Мәдениет шырақшысы

Сайт әкімшілігі

22.11.2022, 06:09

779

Жастайынан өмірге ұмсына, ұмтыла, құлшынатын ерекше адамдар болатын болса, солардың бірі әрі бірегейі Ғабитов Тұрсын Хафизұлы деп кесіп айтар едік. Себебі, Тұрсын Хафизұлы бүкіл саналы ғұмырын – жарты ғасырдан астам уақытын қара шаңырақ ҚазҰУ-ға арнаған екен. Өмірінің қызығы да, шыжығы да осынау Альма Матер қабырғасымен байланысты Тұрсын аға оқу орнына ғана емес, жалпы білім жүйесіне, мемлекетке, қала берді күллі адамзатқа еңбегін сіңірген ғалым санатында. Талай ұлыларды дүниеге әкелген қасиетті Семей өңірінің тумасы Тұрсын Хафизұлы Абай, Мұхтар, Шәкәрім сынды адамзаттың алыптары меңзеген бағытты жаңылмай тапты. Өзімен бірге қиғаш шоқыға жанай орын тепкен Көкпектідегі Биғаш ауылы атын таныта отырып, алтын ұя мектебін алтын медальмен аяқтайды. Арман қуып түскен атақты Философиялық-экономикалық факультетті де 1971 жылы қызыл дипломмен бітірген жас өрен ғылымға дендеп бас қояды. Міне, әрбір ісі орнықты, ретті жас маман ассистенттен осы күнгі профессор, академикке ұласқан жолдардан өтті. Бұл болса қайталанбас, өзіндік өрнегі бар өнегелі өмір жолының жарқын мысалын көрсетеді. Осы ретте Тұрсын Хафизұлына тән және бір өзіндік ерекшелікті, бәлкім, заңдылықты атап өтпесе болмайтындай. Бұл тылсым әлемі нумерологияға әкеп тірейтіндей. Тұрсын Хафизұлының елеулі оқиғаға толы өмір кезеңдерінің басым бөлігі «7», яғни жеті санынан тұратынын аңғарамыз. 1947 жылы дүниеге келгені, 1977 жылы кандидаттық диссертациясын қорғағаны, 1997 жылы ғылым докторы болғаны, 2007 жылы «Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы» атанғаны, «ҚР ғылым саласына қосқан үлесі үшін» медалін алғаны, 2017 жылы университет көлемінде 70 жылдығы аталғаны. Бұл да болса тағдыр мен жылдармен безендірілген оюлы да өрнекті өмір көрінісі емес пе! Тұрсын Хафизұлының өмір жолы мен жазған еңбектерінің сипатына қарай ә дегенде мәдениеттану саласындағы ғалым не мәдениет философиясының майталманы деп баға беруге болар еді.

Міне, Тұрсын Хафизұлы түрен түспеген тың салаларға батыл қадам басқан, соқпақты сүрлеуге айналдырған ерек тұлға. Бұл көрсетілгендерден осынша тармақты таразылаған ұстаз ғалымның өмір салты маңызды, ыждағат пен энергияға толы екенін бағамдаймыз. Қазақстандағы мәдениеттану 1991 жылдан бері Тәуелсіздікпен бірге жасасып келеді, әрі Тұрсын Хафизұлының есімімен тікелей байланысты. Тұңғыш мәдениеттану кафедрасы ашылуына мұрындық болып, 1991-1995 жылдары осы кафедраға жетекшілік еткен де Тұрсын ағамыз. Бұл кезде кафедра 3-ші корпуста заң факультетімен жапсарлас орналасқан-ды. Дәлізде, фойеде құлшынған, мақсаткер жандар жүрген болса, солардың бірі Тұрсын ағамыз болатын.

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы тұщымды дүниелер жарыққа шықты. Философия факультеті Масаншы көшесіне ауысқалы бергі факультет өмірінде ендігі абыз ақсақал Тұрсын Хафизұлы көзайым болып келеді. Дәреже деңгейімен есептеспей кафедра, факультет, университет өміріне етене араласып, қоғамдық жұмыстардың қай-қайсысын болсын үйреншікті қалпында тез еңсеріп жүрген Тұрсын ағамыздың жауаптылығы өрендерге өнеге.

Тұрсын Хафизұлының өмірі мен шығармашылығы, жазған еңбектері, жеткен жетістіктері туралы жазылған мақалалар мен мәліметтер жетерлік. Өзгелерін айтпағанның өзінде, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін Ауғанстан Республикасының «Революция алауы» медалінен (1988 ж.) бастау алған наградалары, жалпы көлемі 700 баспа табаққа жуық жазған ғылыми еңбектері, «Қазақтану» антропологиялық орталығының негізін қалағаны, алыс-жақын шет елдерде шыққан кітаптары Тұрсын Хафизұлының тұлғасын асқақтата түседі.

Тұрсын Хафизұлының арқасында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Тойнби, Шпенглер, Ясперстер қазақша сөйлесе, бүгінде Локк, Монтескье, Ж-Ж. Руссо, К. Поппер, Дж. Реале, Д. Антисери қазақша үн қатуда. Постмодернизмнің көп тіркестері қазақша арнаға ойысты.

