Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды

Бифат ЕЛТАЕВА

06.05.2021, 09:21

5240

   Қазақстанның соңғы 30 жылдық тарихы алтын қазынаның үстінде отырып қайыршылық күй кешкен бейшараның ахуалын елестетеді. «Алдымен – экономика, саясат – сонан соң» деген қағида өзін-өзі ақтамады. Экономика тұралаған күйінде қалды, әртараптандыру жүзеге аспады, демократиялық саясат мүлде кері кетті. Бұған не себеп? Өмір алға жылжыса да, қоғамдық құндылықтар неге өзгермейді? Осы төңіректегі тілші сұрақтарына жазушы-публицист, қоғам қайраткері Марат Тоқашбаев жауап береді.

   Әлеуметтік желілерде сіздің құндылықтарды қайта бағалау туралы пікірлеріңізді жиі көзіміз шалады. Осыны таратып айтып берсеңіз.

 – Уақыт дегеніңіз аспандағы бұлт тәрізді байқатпай жылжиды,  заман өзгерген сайын кешегі ескіреді, бүгінгі жетіледі. Кеше қымбат болған ұрандар, символдар бүгінге жарамай қалып жатады. Қазір жаһандық  саяси жағдайларда Қазақстанның заман көшіне ілесуі өте маңызды. Алға жылжудың шарты – күрделі реформалар. Ал сол  алдағы күллі  реформаларға  негіз болатын дүние мемлекеттік  құндылықтарымызды қайта бағалау үдерісі деп ойлаймын.  Құндылықтарды қайта бағалау дегеніміз – өмірдің бүгінгі ағымына үйлеспейтін ескі  ұстанымдардан, көне қағидалардан арылу.  

  Бұл ең алдымен отарсыздануға (деколонизация), советсіздендіруге (десоветизация) және құлдық санадағы кадрлардан құтылуға  (люстрация) қатысты. Рас, бүгінгі биліктің  халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған бағдарламалары баршылық. Өмірдің не экономиканың шағын секторында азғантай ілгерілеушілікті дабырайтып көрсете беруге болады. Тұтастай алғанда, бұл прогрестен мүлде алыс. Сондықтан Қазақстанның соңғы 30 жылдағы жылжуын экономикалық серпіліс деуге келмейді. Тіпті прогрестен гөрі регреске кеткен тұсымыз баршылық. Егер бізде тәуелсіздік талаптарына сай дер кезінде құндылықтарымыз қайта бағаланғанда ілгері басушылық айтарлықтай серпінге ие болар еді. «Саясат дегеніміз – экономиканың жинақталған көрінісі» деп тегін айтылмаса керек.  

    Отарсыздану жүзеге асқанда патшалық кезеңнің күллі ескерткіштері, қала-поселкелердің атауы (Павлодар, Петропавл, Романовка, Алексеевка, Слабодская, көше аттары т.б. )  түгел өзгерер еді. Құқық қорғау орындары патшалық жандармериядан мұра болып келе жатқан жазалаушылық сипатынан  құтылар еді. Империялық амбицияларға үзілді-кесілді  тосқауыл қойылар еді.

Советсіздендіру үдерісі жүргенде сол кезеңнен қалған науқаншылдық, белгілі бір датаға үлгерушілік, көзбояушылық, рапортшылдық, өсіріп жазушылық, ұрлық, парақорлық – осының бәрі соқтыратын сапасыздық көріністері жойылар еді. Халықтың өз мемлекетін нығайтуға жауапкершілігі артар еді. Бүкіл кеңестік көсемдер (Ленин, Сталин,  Калинин, Дзержинский, Орджоникидзе, Крупская т.б.)  атымен аталатын жер-су аттары  өзгерер еді. Октябрят, комсомол, партия символикасына тыйым салынар еді. Қызыл армияның басқыншылық әрекеттеріне, Ауғанстанға шабуылды қосып алғанда, адамзатқа қарсы қылмыс ретінде баға берілер еді. Коммунистік режим соқтырған геноцид, саяси қуғын-сүргін ресми айыпталар еді. Ал бізде әлі күнге компартияға тыйым салынған жоқ.

    Люстрация үдерісі жүргенде кезінде большевизмге қызмет еткен комсомолдар мен коммунистер  биліктен шеттетілер еді. Солардан жалғасқан жемқорлық пен коррупцияға тосқауыл қойылар еді. Өкінішке қарай, солардың бәрі сіресіп сол күйінде қалды.   

— Сіздің тіпті Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына көзқарасыңыз да мүлде бөлек екен.      

— Иә, «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл» деген тұжырым саяси тұрғыдан қате, шын мәнінде өте күлкілі, бірақ салдары ауыр.  Іс жүзінде  ғой, Қазақстанның тәуелсіздігін алғанына емес, тәуелсіздігін  қайтарып алғанына – 30 жыл. Сол әділ болады. Ілкі тұжырым 30 жыл бұрын тәуелсіздік Қазақстанға  ойда-жоқта аспаннан түсе қалған сияқты пікір туғызады. Осы қателік қазір Жириновскийлердің  аузымен күн сайын алдымыздан шығып жатыр.

