Кім айтады шындығын?

Сайт әкімшілігі

06.02.2023, 07:46

1444

Жеміскүл Ілгербаева – ұстаз. Өмірін шәкірт тәрбиесіне арнай жүріп, жыр жазған ұстаз. Көптеген кітаптардың авторы. Арқалы ақын Мұқағали Мақатаевтың тоқсан жылдығына 90 өлең жазып, сонысымен де елді елең еткізгені бар. Мына өздеріңіздің назарларыңызға ұсынған төменгі өлеңдеріне қарап та, ол кісінің қоғаммен бірге тыныстап, халқының тағдырына соншалықты жаны ашитындығын анық аңғаруға болады. Мен бұл өлеңдерін ақынның жақында баспамыздан жарық көретін «Жүрегімнің сәлемі» атты кітабынан алып ұсынып отырмын.

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,

«Тоғанай Т» баспасының директоры, публицист-жазушы

ҚАРАЛЫ ҚАҢТАРДА ТУҒАН ЖЫР

Ұлдарым өжет, қыздарым елік-ерке еді,

Зәулім сарайлар қалаларымның көркі еді.

Бейбіт ел едік, бейбітшілікті сүйетін,

Жарқын болашақ айдан да анық ертеңі.

Әсем қалалар, Қазақстанның көркі еді,

Өткен күндерден тарихтың сырын шертеді.

Күн өткен сайын көркейіп жатқан қаламды,

Қолдары барып қалайша, қайтіп өртеді?

Сол күні сондай аспанды бұлт торлады,

Табан астында талай ата-ана сорлады.

Қап-қара түнде, қап-қара перде кигендер,

Үйлерді тонап, қыздарымызды зорлады.

Қыршыннан кетті қызығын көрмей жалғанның,

Орындалмаған талайы қалды арманның.

Жауап беріңдер, жандарың барда содырлар,

Қара халқымның обалдарына қалған кім?!

Өмірден кетті өрімдей жастар, өрімдей,

Түннің ішінде келдіңдер көзге көрінбей.

Алламның берген аманат жанын алуға,

Қалай қидыңдар, бейкүнә жанды өлімге, ей!

Қандай жаман ед(і) бүлікші деген аттарың,

Не деген сұмдық өз еліңді өзің сатқаның.

Бетперде киіп, қараңғы түнде халыққа,

Тығылып келіп, тасадан таспен атқаның.

Анаңнан алғаш бүлікші болып тумадың,

Бүлікші емес ата-анаң сенің туғаның.

Өз Отаныңды ойрандайтындай осынша,

Неліктен, қашан санаңды немен уладың?

Жылаған ана жаныңа жара салмай ма?

Құлақпен естіп, жүректеріңе бармай ма?

Орнына қойсаң өзіңді бір сәт солардың,

Өз анаң жесір, өз балаң жетім қалмай ма?

Жылаған бала жаныңа жара салмай ма?

Ұясын бұзбас торғай екеш торғай да.

Қиратып бәрін өртеген кезде қолыңмен,

Намысың қайда, ұятың қайда, ар қайда?!

Өз Отаның оттан да ыстық емес пе?

Бұларың қалай, кіммен түстіңдер егеске?

Сендердей азғын ұлдарын халқым ежелден,

Отанын сатқан опасыз қаскөй демес пе!

Лағнет жаусын, лағнет жаусын сендерге,

Жоғалыңдаршы жердің бетінен, елден де.

Осы болды ма жеткен жерлерің жетісіп,

Жарық дүниеге жалғыз-ақ рет келгенде.

Жалғыз-ақ рет келетін мынау жалғанда,

Адамды адам қайғыға қолдап салғанда.

Не дейді екен ата-бабаның рухына,

Ақ кебін киіп ана дүниеге барғанда.

Қараңғы түнде бетперде киіп шықтыңдар,

Тығылып келіп бұрыш-бұрышқа бұқтыңдар.

Өз Отаныңды ойрандап, адам бауыздап,

Қарақшы, қаскөй, мұнымен кімді ұттыңдар?!

Адал әкеден, адал анадан тудыңдар,

Балалық шақта бала боп ойын қудыңдар.

Ержеткенде енді бұларың қалай, не болды,

Бейбіт халықты қып-қызыл қанмен жудыңдар.

Жоспарларыңда болды ма екен бұрында-ақ,

Қараңғы түнде қалаға кіру «тырылдап».

Жер басып қалай жүресіңдер енді бұдан соң,

Ата-ана жылап, балалар қалды шырылдап.

Іріткі салма, кетіңдер елден бұзықтар,

Еліміз алда көретін әлі қызық бар.

