Көнгіш адамның көңілі қалмасын!

Мұрат ӨТЕБАЙҰЛЫ

30.09.2021, 11:34

760

Бүгінгі қоғамдағы жемқорлық, екіжүзділік, жағымпаздық, сатқындық, парақорлық, бірде-бір сайлаудың әділ өтпеуі, сөз бостандығын шектеу, тәуелсіз ақпарат құралдарын, журналистерді қудалау, еркін ойлы адамдарды қамау, қысым көрсету – осының бәрі осылай жалғаса беруі барлық отаншыл азаматтардың төзімін тауысады. Жұрт бекер дүрлікпейді. Бүгінде Қазақстанда АЭС салу бастамасы және Қазақстан үкіметінің «Электронды үкімет жасап бер» деп ресейлік Сбербанкпен келіскені, бұған жұртшылықтың наразылық танытуы – бұл биліктің халықпен санаспауына қарсылық деп түсінген жөн. Цифрлық тәуелсіздігін дәл осылай біреуге оп-оңай бере салу бұл Қазақстанды саяси тұрғыдан сатып жіберу емей, немене?! Біз сонда өз халқымыз туралы бар ақпаратты соларға бере салатын болып отырмыз ғой. Терезе теңестірердей ортақ мүдде, ортақ мақсатымыз, кіндік тамған атажұрт, алтын мекеніңді Ресейдің табанының астына өз қолыңмен апарып төсеу – осыдан асқан ездік, сатқындық бар ма?! Айтыскер Оразалы Досбосыновтың:

       Елім-айлап шұбырып бір кездері,

      Адасып айдалаға ел кетіп еді.

      Осыншама қорлықты артқа тастап,

      Ел болып егеменді төрге өтіп еді.

      Әлі әттеген-ай көбейіп тұр,

      Басшылардың кесірінен зердесі жоқ,

      Бұл қазақтың бағына бір басшы жоқ,

      Болайын деп отырған елге тірек

      Жерді де, жер байлығын – бәрін саттық,

      Енді елді сатуға келді «очеред», – дегені еріксіз еске түседі.

      Бүгін тіліңді берсең, ертең дініңді бересің, онан соң жеріңді де бересің. Сонда құрымағанда нең қалады? Ешкімге де керегің жоқ, тілсіз, дінсіз, мекенсіз нағыз босқын сонда болмаймысың?!

       Ал Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша халықтың ойлары мен ұсыныстары талқыға түседі деп ойлағанымыз өтірік емес. Алайда АЭС салу мәселесін халық талқысына салып, содан кейін барып шешім қабылдайық дейтін билікте ниет те жоқ. Билік бұл жолы да өзінің көңіліне жағатын нұсқаны «тізеге салып» қабылдап жіберетіні сөзсіз. Сонда президент Тоқаевтың «халық пен билік арасында орнауы керек, үкімет еститін мемлекетке айналуы тиіс» дегені қайда? Атқарушы билік президенттің айтқанының бәрін сызып тастайтын болса, онда мемлекет басшысы сөзінің шынайылығына қалай көз жеткізуге болады? Жалпы, күйінішпен айтқанда, Қазақстандағы қарапайым халықтың денсаулығы нашар, әлеуметтік жағдайы төмен. Тұзға бөккен Арал теңізі, бағы байланған Балқаш, тіршілік семген Семей полигоны, соры шығып сортаңдаған т.б. аймақтар, радиоактивті қалдықтар төгілген көптеген орындар – қазақ халқының жазылмас  жарасы, үлкен қасіреті. Бұл аз болғандай, оған қосымша АЭС салу, ядролық отынға қажетті радиациялық қалдықтарды жерге көму – қиянаттың үлкені.

       Мемлекеттегі халықпен санасып, олардың денсаулығына алаңдайтын, әлеуметтік жағдайын жасауға тиіс биліктегілер Жапонияның Фукусимасындағы жарылыстан сабақ алудың орнына бірнеше миллиардты АЭС салуға жұмсамақшы. Соған бөлінетін қаржы соның басы-қасында жүргендерге ертеңін ойлатып отырған жоқ. Осыған дейін түрлі ядролық сынақтардың зардабын тартқан қазақтың ендігі ұрпағы АЭС құрбанына айналмасын! Ресейдің қалауын табуға тырысқан, көңіліне қарап жалтақтаған биліктің әрекетіне халық болып наразылық танытайық деген жұртшылықтың жанайқайына биліктегілер былқ етер емес. Билік халық пікірін, ұсынысын ескермеуі үйреншікті жағдайға айналды. Шын мәнінде қоғамда болып жатқан өзгерістердің бәрі іс жүзінде халықтың назарынан тыс қалып жатқаны жасырын емес. Кезіндегі «Қазақстандық ұлт», «Үштілділік идеясы», «Еуразиялық одаққа кіру», «Кезектен тыс сайлау, ЭКСПО-2017, ел астанасының атын өзгерту, соңғы кездері жиі көтеріліп жүрген АЭС салу – халықтың ой-пікірі емес, бұл өзімбілермендікке салынған биліктің ойлап тапқан амалы. Мұны қоғам қалай қабылдайды, оған қандай баға береді? Ол жағы биліктегілерді ойландырмайды. Өйткені халықтың сыртынан  үн-түнсіз шешім қабылдап жіберетін қазақ билігі, түптеп келгенде, өзіне қажетті шешім қабылдайды.