        Дұрысын айтар болсақ, Қазақ мемлекеттілігінің тарихы тым әріде жатыр. Біздің тарихи оқулықтарымызда ол ішінара жазылып та, айтылып та жүр. Аумақтық тұрғыдан Қазақстан жерінде Қыпшақ хандығы (ХІ-ХІІІ ғғ.), Найман хандығы (Х-ХІ ғғ.), Дешті Қыпшақ (VІІ-VІІІ ғғ.), одан әріде Қаңлы мемлекеті (б.з.д. ІV – б.з. ІІІ ғғ.), Үйсін мемлекеті (б.з.д. VIII ғ. – б.з. V ғ.) өмір сүрді. Біз тарихымызды Үйсін немесе Қаңлы мемлекеттерінен бастасақ,  Қазақ мемлекеттілігінің тарихы кемінде 2500-2700 жылдық кезеңге кетеді. Қазақстан аумақтық әрі этностық мұрагері болып табылатын Алтын Орда мемлекеті де осының ішінде.

      Тарихқа жаңаша шынайы көзқарас қазақ өркениетінің түп-тамырын ашып берер еді. Қазақ мемлекеттігінің кемінде 2500 жылдық тарихы бізге қарай ешкімнің аузын аштырмас еді. «30 жылдық» дегенді шығарып жүргендер алысты көрмейтін кейбір шолақ саясаткерлердің саяси қателігі.

     Сол қателіктің салдарынан теріскей көршілеріміз қазақ жеріне көзін алартуын қояр емес. Олар неге көз алартып отыр десек,  Қазақ мемлекетіне небары отыз-ақ жыл болған деген ағат ұғымнан. Путин де «қазақтарда мемлекет болмаған» десе, яғни сондай шолақ пікірлерге арқа сүйеген. Оны тудырған өзіміз! Әлгілердің беталысын сезгеннен кейін ғана біздің билік ұйқысынан шошып оянғандай «Қазақ хандығына – 550 жыл» дегенді шығара бастады. Ал бұның барлығы қателік. Біздің барлық салада мешеулеп, артта қалуымыздың рухани себептері сондай әріде жатыр.  

— Тәуелсіздігімізді қайтарып алғаннан кейінгі еліміздегі ең кемшін тұстарымыз қандай деп ойлайсыз?

— Жоғарыда айтылған люстрациялық үрдістің жүрмеуінен еліміздегі кадр мәселесі тұралап қалды. Кеңестік кезеңнен шыққан кадрлар «соқыр көргенінен жазбайды» демекші, кеңестік кезеңде көргенінен алыстап кете қойған жоқ. Жоспарлаушылық, көзбояушылық, халтура, асыра сілтеу, рапорт құмарлық, жеңұшынан жалғасу, бастықтың алдында бас изеушілік, әсіресе орыстардың алдында құрдай жорғалаушылық, орыс тіліне берілген заңсыз басымдық өршіген үстіне өршіді.  Қазақ қоғамында, әсіресе кадр мәселесінде құлдық психология басым болып кетті. Оның ішінде орысқа құлдық, Ресейге құлдық, экс-президентке құлдық, басшыларға құлдық психологиясы әлі де жойылған жоқ.

— Сіздің ойыңызша, мұның салдары қандай? Теріс құбылыс болса, ол  неге соқтырып отыр?

— 1991 жылы тәуелсіздік жарияланған бойда осындай реформаларды жүзеге асырып, құндылықтарды қайта бағалағанымызда іс жүзінде басшылыққа бүгінгіден басқа, жемқорлықтан  ада буын, басқа ұрпақ, басқа кадрлар келетін еді. Осының салдарынан бүгінде жұрт арасында қазіргі мемлекеттік қызметте жүрген шенеуніктердің парақор образы қалыптасты. Коррупция Қазақстан қоғамын тікелей де, көлбей де көктей өтіп жатыр. Халықаралық «Транспаренси интернейшнл» ұйымының биылғы коррупцияны қабылдау рейтингісінде Қазақстан 94-орында тұр.

     Рас, кадрлардың бойында тікелей өз міндетіне қатысты  азды-көпті жауапкершілігі барын жоққа шығара алмайсың. Ал бірақ  МЕМЛЕКЕТШІЛДІК қасиет жоқ. Қабылданған шешімдер мемлекетке пайдалы ма, пайдасыз ба, халыққа қажет пе, әлде қажетсіз бе – ешкім бас қатырмайды. Жоғарғы жақтың тапсырмасы орындалса болды.  

