Хан Кененің басы отанына оралмақ

Айт-МАН

13.04.2021, 15:24

1700

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов осы хабарды жеткізгенде оқыстан тұңғиыққа шым батқандай хал кештім. Уай, біз бұл хабарды күткелі қай заман?! Біздің бұрынғы (қазір де әмірі жүріп тұрған) билік басты алғысы келмей қанша жанталасқанымен, Ресей мәдениет министрлігі тарапынан Кенесары ханның бас сүйегін Қазақстанға қайтару жөнінде ұсыныс болып, мемлекеттік комиссия құрылыпты. Бұл қанша ұрпақтың санасын сансыратқан мәселе-тін. Ханының басы түгіл, тұлпарының басын ит-құсқа мүжітпейтін бекзада ел едік қой кеше ғана… Мынау хабардан  Қазақияның көк байрағы дүрілдеп, Хан Кененің бүгінгі ұрғындары жүректері дірілдеп сүйінші сұрасып жатқан шығар деп ойладым.

       Сөйтсем… елдің бәрі бұл хабарға мен құсап қуанбаған сыңайлы. Оған «әлем-жәлемдегі» әртүрлі әжептарқы пікірлер дәлел: «Кенесарының басын емес, сыртқа ағылған бастарды сақтап қалайық»; «Кенесарының басы қайтқанмен, түк өзгеріс болмайды», «Технократтық санаға көтеріліп, технократтық қоғам құруымыз керек»; «Хан басымен бірге ұлт рухы қайтып оралады деген сөз – далбаса»; «Марстан қоныс іздеп жатқан Илон Маскты үлгі тұтуымыз керек»; «Гуманитарлық қоғам ештеңе де бермейді, біз технократтық қоғамда өмір сүруге тиіспіз»; «Жұрт басқа ғаламшарларға шығып жатқанда, біздің бас іздеп жүргеніміз – масқара» т.б. осы іспетті «пікірлер» әп-сәтте өрттей қаулап шыға келіпті. Тіпті адам аузы, оның ішінде қазақ аузы бармайтын «қубас», «қусүйек» дегенге дейін барды пәтшағарлар!

       Әрине, бұған «ауыз – дарбаза, сөз – самал, есерсің де бөсерсің», қазір кім не айтпай жатыр деп мән бермей кетуге де болар еді. Желі қолданушы Асхат Қасенғали, Ықылас Ожай бауырларымыз бұларға біршама жақсы жауап берді де. Бірақ «құлдан да бір тілек» деген, бір ауыз пікір білдірмесек ұйықтай алар түріміз жоқ. Өйткені мынау шибөріше шулаған діл-өгейлерге бір ауыз уәж айтпасам, темір құрсанған, от бұрсанған Ресей империясын неше мәрте «тәубеге» келтіріп, таһит жегізген, қазақтың қасиетті даласының әрбір қолайлы пұшпағын қамал-шепке айналдырып, өрт ортасындағы аршыландай арпалысып өткен, ақырында тойтық-сатқындардың қырсығынан опат тапқан қаһарман маған екі дүниеде тыным таптырмас.

         Әлбетте, біздің тым «демократтанып» кеткеніміз соншама, маған да «өз пікіріңді жұртқа таңба» деп шығатын самсаған «сайтан сақал» мен сойқаған сайқал тоқалдың табыларын білемін. Әйтсе де тексізге «тәйт», бетсізге «әйт» демесек, бұл нәйеті тірлігіңде не мән қалды?!.. Бірінші, «технократтық санаға көтерілуіміз», «технократтық қоғам құруымыз керек» деген пікірден білімі шикі, ұғымы күйкі, «көп айтса көнді» – надандықтың иісі шығады. Жақсы, бұл сөзді басында академик-математик айтқан екен, бірақ ол пікірге ере шабу үшін алдымен Жұмаділдаевтың бітіргеніндей істің ширегін болса да жасай алуың керек. Өйтпей тұрып аруаққа ұрыну абырой бермейді.

     Жалпы, киеге, әулиеге, аруаққа ұрыну кімге де жақсылық әкелмейді. Басын ашып алайық, «технократтық сана», «технократтық қоғам» деген болмайды. Әуелі «адамдық сапаға» көтерілу керек, ал ол сапаға көтеретін – РУХАНИ САНА. Екінші, «гуманитарлық қоғам ештеңе де бермейді, біз технократтық қоғамда өмір сүруге тиіспіз» деген де жарымжан пікір. Бізде ешқашан «гуманитарлық қоғам» орнап көрген жоқ. Ал өзің көрмеген қоғамның, кешпеген заманның «жаназасын шығаруға» кім саған құқық берді? Егер рухани санаға көтеріле алсақ, онда орманыңды 30 жыл отаған түпсіз «сүтқорлық» құрдымға жұтылып, ұлтты ілгері сүйрейтін, мемлекетті алға жылжытатын өнердің барлық тетігі іске қосылар еді.

