Көкпар – сауда, көкпаршы – робот

Байдың атын шығарған, кедейдің атын өлтірген

Жарас КЕМЕЛЖАН

18.11.2021, 06:26

1806

Жуырда Бішкекте көкпардың бір аты біздің ақшамен 20 миллион теңгеге сатылды. Қырғыздың әлемжелісі мен сайт, газеттері әлгіні жарыса жазды. Тұрқы есік пен төрдей ұзын, биік, сүмбідей тобылғы торы ат екен. Өзбектің бір байы сатып алыпты. Алатаудың арғы бетіндегі әріптестерден қырғыз-өзбекті шулатқан әлгі қазан аттың тегін тектеп көрдік.

– Ресейден сатып алынған жылқы, – деді Қырғыз ақпарат агенттігінің (kg.kabar.kg) тілшісі Азамат Иманәлиев. – Қазір Қырғызстандағы негізгі бизнес көзі – көкпар аттары. Ақшасы бар «байекелер» Ресей мен Польшадан жылқы таситын болды. Жай жылқы емес, қол-аяғы бүтін, белі жуан, тұрқы биік, жүрісі жеңіл, ұшқыр аттарды таңдап әкеледі. Бұл жақта ондай қылқұйрықтардың басы алтынға бағаланады. Өзіңіз сұрап отырған торы ат бүкіл өзбектің көзқұрты болған тұлпар. Польшадан шыққан. Үлкен додаларда көкбөрі бермей жүрген нағыз долы еді, – деп, өзбектер сатып алған айғырға өзегін беріп тамсанды.

Қырғызстанда арнайы көкпар ойынын ғана жазатын журналистер бар. «Көкбөрі журналистикасы» қалыптасып үлгерді» деп күледі. Азамат сондай тілші. Тіпті, көкбөрілердің өзінің сайты, газеті де бар. Онда жұмыс істейтін журналистер ойыншылардың ата-тегін, астындағы арғымағының тұқымын, қандай додаларға түскенін, қандай жүлде алғанын – бәрін жатқа біледі.

Азаматтың әңгімесінен қырғыз көкбөрішілерінің біздің көкпаршы балуандарға өкпе-реніші барын байқадық. «Көкбөрі қазақ пен қырғызға еншісі бөлінбеген ортақ ойын еді. Біздің жігіттер қазақтарды шынайы қарсылас деп түсінетін. Тараздың атақты көкпаршысы Нұрдәулет Момыновтың тұсында біздің көкбөріші жігіттер қазақтардан бірнеше рет ойсырай ұтылған. Момыновтың көкбөрі тартудағы әдіс-тәсілдерін біздің палуандар видеоархивтерден көріп, үйренді. Оны мойындаймыз», – деді бір әңгімесінде.

Қырғыз әріптесіміздің айтып отырғаны – 2018 жылы Бішкекте өткен «Көшпенділер ойыны».

«Сол ойында қазақтар үлкен қателік жасады. Бәрін қасақана істеді. Өзбектерден әдейі ұтылды. Финалда біздің жігіттермен ойнағысы келген жоқ. Өйткені содан бір жыл бұрын ғана қырғыздың көкбөріші жігіттері ЭКСПО-2017-де Астанаға барып, қазақтардан қамшы жеп, аямай жеңіліп қайтқан болатын. Қазақтар содан қаймықты. «Қырғыздар ЭКСПО-ның есесін қайтарады, бізді де сабайды», деп финалға шығудан бас тартты. Біздің көкбөрішілердің қазақтарға ренжуінің бір себебі – сол. Ал екінші себебі – түркі халықтарының ат спорты ойындарының ережесіне өзгерту енгізді. Оны бірінші болып қазақтар жасады. Сіздердің ұлттық спорт федерациясының президенті Бекболат Тілеухан жаңа заңға бірінші болып қол қойды. Жаңа заңда көкбөрі ойыны қазандықсыз әрі серкесіз өтетін болды. Біздің қырғыз көкбөрішілері соған қатты назалы», – деді А.Иманәлиев.

