Мәлік аға Ғабдуллин

Мұхтар МАҒАУИН

28.03.2023, 13:22

2609

Атақты Мәлік ағаның есім-сойымен қаршадай кезімнен таныс екем. «Менің майдандас достарым» – жеңіл-желпі әскери суретті, қоңыр-сары, жұқалтаң мұқабасы бар, шынтақ елі кітап. Әлде жеті, әлде сегіз жасымда, ең алғаш оқыған көркем шығармалардың бірі. Сол кездегі қызғылықты кинолардай емес, кешегі қырғын соғыс мұнда басқаша көрінген. Әрине, совет әскерінің ерлігі ерекше, әйткенмен, ақылсыз, дәрменсіз жауды жапыра жайпап жатқан жоқ. Ең бастысы – бар баяны табиғи еді. Оның ішінде, шағын бір әңгімесі есте қалыпты. Шабуыл, әлде қорғаныс кезінде біздің жақтың телефон байланысын немістер қатаң қадағалап отырады, аттап бастырмайды, міне, осы кезде, екі тараптағы екі қазақ жау жағы жақсы білетін орыс тілінде емес, өздерінің ана тілінде сөйлесіп, іргелес бөлімшелер арасында тығыз байланыс орнатады, ақыры, майданның осы тұсындағы жеңіске жол ашады. Бұдан соңғы заманда Мәлік Ғабдуллиннің қандай да бір кітабы ұшыраспады. Әйткенмен, аты дабылдап тұр. Әрқилы суреттері арқылы жүзі де жақсы таныс.

Студент кезімде әлдеқалай көрген, көрмегенім есімде жоқ. Тек бір күні Әбіш екеуіміздің ең жақын досымыз Тұрғанбай Ділдәбеков: «Орталық кітапханадан шығып келе жатқанда, ҚазПИ-дің тұсында Бауыржан Момышұлы мен Мәлік Ғабдуллиннің бірге тұрғанын көрдім», – деп еді. Әрине, оқиға. Бұдан біраз бұрын университеттің акт залында, елге біржола оралған Баукеңмен үлкен кездесу болған, ал Мәлік батыр бұл кезде Педагогтық институттың ректоры, тәрізі, майдандас үлкен аға әлдебір жағдаймен інісіне барып шыққан. Кейінгі жастар арасында екеуінің де бедел-абыройы зор еді. Сондықтан да атаулы әңгіме.

Мәлік ағамен өзімнің бетпе-бет, алғаш ұшырасуым – аспирантураның соңғы жылы, соңғы айында. Менің Қазақ хандығы дәуіріндегі ұлттық әдебиет тарихын қалыптаған, саясат жөнімен «ХV-ХVІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары» деп аталған диссертациялық еңбегім тәмам болған, жекелеген үзіктері баспасөзде шығып жатыр, монография сыпатты, мұқият түптелген үш жүз жиырма беттік қолжазбаны университеттің қазақ әдебиеті кафедрасының ғалым-оқытушылары түгелдей қолдан өткерген, енді ресми талқыға түсуге тиіс. Алдағы дүйсенбіде. Бейсекеңмен көрісу үшін кафедраға барған едім.