Бейбіт өмірде беттері жабық қаскөйге,

Не болушы еді ендігі өмірде қызықтар?

Мынадан артық айтатын енді сөзім жоқ,

Бейбіт халықта шыдайтын енді төзім жоқ.

Істеген мынау істерің дәлел –

Сендерде,

Адамгершілік, ар-ұят деген сезім жоқ.

Жер басып енді бейбіт елімде жүрмеңдер,

Не айтасыңдар ниеттеріңді білгенде ел.

Бейбіт елдегі, бейбіт халықтың қарғысы –

Мынадан кейін бір күн де өмір сүрмеңдер!

Көк туымыз желбіресін биіктен,

Қазақстаным – әлемдегі ең сүйікті ел.

Көре алмаған көкірегі көр дұшпандар,

Іштері күйіп тұз жаласын күйіктен.

Осыдан кейін туымыз төмен түспесін,

Бейбіт халықтың содырлар қанын ішпесін.

«Қазақстаным – туған елім» деген бұл,

Бүкіл әлемде теңдесі жоқ күшті есім!

10қаңтар, 2022 жыл

Кім айтады шындығын?

Шыңыраудан шығарып ап шындықты,

Табылар ма айта алатын бір «мықты».

Әлде болса айтса ақын айтады,

Айтады деп ойламаймын кіл мықты.

Айтады деп ойламас ем кіл мықты,

Мықтылар сол жасайтын да сұмдықты.

Адал жүріп, ақ сөйлейтін әлі де,

Сенімдімін шығарына шын мықты.

Тура жүріп, тура жолдан таймайтын,

Ардан аттап, арамдыққа бармайтын.

Қасық қанын аямайтын халқынан,

Қазағымды қайғы-мұңға салмайтын.

Ерлерім бар өр тұлғалы елімде,

Аты берік, заты берік сенімге.

«Қасіретті қаңтар» мұны көрсетті,

Сын сағатта жеңе алмады өлім де.

Ерліктерін еске ап өлең құраймын,

Мәңгі өлмейтін сендерге өмір сұраймын.

Басымызға қайдан келді бұл сұмдық,

Бейбіт күнде аманында Күн-Айдың?

Кім біледі, кім айтады шындығын,

«Қасіретті қаңтардың» бұл сұмдығын.

Тәтті ұйқысын тәңірімнің сыйлаған,

Түн ішінде тығылып кеп бұзды кім?

Табиғат баяғы сол қаз-қалпында

Жасаған жаратқан соң Адам қылып,

Жаныңа жақын болсын адал қылық.

Туғандар бір атадан, бір анадан,

Жасама бір-біріңе жаман қылық.

Жасасаң бір-біріңе жаман қылық,

Ол енді жүректегі қараңғылық.

Бес күндік мынау жалған дүниеде,

Адамға ең керегі – табандылық.

Адамға ең керегі – табандылық,

Одан соң өмір кешу адал жүріп.

Біреуді жаратса Аллам адал қылып,

Біреуді жаратады сараң қылып.

Жасаған жаратқан соң Адам қылып,

Айтпайық барады деп заман құрып.

Табиғат баяғы сол қаз-қалпында,

Жаныңа жоламасын жаман қылық.

Адамнан азаймасын адал қылық,

Тағы да жетпейтіні табандылық.

Осы екі қасиеті болмаса егер,

Кетеді сонда ғана адам «құрып».

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бифат ЕЛТАЕВА 29.03.2023, 16:18
Тіл мәртебесі – ел мәртебесі
Б.НҰРМАХАН 29.03.2023, 09:00
Балаларға – жаңа кітап
Мұхтар МАҒАУИН 28.03.2023, 13:22
Мәлік аға Ғабдуллин
Сайт әкімшілігі 28.03.2023, 12:09
Танымал қазақстандық музыкант Николай Миклошич қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 28.03.2023, 06:13
Бөкенбай шоқысы. Батырларды шатастырмайық
Сайт әкімшілігі 27.03.2023, 06:03
Шахматшы Жансая Әбдімәлік өзін сынаған Бибісараға жауап қатты

Аңдатпа


  • Үкімет кетті, «Халық әртісі» мен Қошанов қайта оралды
    05:37
  • Айтыскер, блогер һәм тренер
    05:34
  • Кәсіптік білім. Диплом тарату – маман дайындау емес
    05:32
  • Жетісайдың «күрескер» әкімі Жыңғылмен күресіп жүр
    29.03.2023, 05:46
  • Нұртай Базарұлы, зейнеткер: Қарағұсованың заңына қарсылық білдіремін
    29.03.2023, 05:44