       Қазіргілердің «ғылым» деп жүргені адам баласының өмір сүруіне қажетті өнер түрлері ғана. Ал шын ғылым – ӨЗТАНУ, оның ар жағында ҚҰДАЙТАНУҒА апаратын саф ІЛІМНЕН бастау алады. Егер ол ілім қолға келсе, риязият (математика) та, хандаса (геометрия) да, тәбәбат (медицина) та, хайнәт (астрономия) да, физика да, химия да, биология да т.б. өнер түрлері мігірсіз дамып, қоғам әлдеқашан ілгері жылжыр еді. Біздің де мынау саптас ҰЛТ БОЛЫП, қуанар хабарға саппас қырт болып қуарып отырғанымыз сол ЕҢ КЕРЕКТІДЕН құр қалғанымыздың қырсығы. Асхат айтқан ілім-білімнің түбіне жеткен жегіқұрт-жемқорлықтың, Ықылас айтқан «ұлт ағзасының уахаббилік симптомын бейсаналы түрде қабылдап қоюының» кесапаты. Меніңше, бұл ұлт жүрегіне 30 жыл бойы қойылған ҰЛТСЫЗДАНУ САЯСАТЫ мен «салафиттік синдромы» бомбасының енді, міне, жарыла бастауы. Ал бұл «жарылыстардың» алда қанша апатқа ұрындырары бір Аллаға ғана аян.

      Үшінші, Илон Маск бізге үлгі бола алмайды. Оның артында кімдер тұрғаны, қандай мақсатта жобалар ойластырып, жүзеге асырып жатқандары бізге әзелден керек болса, көне кітаптар мен Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінен мәлім. Сондықтан оған еріп таңыңды айырудың түкке де қажеті жоқ. Бізге алыс планеталардан қоныс іздеу жоспарының соқыр жармақтық құны жоқ. Рухани санаға көтерілген күні «Жеті қат жерден оңай басқыш болып, Ғарышқа қолымыз жететіні» (Шәкәрім қажы) хақ. Әзірге біз ұлы бабаларымыз аманатқа қалдырып кеткен Қазақияны бейіштің бақшасына айналдыру жолында тер, қажет болса қан төгеміз. Ал ол тер мен қанның күндердің күнінде иранбаққа айналып шығары шәксіз. Оның дәлелі – біз де өзімізден бұрынғы өткен қаһармандардың қаны мен терінен көктеп шыққан өскінбіз. Арыны айтпағанда, бергі Әбілқайырдың да, Абылайдың да, Сырымның да, Хан Кененің де, ер Жанғожаның да, Исатай-Махамбеттің де, Сыдық сұлтанның да, Досанның да, Оспанның да түбіне жеткендер итбақастанған тойтық-сатқындар-тын. Солардан дүреген дүрегейлер бүгінде үрегейге айналып, арамызда жүр екен.

       Бабалардың жеңілуі ұлтты ұлық сынақтан өткізу үшін жасаған Жасаған Жаббардың пәрмені еді, ал біздің жолымызға діл-өгейлер һәм дүрегейлер мен үрегейлер бөгет бола алмайды. Таразыға салса Отанды ақша мен бопсаға айырбастап, сыртқа кетіп жатқан мың сан «тірі» бастан, екі ғасырға жуық уақыт салып, кәпірдің бүкіл қамалын бұзып, атакүлдікке оралған бір «өлі» бас ауыр тартары бейшәк. Қош келдіңіз, алдағы зор майданға жебеуші болып! Сіздің әзиз басыңызға еріп бұл топыраққа кие мен ие келетініне күмәнсіз сенеміз. Төрлеңіз, хан ием! Төрткіл дүние төрінде тұрған Хан Шыңғыстың алтын тағының ең соңғы заңды иесі өзіңіз едіңіз, мына дала – сіздің алтын тағыңыз: жайғасыңыз біржола! Біз сізді 144 һәм 30 жыл күттік!  

     R.S. Сені мен мен көгерсін, көктесін деп, қасиетті топырақтың әр сүйемін киелі қанымен суарған қаһарман атамның басын іздемесем, бұл қоныста атамның басын бітіріп жүрмін бе?!

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Амангелді СЕЙІТХАН 11:19
Сегізбаевтың сексені
Амангелді СЕЙІТХАН 12.05.2021, 08:27
Оныншы тур. Озған бар
Құрманбек ӘЛІМЖАН 07.05.2021, 08:41
Тәуелсіздік жолында ту көтерген хан Кененің қазасы
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ 06.05.2021, 10:52
Қысқарған іс немесе отқа оранған «Икарус»
Бифат ЕЛТАЕВА 06.05.2021, 09:21
Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
Қымбат ӘБІЛДАҚЫЗЫ 04.05.2021, 16:02
«Айгөлектің» әкесіндей болдыңыз...

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06