    Тағы бір мысал айтайын. Отарсыздандыру жүрмегендіктен,  Қазақстан қоғамында қалып қойған отаршылдық психологияның іздері әлі күнге сайрап жатыр. Мысалы, ішкі істер органдарын алайық. 1917 жылға дейінгі патшалық Ресейде жұмыс істеген жандармерия, полиция қызметінің  бас көтерулерге қарсы жазалаушылық сипаты советтік кезеңде қылшығы қисаймастан сақталды да, тәуелсіз Қазақстанның құқық қорғау саласына қаз қалпында көше салды. Кешегі НКВД қызметкерлерінің әрқайсысы өзін құдай санап,  деревняларда, ауылдарда ойларына келгенін істейтін. Қолындағы куәлік пен тапанша, қызметінің жазалаушылық сипаты оларды шексіз құзыретке ие етті.  Тура осыған ұқсас психология тәуелсіз Қазақстан полициясын да жайлаған.  Іс жүзінде полиция қызметі халыққа қызмет етуге, қылмыстың алдын алуға бағытталуы тиіс болса, бізде  өзінің конституциялық құқығын қорғап, көшеге шыққан кемпір-шалға дейін қол-аяғын бұрап автозакқа тоғытуға, аяусыз жазалауға даяр тұратын әпербақандық психологияға ұласты. Жолпол қызметінің бұрылыстарға, бұта-бұтаға жасырынып тұрып, жүргізушілерді жазалауға тырысуы дәл осының дәлелі.  Полицияда адамдарға махаббатпен, халыққа құрметпен қарау, өздерінің  халыққа қызмет ететін органның өкілі екенін түсінетін ұғым әлі күнге қалыптасқан жоқ.

– «Қазақстан», «Хабар» сияқты бюджеттен қаржыландырылатын БАҚ құралдарын қарап отырсаңыз, әкімшіліктер жұмысы тек позитивтік тұрғыдан бағаланып жатады…

— Бұл да кеңестік кезеңнен қалған ауру. Елімізде көзбояушылық етек алған. Соның салдарынан бұқаралық ақпарат құралдарында жаппай билікті мақтау басым. Көптеген аудандық және облыстық әкімшіліктер халықтың алдында өзінің оң имиджін қалыптастыру үшін белгілі бір мөлшерде қаражат  бөледі. Іс жүзінде биліктің имиджі олардың өздерін мақтатуға берген ақшасының күшімен емес, істеген істерімен, халықтың ризашылығынан көрінуі керек. Әйгілі француз ойшылы Клод Гельвецийдің «Өз билеушілерінің бетіне басып, сынауға құқы жоқ халықтың оларды мақтауға да құқы жоқ. Құлдардың мақтауы ештеңені білдірмейді» дегені еске түседі. Шынымен де  билікке жағымпаздардың мақтауы ештеңені білдірмейді.

   Кезінде ақ патшаға, қызыл империяға, Карл Маркс пен Ленинге, Сталинге табынған құлдық заман өз таңбасын қалдырды. Бізге Мұса пайғамбардың қарыс жерге қырық жыл жүріп,  Израильға жеткізген құлдық  пиғылдан аулақ жаңа  ұрпағы сияқты санасы бұғаусыз жаңа буын керек еді. Бірақ, өкінішке қарай, ондай күрделі реформалар жасай алмадық. Жүргізілуге тиісті демократиялық ілгерілеудің орнын халыққа нақты пайдасыз нұризация үдерісі басып кетті. Енді режим өзгергенде ғана  психологиямыз да өзгерер деп үміт етеміз.  

— Советсіздендіру (десоветизация) үдерісі не үшін қажет?  Ол не береді? 

— Кеңестік кезеңде адамдар үлкен қорқынышпен өмір сүрді. Ағат айтылған немесе кездейсоқ ойын ашық білдіріп қойған адамдар дереу қамалатын. НКВД ел ішінде орасан тыңшылық жүйесін құрды. Кеңес Одағы алып концлагерьге ұқсайтын. 1917-1991 жылдар арасында, небары 74 жылда КСРО өзінің 90 млн азаматының өмірін жойды. Большевизм қазақ халқын геноцидке ұрындырды. 1931-33 жылдарда 4 млн қазақ аштан қырылды. Миллиондаған адам қуғын-сүргінге ұшыратылды. Ұлттың қаймағы саналатын 25 мың адам атылды. Сол зұлмат заманның құндылықтары әлі күнге қабаттасып келе жатыр. Кей мектептердің ауласында әлі күнге пионерлерге ескерткіштер тұр. Октябрят, пионер, комсомол мерекелері ұмытылмайды.  Әлеуметтік желілерде Ресейдің империялық астамшылығына қызмет ететін құпия қызметтер әзірлеген, советтік кезеңге сағыныш тудыратын бейнероликтер өріп жүр. «Бессмертный полк» деген бәлекет те солардың қатарында. Сатқындар армиясында пайдаланылған георгиев лентасы да 9 Мамыр мерекесі қарсаңында жаппай таратылады.  Тап күресінің көзқарастары әлі күнге сақталынып қалған. Әкесіне қарсы шыққан Павлик Морозов, Болатбек Ормановтар бүгінгі күнге үлгі-өнеге бола алмайды. Дінімізде де, дәстүрімізде де мұндай көргенсіздіктерге тыйым салынған.  Осының бәріне ресми тойтарыс берілуі өте маңызды.

