Мейірбек Молдабеков: Өнер мен ғылым екеуін бірдей алып жүру – екі жолмен бірдей жүру

Бифат ЕЛТАЕВА

24.01.2023, 17:36

741

Қазақ эстрадасының бағын жаққан, аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблін еліміздегі еңкейген қарттан еңбектеген сәбиге дейін, тіпті, сонау шетелдіктер жақсы біледі. Бұл ансамбль мүшелерінің музыкадан бөлек, өзге салаларда да белсенді болғанының себебі де шығар. Олай дейтініміз, ансамбльде өнер көрсетіп қана қоймай, ғылым жолында көптеген жетістіктерге жеткен жанның бірі – Мейірбек Молдабеков. Ол  «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалауға үлес қосып қана қоймай, техника ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА және ҚР ҰИА академигі, әл-Фараби атындағы Ғылым мен техника саласындағы ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ғылым мен техникаға көрнекті үлес қосқан үшін берілетін Ресей ғылыми және инженерлік қоғамының В.Г.Шухов атындағы Алтын медалінің иегері, Ғарыштық техника мен технологиядар институтының бас ғылыми қызметкері, ҚР ұлттық ғарыш агенттiгiнің төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Бүгінгі сұхбатымызда Мейірбек Молдабековпен ғылым, өнер саласында аз-кем сұхбаттасқан едік.

— Мейірбек аға, сіз өнерден бөлек ғылымға да ден қойған жансыз. Өнер мен ғылымды бірге алып жүру қиындық туғызбады ма?

— Қиындық туғызды деп айта алмаймын. Өйткені бастапқы студенттік кездерде мүлдем қиындық болған жоқ. Бірақ ансамбльдің атағы шығып,  ансамбль концерттеріне көпшіліктің сұранысы өскенде, жиі гастрольге шығу қажет болған кезде, ансамбльді көркемөнерпаз деңгейден кәсіби деңгейге ауыстыру мәселесі туған кезде өнер мен ғылым екеуін бірдей алып жүру – екі қайықтың басын ұстаумен немесе екі жолмен бірдей жүру екенін түсіндім. Осылайша, екі жолдың біреуін таңдау керек болды. Осы жерде жасымнан армандаған ғалым боламын деген жолыма кеттім.

— Елімізде қазіргі кезде ғылымға көңіл бөлу бәсеңсіп қалған секілді ме, қалай? Өйткені ғылымға қатысты қазір көп жаңашылдықты ести бермейміз.

— Елімізде ғылымға көңіл бөлу бәсеңсіп қалған кезең 1991-2018 жылдары өтті. Ғылымды көп қажет ететін завод, фабрика, өндірістік кәсіпорындар жұмысын тоқтатты. Көптеген жобалау, конструкторлық, технологиялық бюролар жабылды. Осы себептен өндірістік кәсіпорындар ғылыми әзірлемелер жүргізуге беретін тапсырыстарын тоқтатты.  

Бұған қоса, ғылыми зерттеулерге бюджеттен бөлінетін қаржы қысқарды.

Ғалымдар тұрақты жұмыс орындарынан айрылып, тек жобасы конкурстан жеңіп шыққан жағдайда ғана уақытша жұмыс орнына ие бола алды. Жобасы конкурстан өтпегендер ғылыми жұмыс болмағандықтан, басқа саладағы жұмысқа ауысып, қайтып ғылымға келмей кететін болды.

Осы екі себепке байланысты Қазақстан ғылымды қаржыландыру деңгейі бойынша барлық ТМД елдерінің арасында соңғы орынға құлдырады. Ғалымдардың саны аталған кезеңде екі есе азайып, жастардың ғылымға келуі тоқтап қалды. Көптеген ғылыми лабораториялар жабылды.

Осы жағдайдың  нәтижесінде, ғылымда тек жасы келген ғалымдар қалды, көп ғылым саласындағы орта буын ғалымдар ғылымнан кетіп басқа салаларға, саудаға ауысты. Көрнекті, жетекші ғалымдар шәкіртсіз қалып, олардың ғылыми мектептері жұмысын тоқтатты.

