Луиз ГЛЮК: Біз ешкім де емеспіз

           (Нобельдік дәріс)

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

16.04.2021, 09:47

1405

Луиз Глюк 1943 жылы Нью-Йорк қаласында туған. Америкалық ақын, эссеист. Таңдаулы шығармалары үшін 2020 жылғы Нобель әдебиет сыйлығын еншілеген. Өз шығармашылығын дамыту үшін ол бірнеше академиялық институттардан дәріс алып, тәжірибеден өткен. Оның туындылары автобиографиялық, мифологиялық стильмен ерекшеленеді. Ол «Ауылдағы өмір», «Арарат», «Анадан алғаш туғанда» атты жыр кітаптарының авторы. Біз оқырмандарға Луиз Глюктың Нобельдік дәрісін ұсынып отырмыз.

Бес-алты жас кезімде ойымда әлемдегі ең ұлы поэзияны саралайтын бір ойын «сахналадым». Финалға екі өлең қатысты:  Уильям Блейктің «Кішкентай қара баласы» және Стивен Фостердің «Свани өзені». Мен Лонг-Айлендтің оңтүстік жағалауындағы Седархурст ауылында тұратын әжемнің үйінің бос бөлмесінде бір сәт ары-бері жүрдім, Блейктің жадымда жатталған өлеңін сан қайтара оқып жаттап алдым, сосын, оны мәңгі ұмытпастай етіп санама сақтау үшін әндетіп айттым. Сонымен бірге әлі күнге дейін сол мазасыз, күңгірт Фостер әні де ойымнан кетер емес.

Менің Блейктің кітаптарын қалай оқығанымның өзі сан түрлі жұмбақтарға, сырларға толы. Ата-анамның үйіндегі кітап сөреде саясат пен тарих туралы кең таралған кітаптар мен көптеген романдар арасында  бірнеше поэзиялық антологиялар бар болатын. Бірақ мен Блейкті осы күнге дейін әжемнің үйімен байланыстырамын. Менің әжем кітапқұмар адам емес еді. Бірақ оның үйіндегі кітап сөреден Блейктің «Кіршіксіздік һәм тәжірибе әуендері» атты өлеңдер жинағы мен Шекспирдің пьесаларына арқау етілген әндердің жинақталған шағын кітапшасын үнемі көретінмін. Осы кітаптарды сан қайтара оқи беріп, мен жаттап алдым. Маған әсіресе «Цимбелин» трагедиясының әні өте ұнайтын, мүмкін, ол шақта мен ондағы бір сөзді де, оның мағынасын да түсінбеген шығармын, бірақ оның өзгеше әуенін, қоңыраулы да сиқырлы дауысты тыңдау мен сияқты жасқаншақ баланы толқытып жібергеніне күмәнім жоқ. Сол шығармада «Даңқ сенің қабіріңде» деген керемет сөз бар. Солай болса екен деп тіледім іштей.

  Мұндай түрдегі ой жарыстары құрмет үшін, жоғары марапат үшін маған табиғи болып көрінді; мен алғаш рет оқыған мифтер осыған дейін оқыған дүниелерімді толықтыра түсті. Мен үшін әлемдегі ең керемет өлең – шексіз абыройға ие өлең есебінде болды. Кейінірек мен дәрежеге қарай ойлаудың қауіптілігі мен шектеулерін түсіне бастадым, бірақ менің балалық шағымда әлдебір шығармалар үшін сыйлықтар беру маңызды болып көрінетін.

  Бұндай жағдайда поэзияны мысал етуге әбден болады. Блейктің бұл туралы білетініне және оның нәтижесіне үміттенетініне сенімдімін. Оның өлгені шындық, бірақ оның даусы (рухы) менімен сөйлескенін сезінгеннен кейін маған ол әлі де тірі сияқты елестейді. Сол сәтте мен өзімдегі даралықты, артықшылықты сезіне бастадым. Тіпті мен Блейкпен тілдесуге аңсарлы екенімді түсіндім. Бұдан бұрын Шекспирмен үнсіз сөйлескен едім.  

  Ойымдағы поэзиялық жарысының жүлдегері Блейк болды. Бірақ осы сәтте мен жоғарыда айтқан екі ақынның лирикалық шығармалары соншалықты ұқсас екенін пайымдадым. Кенет құлағыма құдды өткендегідей сағыныш пен зар араласқан үн келді, бұл дауыс мені өзіне қарай тарта бастады.  

   Маған поэзияның кіршіксіз қалпы, айтары, даралық үлгісі ұнады. Тіпті осы жанрды дін қызметкері мен әдеби шығарма талдаушының жылы қабылдағаны да жанымды жай таптырды. Әжемнің үйіндегі өлең жарысының жүлде тағайындау рәсімі поэзияның өзіне тиесілі жұмбағы мен шығармашылық  қарым-қатынастың кеңеюі сияқты болып көрінді.

  Блейк маған өзінің «Кішкентай қара баласы» арқылы тіл қатты; ол әлгі дауыстың құпия бастауы сияқтанды. Ол көзге көрінбейді, тіпті шығармасындағы қара бала кейпінде де «тіл қатпайды». Ол тек түсініксіз бейнедегі тәкаппар ақ нәсілді бала болып елестеді. Мен оның айтқандарының түгелдей шын екенін, ол оның рухынан маған жеткен тазалықтың нышаны екенін білдім. Кейіпкер қара баланың сезінгені мен тәжірибесі туралы айтқандарында еш мін жоқ. Тіпті ол өзінен кек алғысы да келмейді, тек өлгеннен кейін оған уәде етілген мына кемелді әлемде ол өз болмысымен танылады деген сенім пайда болады.