— Сіз аға буын өкілісіз, бірқатар адамдар үш тиынға газды сусын ішкен күндерін сағынады. Сол советтік идеология сізге не себепті ұнамайды?       

— Советтік идеология жалғандыққа, жасандылыққа құрылған.  Советсіздендіру жүргізілмегендіктен, көп адамдар әлі күнге тарихтың ақиқаты мен аңыздарын ажырата алмайды. Қымбатын арзанға айырбастай салуға әзір тұрады. Сондай жалғандыққа толы, идеологиялық былықтың тағы бірі 1941-45 жылдардағы соғысқа қатысты. Коммунистік режим «Ұлы Отан соғысы» деп атаған  қырғынның шын мәніндегі атауы – Совет-герман соғысы. Қазақ халқы үшін Ұлы Отан соғысы – ХVІІ-ХVІІІ жүзжылдықтарда бір жарым ғасырға созылған қазақ-жоңғар соғысы. Ал совет-герман соғысы – өкінішке қарай, Германия мен Совет Одағы бірігіп, әлем жұртшылығына таңған Екінші жаһан соғысының бір бөлігі ғана.

Іс жүзінде Екінші жаһан соғысы аумақтық жағынан  батысеуропалық, шығысеуропалық, Жерорта теңіздік, Африкалық және Тынық мұхиттық  сияқты бес шайқас театрында өтті. Сол бес соғыс театрының төртеуінде АҚШ пен Ұлыбритания жеңіс жалауын көтерді. СССР соның біреуінде  ғана, ленд-лиз заңы бойынша АҚШ, одақтас республика  ретінде Қазақстан  берген зор көмектің арқасында Шығыс майданда жеңіске жетті. Оның өзінде орасан құрбандықтармен. Бұл майданда немістер жағынан 5,5 млн солдат пен офицер өлсе, Совет Одағы жағынан бұрынғы одақтық жоспарлау комитетінің құпиялылығы алынған деректеріне қарағанда, 47 млн адам шығын болған. Бір неміс солдатын өлтіруге 9-10 адам құрбан болыпты. Кеңестік маршалдар жеңіс үшін адам ресурстарын  мүлде аямаған. Кеңестік кезеңнен қалған идеологиялық тағы бір сарқыншақ сол – біз әлі күнге совет-герман соғысына кеңестік-орыстық тұрғыдан қараймыз. «Сәбет – біздікі, ал немістер – дұшпан».

    Екінші жаһан соғысын бастаған қазақ халқы емес. Біз оның мәжбүр қатысушысы ғанамыз. Әскери военкоматтар арқылы майданға алынып, алдыңғы шепте  шайқасқан 700 мыңнан астам қазақ азаматтары болды.  Ал окоптың ар жағында Власов армиясының қатарында, Түркістан легионында, УПА (Украинаның көтерілісшілер армиясы) қатарында Қазақстанды большевиктік биліктен құтқару үшін саналы түрде соғысқан қазақ жігіттері де болды. Тәуелсіздігімізді қайтарып алған соң, біз сол перзенттерімізге неге кешегі советтік алакөзбен қарауымыз керек?  Біз үшін окоптың қай жағында соғысса да, сол қазақтардың, сол майдангерлердің  бәрі қымбат. Олардың немерелері мен шөберелері сатқындардың ұрпағы деп айыпталмай, сол шейіттеріміз ресми түрде ақталғаны әрі ардақталғанын  жөн санаймын. Әрі 9 Мамыр – қазақ халқы үшін жеңіс күні емес, ол майданда қаза тапқан, кейін бейбіт күндерде соғыс жарақатынан қайтыс болған барша майдангерлерді еске алу күні. 9 Мамыр мәртебесі осылай өзгертілуге тиіс.  

— Бұл пікіріңіз де мүлде тосын екен.     

— Иә, бүгінде тек жаңаша емес, ақиқат ұстанымдар аса қажет. Мейлі елде, мейлі шет жерде жүрсе де, ұрпақтары өзінің қару алып соғысқан ата-бабасын, коммунистік билікке қарсы шыққанын мақтан етуі керек.  Бұл кешегі Желтоқсан көтерілісіне де қатысты. Алаңға шыққан жастарды бүгінде біз неге құрметтеп, ардақтаймыз? Өйткені олар коммунистік режимге қарсы шықты. Соңғы кезде ватсап желісінде келтірілген деректерде  Желтоқсан көтерілісінде қазақтың 64 қызы мен жігіті қаза тапқаны айтыла бастады. Мұның бәрі осы уақытқа дейін жасырылып келген екен. Егер де бізде советсіздендіру жүріп, жаңаша көзқараспен қарасақ, онда мұндай адасулар мен жаңсақтықтар орын алмас еді. Сондықтан ең қажеттісі, тағы да айтамын, бұл – құндылықтарды қайта бағалау.

