Көлден ұшқан көп үйрек...

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ

08.11.2022, 19:36

2557

   Іні-дос, сырлас бауыр, қазақтың өз үні, өз әуені бар ғажайып ақыны Қазыбек Иса да алпыстың асқарына көтеріліпті. Қазақ қоғамы үшін қайраткер, күрескер шайырдың өлеңбаяны да, өмірбаяны да жұртының көз алдында.

   Қазақ өлеңінің қайталанбас тұлғасы Сырбай Мәуленов Қасым ақын туралы жазған әйгілі «Найзағайлы қара бұлт» мақаласында: «Егер сіз толқынның күшін білгіңіз келсе, дауылда аласапыран болып жатқан кезде өзенге түсіңіз. Сіз толқынның күшін сонда білесіз. Егер сіз найзағай күшін білгіңіз келсе, күркіреген күннің астында тұрып, жарқыраған жай отының жалынымен танысыңыз. Сіз жайдың күшін сонда білесіз. Егер ақын болсаңыз, сізге толқынға түсудің де, аспаннан найзағай құшудың да қажеті жоқ. Сіз қиялыңызбен дүниенің төрт бұрышын түгел аралап, планеталарды айналып шарқұрып саяхат құрасыз», – дейді. Биыл ғасырлық тойы өтіп жатқан Сырағамның ақындық туралы түйіні түйін.

  Сондай найзағайы да, жауыны да, толқыны да жан-жүрегіндей сирек суреткердің бірі – Қазыбек Иса. Суреткер демекші, оның негізгі мамандығы суретші. Өлеңдеріндегі образдылықтың, табиғилықтың, бейнеліліктің түп-төркінін содан іздеуге болатын шығар. Бұл бірақ басқа әңгіме.

… Көлден ұшқан көп үйрек көкалалы,

Көз ұшында сағым боп жоғалады.

Көлді көрсем көктемі көңілімнің

Көк көйлекті қыз болып оралады.

Қазыбек ақынның осыдан үш мүшелдей уақыт бұрын жазған өлеңі осылай басталушы еді. Осындағы көкалалы көп үйрек те, көк көйлекті қыз да, көгілдір көктем де ақын жүрегінің алғаусыз дүрсілінен, аңғал аңсарынан, сағыныш сазынан жаралған. Шын шебердің қолынан құйылған құймадай әр қырынан қарасаң әр түрлі болып жарқырайды. Ақындық құдірет деген де осы шығар.

… Күз келді,

Күрең тарттық біз де енді...

Қар жаумай-ақ жапырақ

Жасыруда жаздан қалған іздерді.

Күз келді,

Күрсінуде қыз да енді.

Қиялданып ол мұңлық

Іздер ме екен ізсіз кеткен біздерді.

Күз келді,

Құстар тізбек тізді енді.

Жүрек байғұс жүдеді

Сыр беретін жөнің бар ғой, сызда енді...

Күз келді...

   Үш-ақ шумақтан тұратын «Күз» өлеңі. Ойлы оқырманды мұңға батырады. Өмірдің небір сәттері көз алдыңнан үзік-үзік лентадай өтері ақиқат. Көмескі тартқан ізің де, жомарт күзің де сағымдай бұлдырай ма, қалай? Ақынның осы тектес жырларын оқығанда, осы жолдарды өзің жазғандай әсерге бөленесің. Ақын мен оқырман бір нүктеде түйіскендей. Поэзиядан эстетикалық ләззат алу деген осы болар. Меніңше, бұл – лиро-философиялық өлең. Түрлі қылмыскерлердің психологиясына әлеуметтік зерттеу жасаған ғалымдар олардың көпшілігі өмірінде өлең оқымағанын айтады. Даңғой Дантеске анасы бала кезінде өлең сөздің құдіретін ұқтыра алмай қойса, Аристотель Александр Македонскидің зердесіне поэзияның рухын құя алмаған деседі.

   Өлең сөз ізгіліктің бастауынан жаралады. Қазыбек ақынның «Қызыл жыңғыл», «Керімсал», «Тәтті шөл» жинақтарынан бастап кейінгі «Сырымды айттым далаға» атты көлемді кітабын оқып шыққан оқырман талай рет небір тәтті мұңға батып, сағыныштың самалын жұтып, бір тамаша сәттерді бастан кешер еді.

Жүрдім, жүрдім, жүрдім де,

Кетіп қалдым бір күнде...

Немкеттілеу ағайын,

Неге кеттім, білдің бе?..

Өсуіне бауырдың,

Шешіміне қауымның

Қарайлаумен күн кешіп,

Өз дертіммен ауырдым – деп басталады. «Сырымды айттым далаға» дейтін елге көбірек мәлім жыры. Осында ақынның дерті де, серті де бар. Ақын сырын далаға емес, өзіне де, өзгеге де айтып тұр. Жалаң дидактика, жалған пафос, жасанды сезімнен ада. Оқырманын сендіре сөйлейді.

  Жалпы Қазыбек ақынның тұнық судай мөлдір поэзиясы жайлы сан мәрте қаламдастары, қанаттастары айтқан. Шардараның майдақоңыр толқынындай тербеліп, сырдың суындай сылаңдап ағып өлең өлкесіне өз болмысымен келген ақын сол биігінен төмендеген жоқ. Халық депутаты, қоғам қайраткері Қазыбек Иса ақын өлеңде де, өмірде де іркіліп қалған жері жоқ. Содан да:

«Бәрін айту, бәрін білу міндет пе,

Ертең...

