Малыш һәм Пантелей

Жарлы БАЙҒАНИН

23.02.2021, 10:24

3440

Алматы, 1983-тің жазы.

Атышулы Октябрь аудандық әскери комиссариатының іші-сырты құжынаған халық. Бірі баласы, бірі досы, енді бірі аға-інісін шығарып салуға келсе, әр-әр жерде ұяла булыққан бойжеткендер де бой көрсетіп қояды. Соншама абыр-дабырдың арасынан күбірлеп сөйлесе де, «Күтем!» деген дауыстар анық естілетіндей...  Тек қаншасы күте аларын…

Ата-аналарына:

– Болды, қайтыңдар енді, – дегенмен, ешкім сүйіктісінен айырылғысы жоқ. Керісінше, оңаша қалғылары келетін сияқты. 

Екі күн бойы ешқайда шығармастан әлсін-әлі сапқа тұрғызып санай беру мезі ете бастаған тұста эшелон толы бозбала түн ауа жасырын аттанғандай жолға шыққан. Содан тоғыз күн торыға жол жүріп, әлем картасында көрсетілмеген итжеккендегі бір елді мекенге ат басын тіреді. Жерге түскен соң, неше күн бойы бір эшелон еркетотай арасында үнсіз келе жатқан сержанттар мен офицерлер өз отарын бөліп алған малшыдай «қайыра» бастады. Ендігі жерде еркелігімізді ешкім көтермейтінін ескерткендей екінші қайталанған бұйрықтың барлығы дерлік етіктің көмегімен «еске сақталуда».

«Киіп барған киімнің тәуірі болса, «дембелге» қайтқан солдаттар киіп алады екен» деген қауесетке еріп, үстіндегі бар дүниенің дал-дұлын шығарған «призывниктардың» түрі  қайыршыдай алба-жұлба. Бірінің үстін бірі жыртып мәз. Әлде үстімізден іліп алар ештеңе көре алмағандарына ашуланды ма екен, әлде, білмеймін, «товарищ сержанттар» тым қатулы.

Ұлықсатпен сөйлеп, бұйрықпен ғана жүруді үйрене бастаған шақта әскери бөлімшемізге де келіп жеттік.

Бөлімшеде бейсауат жүрген адам көрінбейді. Біз кірген казарма да қалың ұйқы құшағында екен. Күн жап-жарық болғанға әскерде де балабақшадағы секілді түсте ұйықтатады екен ғой деп, іштей мәз боп тұрғанбыз. Сөйтсек, сағат түнгі үш жарымның шамасы. Ауылда жүргенде анда-мұнда естіп қалатын атышулы ақ түніміз осы болып шықты. Алғашында қызыға тамашалағанмен, кейіннен түн баласы ұйықтай алмай әлектенетін кездер аз болмаған. Келе-келе алты ай түнін де бастан өткердік.

Тайга түкпіріндегі «Далекория түрмесі» атанған бұл бөлімшеде қаракөз бауырлардың қарасы қалың болмағанымен, әскери күпәйкелерінің алды-артына «Алма-Ата» деп жазып алған жерлестер жетіп-артыларлық екен. Жетімсірете қоймады. Дегенмен ен далада еркін өскен қазақ баласы әскери өмірге бірден бейімделіп кетеді деген өтірік болар. Әсіресе таңертең, кешке берілетін қоймалжың кашалар мен балабақшада іше алмай кеткен кисельдерің...

Өзге тұрмақ, құдды бір осы бөлімшеде туғандай таңырқай қарайтын өз жерлестеріңнің сынынан сүрінбей өту… Сөйтіп, «еркек» деген еркіндік әперер атаққа қол жеткізген соң барып жан-жағыңа бажайлап қарай бастайсың. Мәселе мінезде, біреуден қорқып, үркуде де емес, еркіндігіңнің шектелуінде екен. Әскери тәртіп. Бұйрықпен жатып, бұйрықпен тұрасың. Жүруің, тұруың, тіпті сөйлеудің өзіне ұлықсат сұрау. Ең қиыны да сол, әскери тәртіппен қинауы. 

