Көсемсөздің көкжалы

Қуаныш ТҰНҒАТАР

16.09.2021, 11:30

1545

Бұл есім бәрімізге жақсы таныс. Батыс барсаң да, шығыс жүрсең де, терістік пен түстікке табан тірей қалсаң да: «Бөкең қалай?» – деп алдымен сұрап жататын ағайын көп. Ондайда ақжайлау ағамызбен кішкентай Талдықорғанның ауасын бірге жұтып, «Жетісудай» жүзжылдық басылымда қоян-қолтық еңбек ететінімізді көсілте айтып, арқаланып қаламыз. Одан әрі Бөкеңнің шымыр шығармашылығы, бет-жүзің бар демей ақиқатты айтатын қайсар мінезі, журналистикадағы жарқын жолы жайлы жып-жылы әңгіме өрби кетеді. Ел ішін аралағанда, куә болатын ып-ыстық көріністің бір парасы осы.  

Тіршілігі тасбақа аяң, тамыр соғысы баяу, шап-шағын Талдықорғанда ширек ғасырға жуық уақыт тұратын Болат Абаған есімінің соншалықты танымал болуы қалай деп ойлайсың. Сөйтсек, ұшқыр қалам жер талғамайды екен. Алматыда жатсаң да, адам аяғы баспас шалғай ауылда отырсаң да, қаламыңа құдірет қонса, халық өзі-ақ сені көтеріп әкетеді!

Қазақ журналистері құрмет тұтатын Бөкең есімі – халықтың Бөкеңі – әлдеқашан өз биігіне көтеріліп қойған Болат Абаған маған мектеп қабырғасынан, әдебиет пен журналистикаға қадам бастырған ауыл кітапханасының оқу залынан бастап белгілі. Ары қарай университет қабырғасында да («Жетісу» газеті ҚазҰУ-дің оқу залына келетін) Болат Абағанның қылмыстық оқиғаларды баяндайтын мақалаларын тұшына оқыдық. Дүркін-дүркін республикалық басылымдардан әр сөзі жанды,  әр сөйлемі жігер жанып, рухты тірілтетін жұп-жұмыр әңгімелерін, дерекке толы очерк-эссе, толғаныстарын жиі кезіктіріп жүрдік.

Алматы облысындағы бір ауылда өсіп, қал-қадірінше шығарма жазып, мектеп ішіндегі шараларды аудандық газетке беріп, оның жарық көргенін асыға күтетін, басыла қалса, төбесі көкке жетпей қуанатын бір кездегі бала Болат Абағандай тіс қаққан тілшінің мектебінен өтерін, Талдықорғанның төрінде жолығарын, қазақ баспасөзінің қарашаңырағында шыңдаларын білген жоқ. Қазіргі кезде осындай алтын жүрек ағаның алдында жүргенімді тағдырымның маған ұсынған ең керемет сыйы деп білемін.

Публицистика мен прозада қолтаңбасы қалыптасқан, қоғамдағы орны мен ойы бөлек, сөзі мірдің оғындай өткір, көзі келелі істі кемшілігімен бірге көретін қырағы, атақ жайлы ауыз ашсаң, тыйып тастайтын, бос мақтан мен жылтыр сөзге жаны қас, әділетсіздікке қаймықпай қарсы тұратын, қитұрқылыққа ұшқыр қаламымен жауап қататын, ұлт, тіл, рух тақырыптары көтерілсе, жанары шырадай жанып, тебіреніспен әңгіме тиегін ағыта жөнелетін көсемсөз көкжалы – жұмыста да, жалпы өмір ағынында да кейінгі жастарға жөн сілтеп, жол көрсетіп отыратын ақеділ аға жайында өзі қарсы болса да, талай жазылды, талай айтылды. Ары қарай да солай болары даусыз. Бірақ жеке басы мен жетістігін жарнамалағанды ұнатпайтын журналистика жампозы алпыс жастың асқарына шықса да, әлі үнсіз.