Ертең барлығы да екшелер.

Ақын жайлы құмар болсаң білмекке

Жырын оқы...

Түсінігің жетсе егер...», – дейді.

Сенімді де, салмақты сөз. Оқитын жыр ақында аз емес. Қазыбектің таңдаулы өлең, балладалары да жеткілікті. Осы қатарға сапар жырларын, сезім пернелерін дөп басқан махаббат лирикасын «Жапандағы жалғыз үй», «Жиде ағашы», «Бүйрек жегіш бала», «Белгісіз суретші», «Мұңлық-зарлық мұқамы», «Құлажан батыр» бастаған туындыларын қосар едім. Шын ақынның өмірлік қағидасы өлең жазу болса керек.

Қазыбектің «Идиллия. Апам туралы ән» атты тамаша жыры бар.

Қайтқан малмен жамырап,

Жиылған кез жұрт есі.

Барады осы шақ ұнап,

Қызыл іңір қыр төсі...

Сыр берсе де саулығы,

Бар тірлікке бар зауық.

Ағараңдап жаулығы

Апам отыр нан жауып.

Секілді бір батар күн,

Табасы отта тұрады.

Ақ жүзіне апамның

Алқызыл нұр жұғады.

Тезек оты маздайды,

Басқан сайын барқыт түн.

Жайдақ тірлік жаздайғы

Жатар енді артып мұң.

Апам жапқан таба нан,

Ұқсап кетті айға әлгі...

Шоғы көкке тараған

Жұлдыздарға айналды.

Хош иісі бұрқырап,

Дәмі жүр ғой таңдайда.

Қалды алыста құм-қырат,

Енді ондай нан қайда?!

Ай мен жұлдыз қатар-ды,

Күтіп жүрем үзбей күн...

Ақ жаулықты апамды

Арасынан іздеймін...

   Қазыбек поэзиясы мейлінше шалқып жатқан жаны, тулап жатқан қаны бар сәулелі өлең. Ол кейде Шардараның шуақты күніндей жайнап, ашық аспанындай мөлдіреп, жаныңды аялайды, сезіміңді аймалайды. Өмірдегі жақсылық, махаббат, сағыныш атаулының түп-төркіні осы асыл сезімнен басталатынын сезінесің. Толық нұсқасын келтірген «Апам туралы ән» де сондай бір сиқырлы күшке ие өмірлі өлең. Ақынның анасы Зейнеп апамыз жаратылысынан сұлу адам еді. Сол асыл жанның көңілінің көктемі, жанының жазирасы ақын ұлына берілген шығар. «Апасының жапқан таба нанын айға ұқсататын» арманшыл ақын, қиялшыл Қазыбек алпыс деген жал-құйрығы төгілген арғымақтың үзеңгісіне аяқ салыпты. «Сайраған жолым жатыр жер бетінде» деп Қасым ақын айтқандай, оның соңындағы сүрлеу-соқпақтар үлкен даңғылға айналған кез. Әрине, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Ресей жазушыларының Сергей Есенин атындағы алтын медалінің, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері қайраткер ақын Қазыбек Иса ғұмырбаянының беттерін парақтап көп әңгіме айтуға болар еді. Оны бүгінгі мерейтойлық мақаланың міндеті емес деп білдім. Ұлтының ұлына, қазағының қабырғалы қаламгеріне айналған ақын:

«… Маңдайын күнге күйдірген,

Табанын жерге тілдірген.

Қайран ел, қазақ ақысын

Қайтару үшін жүрмін мен» дейді бір өлеңінде. Бәлки, бұл ақынның жан дауысы шығар, сенейік.

   Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басындағы дүрбелең шақта Алматыда танысып, табысып едік. Содан бергі аға-іні, қаламдас, қанаттас дос болып бірге ғұмыр кешіп келеміз. Көрген қиындығымыз да, қызығымыз да бір-бірімізге аян.

   Сол тоқсанның торықтырған күндерінде Қазыбекке арнап жазған өлеңімде мынандай жолдар бар екен:

...Қағысудан тұратын табысудан,

Өмір кейде...

Басыңнан бақ ұшырған.

Абайлардың жете алмай ауылына

Талайлардың бұл жолда сағы сынған.

Айтылатын тілек бар туған айға,

Тілексіздер қурайдай қурамай ма?

… Сарыарқадан сәтімен самал соқса,

Шардараның толқыны туламай ма?!

   Бүгін де сол көңіл, сол ниет. Тек көлден ұшқан көкалалы көп үйрегің айдынына жиірек айналып қонып тұрса екен...

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:57
Қазақтың «Соңғы самурайы»
Жексен АЛПАРТЕГІ 09:44
Ниязбек әжі
Жамал ҚАМАШ 02.02.2023, 17:24
Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Намысты қолдан бермеуге тырыстым
Бифат ЕЛТАЕВА 31.01.2023, 10:50
Бақыт Қажыбай, актер: Алаш рухын оята алсақ, үлкен жетістік сол!
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 10:40
Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің үздік теннисшілері ондығына енді
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:34
Димаш Құдайберген Шанхайдағы фестивальға қазылық етеді

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16