Араға алты ай салып артыңнан «ізбасарларың» келгенде, мүлдем кісі болып кікірейіп, «айтартпаң» босап, арқаң кеңіп сала беретіні де өтірік емес. Енді сен «кенже бала» емессің, өйткені. Әр жердің өз заңы бар. «Адамның кішісі болғанша...» деген осындайдан қалса керек-ті. Осының бәрін саралап отырып, ешқандай тәртіпке бағынбайтын, басқалар еш ренжітпейтін, керісінше, бәрі сондай бір үлкен сыйластықпен қарайтын Малыш атты ерекше жанға барғаннан назарымыз ауған.

Казарманың төрінде тұратын төсек пен оның еркіндігі мүлдем қайран қалдыратын. Әлі кете алмай жүрген «Дед» дегендері осы ма екен деген де ойлар орағытады. Сөйтсек, біз келгенде «черпак» атанған бұл солдаттың әскери борышын өтеп жүргеніне бір жылдан енді ғана асыпты. «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ» деген мәтел осы орысқа арнап айтылған ба дерсің. Бойы бір-ақ тұтам. Айналасының бәрі, тіпті «шалдар» да құрметтейді. Бұл не құдірет?

Кейін түсіндік. Әскерге алынысымен көп ұзамай қатты науқастанып, госпитальда екі мәрте ота жасатқан соң, әскери комиссариаттың арнайы шешімімен әрі қарай қызмет етуден босатылған тәшкендік хохол баласы болып шықты. Еліне қайтаруға шығарылған арнайы комиссияның шешімімен келіспеген Малыш осында өз ықтиярымен қала береді. Өйткені ол заманда әскерден комиссовать етілу деген сөз немесе әскерге жарамай қалды деген сөз – еркеккіндіктер үшін өліммен пара-пар болатын. Басында қанша жүрер дейсің, ертең-ақ өзі кетіп қалады деген сол батырың жылға жуық әлі осында жүр екен.

Заң бойынша барлық: киім-кешек, тамақ, жатын орын санатында болмағанымен, солдаттық асханадан үш мезгіл тиісті паегын, моншасын, киім-кешегін, жатын орнын ешқандай бұйрықсыз-ақ алып жүрген азаматты бәрі сыйлағандықтың арқасы еді. Анда-мұнда плацтағы үлкен іс-шараларда полковник Далекорияның:

— Малыш, ты еще здесь? – деген сұрағына саптың соңғы жағынан самбырлаған үнімен:

— Так точно, товарищ комбат! Мне еще служит, да служит!  Еще, почти год! – деген жауабына бүкіл батальон дүр ете күлгенімен, сол күлкінің өзінде оған деген үлкен бір құрмет жататын.

  Бұл бөлімшенің құты боп саналатын және бір тірі «жәдігер»: ол – Пантелей. Әбден кәртейіп, әлі кеткен әлгі Пантелей атты итті де бүкіл бөлімше сыйлайтын. Әсіресе комбаттың құрметі ерекше. Жайшылықта ғана емес, трибунаның өзінен боқтап сөйлейтін оның «кәріс асханасын» жақсы көретін солдаттарға арнайы ескертуі екені де белгілі. Оның да өзінің арнайы «паегі» бар, күніне үш мезгіл. Солдаттармен бірге созалаңдап келіп асхананың алдындағы орнына жайғасатын Пантекеңнің тамағы уақтылы құйылмай қалса, кезекші солдаттан сұралады. Солдаттар асханадан шығып, казармасына қайтқанда бұрала тұрып, өзінің байырғы орны – КПП-ның алдына барып жайғасатын Пантелейге де шын риза боласың.

  Солай, бұл жерде мен ғана емес, мен сияқты небір еркетотайдың ес түзеп, азамат болуына әсер еткен екі үлкен дүние болса, бірі – Малыш, екіншісі – Пантелей.