Ғылымдағы ауыр жағдай 2019  жылдан бастап президент Қ.Тоқаев жариялаған Жаңа Қазақстан құру жолындағы қадамдар аясында өзгере бастады. Ғылыми жұмыстардың конкурстары үш жылда бір рет емес, жыл сайын жарияланатын болды. Конкурс аясындағы ғылыми жобалар мерзімі үш жылдан бес жылға дейін ұзартылды. Іргелі ғылыми-зерттеулер мен гуманитар саласындағы мемлекеттік саясат үшін стратегиялық маңызы бар зерттеулер тікелей конкурссыз қаржыланатын болды. Осы өзгерістерді көріп жастар ғылыми жұмысқа келе бастады. Осы бағытта өзгерістер жалғаса берсе, Қазақстан ғылымының келешегі кемел болады деген сенім бар.

— Кезінде «Байқоңыр ғарыш айлағын басқарған уақытыңызда Kazsat байланыс жүйесі арқылы қазынаға біршама пайда әкелген екенсіз. Бұл туралы өзіңіз толығырақ айтып берсеңіз.

— Бұл сұрақ шындықпен ұштаспайды, өйткені Kazsat байланыс жүйесінен келген пайда Байқоңыр ғарыш айлағымен тікелей байланысы жоқ. Және де оның ел экономикасы мен заманауи технологияларына әкелген пайдасы тек менің еңбегім емес, ол Талғат Мұсабаев басқарған ғарыш саласы ұжымының жанжақты үлкен еңбегі.

Мен Байқоңыр ғарыш айлағын басқарған уақытта қазынаға 1 млрд 300 млн АҚШ доллары ақша түрінде түскені рас. Бұл үлкен нәтижеге Қазақстанның қолы мамандардың көлемді ұйымдастыру жұмысы және жоғары кәсіби, ғылыми-техникалық білімнің арқасында жетті.

1991 жылдың 31 тамызында шыққан Қазақстан президентінің Жарлығымен Байқоңыр ғарыш айлағы Қазақстан меншігі деп жарияланды,  бірақ оны басқаратын мемлекеттік орган құрылмады. Осы себептен Байқоңыр ғарыш айлағы Ресей қорғаныс министрлігінің құзырында қала берді.

1993 жылы Қазақстан Ұлттық аэроғарыш агенттігі құрылып, сол жылдың ортасында Байқоңыр ғарыш айлағын қолына алғанша Қазақстан тарапынан басшылық қызмет атқарылмады. Осы екі жыл арасында Байқоңыр ғарыш айлағы Қазақстан тарапынан бақылаусыз болған себептен айлақтың төрт мыңнан астам нысаны біраз мүлік шығынына ұшырады.

Шығынды бағалау үшін екі көлемді шара атқарылды. Біріншісі, аталған төрт мыңнан астам нысанның мүлігін түгендеу жұмысы. Бұл көлемді жұмыс Қазақстанның Мемлекеттік мүлік комитетімен бірге атқарылды. Екіншісі, сол төрт мыңнан астам нысандардың, ондағы ғарыштық кешендер мен  жабдықтардың техникалық ахуалын бағалау жұмысы. Бұл күрделі әрі көлемді, екі жылға созылған жұмысты атқару үшін ғарыштық техника саласында терең кәсіби білімі бар мамандар қажет болды.

Қазақстанда ғарыштық техника саласының тәжірибелі мамандары аз болғандықтан, бұрында бірге оқыған, байланысты үзбей араласып жүрген ресейлік және украиндық әріптестерден көмек сұрауға тура келді. Барлық жоғалған, қараусыз қалғандықтан жұмыс істемей қалған немесе бұзылған, ұрланған техникалық нысандар мен жабдықтардың бағасын қосқанда жоғарыда аталған сомаға тең болды. Екі жақты үкіметтік комиссия Қазақстанның шығындарының бағалауын мойындады.