      Барлық бассыздықтың бастауы биліктің халықпен санаспауынан туындап отыр. Биліктің ойына келгенін жасауға жол беріп қойған – парламенттің  қауқарсыздығы және халықтың әрекетсіздігі. Елдің тағдырына, кез келген заң жобасына ойланып-толғанып, жан қинап жатпай-ақ, қалай болса солай қол көтере салу сияқты роботтық парықсыздық танытатын парламентке шешкізу тіптен қорқыныш туғызады. Ал біз сондай  заң шығарушы органға кімнің сайланып жатқанына көңіл аудармаймыз. Билікті толығымен соларға беріп қойдық. Бұған қоғамның өзі де кінәлі. Біз тәуелсіздік алғанымыз  ғана болмаса, осы 30 жыл   ішінде әділетсіздікке, шектен шыққан заңсыздыққа, қоғамды жегіқұрттай жеп жатқан жемқорлыққа қарсы бас көтеруді, өз таңдауы үшін күресуді үйрене алмадық. Біз үшін мемлекеттің иесі тек биліктегілер ғана болып қалды.

       Егер біздің қоғам азаматтық тұрғыдан белсенділік танытып, орын алып жатқан озбырлыққа көз жұмып, қарап отырмайтынын көрсеткенде, билік Алтынбек Сәрсенбайұлы, Заманбек Нұрқаділов сияқты қазақтың ақылды, беделді азаматтарын тапа тал түсте  мерт қылмас еді. Елдігімізді танытқанымызда сот Шаңырақ, Бақай, кешегі Жаңаөзен, Шетпе сияқты тағы басқа істерде бұра тартып, әділдіктен тайқымас еді. Сайлаулар бұрмаланып, жемқорлық деңгейі бүгінгі жағдайға жетпес еді. Егер де кезінде халық қарсы тұрғанда дәл бүгінгідей адамдарды жай ғана  митингіге шыққаны, ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде пікірін ашық білдіргені үшін қатаң жазалауға жол берілмеген болар еді. Билік бұра тартып, халықты басынбас еді, ең бастысы, халықтың саяси белсенділігі төмендігінен ғана билік өз дегенін істеп келеді.

       Немкеттілік, немқұрайдылық – қасіреттің бастауы, билік басындағылар осындай мінезсіздікті, салғырттықты пайдаланып, халықпен санасуын қойды. Сондықтан халық өз сөзін батыл әрі ашық айтпаса, бұдан да сорақы күннің басқа түсері хақ. Жоғары жақтағылар халықтың пікірімен санаспай, «халық бәріне көнеді, қашанда айтқанымыздан шықпайды»  десе,  қателеседі. Халықтың алдында  кесе-көлденең  тұрған, оны кері бұруға талпынған кез келген  әрекет сыртқа тебу реакциясын туғызады, яғни елдің еркіне қол сұғу үнемі үнсіздікпен біте бермейді. Ал қиянат әбден асқынған кезде жуастан жуан шығып, белсенді күшке айналады. Д.Драйден айтқандай: «Көнгіш адамның көңілі қалудан қорыққанымыз дұрыс-ау!»

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 13:00
Пешене
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 23:09
Талас Омарбеков дүниеден өтті
Оңалбек ӘУЕЛБЕКОВ 02.12.2021, 13:12
Қажымұқанды насихаттау – қазақты құрметтегенмен бірдей
Жақсыбек САЙЛАУБАЙ 02.12.2021, 11:19
Ана - бақыт, ана - деген шырағың!
Жарас КЕМЕЛЖАН 02.12.2021, 09:00
Светқали Нұржан: Басымды шауып тастаса да, тілімді кесіп, қаламымды тартып ала алмайды
Қуандық ТҮМЕНБАЙ 01.12.2021, 16:47
Саябақтағы классикалық әуен

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14