Тура екі жыл өткенде КСРО қорғаныс министрінің бұйрығы шығысымен жұрттың жасырып әшекейлейтін әскери формасын көрсете киіп шығып, бәрімізбен қоштасқан Малышты зор құрметпен КПП-дан шығарып салдық. Ол сөзінде тұрып, екі жылдан соң ғана «дембелге» қайтты. Оның әскери билетіне де екі жыл толық мерзімін өтеді деген заңсыз да заңды мөр соғылып, қолына табысталды. Иә, солай, приказға жүз күн қалғанда жұртпен қатар «дембелдік» аккорд алып, еркелеп жүріп-ақ адал атқарған, соңында адамдықтың, азаматтықтың, жігіттіктің үлкен өнегесін қалдырып Малыш та аттанған. Бөлімшеміз ортайып қалғандай...

Уақыт деген тым жылдам ғой, арада зулап тағы бір жыл өте шыққан. Приказға жүз күн қалды деген хатынан бастап, әр күні жазып отырған соңғы жүз хатын түгендеп, кереуетімнің басындағы сұлуымның сүгіретін шешіп алып жатқанымда, бір жарым жыл бірге қызмет еткен әзірбайжан баласының: «Қала берсін, ертең өзін көресің ғой, енді біз қарап жатайық», – деген сөзіне қарқылдай күле казармадан мен де шықтым.

Жарықтық, шынымен сезеді ғой деймін, әншейінде марғау, бір көзін сығырайтып, басын көтерместен жата беретін Пантелей маған құрмет көрсеткендей орнынан тұрып, кәрі денесін керіп түзелгендей болды. Пантелеймен қимай қоштастым. Көзге жас келді. Соңғы рет КПП жаққа ұзақ қарадым.

Екі жылда не өтпеді бұл бастан. Керек жерде кеудесімен жауып қорған болардай қанша адал дос таптым. Тентек те болдық. Ескерту ретінде шектен шығыңқыраған бөлімшедегі біраз еркетотайды жинап апарып, Дисбат пен түрменің қандай болатынын таныстырған кез де болған. Енді, міне, аман-есен елге қайтып барамыз.  Артта қалып бара жатқан «Жастық» атты кітабымның ең қызық жерінде жыртылған екі бетіндегі талай дүрмектің куәсі, менің ұялас бауырларымның азаматтық мектебінің алтын діңгегі де осы бөлімше болып қалары сөзсіз.

Пы.Сы. Иә, етікпен өткізген екі жылда еске алатын естеліктер де, есерліктер де жеткілікті. Тек адамдықтың, азаматтықтың адал үлгісін артына қалдыру арқылы бізді тәрбиелеп кете барған Малыш қана емес, мақұлық Пантелейдің де менің пенделік пешенеме тәрбиеші боп жазылғанын естен шығару еш мүмкін емес.Онсыз да озбыр қоғамның қоқырсығын аңсаған шығарма, соцреализм бағытында жазылған деп, жан-жақтан жармаса кетуге дайын отырғандар да бар шығар, бәлкім.

Ал маған осы әңгімені жазуға қозғау салған 23 ақпан – Қызыл армияның құрылған күнін біз санадан сызып тастай алмайтын шығармыз.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 05.03.2021, 16:25
"Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
Амангелді СЕЙІТХАН 05.03.2021, 12:29
Төрдегі төртеу - Түркістанда Қазақстан суперкубогын сарапқа салуда
Оралхан ДӘУІТ 05.03.2021, 09:32
«Жас Алаштан» шенеуніктер қатты қорқатын
Серік ШАЙМАН 03.03.2021, 10:12
Сейдағаңның серілері едік
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ 02.03.2021, 10:44
Бес тағдыр – бес тал гүл
Әкім ЫСҚАҚ 25.02.2021, 13:12
Буырқанған дауылда сыналған басылым

Аңдатпа


  • "Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
    05.03.2021, 16:25
  • Қарағандыдағы үш газет қазақшаға қалқан бола ма?
    05.03.2021, 13:12
  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    04.03.2021, 10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44