— Қоғамдағы қазіргі қиғаштықтарды жою үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

— Бүгінгі таңда елімізде этносаралық татулық, толеранттылық  туралы жиі айтылады. Бірақ соның бәрі кеңестік кезеңнен қалған жасандылық. Мәселен, Қазақстанда этносаралық қақтығыстар орын алған жерден ҚХА өкілдерін мүлде көре алмайсыз. Қараңыз, қазақ-шешен (Ақтау – 2006), (Маловодное – 2007), қазақ-түрік (Теңіз – 2006), (Буырыл – 2016), қазақ-ұйғыр (Шелек – 2006), қазақ-күрд (Маятас – 2007), қазақ-тәжік (Бостандық ауылы, ОҚО – 2015), қазақ-армян (Қарағанды – 2018), қазақ-дүнген (Қордай – 2020) қақтығыстарында аталмыш ассамблеяның көлеңкесі де болған жоқ. Диаспоралардың басын қосуға тиісті Қазақстан халқы ассамблеясы бүгінде еш пайдасы жоқ таза бутафориялық құрылымға айналған. Қажетсіз құрылым таратылуға тиіс.

     Тағы бір қисынсыздық, советсіздендіру арқылы тыйым салынбағандықтан, бізде әлі күнге 23 ақпан – жігіттердің мейрамы деген ұғым жойылған жоқ, 7 мамыр Қазақстан қарулы күштерінің мерекесі делінеді. Биыл 29 жылдығы аталып өтілмек. Іс жүзінде ақиқат әріде ғой. 1710 жылы мамыр айында  Қарақұмда үш жүздің басты билері қатысқан үлкен құрылтай өткен. Сол құрылтайда үш жүздің қолын  біріктіру жөнінде шешім қабылданып, оны басқару тама Бөкенбай батырға жүктелген. Міне, қазақтың тұңғыш маршалы атағына сол лайық. Қазақтардың 50 мың адамдық біріккен қолы сол 1710 жылы жоңғар ордасына басып кіріп, олардың үлкен шабуылының алдын алған. Сондықтан әскери мереке мерзімін 30  жылдықтың тар аясынан шығарып, биыл Қазақ ұлттық армиясының 311 жылдығын тойлауға болар еді. Халықтың санасына да осыны сіңіруіміз керек. Мінеки, құндылықтарды қайта бағалау дегеніміздің бірі – осы.

— Кеңестік кезеңнен қалған, бүгінге жарамайтын ұғым-түсініктер, шынында, көп қой...

— Иә, мысалы, ойдан шығарылған, кеңестік кезеңнен қалған «халықтар достығы» сияқты мүлде көнерген ұғым бар. Ол саясат Ресей сияқты федерациялық мемлекет болмаса, Қазақстан сияқты унитарлық мемлекетке жарамайды. Құндылықтарды қайта бағалау үдерісінде бұл мәселеге мүлде жаңа қырынан келуіміз керек. Қазақстан – ең алдымен қазақ халқының мемлекеттілігі. Қазақ халқы – мемлекет құрушы ұлт. Әрі тұрғындарының төрттен үш бөлігін қазақ халқы құрайды. Сондықтан Қазақстан көпұлтты деген ертегіні тоқтатын уақыт жетті. БҰҰ талаптарын ескерсек, Қазақстан бүгінде моноұлтты мемлекет. Қазақстан халқын мемлекетқұрушы қазақ халқы мен түрлі ұлттардың диаспоралары  құрайды. Сондықтан идеологиялық жұмыстар этносаралық толеранттылық  төңірегінде емес, түрлі диаспоралардың мемлекетқұрушы қазақ ұлтының төңірегіне топтасуы төңірегінде  өрбуі тиімді. Қазақ халқы, қазақ мемлекеттілігі тағдыр айдап келген түрлі ұлт өкілдерінің азаматтық құқықтарын қамтамасыз етуге, түрлі диаспоралардың мәдениетін қорғауға жауапты. Бұл Қазақстан Конституциясынан да көрініс табуға тиіс. Диаспоралар  мемлекетқұрушы ұлт төңірегінде шоғырланып, сол арқылы  Қазақ мемлекеттігін нығайтуға, мемлекеттік тілді орнықтыруға қызмет етуі керек.

— Саясатымыздың ең кемшін тұстары қандай?