Тұрсын Хабизұлының еңбектерінен жалаң теориялар мен декларатив ұрандарды, жалықтырар тіркестерді, жауыр болған таптаурындар мен оралымдарды еш кездестірмейсіз. Шығармалары танымды, өнегелі, сөз мәйегі мен шұрайы менмұндалап тұр. Тұрсын ағаның қай жазбасын, қайсыбір айтқаны мен сұхбатын алсаңыз да аталы сөзге тап боласыз. Ендеше, ғалым  Тұрсын Ғабитов айтқан отты сөздердің өзіне кезек берелік:

  • Тәуелсіздік – қазақ ұлтының ғана емес, осы кеңбайтақ өлкені мекен еткен барша ұлт пен ұлыстардың бақ ырысы.
  • Біздің міндетіміз – қоғамның көпұлттылығын тұрақты бірлестіруші факторға айналдыру, яғни мықты ұлттық идея қалыптастырып, бүкіл халықтың арман мүддесін жүзеге асыру.
  • Көптеген антропологтардың жорамалдауынша, Z ұрпақтары Альфа ұрпақтарына ауысады-мыс. Альфа ұрпақтары – интеллектуалды ұрпақ. Жасанды интеллект пен табиғи интеллектінің үлкен синтезі. Демек, өте ақылды ұрпақ келе жатыр деген сөз. Міне, өзгеріс!
  • Алдағы он жыл – интеллектуалды ұрпақтың қалыптасу дәуірі. Әлемдік өркениетте алдыңғы қатардан табыларымызға сенемін. Сол себепті алдағы он жыл рухани мәдениетіміздің жаңғыру, өркендеу онжылдығы.
  • Білім – заманның озық заманауи үлгілерін санаға жинақтау болса, тәрбие – жергілікті мәдениетке негізделген құндылықтар.
  • Халықтың әлеуметтік-экономикалық даму факторы артқан сайын интеллектуалдық сананың қарымды артуы да – заңдылық.
  • ХХІ ғасырдағы ұлттық мәдени трансформация кері жылжу немесе өзгенің жолын қайталау емес.
  • Рухани кеңістікті құрайтын ұлттық идеяның алғышарттары көп. Оның ішіндегі ең маңыздысы – ұлттық философия мен әдебиет, мәдениет пен оның түрлері.
  • Әрине, ислам дінінің қазақ мәдениеті үшін құндылығына, өркениеттік функциясына үлкен әсері барына ешбір күмән келтіруге болмайды. Алайда діннің өзіндік құндылықтары мен діни қайраткерлердің пікірін ажырата білген дұрыс. Мәселен, логика пәнінен дәріс оқитын ұстаздың қателіктері логиканың өзін төмендетпейді.
  • Дін жоқ жерде рухани мұраларымыздың да мәні жоқ. Діни біліміміз бен мәдениетіміз – қазақ қоғамы үшін маңызды болып отырған ұлттық идеяның біртұтас тармағы. Бұл екеуін бөле-жара қарау мүмкін емес.
  • Байлық  адамдардың  экономикалық ұмтылыстарының соңғы мақсатын білдіреді.
  • Егер қайырымдылық адамның мақсатымен көбірек байланысты болса, ал пайда – бұл белгілі бір мақсатқа жету үшін жарамды құралдардың сипаттамасы.
  • «Пайда», «табыс», «тиімділік» – бұлар зор мақсаттарға шағын құралдармен жетуді білдіретін негізгі ұғымдар.
  • Ізгілік пайдаға қарсы тұрмайды, өйткені, мүдделер әр түрлі, ізгілік үлкен мүдде үшін кіші мүддені құрбан етуді білдіреді деп санайды.
  • Егер Шығыс данышпанының тәуелсiздiгi өзiн тыю мен шектеуге негiзделсе, ал бизнесменнiң тәуелсiздiгi иемденуге, байлықты көбейтуге негiзделедi. Бұл капиталдың (ақшаның) барлық нәрсеге айналу қабiлетiнiң арқасында орындалады.

Бұлар Тұрсын ағамыздың телегей теңіз шығармаларының тамшыдай бөлігі ғана.

Бүгінгі жетпістің бесеуіне келген Тұрсын ағамызға амандық, денсаулық,  шығармашылық табыс тілейміз! Ғылым жүгін көтерісер шәкірттеріңіз сіз салған сүрлеумен өрлеп барады...

Аман-сау, күйлі-қуатты болыңыз, әз аға!

Қоржын көтеріп бара жатқан мәдениет шырақшысы Тұрсын ағамыз. Қоржынды кейінгі ұрпақтарға қалдырмақ. Ал қоржын артефактілер мен жәдігерлерге, құндылықтар мен асыл, жауһар мұраларға толы – мәдени мұра қоржыны.

Әсет Құранбек

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

философия кафедрасының меңгерушісі

Ерболат Қошқарбаев

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

философия кафедрасының аға оқытушысы

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Зинаханым КҮНЕШҚЫЗЫ 11:24
Жерім деп өткен ер еді...
Темірғали КӨПБАЙ 10:52
Қойшының түсі
Гүлзира СЕРҒАЗЫ 30.11.2022, 08:47
Раушан сарыны, қобыз зары, аққу сазы
Сайт әкімшілігі 29.11.2022, 15:41
Мәскеуде "Қазақстан аруы-2000" байқауының қатысушысы өлі табылды
Бифат ЕЛТАЕВА 29.11.2022, 10:09
Дарынды балалар – жарқын болашақтың бастауы
Сайт әкімшілігі 28.11.2022, 22:34
«Orda zhekpe-zhek Championship-1» халықаралық кәсіпқой түрнирі өтті

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43