сөйлемей, тура сөйлеуге, барын бардай, жоғын жоқтай жаза да, айта да білу керек.

Бұрынғы дәлелденген тәжірибеге сүйенбей, қазіргі қол жеткізген істің пайдалы қорытындысын алу мүмкін емес.

Жыл дегенің жылғадан аққан су деген сөз бар. Демек, Димаш аға қиындығы мен қызығы, қуанышы мен реніші қат-қабат жылдарда өз елін басқарған. Өмір де ай сияқты ғой. Бірде толып, бірде тұтқадай ғана болатын. Ағаның, қолда билік барда асып-тасымағаны ел-жұртына белгілі. Өмір жолын қарапайым жұмысшылықтан бастап, қыстың қақаған аязына маңдай сүйгізіп, жаздың аптап ыстығына жүзін күйдіріп, бірінші боп, ең ірі мыс өндіріс ошағын ұйымдастырып, түсті металлургияның аса ірі кәсіпорнын өзі ашып, өзі басқарған.

Қазақстан Ғылым академиясының академигі және оның президенті болып сайлану аз абырой ма? Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, СССР Жоғарғы Советінің халық сеніп сайлаған депутаты болуын: көз өзіне сенеді, құлақ өзгенің сөзіне сенеді дегенді естен екі елі шығармалық. Осы қызмет бабындағы өсу жолдары, атағы түгелімен өз халқына сіңірген адал еңбегінің қорытындысы деп түсіну керек. Димаш ағаның көргені де, көкейіне түйгені де, бір емес, бірнеше адамға азық боларлық. Сондықтан да өмір бойы халықтың ықыласына бөленіп жүріп өмірден өтті.

Ақиқат – ол адам барда, сол кезеңнің куәсі тірі тұрғанда өлмек емес.

Құрметті оқырман, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өз еліне сіңірген адал еңбегін түгел айтып жеткізу оңай шаруа емес. Сондықтан қала аты берілгендігі үшін қысқаша ел ризалығын білдірдім.

Димаш ағаның өмір жолы мен халқы үшін жасаған еңбектері кемінде 15-20 томдық кітап болары сөзсіз (Жазушылар одағындағы жазғыш бауырлармыздың құлағына алтын сырға). Енді қорықпай жаза беріңіздер.

Нағыз қарапайым халықтың ұлы, қайран Димаш аға, сізді ел-жұртыңыз өмірбақи ұмытпайды, иманды болыңыз!

Сіз бұл өмірде жоқ болғаныңызбен, өзіңіздің сүйікті Алматы облысының орталығы, бұрынғы Қапшағай қаласы, өз халқыңыз сіздің атыңызға беріп Дінмұхамед Қонаев қаласы болды. Ел-жұртыңыздың көптен күткен арманы орындалды.

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ 23.06.2022, 09:32
Саған деген сағынышымның жанарына қапты шық тұнып...
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ 22.06.2022, 14:05
Үрейлі үш күн
Сырымбек ЖАҚСЫБЕКҰЛЫ 17.06.2022, 10:09
Ит етінен жек көремін сендерді!
Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ 16.06.2022, 15:15
Поэзияның ұлы аспаны
Махамбет САПАРМҰРАТҰЛЫ 15.06.2022, 17:20
Әуезов әлемінің әсерлері
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 15.06.2022, 13:15
«Қайсардың» бағын кім байлап отыр?..

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33