Бірден секем алып, жайсыз күйге түстім. Кафедрада, Бейсекеңмен күле кеңесіп, Мәлік Ғабдуллин отыр екен. Аты аңызға айналған адам. Совет Одағының Батыры. Ғылым докторы. Профессор. Одақтық Педагогтық ғылымдар академиясының академигі. Бірақ мен білетін жалғыз-ақ кінәрат сол атақ-абыройдың бәрін жуып кеткендей. Бұл ағамыз 1950-1953 жылғы, ең соңғы науқан кезінде біраз белсенділік танытқан. Ескі мұраны сыпыра сойып шыққан. Әуезовке соқтыққан. Өзі мансұқ еткен сол фольклордан кейін докторлық қорғады. Әуезовке баспасөз бетінде арнайы мақала хат жазып, кешірім сұрады. Мұхаң жібіпті, қауқалақтап, қайыра хат жазып, риясыз қауышқан. Бірақ біз жібімеген едік. Универ­ситетті бітірерде диплом жұмысында, одан соң, осы негіздегі, шектеулі болса да, жария аты бар ғылыми жинақтағы мақалада Мәлік Ғабдуллиннің науқан кезіндегі баяндама, сөздерін тұрпайы социология үлгісі ретінде, қайталанбас қателік ретінде сынап, іліп-шалып кетіппіз. Енді, бетпе-бет отырғанда қарасам, менің елесімдегі солақай белсендіге ұқсамайды, ажары ашық, жүзі мейірлі, тіпті, өте кең кісі сияқты. Мәлік ағамыз шынында да сондай адам екенін, ал анау бір оғаш іс айдаумен, айтақпен ұрынған күнә екенін, оған өзінің де өкінішпен қиналатынын кейін білдім. Ал дәп сол сәтте алдымнан шыққанына тіксініп қалып едім. Бейсекең менің жайымды, елеулі еңбек жазып бітіргенімді, ертең, жоқ, арғы күні, дүйсенбі, сағат он бірде кафедрада талқыланбағын айтқанда, батыр ағам, үлкен кісі, “Е, жөн-ақ, қайырлы болсын!”– деп қопаңдап қалды. Бейсекем: “Мәлік ағаңа жұмысыңды бер”,– дегенде жүрегім зырқ ете түсті. Мен аңырып, бөгеліп қалғанда, көлденең қонаққа таңыр­қап тұр деп ойласа керек, “Мәлік ағаң бізде жарты ставкаға кірді, енді университетте лекция оқиды”,– деді Бейсекең. Менің тартынып тұрғаным – көлденең көзге түспей, саяси айыпқа ұрынбай, жаңбыр-жаңбырдың арасымен өтіп кетсем деймін, Мәлік Ғабдуллин қатал талап қояды, артық жүк артады деп қорқып тұрғам жоқ, қолына түссем, әлдебір жерден ши шығара ма деп қауіптеніп тұрмын, бірақ амал не; жұмыс жұртқа тарап кеткен, өзімде жоқ деп өтірік айта алмадым, портфелімнен әрең суырып, батыр ағамның қолына ұстаттым. Көңілім жарықшақтанып, үйге жабырқау келдім, бар үміт – үлкен адам, уақыты болмас, менің жұмысымды бірер кеште оқып тастауға мұршасы жетпес, мүмкін, орнықпаған, жаңа кісі, міндетті емес, кафедра мәжілісіне келмей қалар деген алданыш еді.

Ертең өтіп, арғы күні, мені талқылайтын кафедра кеңесіне Мәлік ағам елдің алдымен келді.