Бүгінгідей пиардың пәрмені жүріп, ғаламтордың дәуірі асқақтап тұрған сәтте мерейтойға дейін де, кейін де саналуан шара қолға алып, алпысыншы белесін сан әдіспен өрнектеп, бүкіл қазақ баспасөзін айшықты мадақ сөзге толтырып тастауға болар еді. Бірақ Болат аға олай жасаған жоқ. Ол осы үнсіздігімен өз биігін сақтап қалды.

Тойшыл қазақпыз деп өз-өзімізді жұбатқансып, қашанғы қарын сипап жүре берер екенбіз? Тойшылдыққа қазір бәленінші белесін бағындырған небір тұлғасымақтар туралы тебірене жазылған мақалалар қосылды. Тасқа басылса болды, тарихта қаламын деп жанталасқан кейіпкер де, жазғышбек те жоқтан барды құрап, тіпті мақала былай тұрсын, тұтас бір кітап арнайтынды шығарды. Бұл келеңсіздеу көрініс облыстық, аудандық басылымдардан бұрын ел көлемінде тарайтын газет-журналдардың өзінде үрдіс ала бастады. Бірақ Болат аға мұндай қадамға бармады.

Алматымен қатар қонып, Жетісудың кіндік қаласы саналса да Талдықорғанның өз алдына бір шалғайда, томаға-тұйық, шеткері жатқандай сезілетіні бар. Әсіресе, алғаш аяқ басып, қоныс аударған кезде біршама уақыт мүлгіген тыныштыққа үйренісе алмай, одан қалса, облыстың әкімшілік орталығындағы сыптай киінген мемқызметшілерге, олардың бір күні бір күнінен ажырағысыз түп-түзу тіршілігіне, жастары аздау, зейнеткері көптеу қала келбетіне тосырқай қарап, өзіңмен-өзің жабырқап жүруің мүмкін. Қайшыласқан тіршілігі аз шап-шағын шаһарды батысындағы байтақ Балқаш бауырына басып, өзге аймақтардан біржолата бөліп тастағандай көрінеді. Осындай шағын қалада тұтас ұлтқа қызмет етіп, қыруар шаруаның басын қайырып отырған кім бар десе, ойланбастан Болат ағаны көрсетер едім.

Бұл қаладан тіке теміржол да өтпейді. Халықаралық маңызы зор күрежолдан да алыс. Бірақ осындай оймақтай қалада бүкіл қазаққа сәуле шашып, қаламының ұшымен қыруар шаруа атқарып отыратын, жазған-сызғандары төрт тарапқа дүркін-дүркін жетіп жататын, елдік мүдде, ұлттық ұстын бағытындағы батыл қадамдары әп-бәрекелді дегізетін үркердей зиялылар шоғыры бар. Сол шоғырдың ішінде Болат Абағанды биік көремін. Олармен дидарласып, небәрі жарты сағат қауқылдассаң жеткілікті – Талдықорғанға тұрақтап қалғаныңа қатты қуанасың. Бұл кісілерді тұтас қазақ журналистикасының қара нары десек те жарасады. Олардың да Талдықорғанға келуі, қоныстануы өз алдына бір-бір тарих.

«Провинцияда туып, Парижде өлуді» мақсат тұтпайтын, даңққұмарлық пен даңғойлықтан алыс сол шоғырдың алды алпыстың асқарына шығып, жетпіске бет түзеп жатса, соңы қырықтың қырқасында отырғандар. Әміре Әрін, Мейрам Жанәділов, Нүсіпбай Әбдірахым, Болат Абаған, Серік Әбікенұлы, Жұмахмет Жайлаубаев, Жұматай Әміреев секілді алтын буын қалыптастырып отырған Жетісу журналистикасы өзінше бір мектеп. Бұл буынды журналист жастарға бағыт беретін, тәжірибесін толыстыратын бейресми университеттің профессорлары десек те жарасады. Сол профессорлардың ішінде Болат ағаның парқы бөлек, соқпағы өзінше соны.

