Мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын шалғайдағы ауыл халқы көріп отыр ма?

М.СӘУЛЕБЕК

13.05.2022, 08:58

2162

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен бекітілген тәртіпке сәйкес облыс әкімдері енді бұдан былай сол өңірдегі аудан, қала халқымен жылына екі рет кездеседі. Халықпен кездесулер бұрынғыдай есеп беру, баяндама оқу сияқты жаттанды сценарий түрінде емес, нақты проблемаларды шешуге арналуы тиіс. Әкімдердің есеп беру форматы өзгерді.Ал халық пен билік арасындағы байланыс, елдің тұрмысы қаншалықты өзгереді?

   Президенттің осы жарлығына сәйкес Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев шалғайдағы ауылдың халқымен кездесіп жүр. Кездесулерде тұрғындардың тұрмысын жақсартуға, жеке кәсіп бастауға септігі тиетін мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына баса мән берілуде. 

Өткен аптада Ө.Шөкеев Қаратаудың теріскейінде жатқан Созақ жұртшылығымен жүздесті. «Атамекен» шаруа қожалығында өңір басшысы жергілікті диқандармен, кәсіпкерлермен кездесті. Екіарадағы әңгіме мейілінше еркін форматта өрбіді. Өңір басшысы шаруашылықтарға су үнемдеу технологиясын енгізудің қажеттігіне тоқталды.

— Біз шаруаларға семинарлар өткізіп, тамшылатып суғару және жаңбырлатып суғару тәсілдерін енгізіп жатырмыз. Созақ ауданында да бақша дақылдарынан өнімділікті арттыруға мүмкіндік мол. Жалпы Созақ ауданының әлеуеті өте жоғары. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласында мол табысқа жетуге болады, — деген Өмірзақ Шөкеев «Атамекен» шаруа қожалығының жұмысын өзгелерге үлгі етті. Аталған шаруашылықта бүгінде жаңбырлатып суғару технологиясы қолданылады.  

Теріскейде мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен өзінің кәсібін бастап жатқандар аз емес. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға мемлекеттік гранттар берілген. Жергілікті әкімдіктің мәліметі бойынша жеке қосалқы шаруашылықтарда үйіргелік жерлерін дамытуды қолға алған 52 азамат 29 миллион теңге грант ұтып алған. Осындай қаржылық қолдаудың арқасында бүгінде олар үйіргелік жерлеріне тамшылатып суару қондырғыларын орнатып, 5,2 гектар аумаққа көкөніс, бақша дақылдарын еккен. Солардың бірі «Болыс ата» шаруа қожалығы қауын-қарбыз егумен айналысады. Биыл аталған шаруашылық Ресейге 143 тонна қарбыз экспорттаған.  Мемлекеттік грант иегерлерінің ішінде тігіншілік кәсіпті игергендер, нан және сүт өнімдерін шығарумен айналысып, балық, ет сату бизнесін дамытып отырғандар да бар.

Аудан орталығы Шолаққорғандағы Орталық алаңда халықпен кездескен облыс басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауаптар берді. Елді мекендердегі шешілмей жатқан проблемалар да көтерілді. Мәселен, ауылда газдандыру мәселесі әлі де өзекті. Ауыл шаруашылығымен айналысушыларды несиелендіру проблемасы да қозғалды.

—Бұрын одақ тұсында Созақты депрессивті аймаққа жатқызатындар болған. Мен мұнымен келіспеймін. Керісінше, Созақтың болашағы өте жарқын деп есептеймін. Уран қоры, фосфор кеніші және ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы аумағы бар. Бұл жақтың мәселелерін де білемін. Сіздер көтерген газ мәселесі біздің назарымызда тұр. Шолаққорғанға газ тарту жұмысы жүріп жатыр. Ол алдағы уақытта шешіледі. Жол құрылысы да аяқталады. Жалпы екі жылда Созақтағы қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың үлесі 80-90 пайызға жетеді деп ойлаймын. Шолаққорғанда мектеп салынады. Жедел жәрдемге қатысты ұсыныс та қаралып, заң аясында шешім қабылдаймыз, — деді Өмірзақ Шөкеев.

Кездесуден кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, мұң-мұқтаждарын тыңдады. 20-ға жуық созақтық тұрғын жеке мәселесі бойынша өңір басшысымен жүздесті.

Түс қайта Өмірзақ Шөкеев Бәйдібек ауданының тұрғындарымен кездесті. Бұл жолғы жүздесуде де ауылдағы шағын бизнесті дамыту мәселесі сөз болды. Өңір басшысы алдымен өз кәсібін жүргізіп отырған азаматтардың өнімдері және ауыл шаруашылығы техникалары қойылған көрмені тамашалап, аудан кәсіпкерлерінің қадамын оң бағалады. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант алған іскер азаматтардың кәсібін аудан көлемінде насихаттап, жұртшылықты кәсіпкерлікке баулу маңызды екеніне тоқталды.

— Облыста мұнай өңдеу зауыты, цемент зауыты секілді ірі жобалар да атқарылуда. Бірақ қазіргі таңда ірі өндіріс орындарын автоматтандырылғандықтан көп жұмыс күшін қажет етпейді. Сондықтан менің басты үмітім – шағын кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығында. Бір адам кәсіпкерлікті меңгеріп, үш тұрғынды жұмыспен қамтыса, бұл мәселе де шешімін табады. Біз осы салаға басымдық беруіміз керек. Бәйдібек ауданында оң өзгерістер бар. Түрлі нысандар салынып, жобалар жүзеге асып жатыр. Өзім осында туып-өскендіктен бұл жердің проблемаларын да жақсы білемін. Ең үлкен мәселе су еді, қазір скважиналар қазылуда. Су қоры анықталды. Бұл істі соңына дейін жеткіземіз. Бұрын Бәйдібекте газ жоқ еді, қазір қамту көрсеткіші еселеп артып жатыр. Кейбір ауылдарға жетпей жатыр, әрине. Оны аяқтаймыз, елді мекендерге газ жеткізіледі, – деді Өмірзақ Шөкеев кездесу барысында.

Осы жерде айта кетері, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша былтыр өңірде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 102 609 адам жұмыспен қамту шараларына қатысқан. Бағдарлама шеңберінде 900 адам қысқа мерзімдік оқуды аяқтап, оның 90 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан. Аталған бағдарлама аясында 1276 азамат 6089,9 млн теңгенің шағын несиесін алды. Шағын несие алушылар тарапынан 1402 жаңа жұмыс орны ашылған. Яғни халықтың әл-ауқатын көтеруде «балық берме, қармақ бер» қағидасы нәтижесін беріп келеді. 

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бифат ЕЛТАЕВА 20.05.2022, 14:08
Бақыт Әмірбек: «Ескі әндердің орны әрқашан бөлек»
Әділ АҚЫЛБАЙ 20.05.2022, 10:40
Киелі жердегі мәдениет фестивалі
Айнұр ӘЛИ 17.05.2022, 11:25
Dаrknet: қараңғы әлем
Бекен КӨКІШҰЛЫ 17.05.2022, 08:57
Халықтың ұлы
Дос КӨШІМ 13.05.2022, 14:10
Түлкі мен тырна
Ерғали БАҚАШ 12.05.2022, 14:35
Хафиздей сүйіп, Мәжнүндей күйдім дертіңе...

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56