Қазақ университеті, қазақ әдебиеті кафедрасында 1965 жыл, 11 октябрь күні өткерілген ғаламат талқы жайын мемуарлық «Мен» роман-дилогиясының «Қия жолдар» аталған екінші кітабында бажайлап жазғам. Қаламгерлік, зерттеушілік ұзақ ғұмырымдағы ең үлкен және болашағымды айқындаған шешуші майдан болды деп түйіндеген екем. Бұрнада айтқанымдай, жасөспірім студент ретінде бес жыл, бала жігіт аспирант ретінде үш жыл – аз-кем емес, өмірдің бастапқы кезеңі, тура сегіз жыл бойы алдарында жүрген, ешқашан ешқандай жарамсыз мінезім байқалмаған, тек қана жақсы жағымнан білуге тиіс ұстаз ағаларым – қазіргі және көп ұзамай профессор, академик, доктор, доцент: Зейнолла Қабдолов, Ханғали Сүйіншәлиев, Есмағамбет Исмайылов, Белгібай Шалабаев, Сұлтанғали Садырбаев – бірі тікелей сөйлеп, енді бірі белсенбесе де, алдыңғыларды қостап, бәр-бәрі, түп көтеріле қарсы шықты. Күтпеген және таң қаларлық жағдай. Кейінірек нақты себебін тауып едім. Менің көлемді, дәйекті және ой-толғамы мүлде тосын диссертациялық монографиям бүкілқазақтық қаншама жаңалығымен қатар, бұған дейін қалыптасқан әдебиет тарихы туралы түсінікті мүлде теріс аударып, жаңа бір, соны, өзгеше өріске бастап отыр. Бірден қабылдау, түбегейлі түсініп, тиесілі қорытынды жасау – мүмкін еместей. Оның үстіне нақты айтқаным бар, жер астынан жік шыққан ірілік – замандастары мен тұғыластары тарабынан қашанда ыза мен ашу туғызбақ, көре алмастық емес – өшпенділік, жай ғана мойындамау емес – мүлде теріске шығарған тасырлық. Бұрнада аты-жөніне дейін ұмытылған Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Марғасқа, Үмбетей, Ақтамберді жыраулардың ғажайып толғауларының айрықша көркемдігін, тарихи мән-мағнасын танымау тұрыпты, қайткенде де кандидаттық диссертация талабына жарайтын еңбекті жарға жығуға ұмтылыс – басқаша шешім, түйінге жол қалдырмайды. Түсініс қана емес, аяушылық та жоқ, өзгеше ахуал. (Кейінде түйгенім – осы ағайындардың бірі менің тұтас еңбегім, бар жаңалығымды өз атына аударып алмақ екен...)

Сөйтіп мен аз-маз ызалансам да, жүрегім тітіремей, берік жүйке, салқын ақылмен қарсы жауап – жанкешті ұрысқа шешініп отырған кезімде Мәлік Ғабдуллин сөзге кірісті. Мен бұл кісіден де ешқандай жақсылық күтпеп едім. Бірақ бәрі… керісінше шыққан.

Мәлік Ғабдуллин… Мәлік аға байыппен орнынан тұрды. Алдында жатқан, түптелген, қалың қолжазба кітабымды алақанымен басты. “Жұмыс мынау. Бажайлап, бастан-аяқ, түгел оқып шықтым. Бір түнде бітірдім, бас көтермей оқыдым. Осы кеше ғана”,– деді. Әлденендей жазу жазылған, шетінен қыстырғышпен бекітілген екі парақ ақ қағазды жоғары көтерді. “Мынау – менің түйінді пікірім емес, алдынала жасаған ескертпелерім. Екі бет, жиырма… жиырма тоғыз ескертпе. Мұның бәрі мін емес, сын, ойласу. Көбін түзетеді, байқалмай қалған әріп қателері. Оған дауласпас. Одан ары… кейбір ой, пікір, түйіндерге байланысты. Бұл – менің пікірім, менің білгенім. Дұрыс дегенім. Осыдан бастайтын едім, осы арада біразын оқып бермек едім, енді өйтпеймін, аспиранттың өз қолына берем. Міне, ала ғой… Үйіңе барған соң оқып танысасың. Үй бар ма еді? Жоқ шығар әзір. Үй дегенде, қазыналық пәтер. Келіншек бар ғой. Бар ма? Жөн. Сол келіннің қасына барған соң, шай ішіп отырып, жақсылап танысып шық. Қабылдамасаң – өзің білесің. Онда сенікі дұрыс болғаны. Сен арнайы зерттедің ғой. Біз дайын нәрсені сыртынан ғана қарадық. Мәлік ағам айтты екен деп, менің көңіліме қарама. Қалай сенсең, солай жаса. Ал енді, бүгінгі әңгімеміздің жайына көшейік...” Мәлік аға жазыла сөйлеп кетті.