— Саясатымыздың ең кемшін тұстары жаңағы айтылған Ата заңымыздан басталады. Кеткен кемістіктер өте көп. Онда тіпті қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт екені де көрсетілмеген. Қазақстан Республикасының  Конституциясы небары 98 баптан тұрады. 1995 жылы референдумда қабылданған, тұтастай алғанда 98 баптан тұратын Конституцияға ширек ғасырда  парламент тарапынан  92 түзету мен өзгерістер енгізілді. О баста қабылданған Конституция  нұсқасынан айырмашылық жер мен көктей. Өзгерістер жеке-дара билікті нығайта түсуге қызмет етіп, халықтың рөлі мен құқықтарын тарылтып тастаған. Юридиспруденция тұрғысынан алып қарағанда Конституцияға өзгеріс референдум арқылы енгізілуі тиіс. Сондықтан өз басым парламент тарапынан енгізілген соншама көп өзгерістерді легитимді деп есептемеймін. 

        Енгізілген өзгерістердің қатарында халықтың сайлауға тікелей және төтесінен қатысуына жол бермейтін амалдар пайдаланылды.  Оның ішінде депутаттарды  партиялық тізім бойынша сайлау сияқты қитұрқылықтар бар. Кешегі тоталитарлық заманның өзінде «коммунистер мен партияда жоқтардың блогы» дейтін ұғым болатын. Яғни партияда жоқтарға коммунистермен бірге сайлауға, сайлануға құқық берілетін. Әлгіндей қитұрқылықтар Қазақстанда өте бір сорақы жағдай қалыптастырды. Елімізде бүгінде 19 миллион халық болса, соның кемінде дауыс беруге қабілетті 4,5-5 миллион адам ешбір партияда болмауы себепті өздерін-өздері сайланбалы органдарға ұсына алмайды.  Бұл демократияны ілгері сүйрейтін емес, кері тартқан құбылыс болып отыр. Алдағы уақытта  Ата заңымызға қоса, сайлау туралы заңнамамыз да күрделі  өзгерістерге ұшырап, осы жол берілген қателіктер түзетіледі деген үміттеміз.

— Қоғамда жер мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Жер комиссиясы құрылды. Бұлар қаншалықты жер мәселесін әділ шеше алады?

– Жер – қазақ халқы үшін аса күрделі проблемалардың бірі. Ол экономикалық ұғымнан гөрі қастерлі руханияттық  түсінікке жақын. Өз басым үзілді-кесілді жерді сатуға қарсымын. Қасиетті Құран Кәрімде: «Жер Алланыкі екені даусыз. Ол  құлдарынан қалағанына мұра қылады» (Ағраф сүресі, 128 аят) делінген. Ал  Қазақстан Конституциясының 6-бабының 3-тармағында  «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жекеменшікте де болуы мүмкін» делінген.

    Жердің өзі пайдалану мақсаттарына байланысты сегіз түрге бөлінеді.  Өз басым жерді тек баспана салу үшін ғана Қазақстан азаматтарына  беруге болады деп есептеймін. Сатуға болмайды! Ал басқа отандық ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер үшін белгілі бір мерзімге жалға беруге болады. Ең бастысы, мәжіліс депутаты, осы даудың ортасында жүрген  Қазбек Иса ініміз айтпақшы, ауылшаруашылық жері шетелдіктерге сатылмайтын болды. Бұл ең маңызды ұйғарым. Ал 24 сәуірде жер реформасы жөніндегі комиссия отырысында  қазақстандықтардың жер иелену мәселесі қарастырыла келіп,  жер иелігіне қатысты нормаларға белгіленген мораторий мерзімін тағы бес жылға ұзарту туралы шешім қабылданды. Түпкілікті болмаса да, бұл шешім асығыстықтан қорғайтын дұрыс қадам болды деп ойлаймын.

    Кезінде жерлерін сатып, кейін қиындыққа ұшыраған Палестина халқы сияқты күн кешпеу үшін жанымыздағы Ресей, Қытай сияқты алпауыттарға, басқа да көрші елдердің азаматтарына сату түгіл, тіпті жалға беруге де болмайды. Жерімізге ешкімді жолатпау керек. Жолаттық па, кейін оны оңайлықпен қайтара алмаймыз. Қазақстан аумағында Ресейдің бес әскери базасы бар. Соның бірі – Байқоңырға өзіміз емін-еркін кіре алмай жүрген жоқпыз ба? Жалға берілген аумақтардың өзі дереу қайтарылуы керек. Бұрын жасалған шарттардың өзі ревизияланып, қажет тұстарында Қазақстанның мүддесіне қарай өзгертілгені күн тәртібінде тұр. Осы көзқарас, осы ұстаным Қазақстанның тәуелсіздігін қайтарып алғаннан кейінгі кезеңде жасалған шарттардың бәріне қатысты болуы керек деп ойлаймын.

— Тоқаев президенттікке келгелі еліміздің саясат сахнасында «жылымық» орнады деп жүргендер бар. Олардың айтуынша, саяси реформалар іске аса бастаған секілді. Мәселен,  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, партияларды тіркеу, сайлау заңындағы өзгерістер т.б. Сіз қалай ойлайсыз, расында, саяси реформалар жүзеге аса бастады ма? Сең бұзылды ма?