Болат Абаған есімі «Жетісу» газетімен тығыз байланысты. Газет – оның өмірі, шығармашылығын ашқан екінші тынысы. «1994 жылдан бері «Жетісу» газетінде қызметтемін. Қандай атақ-дәрежеге жетсем де, ел-жұртым алқалап, қандай сый-құрмет көрсетіп жатса да, ең алдымен, «Жетісуымның» жетістігі, газетімнің арқасы. Журналистикада есіміңді қалыптастыру өте үлкен еңбекті қажет етеді. Қалам ұшында өтірік жүрмейді. Елдік мүддені қозғамасаң, халық мұңын жоқтай білмесең, сен журналист емессің. Бұл өте үлкен талап. Осы межеден көріне алып жүрміз бе? Мен бұл сауалды өзіме күнде қоямын», – дейді аға бір әңгімесінде.

Болат ағаның өмірін, жүріп өткен жолын, бастан кешкен небір оқиғаларын өзінен сұраудың еш қажеті жоқ. Әр жылдары мерзімді басылымдарда жарық көрген мақалаларын, новеллаларын, естеліктерін топтастырып, бір парақтап шықсаңыз, Болат Абаған бейнесі көз алдыңызда қалыптаса қалады. «Сағыныш», «Түңілу», «Қазақтың қайсарлығын танытқанбыз», «Тіршілік тауқыметі», «Естен кетпес екі күн», «Тамұқ табалдырығында», «Мыңшұңқыр»  сынды оқырман іздеп жүріп оқыған туындыларынан прототипті табу қиын емес. Кейбірінде жанама, кейбірінде тікелей өз өмірінен алынған эпизодтар менмұндалап тұрады. «Әлі есімде, 3-4 сыныптарда кітап оқудан жарыстыратын. Қарсыластарым кілең жоғары сыныптың оқушылары. Әлгілерден оқу жылдамдығы бойынша мен озып кететінмін. Бәлкім, журналистиканың алғашқы ұшқыны сол кезде біліне бастаған шығар. Әдебиетке, журналистикаға қадам басуыма ұстаздарым Кеңесхан Тәкенов пен Қанипа Омарғалиқызы ықпал етті. Қанипа Бітібаева елге есімі  белгілі тұлға, КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі еді. 2014 жылы өмірден өтті. Биыл Өскеменде ол кісінің есімі көшеге берілді. Осы  кісілерге қарыздармын», – дейді кейіпкеріміз.

Болат аға кезінде қылмыстық оқиғаларды, соңы кінәлілердің темір торға тоғытылуымен аяқталатын небір ізкесушілердің әрекетін майын тамыза жазып, газеттің детектив жанрына жан бітірді. Облыстық басылымның ауылшаруашылығы, экономика, спорт, заң бөлімдеріне жүріп, талай проблемалы мақала жазып, билік пен халық арасындағы мәселелерді жіліктеп талдап, мың сан оқырман назарына жайып салды. Сандарды да салыстырмалы талдау әдісімен сөйлетіп, басқарма басшыларының, басқа да салаға жауапты қызметкерлердің екі аяғын бір етікке тыққан шақтары да бар. Сот, заң саласындағы кез келген қызметкер Болат Абағанды нағыз өз ісінің майталманы ретінде таниды. Оны осындай дәрежеге жеткізген біреудің алқауы емес, өзінің таза еңбегі, қаламы мен кәсібилігі!

Ағаның журналистік шеберлігі, публицистикадағы қабілет-қарымы облыс көлемінде шектеліп қалған жоқ. 2004 жылдан бастап республикалық «Айқын» газетінің Алматы облысындағы тілшісі бола жүріп, Жетісу өңіріндегі ең өзекті дүниелерді ел көлемінде жариялады. Қазір де бұл қызметін тастамады. Бүгінде «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттерінің басын қосқан «Өлке тынысы» ЖШС директорының орынбасары. Бірақ шығармашылықтан қол үзген емес. Бірінші кезекте өзін журналист санайды. Болат аға үшін бұдан асқан биік мансап жоқ екені айтпаса да түсінікті.