Өмірде көрген жақсылықты жаман адам ұмытады. Ал сол өмірде естіген жақсы сөзді жақсы адамның өзі ұмытуы мүмкін. Мен ұмыт­қам жоқ. Әуелгі, әділетсіз әрі ащы ғана емес, зәрлі, жалалы сөздердің бәрі бірдей нақпа-нақ есте қалмапты, бірақ сұлбасы анық, ызғары мен ызбары көңілден өшпек емес. Міне, дәл осы сәтте, тайталаста талыққан әскерге көлденеңнен құйылған тың жасақ тәрізді, Мәлік ағамның суырылып шығып, таразы басын төңкергені қалай ұмытылар. Қуанышқа кенелдім, деді Мәлік аға. Осындай ұлы мұраның сақталғанына, барлығына. Осындай дарынды жас аспиранттың осы ұлы мұраны жинақтап, зерттеп, осындай тамаша еңбек жазып шыққанына. Бұл – сөз жоқ, әдебиет тарихындағы елеулі құбылыс, деді. Сонымен қатар, сіздер айтып жатырсыздар, мен де айттым, ана қағазда, кемшіліксіз жұмыс болмайды, мына Мұхаңда да (солай, “Мұхаң” деді) бар, түзесін, ойлансын, бәрін бірдей қабылдамас, өзінің де ойы бар жігіт, мүмкін біздікі қате шығар, қайткенде де талапты жігіттің алдынан керме құруға болмайды. Қорғауға жіберейік. Осында ешкім де жұмыс жаман деген жоқ, қорғауға бармасын деген жоқ, бәріңіз де көтеріп мақтадыңыз… ал әлгіндей… бір… жастықтан, аңдаусыздан кеткен кінәраттар болса, оны тағы да ойлансын; мен өзім бір кезде бұл тарапта белсенді болған адаммын, білесіздер, Мұхаңның – үлкен Мұхаңның алдынан қайыра өтіп, кінәмді жудым деп жүрмін, бас жағына бармайық, мен мұқият оқыдым, ондай, әлденеге қайшы келетін ештеңе көргем жоқ… Байыпты, алды-артын түгел ойлап жазған… Қорғасын. Жұмысты осы қалпында қорғауға жіберуге әбден болады, деп түйіндеді Мәлік аға.

Көмек осылай, күтпеген жерден келді. Мәлік ағамды періште жетелеп университетке әкелген, дәл сол сәтінде бір жақтан мені де жеткізген, қисынсыздан табыстырған. Қолына менің қатер аузында тұрған еңбегімді ұстатқан, енді, алмағайып айқас үстінде аруақтың аманатын орындап тұр. Егер Мәлік аға қапиядан қосылмаса, дәп сол күні мені жалғыз Бейсекең сүйреп өткізе алмайтын. Енді, Мәлік ағаның сөзінен соң, басқа бір тұрғыдан қарағанда, жұрттың бәрі сын ескертпелер айтты, бұл заңды, бірақ жұмыс жарамсыз деген ешкім жоқ, мәжіліс төрағасы қазанның құлағын қайдан шығарса да еркі. Мұның бәрі кейінгі пайым. Мәлік ағамның мені оттан алып шыққанын, әрине, білдім. Бірақ бүгін қалай өтсем де, жуық арада қорғай алмасымды айқын сезінген едім. Сезінгем жоқ, көзбен көріп отырмын. Мына кісілер – түгелімен Ғылыми кеңес мүшелері. Ертең дауыс беретін осылар. Тақырыбым әуелден даулы. Сыртта қаншама дүлей қара күш бар. Сонда… мені демеуге, қолдауға тиіс, туған ағаларым осылай, қасарыса тістеніп отырғанда, Ғылыми кеңестің қалған мүшелері – факультеттің басқа кафедраларынан келген көлденең кісілер, сырттан келмек бөтен жұрт не айтпақ. Қайткенде де, дәл қазіргі сәтте менің алдыма керме құрылған жоқ, ор қазылды, еңбекті ресми қорғау мәселесі белгісіз уақытқа кері шегерілгені анық еді.