— Қасым-Жомарт Кемелұлы табиғатынан дипломат. Дипломат болғаннан кейін ол ешкіммен кетісуді, жүз шайысуды  қаламайды. Тосын мінез көрсету ол кісіге жат. Әңгіменің ашығына келгенде, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның президенті болып сайланғанымен, іс жүзіндегі билік Кітапхананың еркінде. Сондықтан мемлекет басшысы екі оттың ортасында жүр. Бір жағынан, өз «шефінің»  көңілінен шығу керек,  екінші жағынан, «халық сайлаған» президент болғандықтан, өзінің де оң имиджін қалыптастыруы қажет. Бірақ ішіміз сезеді, түпкілікті шешімдердің барлығы Кітапханада қабылданады. Осындай тұрғыдан алғанда Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлттық кеңес құрып, оны қайтадан жаңартып, сайлау туралы заң қабылдатуының барлығы өзара келісім арқылы жүзеге асып жатыр.

  Ұлттық кеңес сырт қарағанда өте беделді құрылым сияқты. Ал мәртебесіне қарасаңыз, ол президенттің жанындағы жай ғана кеңесші орган. Ал кеңесші орган ешқашан батыл әрекет етіп Қазақстан аумағында орындалуға міндетті шешімдер қабылдай алмайды. Бірақ сол жиындарда кейбіреулер өткір пікір айтар, бірақ ол сол жиынның шеңберінен көп жағдайда аспай қалады. Сондықтан да Ұлттық кеңестегі адамдардың құрамына қарай отырып, Қазақстанның қазіргі өмірінде түбегейлі бетбұрыстар мен өзгерістер болады деп ойламаймын.        

— Жұмысқа кірісіп кеткен жаңа парламент мәжілісі ел сенімін қаншалықты ақтайды деп ойлайсыз?

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халықтың арасында беделін көтеру, халықаралық қауымдастықтың алдында демократияға қарай бағыт ұстанған  президент ретінде көрсету үшін сайлау туралы заңдарға өзгерістер енгізуді қолдады. Өкінішке қарай, елімізде парламент  мәжілісінің сайлауы  тікелей, халықтың төтелей сайлауымен өтпейді. Қитұрқы жанама тәсіл қолданылады. Депутаттар корпусы халықтық сайлаумен емес, Ақорданың іріктеуінен өткен  партиялық тізіммен  жасақталады. Сондықтан парламент мәжілісінің жаңа құрамы ел өміріне қатысты тағдыршешті  өзгерістер  жасайды деп күту қисынсыз.  

— Бір сөзіңізде «мемлекетшіл болу қауіпті» депсіз. Неге?

— Өйткені Қазақстанда мемлекетшіл болып, мемлекеттің мүддесін қорғасаң, ол шынайы қауіп туғызады. Мысалы, 2019 жылы ақбөкенге араша түсіп, браконьерлер қолынан қаза тапқан Ерлан Нұрғалиевтің мысалын алайық. Ол жігіт шынайы мемлекетшіл тұлға еді. Мына мемлекетке, халқымызға керек ақбөкендерді қорғаймын деп, өзінің жанын құрбан етті. Бірақ ол халық жадында шынайы батыр болып қалды.

   «Қазақстанның атом өндірісін әлемдегі ең бірінші орынға шығарамын», –  деген Мұхтар Жәкішовтің мысалын алайық. Сол жолда қаншама тайталасып, «Росатомпром» басшыларымен текетірескені, тіпті Путиннің айтқанына көнбегені үшін сотталып кетті. Оның мемлекетшілдігі, қайтпас-қайсар азаматтық мінезі жас ұрпаққа өнеге. Мемлекетіне жаны ашып тұрған азаматтарды қысастыққа ұшырату – режимнің  басты айыптарының бірі.

— Қазаққа қауіп қайдан? Іштен бе, сырттан ба?

— Қасиетті Құран Кәрімде мынадай аят бар: «Мұсылмандар, кәпірлерге сенуші болмаңдар, кәпірлерді дос тұтушы болмаңдар», – дейді. Мұны мемлекетаралық қарым-қатынасқа көшірсек, имандылықтан аулақ көршілермен әмпей-жәмпей болудан сақтан деп тұр. Абылай ханның заманында амалсыз айтылған «Қытайға түссең – қылбұрау, орысқа түссең – кең тұсау» деген сөз бар. Ол кезде «Қытайдың қылбұрауына түскенше, орыстың кең тұсауына түсейік» деген шешім болған. Орысқа бейімделуіміз  содан.

    Ал, бірақ, тәуелсіздігімізді қайтарып алған соң, Қазақ елі шамасы келгенше қорғаныс саласын нығайтқаны жөн еді. Әскери қызметтің абыройын арттыру арқылы  қазақ жігіттерінің Отанын қорғауға деген құлшынысын көтеретін  бағдарламалар қажет. Ресейге құлдық психологиядан құтылмауымыздың салдарынан біз әлі күнге Ресейдің ескі-құсқы ұшақтары мен техникасын, қару-жарақтарын сатып алып жүрміз. Жыл сайын бізде сол көне ұшақтар құлап жатады. Олардың алды жасалғанына 50 жыл, соңы 40 жыл болған. Онымен тәуелсіздігімізді қайтіп қорғаймыз?   