Әрине, жасалған күрделі әрі көлемді жұмыстың негізгі ауырлығы сол Байқоңыр ғарыш айлағында қызмет етіп жүрген, оны білетін, практикалық тәжірибесі бар қазақ азаматтарының мойнына түсті. Олардың ішінде Байқоңыр ғарыш айлағында әскери офицерлік борышын атқарған, менің орынбасарым болған капитан Рахметқали Омаровтың қажырлы еңбегін ерекше атағым келеді. Сол зор маңызды және бағасы биік жұмысты атқарған барлық азаматтарға шын жүректен көп алғысымды айтамын.

— Қазір ғарыш саласында қандай өзгерістер мен жаңалықтар болып жатыр?

— 2007 жылдың наурыз айында Ұлттық ғарыш агенттігін орнату жөнінде Қазақстан президенті жарлыққа қол қойып, оның басқаруын ғарыштың білікті маманы, ғарышкер, Халық Қаһарманы Талғат Мұсабаевқа жүктеді. Оның алдында еліміздің тарихында бұрын болмаған ғарыш саласын құру  мақсатын қойды. Сол күннен бастап 2014 жылға дейін жеті жарым жыл арасында Қазақстан ғарыш саласын жасауда үлкен жол өтті. Шетелдік сарапшылардың бағалауынша, бұл жолды өту үшін дамыған елдер жиырма жылдан астам қажырлы еңбек еткен.        

Сол жұмыстың нәтижесінде елімізде заманауи жоғары технологиялы экономикалық секторы орнатылды. Отандық ғарыштық техника мен технология әзірлеу биік деңгейге көтерілді. Ғарыштық байланыс жүйесі, Жерді ғарыштан суретке түсіру жүйесі, ғарыштық аппараттар арқылы навигация жүргізу жүйесі жасалып, іске қосылды. Ең бастысы, сонымен қатар стратегиялық мағынасы өте зор білікті, жоғары квалификациялы мамандар дайындау мемлекеттік мәселесі шешілді.

Аталған отандық мамандар 2015 жылдан бастап өз күшімен екі ғарыш аппаратын жасап, 2018 жылдың желтоқсан айында ғарышқа ұшырды. Бірінші аппарат ғылыми-зерттеу мақсатында жасалған, екінші аппарат отандық технологияларды сынақтан өткізу мақсатында жасалған. Екі ғарыш аппараты сынақтан ойдағыдай өтіп, қазір белгілеген қызметін атқаруда. Оған қоса екінші аппарат коммерциялық қызмет атқарып келеді. Сонымен, қазіргі таңда ғарыштағы Қазақстан аппараттарының саны алтау болды. Соның ішіндегі екі аппаратты қазақстандық мамандар өзі жасады.

Ғарыш аппараттар ғарыштық байланыс пен ғарыштық мониторингті қамтамасыз етіп тұр. Ғарыштық мониторинг арқылы еліміздің жер, су және орман ресурстарын заңды пайдалануын, егін және экология жағдайын, айта берсе заңсыз жасалған қоқыс төгетін жерлер жағдайын ғарыштан бақылап отырмыз. Мысалы, тек Бас прокуратура ғарыштық мониторинг арқылы жеке адамдар жалға алып, бірақ тиісті пайдаланбай жатқан ауыл шаруашылығына жарамды бағасы 149 млрд теңгеге тең жер телімдерін мемлекеттің құзырына қайтарды.

Ендігі ғарыш саласындағы өзгерістер мен жаңалықтар жұмыс мерзімі аяқталып келе жатқан ғарыш аппараттардың орнына жаңа аппараттар жасаумен және олардың қызметін экономикаға тиімді пайдалану әрекеттерін іске асырумен байланысты.

— Әңгімені енді өнер саласына ауыстырсақ, жақында елімізде «Дос-Мұқасан» ансамбліне арнап фильм түсірілді. Қалай қабылдадыңыз? Көңіліңізде шықты ма?

— Бірден ашығын жасырмай айтайын, фильмді көргенде жастық шағымыз еске түсіп, жүрек толқып, өте үлкен көңіл көтерер әсер алдым. Достарыммен өткізген студенттік жылдар көз алдымнан кешегідей болып жарқырап өтті. Фильм екі сағатқа емес, екі минутқа созылғандай әсер етті.