Мәңгілік Көк Тәңірі, ежелгі Түрік, кейінгі Қазақ рухы, ата-бабаларымның Аруағы менің бар ісімді жіті қадағалап отыр екен. Әуелгі, күтпеген, көлденең демесіннен соң, арада үш күн өтпей, қиянда тұрған Ғабит аға Мүсіреповтің көзіне шалыныппын. 14 ноябрь күні, Қазақ теледидарында ілкіде жоспарланған, ескілікті ұлтық мұраға байланысты, кең көлемді хабарға қатысқан едім. Бұрнағы ұлы жыраулар жөнінде тура он бес минут толғадым. Өз пайымым, тарихи деректер, ең бастысы – Қазтуған мен Шалкиіз, Доспамбет пен Марғасқа, Үмбетей мен Ақтамберді жырларынан ғажайып үзіктер. Кездейсоқта Ғабит аға Мүсірепов көріпті, қайран қалып, мейірлене тыңдапты. Тезінен сұрастырып, белгісіз аспирантты іздеп тауып, алдына келтіріп алқап, арада апта өтпей, «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөліміне меңгеруші қылып орналастырды. Айдынды болашаққа ұласар үлкен жолдың басы. Енді, арқаңда Алаштың мың жылдық Аруағы тұрса, алдыңда қазақтың бүгінгі сөзін ұстаған атпал ағаларың тұрса, неден тайынасың, неден тартынасың...

Қазір ойлап отырсам, өзіме сенгенім сондай, бар жұмысым байыпқа түсіпті. Қорғау жайын алты айға шегере тұрмақ болдым. Мына, теріліп жатқан мақалалар жарыққа жетсін. Тағы бір мақалалар шықсын. Әзірше, тұтас кітаптың сәті келмеген күннің өзінде, зерттеу еңбегім жекелеген мақалалар түрінде, түгелімен басылып шығуға тиіс еді. Сонда, біріншіден, мен жасаған еңбек өз атыма бекиді, ешкім ұрлап-жырлап талапайға салмайды, сұғанақ қол көрініп тұрады, яғни, қайткенде де сөзім өзімдікі, малым түгел; екіншіден, осыншама мақала жариялап, жалпы жұртқа танылған соң, еңбегімнің өзгеше бағасы айқындалған соң, мені ешкім де тоқтата алмайды, қиындықпен болса да, абыроймен қорғап шығам. Осы екі байып та түбінде ақиқат шындыққа айналған, бірақ ғылыми дәреже мінберіне көтерілетін күнді мен өзім ойлағандай алты ай емес, одан үш есе артық – бір жарым жыл күтуге тура келген.

Бұл екі аралықта, әрине, ортағасырлық қазақ поэзиясына тікелей қатысты мақалалар әр тарапта жарияланып жатты, ескілікті заманның ұлы жыраулары – Қазтуған мен Шалкиіз, Марғасқа мен Үмбетейдің, кейінгі Шал ақынның толғау жырлары да баспасөзге өтіп, жалпыға кеңінен танылды. Менің өзім тек әдебиет тарихшысы ғана емес, қазіргі әдебиеттің танымал сыншысына айналдым. Әлбетте, диссертация қорғау алдындағы дайындық жұмыстары және жүріп жатыр. Рәсім бойынша, «жетекші мекеме» деген болады, шындығында жетекші емес, сарапшы. Қорғау алдындағы міндетті бір талқы. Сыртта өтуге тиіс. Бейсекем Ғылыми кеңестің шешімі бойынша деп, менің диссертациямды Мәлік Ғабдуллинге жолдады. Ғылым академиясы Әдебиет институтының фольклор және қолжазбалар мен текстология – екі бөлімінің Мәлік аға басқарып өткерген талқылы жиыны мені жай ғана талапкер емес, болып тұрған үлкен ғалым деп бағалаған еді.