Төл әскери өндірісімізді дамыту қажет. Мысалы, қарағандылық Жетесов жасаған автомат барлық параметрлері бойынша  Калашников автоматынан кем емес. Тіпті артық тұстары да бар. Соған қарамастан, Жетесов автоматы  Қазақстан қарулы күштеріне жолатылмай отыр. Бізге қазір  Қытай және Ресеймен достықты сақтай отырып, өзімізді қорғайтындай жағдай жасап алуымыз керек. Еуразиялық одақ бізге өте тиімсіз болып отыр. Одан экономикалық сылтаулармен бас тартатын кез келді. Ал алыста болса да,  Америкамен дос болуымыз қажет. Бірақ ең тиімдісі – Түркі әлемінің ортақ әскерін құру, түркі әлемінің күш-қуатын бірге арттыру маңызды. Шындығында, Қазақстан үшін қауіп көп. Оған қарсы тұру үшін ішкі  бірлігімізді, ынтымағымызды, мемлекетшілдігімізді арттыруымыз күн тәртібінде тұр. Әрбір қазақ жігіті жекпе-жек күрес техникасын, атыс қаруларын жетік меңгерсе деймін.

— Ресей саясаткерсымақтарының Қазақстан жайлы айтып жатқандарына жауап беру маңызды ма? Әлде «ит үреді, керуен көшеді» деп жүре берген жөн бе?

— Оған үндемей қалуға болмайды. Қазақта «бұға берсең, сұға береді» деген сөз бар. Олардың әрқайсына дереу мемлекеттік нотамен жауап берілгені дұрыс. Әрі зерттеушілеріміз, экономистер мен тарихшыларымыз Қазақстан аумағында отаршылдық кезеңде бой көтерген Павлодар, Петропавл сияқты қалалардың тарихына үңіліп, жергілікті қазақтардан жиналған салық мөлшері, озбырлықпен талан-таражға салынған  табиғи байлықтарының ауқымы туралы нақты  цифрлар мен дәлелдерді көлденең тартуы өте маңызды. Осы бағытқа қатысты мемлекеттен арнайы қаржы бөлінуі зерттеулерге соны серпін берер еді.

— Елдің қамын ойлайды деп сенім артқан зиялылардың көбі неге үнсіз? Мұның түп-тамырына үңіліп көрдіңіз бе?

— Оның себебі – қазақтың зиялы қауымы билікке тәуелді. Зиялы қауым дегеніміз кімдер? Олар: дәрігерлер, мұғалімдер, ЖОО оқытушылары, журналист-жазушылар. Бірақ осылардың барлығы мемлекеттің қолдауына зәру.  Олар ертеңгі күніне алаңсыз болса, онда зиялы қауымның шынайы бет-бейнесі көрінер еді. Билік те олардың осы тәуелділігін  шебер пайдаланып отыр.

    Зиялы қауымның өзі тұлғалардан тұрады. Сондықтан әрбір тұлғаның өзінің проблемасы бар. Біреудің баласы мемлекеттік қызметте, біреуінің баласы ұлттық компанияда, біреуінікі жаңа қызметке тұрайын деп отыр, біреуінің бизнесі бар,  біреуі мемлекеттен алатын сыйлығын немесе грантын ойлап жүр. «Егер  қатты кетсем, кім маған орден береді, кім мәселемді шешеді» деген ішкі  тежеу  батыл пікір айтуға қауқарсыз етіп тастайды.  Аспандағы ұшып жүрген қыран да жемтігі үшін жерге түседі. Зиялы қауымның  әрқайсысы бір қыран десек, олардың аспанда еркін ұшып жүруіне жағдай жасалмаған. Сондықтан олар жерге түсуге, биліктің алдында бас июге мәжбүр.  Сол себепті билікке қарсы ұлттық тұрғыдан мәселе көтеріп, айта алмайды. Бірақ бәрі де күрделі өзгерістердің уақыты жеткенін сезеді. Құндылықтарымызды қайта бағалайтын қасиетті күнге бірге жетейік.

— Әңгімеңізге рақмет.

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сұхбаттасқан Сейсен ҰЛЫҚБЕК 11.06.2021, 15:15
Ширек ғасырлық әзіл-оспақ отауы
Сайт әкімшілігі,Айдар ЖОРАНОВ 11.06.2021, 14:15
Би падишахы
Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП 09.06.2021, 16:06
«Жасымды сүрткен «Жас Алаш» еді...»
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 08.06.2021, 12:00
Түнгі жол (Әңгіме)
Амангелді СЕЙІТХАН 08.06.2021, 10:30
Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
Амангелді СЕЙІТХАН 05.06.2021, 08:46
Қызың – алтын, ұлың – күміс

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02