Оған қоса фильмді бірге отырып көрушілердің алған әсеріне қарап, одан ары толқыдым. Жасы келген, бізбен қатар адамдар көзінің жасын жасыра алмай көңілдері босаса, ал жастар, әсіресе немерелерімізбен қатар жас балалар мен қыздардың көздеріндегі қызығушылықты, қуанышты көргенде фильмді жасаған шығармашылық топқа өте риза болдым. Шығармашылық топқа қатысқан сценарийді жазушылар, режиссерлер, операторлар, продюсерлер, актерлер бәрі талантты жастар екен. Актерлерді қалай оригиналдарға ұқсатып таңдаған десеңші! Әрине, фильм көңілімнен шықты!

— Фильм арқылы бұрындары өнер мен мәдениеттегі күрес, ансамбльдің бағының жануындағы көреалмаушылық, құлдық сана, арызқойлық секілді үлкен бөгеттердің кездескенін байқадық. Осыған қатысты жайттарды өзіңіз айтып берсеңіз.

— 20-шы ғасырдың 60-шы жылдар басында Еуропада, Англияда батыстық мәдениеттің әсерінен жастар арасында жаңа ағым, қызығушылықтар, хиппи қозғалысы дүниеге келді. Солармен бірге жастарға бағытталған музыкада да жаңа электронды музыкалық аспаптарға, электр гитараға, жаңа ритмдерге негізделген ағым орын алды. Жастар арасында Битлз, Роллинг стоунз атты вокалды-инструменталды топтардың музыкалық шығармалары кең тарап, жастардың ойы мен бойына сіңді. Сол Еуропа, Англияның өзінде ескі мәдениетке қалыптасқан аға буын жаңа ағымдарды қабылдағысы келмеді.

Кеңес Одағындағы коммунистік идеология еліміздің жастар арасында туындай бастаған жаңа батыстық мәдениетке, ағымдарға, музыкаға мүлдем қарсы болды. Өйткені жастар арасында батыстық мәдениетке толық еліктеп, өз ұлттық мәдениетінен бас тартқысы келгендер де болды. Ансамбль әлі құрылмай тұрғанда, бастапқы кездерде бізде де Битлз бен Роллинг стоунзға қызығушылық болды. Қазіргі заманда да туындап жатқан жаңа ағымдарға  еліктеп, өз ұлттық мәдениетінен алыстап бара жатқандар кездеседі.

«Өмір деген күрес» деп коммунистік идеологияны қалаушы Карл Маркс айтқан. Өмір ескі мен жаңаның арасындағы тоқтамайтын күрес, бір орнында тұрмайды, ылғи өзгерісте болады. Егер ескі жаңаны толық жеңіп жатса, онда өзгерістер болмай қоғам дамуы тоқтап қалады, ал жаңа ескіні толық жеңіп жатса, онда ескіден, соның ішінде бұрынғы өнер мен мәдениеттен де, қоғам толық айрылып қалады.

Осы заңдылықты түсініп, «Дос-Мұқасан» ансамблін саяси тұрғыдан дұрыс жолға қойған оның рухани әкесі, белгілі Қазақстан халық артисі  Жамал Омарова апамыздың туған інісі, Қазақ политехникалық институты химия кафедрасының меңгерушісі, институт партия комитетінің тәрбие мәселелері бойынша жауапты мүшесі Тұрсын Салибаев ағамыз болатын. Ол кісі: «Жаңа ритмдерден, жаңа музыкалық аспаптардан бас тартпайық, бірақ репертуарды ағылшын музыкасы негізінде емес, қазақ әндері, әуендері, музыкасы негізінде жасайық» деді.

Сонымен қатар ағылшын музыкасымен бірге жаңа ритмдер мен жаңа музыкалық аспаптар да керек емес, тек домбырамен әндерімізді айта береміз дегендер де болды. Дос-Мұқасан деген түсініксіз атауды ауыстыру керек дегендер де кездесті. Ленин атындағы сарайдың есігін жанашыр көрермендері қиратып кетті, ансамбльді жазалау керек дегендер де болды. Демек, фильмде көрсетілген өнер мен мәдениеттегі күрес расында басымыздан өтті.