Сол беті ресми қорғауға жеттік. 1967, бар жаңаның басы наурыз. Бұрнада кемі екі-үш рет бажайлап айтқанымдай, бірінші, ресми оппонент – академик Әлкей Марғұлан, екінші оппонент – бұл кезде ғылым кандидаты Рахманқұл Бердібаев. Қорғау рәсімі кезінде Мәлік аға, ғылыми жетекшім Бейсенбай Кенжебаев – Бейсекеме жалғас екінші әкем іспетті, мейірленіп отырған еді, әлдеқалай дау-дамай туа қалса, қолма-қол сүйемелдеп шықпақ, бірақ ондай кілтипан болмады, сондықтан, сыртқы, жауапты пікір иесі ретінде түскен қағазы бар, онсыз да жақтап сөйлеушілер жеткілікті, талқыға араласпаған.

Келесі жылы «Жазушы» баспасынан шыққан атаулы кітабымды арнап сыйлаған едім. Мәлік аға әр жерде мадақтап, айтып жүріпті, университетте әредік лекция оқығанда, студенттер қауымына негізгі тұрғыларын таныстырып, кітапханадан тауып алып, міндетті түрде оқуға кеңес береді екен. Баяғыда өзі демеп көтерген қолжазба еңбектің енді ғылыми аппараты жеңілдеп, баспадан өткен нұсқасы – «Қобыз сарыны» ғой.

1970 жылдың ақырына таман «Алдаспанның» айқайы шықты. Мәлік аға бұл ретте де сұраусыз, өз тарабынан араласып, дау-дамайды мүлде ушықтырмай, оңынан шешуге шақырады, арнайы пікір жазып, Баспаком төрағасы Мұхаметқали Сужиковтың қабылдауына барыпты. Міне, сондағы, бір данасын маған әкеліп тастаған қолдау пікірі.

«Қазақ ССР Министрлер Советінің Баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитетінің председателі М.Сужиков жолдасқа!

Құрметті Мұқа!

Мен Сізге «Алдаспан» дейтін жинақ туралы пікірімді айтпақ болып, осы хатымды арнай жазып отырмын. Ойымды алдыңызға жайып салмастан бұрын бір жағдайды есіңізге түсіре кетейін.

Сізге мәлім, 1951–1953 жылдарда Қазақстанда ұлт мәдениетіне, әсіресе көне мәдени мұраға қарсы орынсыз шабуыл жасалды ғой. Бұл шабуылда кейбір солақай сыншылар, ұр да жық тентектер бой көрсеткенін, олар аса-көп зиян келтіргенін білесіз. Сол кезде Қаныш Сәтбаев, Ермұқан Бекмаханов, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Исмайылов, Қайым Мұхаметханов сияқты ғалымдардың нахақтан жаза көргенін де білесіз.

Бірақ Қазақстан Орталық партия комитеті қазақ халқының ұлт мәдениетін, көне әдеби мұрасын әділ бағалау жөнінде ұр да жық, солақай сыншыларға тойтарыс беруде көп жұмыс жүргізді. Бұл ретте Орталық комитеттің сол кездегі секретары Сіздің де қамқорлық еңбегіңіз айтарлықтай болғанын білеміз.

Халықтың мәдени мұрасын, ертедегі әдебиет үлгілерін сын көзімен қарай отырып, оларды лениндік ілім тұрғысынан, таңдап алып баспа жүзіне шығару, зерттеу, сонымен қатар ұлттық нигилизмге жол бермеу – басты міндет екендігін Орталық партия комитеті айқындап көрсеткен болатын. Партияның қамқорлық басшылығын ала отырып, біздің әдебиетшілеріміз соңғы 15 жылдың ішінде қазақ фольклоры мен ертедегі әдебиет үлгілерінен 23 жинақ шығарыпты. (Әр бір жинақтың көлемі 25–40 баспа табақтан). Мұның ішінде батырлар жыры, ертегілер, айтыстар, көне әдебиет үлгілері, т.б. бар.