 Әрине, бұл шындыққа сай келетін үміт пен аңсар емес, тіпті шындықты елемейді де. Сол үшін бұл жайт поэзиялық шығарманы жүректерге жететіндей, саяси терең мәні бар туындыға айналдырады. Кішкентай қара баланың ашулы бейнесі өзін толық сезінуге мүмкіндік бермейді, анасы оны қорғауға тырысады, бұл жағдайды оқырман немесе тыңдаушы анық түсінеді. Тіпті оқырман қаршадай бала болса да. Бірақ қоғамдық абырой басқа мәселе екен. Мен қазір сипаттап отырған өлеңдер мені өмір бойы қызықтырып келді, осы жырлардан тыңдаушы немесе оқырман өзіне сенімділік ала алады.

Дикинсон: «Мен ешкім емеспін, Сіз де ешкім емес шығарсыз?! Біздің сыңарымыз бар сонда, тіс жармаңыз», – дейді. Ал Томас Элиот: «Сол маңға барайық бірге, Аспанға қол созғанда түн де. Үстелге мызғыған науқастай...» – дейді. Мұнда Элиот әлдебір ұрысқа жас жасақтарды шақырып жатқан жоқ. Ол өз оқырманынан әлденені сұрап тұр. Ал керісінше айтсақ, Шекспирдің «Мен сені жаздың шуақты күніне теңесем бе екен?» дегенін мысал ретінде келтіруге болады. Мұнда Шекспир мені жаздың күнімен салыстырып отырған жоқ. Ол маған таңғаларлық шеберлікті тыңдауға рұқсат етіп отыр, бірақ шынайы өлең менің қатысуымды қажет етпейді.

  Елемей, ескерусіз қалдырудың орнына биікке көтеріп, үнемі қол соққанда ақын қандай күйде болмақ? Меніңше, ондай ақын алғаусыз  күйге түсіп, әлденеге есесі кеткендей болады. Бұл шын мәнінде Эмили Дикинсонның тақырыбы еді, бірақ бұл тақырып оған мәңгілікке берілген сый емес. Жас кезімде ақын Эмили Дикинсонды құныға, қызыға оқыдым. Оның әр кітабын түндерде, ұйықтар алдында кең құлашты диванда отырып оқуды жаным қалайтын.

Ол айтады:

 «Мен ешкім емеспін,

Сіз де ешкім емес шығарсыз?!»

 Сонымен, Дикинсонның өлеңдері оқырман ретінде мені таңдады, мені таныды. Диванға отырып алып, оның жырларын оқи бастадым. Біз бір-бірімізбен көрінбейтін «әлемде» сырластық. Шынымен мына әлемде біз ештеңе де, ешкім де емеспіз.

    Ал ендігі жерде мен Эмили Дикинсонның жасөспірім қыздарға кері әсері туралы айтпақшы да емеспін. Мен әлеуметтік өмірге зиян келтіретін һәм оның дәлдік өлшемін бағамдайтын темперамент туралы айтпақпын. Сол үшін де кей шындықтар ашық ақпараттарды жеткізуге көмектеседі. Көрнекілік бойынша айтсақ: қастандықтың дауысы, Дикинсонның үні, трибуналдың шуы бір сәт орын ауыстырды дей тұрайық. Ендеше осы сәтте «Мен ешкім емеспін, сіз  ше?» деген тармақтың өзінен бірер сұмдықтың иісі аңқып шыға келеді.

    Ал маған берілген осы марапатқа оралсақ, 8 қазан күні таңертең менің жан дүнием аласапыранға түсті. Мен үшін айналамның бәрі жап-жарық болып кеткендей. Масштаб та тым үлкен болды.

    Қолына қалам ұстайтындар әдетте көп оқырман тауып, соларға ықпал еткісі келеді. Бірақ өкінерлігі, кейбір ақындар үлкен   жетістіктерге жете алмады. Олар уақытша оқырман табу арқылы болашаққа сапар шеккілері келді, бірақ шын мәнінде оқырман деген әр автор үшін жеке-жеке қалыптасады.

  Швед академиясы маған бұл сыйлықты тағайындау кезінде әлеуметтік пікірлердің кейде басым орында болғанымен, бірақ жеке шығармашылық үнге назар аударды деп ойлаймын.   

    Ағылшын тілінен аударған

Тегтер: дәріс тәлім тағылым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Амангелді СЕЙІТХАН 11:19
Сегізбаевтың сексені
Амангелді СЕЙІТХАН 12.05.2021, 08:27
Оныншы тур. Озған бар
Құрманбек ӘЛІМЖАН 07.05.2021, 08:41
Тәуелсіздік жолында ту көтерген хан Кененің қазасы
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ 06.05.2021, 10:52
Қысқарған іс немесе отқа оранған «Икарус»
Бифат ЕЛТАЕВА 06.05.2021, 09:21
Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
Қымбат ӘБІЛДАҚЫЗЫ 04.05.2021, 16:02
«Айгөлектің» әкесіндей болдыңыз...

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06