Мойындау керек, көкпар ойынынан қазандық алынып тасталғалы ұлттық спорттың қызығы қалмағандай. Көкпаршылар бұрынғыдай, қызуқанды ойнамайды. Ал қырғыздар өз елінде әлі күнге дейін ат үстінде футбол ойнағандай жан беріп – жан алысады. Себебі оларда қазандық бар. Қазандыққа үйренген ат та, көкпаршы да ойынды қыздырады. Қазандықтың айналасындағы аттың епті қимылы, оқтай ұшқыр шабысы, ойыншылардың серкені қазандыққа лақтырған сәті футболға да, баскетболға да көп ұқсайды. Ойын әрі қызықты, әрі қауіпті, нағыз ерлердің ғана қолынан келетін өнер. Ал жерге сызылған шеңберге ат міне алатын ауыл баласының бәрі муляж тастай алады. Соншалық қиындығы да, қызығы да жоқ. Бұл кәсіби көкпар ойынындағы «әттеген-айлар». Ал жаппай көкпар бұдан мүлде бөлек.  

Пәленше байдың атымен Түгенше палуан келе жатыр!

Жаппай көкпардағы көзге көрінетін, көрінбейтін көкейкесті мәселелерін сұрайық деген оймен Шымкенттің көкпаршы жігіттерін іздегенбіз. Бірнешеуін таптық.

Жандос есімді өзі көкпаршы, өзі тойбасшы жігітті таптық, хабарластық. Ол оңтүстік өңірде қара күзде басталып, қыстай тартатын жаппай көкпардың көңіліне күпті болып жүрген әділетсіздіктері мен заңсыздықтарын жайып салды.

– Қанша жылдан бері осы көкпарда жүрміз. Айналып келіп, көкпарды жерден іліп алатын да, салым салатын да бір-екі көкпаршы ғана. Ол мүмкін емес қой, – деп бастады әңгімесін Жандос. – Мыңдаған көкпаршы келеді. Бірінен-бірі күшті, бірінен-бірі епті. Бірақ солар алмайды. Жыл сайынғы додада бір-екі атаның балаларының ғана жұлдызы жанады. Сырттан бір көкпаршы келіп, салым салып, доданы жарып жатқан жоқ. Неге? Өйткені қазіргі көкпардың бәрі «мафия». Бәрін келісіп тартады. «Бірінші салымды сен аласың, екіншісін мен аламын», деп бөлісіп алған. Оны сыртта отырған сіздер білмейсіздер. Мен 100 емес, 200 пайыз «гарантиямен» айтамын, «мафиялар» доданың қақ ортасында тұрып, ат үстінде ақылдасады. «Сен «өгіз өлдіні» алдың. Енді мен аламын. Жерден мен көтеремін. Көмбеге дейін өзім жеткіземін. Ешкім келіп жағаласпайсыңдар!» деп, басы ашық саудаласады. Міне, әңгіме осылай. Білектің күші, ер жігіттің тақымы деген әңгіменің бәрі «өліп» қалған, – деп бүгінгі жаппай көкпардағы жалпы жұрт біле бермейтін «сауда-саттықты» ақтарып салды.

Жандостың әңгімесінен түйгеніміз – біз ғаламтордан көріп, сырттай тамсанып жүрген бірнеше мың адамдық үлкен додалардың бәрі сол өңірге белгілі, абыройлы азаматтардың «бизнесіне» айналып кетіпті. «Құдайға шүкір, қарулы, мықты көкпаршы жігіттеріміз бар. Бірақ олардың бәрі бай-бағландардың артында отыр. Байекеңдер не дейді – соны істейді. Өз еріктерімен ешқашан салым салған емес. Қожайындары арт жақта отырып «еңкей» десе еңкейеді, «қайқай» десе қайқаяды. Ұнамаса, қамшымен сабап алады. Оның бәрін көріп жүрміз. Абырой үшін еңкейіп, абырой үшін көкпар тартып жүргендер аз. Бәрі робот («роботты» «құлтемір» деп қазақшалап па едік осы? – авт.). Көкпардағы осындай бассыздықтарды қанша жылдан бері, қаншама ағаларымыз жөнге сала алмай келе жатыр», – деп қатты ашынды.