Болат ағамен талай жылдан бері журналистика саласында тер төге еңбек етіп жүрген әріптесі, төртінші биліктің белгілі өкілі Сандуғаш Дүйсеновадан мерейтой иесі жайлы сұрағанымызда:

— Болат достыққа өте берік адам. Егер соғыс бола қалса, мен Болатпен еш ойланбастан қан майданға бірге кірер едім. Өйткені мен оны өте жақсы білемін. Ол ешқашан сатпайды, далаға тастап кетпейді. Қазақстанда 19 миллион халық тұрса, мен қандай қиын жағдайдан бірге шығу үшін сол миллиондардың ішінен Болатты таңдарым анық.  Болаттың бойындағы ең бір керемет қасиет, ол – әрдайым парасаттылықтан ажырамайды. Содан кейін мемлекет газетінде жұмыс істеп жүріп өзінің бет-бейнесін жоғалтпағандығы қатты ұнайды. Меніңше, бұлай жүру өте қиын. Өкінішке қарай, мемлекет басылымында жүріп, жағымпазға айналып, әкімдердің алдында шапқылап, есі шығып жүретін журналистер көп қой. Бірақ Болат жағымпаздануды білмейтін, нағыз биік дәрежедегі адал жан. Уәдесін орындайды, ал қолынан келмесе, «ренжімеші, Сәке» деп ашығын айтады. Қолдан келмейтіннен бас тарта білу де, оны ашық жеткізу де үлкен адамгершіліктің, жауапкершіліктің белгісі. Қазір олай өтінішіңді орындай алмаса, бас тарта алатын адамдар жоқ. Қолынан келсе, жасайды да, келмесе жасай алмаймын деп айта алмай, әне, міне деп елді алдап, қашып жүретіндер көп. Болат әрқашан ойын ірікпей, ашық айтады. Мен оны қатты сыйлаймын. Ол нағыз өз ісінің шебері! Мақалаларын оқығанда, іштей сүйсініп, риза болып отырамын. Әр жазған мақаласы мағыналы, жан-жақты қамтылады. Сөздерді өте орынды қолданады, – деп ақтарылды.

Болат Абаған 60 жаста! Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталғаныңызды, «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Қазақ журналистикасының қайраткері» сияқты ел елеп, мемлекет мерейіңізді асырып берген атақ-дәрежелеріңізді жақсы білеміз, жақсы аға! Бірақ бұлардың бәрінен «Болат Абаған» деген екі сөзден тұратын есіміңіз биік, атағыңыздан атыңыз жоғары. Мерейтой иесі соңғы бір жылда бір аунап тұрды, күрделі ота жасалды. Бірақ ағамыз мойыған жоқ. Еңсесін қайта тіктеді. Желтоқсанның мұзына жастанып, ұлты үшін басынан соққы алған сіздей көсемсөздің көкжалына, жетіаралдық жігітке бір ота не дейсің, тәйірі! Сіз мықтысыз! Сізге қарап бой түзейміз, сізге қарап қалам ұштаймыз, қадірлі аға! Сізден тағы да тебірене оқитын туындылар күтеміз.

Тегтер: тұлға пайым пікір естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бекболат ТАСБОЛАТҰЛЫ 22.10.2021, 15:44
Ескерусіз қалған ерлік
Жарас СӘРСЕК 22.10.2021, 10:16
Құрышпын деп жүргенің құрып кетсе-қайтесің?
Жарас ШӨКЕ 22.10.2021, 09:03
Боксшы қыздар нені бөлісе алмай жатыр?
Сайт әкімшілігі 20.10.2021, 18:56
Айман Алдаш зерттеулеріндегі терминология және аударма мәселелері
Фархад ОМАРБЕКОВ 20.10.2021, 15:17
Қожанасыр. Қожа – ғасыр
Бифат ЕЛТАЕВА 20.10.2021, 14:00
Әлеуметтік желіде «жалдамалы жазбалар» көбейіп барады

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31