Дегенмен Дос-Мұқасан туралы фильм көркем фильм жанрына жатады. Сондықтан әрине, көрермендерге, әсіресе жастарға, қызық болу үшін, алар әсерді күшейту үшін болған жағдайлар фильмде көркемделіп көрсетілген.

Аңызға айналған – Дос-Мұқасан

Дос-Мұқасанның аңызға айналуында бірнеше себеп бар: Біріншісі, Дос-Мұқасан құрамында сол заманның жастарының қаймағы жиналған. Олар сол кездегі инженерлік кадрлардың ұстаханасы болған Қазақ политехникалық институттың жаңа заманауи автоматика және есептеуші техника факультетінің студенттері еді. Олар оқуға түскен жылы факультетке конкурс бір орынға он абитуриенттен асқан. Сондықтан конкурстан өтіп, оқуға түскендердің негізі мектепті медальмен бітіргендер болды.

Екінші басты себебі, қазақ жастарының арасында заманның өзгеруіне сай музыкадағы жаңа ағым өте биік сұранысқа ие болды. Қазақ жастары жалпы дүниежүзілік рухани даму жолынан шетте қалғысы келмеді. Қазақ музыкалық өнері заман талабына, өмір ағымына сай болғанын қалады.  Сондықтан Дос-Мұқасан сахнаға шыққан күннен бастап жастардың ыстық сезімі мен қолдауына ие болды.

Үшіншісі, Дос-Мұқасан мүшелері көрсеткен өнері қазақ жастарының талабына, сұранысына сай келді, халықаралық деңгейге қазақ эстрадасын танытты, ұлттық мақтанышқа айналды. Қазақстан философтарының пікірінше қазақ жастарының ұлттық сезімі 1986 жылдың желтоқсанында емес, ертерек, Дос-Мұқасан қазақ эстрадалық музыкасын басқа халықтарға мойындатқанда оянды.

— Өнер адамы ретінде қазіргі эстрада әншілеріне берер бағаңыз бен оларға айтар ақыл-кеңесіңіз қандай?

— Эстрадалық музыканың өзінше ерекшіліктері бар. Оларға көпшілікке бағытталғандығы, көңіл көтеретіндігі, қабылдауға жеңілдігі жатады. Бұл жанрда елімізде талантты эстрада жеке әншілері және вокалды топтары, құдайға шүкір, көп. Жылда сахнаға шыққан жаңа таланттармен танысып жүрміз.

Тек біздің еліміздің ғана емес, дүниежүзінің халқын, кәрісін де, жасын да дүрліктіріп, Димаш баламыз эстрада сахнасына шықты. Қазақстанды дүниежүзіне биік өнерлі халық ретінде паш етті. Сонау басқа елдерге жоғарыдан төмен қарайтын, Қазақстан туралы білмейтін Америка халқына еліміздің мәдениетін мойындатты.

 Қазақ халқы музыкаға қабілетті биік халық, музыкада өзінің мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан дара жолы, ерекшелігі бар. Жас әншілерге айтарым ізденіңдер, шаршамаңдар, халықтың көңілінен шығуға күштеріңді аямаңдар. Тек қана халқымыздың бай музыкалық мұрасынан, негізгі ән әуендерінен алыстап кетпей, ерекшілігін сақтаңдар!

— Әсерлі сұхбатыңыз үшін рақмет!

Тегтер: сұхбат өнер ғылым

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:57
Қазақтың «Соңғы самурайы»
Жексен АЛПАРТЕГІ 09:44
Ниязбек әжі
Жамал ҚАМАШ 02.02.2023, 17:24
Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Намысты қолдан бермеуге тырыстым
Бифат ЕЛТАЕВА 31.01.2023, 10:50
Бақыт Қажыбай, актер: Алаш рухын оята алсақ, үлкен жетістік сол!
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 10:40
Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің үздік теннисшілері ондығына енді
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:34
Димаш Құдайберген Шанхайдағы фестивальға қазылық етеді

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16