Шымкенттің білекті, жүректі бірнеше көкпаршысымен тілдескенбіз. Бәрінің әңгімесінен түсінгеніміз – бұрынғы көкпаршылар серкеге арнап ат ұстайтын, оны өзі күтіп-баптап, көкпарға дайындайтын. Қазір ондай емес. Атты бай-бағландар бағып, дайындайды. Ал көкпаршыны көшеден жалдай салады. Болды, әңгіме сонымен тамам. Көкпаршы байдың атымен додаға кіріп, салым салады. Ат та, атақ та, ақша да байға тән. Көкпаршымен бөліссе, тиын-тебен ғана береді.

Жандос бүгінгі көкпарды «мафияға» айналып кетті деді ғой. «Мафия» демекші, бір бай жеті-сегіз ат дайындап, көкпарға апарса, оның атын мінген көкпаршылар бір команданың жігіттері болып есептеледі. Олар топтасып алып, додаға бірге кіреді. Жерден көкпарды біреуі іледі, қалғандары соны қаумалап, көмбеге қарай алып жүреді. Алда-жалда арасына кіріп кетсеңіз, атыңыздың жүгенін сыпырып, айылын кесіп, өзіңді сабап, атыңнан аударып тастайды. Бұл ғана емес. Талап бойынша серкенің салмағы 55 келіден аспауы керек. Бірақ кейбір той иелері қастық қылғандай, 80 келі тартатын серке береді. Оны жерден көтере алмаған, тақымға баса алмаған жігіттер ердің басына тұзақ салып, шылбырмен байлап тартады. Оның арты қып-қызыл қырғын. Міне, бүгінгі ұлы өнердің сиқы осы. Құдды көшедегі бұзақылардың төбелесі дерсіз.   

Тойбасшы «көкпардағы тәртіпсіздіктің тағы бір көрінісі» деп, атақты бай-бағланның атынан көкпарды тартып алып қойған басқа көкпаршыға оқ атқан оқиға туралы айтты. Тіпті, қазір «пәленше байбатшаның атына тиіспеңдер» деп, сес көрсету де жарияға айналған. Соңғы жылдары көкпарда жүзге, руға бөліну пайда болды. Әсіресе, Сарыағаш, Мақтаарал өңірлерінде көкпаршының аты-жөнін ғана емес, руын айтып, ата-бабасына дейін мақтайды. Кейбір көкпарда ат иесі түгіл, жылқыны да руға қосып, «пәлен рудың, пәлен атаның аты» деп даурығатын көріністер көбейген. Қазір оңтүстіктің байлары зәулім сарай, тойханамен немесе көлікпен емес, атпен мақтанатын болыпты. Көкпаршысы серкені алып шауып келе жатқанда, «пәленше байбатшаның атымен пәлен палуан келе жатыр» деп, тойбасшы бірнеше рет қайталайды. Осыдан артық абырой жоқ қазір.

Мақтанбай жүрсе, қазақ дарақы аталар  ма еді? Дүркіретіп той жасап, дүрілдетіп көкпар бермесек, көңіліміз көншімейді. Соңғы жылдары көкпардың басына автокөлік, аяғына тана-торпағымен бір тоғыз тігетін көкпар көбейген. Бұрынғыдай, 100, 200 мың теңге деген салым «сәннен» қала бастапты. Тойдың болғаны, ұлттық ойынның ұмыт болмағаны жақсы ғой. Алайда ұлы өнердің өзегіне ақша түсіп, көкпар бизнеске айналса, ата-бабадан қалған асыл мұрамыздың мұрты бұзылып, болашағы бұлыңғыр тартары анық. Ақша араласқан ұлттық ойыннан қасиет қашып, кепиет кетеді.  

Тегтер: спорт футбол хоккей ақпарат дерек ұйымдастыру көкпар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қасиет БАХКЕРЕЙҚЫЗЫ 26.11.2021, 14:30
«Мен таныған Отарбаев»
Пернебай ДҮЙСЕНБИН 26.11.2021, 13:00
Антихибакуся
Ермек МҰҚАНҒАЛИЕВ 25.11.2021, 15:20
Азат қозғалысының өмірге келуі
Жарас КЕМЕЛЖАН 25.11.2021, 14:00
Түбіміз түрік болғанмен, ала-құламыз
Бифат ЕЛТАЕВА 24.11.2021, 10:40
Айнұр Жұмаш, кәсіпкер: Шетелде бизнес аша алмаймын...
Қуаныш ЕРМЕКОВА 23.11.2021, 16:00
Ұлы дала ақыны

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30