Мұндай жинақтардың мезгіл-мезгіл шығып тұруы – қуанарлық іс. Өйткені бұл жинақтар, бір жағынан, мәдени мұрамызбен таныстырса, екіншіден, сол мұраны зерттеуге мүмкіндік береді. Осындай жинақтар алдағы күнде де баспа жүзіне шығарыла беруі қажет.

Ендігі сөз «Алдаспан» дейтін жинақ туралы. Бұл жинақ Алматыда газет-журнал сататын кейбір киоскілерге түскен екен, тез тарап кетіпті. Әйтеуір іздеп жүріп, бір данасын тауып алдым. Кітап саудасын басқаратын жолдастардың айтуына қарағанда, «Алдаспанның» кітап дүкеніне түсуіне Баспасөз Комитеті қарсы көрінеді. Неге және себебі қайсы? деген сұрауға жауап ала алмадым. Сондықтан аталған жинақ туралы пікірімді өзіңізге жазып отырмын. (Айтпақшы, бұл жинақ жөнінде профессор Б.Кенжебаев жолдастың мақаласын «Қазақ әдебиеті» газетінің 4 – декабрьде шыққан санынан оқыған боларсыз. Мен де сол пікірді қостаймын). Менің Сізге айтайын дегендерім:

1. «Алдаспан» өте құнды жинақ. Оған енген материалдар қазақтың ХV–ХVІІІ ғасырлардағы әдебиеті тарихын білуге, зерттеуге көмекші болатыны сөзсіз.

2. Жинақты құрастыруда жас ғалым, әдебиетші М.Мағауин жолдас аса көп еңбек сіңірген. Оның материалдарды сұрыптауы, жинаққа берген сөзбасы мен түсініктері ойдағыдай болып шыққан.

3. Аталған жинаққа шығармалары енген ақын, жыраулардың творчествосын, жалпы ертедегі қазақ әдебиеті тарихын зерттеу үшін «Алдаспанның» алатын орыны үлкен.

Менің пікірім осындай. Ал Сіз басқарып отырған Комитеттің «Алдаспанды» кітап дүкеніне түсіртпей, оған тоқтау салып қоюы өте түсініксіз. Егер жинақтың хатесі болса, әлде бір пәлесі көрініп тұрса, (мен өзім ондайларын байқай алмадым), онда әдебиетшілер мен ғалымдарды жинап мәжіліс өткізу керек. Мәселені төрт көзіміз түгел отырып шешетін болайық. Сөйткенде ғана ескі мұраны мансұқ ету болмас еді.

Зор құрметпен, академик:  Мәлік Ғабдуллин.

7 декабрь 1970ж.»

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Қанат ТІЛЕУХАН 07.06.2023, 09:32
Данияр Базарқұлов, режиссер: Отанды сүю деген билікті сүю деген сөз емес
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ 06.06.2023, 12:33
Серік Сәпиев: Миньяңда жалғыз қолмен жеңіске жеттім
Жексен АЛПАРТЕГІ 06.06.2023, 11:34
Қожекенің оралуы
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ 06.06.2023, 10:17
Ораловтың барында...
Сайт әкімшілігі 02.06.2023, 17:18
Бейбіт САРЫБАЙ. Ерлан ағай мен Мәулен ағайдың сабақтары
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ 02.06.2023, 11:00
Букмекерлік кеңселер: ойыннан от шығады

Аңдатпа


  • 100 қойдан 180 қозы алу синдромы немесе Бейсембаев пен Жақыпов мектепке барады
    10:12
  • Жамбыл полициясынан досың болса, қалтаңда пышағың болсын
    09:37
  • «Көше сыпырғыш әкім» көшелі брифинг өткізе алмайды
    09:01
  • Біздің жауымыз – жалған статистика
    07.06.2023, 12:30
  • «Ескерткішті Назарбаевқа қойғанда, сен де депутат болар едің»
    07.06.2023, 11:00