Мемлекеттік тілдің түйткілі...

Батыр ЖАСҰЛАН

18.11.2022, 06:54

2110

Өткен аптада Оқу-ағарту министрлігі елдің назарын аударарлық мәлімдеме жариялады. Бірақ бұл жайтқа қазақтілділер соншалықты назар аудара қойған жоқ. Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиеваның әлеуметтік желідегі жазылған жазбасына орыстілді қазақтар мен өзіміздің орекеңдер өре түрегеліп, қарсы жауап қатты. Бұл мәселеге мән бермей-ақ қойсақ та болар еді. Бірақ түйткіл мектептегі қазақ тілінің мәселесіне қатысты болғандықтан, біз үнсіз қала алмадық. Сонда өзге тілде сөйлейтін қазақстандықтарды шошытқан не нәрсе?

Енді келер оқу жылынан бастап, 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсыратын болады. Әңгіменің тоқетеріне келсек, бұдан былай қазақ тілінен емтихан жазбаша және ауызша түрде өтеді. Тыңдау, айту, оқу және жазу сияқты дағдылар міндетті түрде бағаланады. Емтихан тапсырмаларын оқытушылар академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып өздері құрастырады. Бұл пән бойынша қорытынды бағалар 5-8, 10-сыныптарда емтихан және жылдық бағалау қорытындылары бойынша қойылады.

Демек, мектепте оқыған 11 жылда енді оқушылар үш рет емтихан тапсыратын болып тұр ғой. Бұл, әрине, қуана қол соғатын нәрсе. Бірақ дәл осы мәселе орыстілділерге ұнамай тұр. Олардың ойынша, «қазақ тілін білу үшін, ең алдымен, мектепте оқыту методикасын өзгерту керек. Сонда ғана оқушылар қазақ тілін біліп шығатын болады». Бірақ әңгіме методикаға келіп тіреліп тұр ма? Мәселе мұғалімде немесе балада ма? Бар түйткіл қазақ тілін үйренуге деген құлшыныстың болмауында, яғни осы мәселені проблемаға айналдырып, дау-дамай соғып тұрған ата-анаға тіреліп тұр ғой. Бірақ оны ата-ананың өздері мойындай алмайды. Мақұл, мұғалім баланы мектепте қазақ тіліне үйретті делік. Ал көптеген ата-ана үйінде ұл-қызымен қазақша сөйлеспейді. Немересімен орысша сөйлесіп кетіп бара жатқан ата мен әжені талай көрдік. Мұндай жағдайда кінә ұстазда емес.

 Ал жалпы мектептерде қазақ тілінен емтихан алу керек деген не? Мұның пайдасы бар ма? Әрине, пайдасы бар. Біз 5-8 және 10-сынып оқушыларынан қазақ тілінен емтихан алуды қолдаймыз. Бірақ осыны халыққа барынша  түсіндіру керек еді. Бұдан мәселе туындап, айқай-шудың шығуы – министрліктің дұрыстап түсіндірмеуінен болып отыр. Тіл мәселесін ұлтжанды азаматтар емес, мемлекеттің өзі көтеруі керек. Үкіметтің нақты жоспары, идеологиясы болғаны жөн. Үкіметтің тілге қатысты нақты ұстанымы болмаған жерде, біз осылай ұтыла береміз.

Мысалы, үкімет Назарбаевтың «үш тұғырлы тіл» бағдарламасын жүзеге асыру үшін барын салды. Сөйтіп, балалардың миын ашытып жіберді. Бірақ «өміршең деген үш тұғырлы тіл қайда?» Күлі көкке ұшты ғой. Ендеше, біз балаларды неге кінәлаймыз? Кінә үлкендерде, үкіметте, ата-аналарда жатқан жоқ па? Баласын жетектеп, орыс тілі сыныбына алып баратын да ата-ананың өзі де қазақ емес пе? «Қазақстанда тұрғаннан кейін сендерге қазақ тілін үйрену керек». Бұл орысқа да, қазақ, кәріске де қатысты. Бұл – өмір талабы. Мемлекеттік тілді үйреніңдер» деп үкімет басшысы Смайылов батыл айта ала ма? Айта алды ма?

Әңгімеміз құр болмас үшін енді деректі сандармен сөйлеп көрейік. Дәл қазіргі уақытта халықтың 80 пайызы қазақша біледі. Ресми мәліметке сенсек, 1991 жылы елімізде қазақша сөйлейтін халықтың үлесі 37 пайыз шамасында ғана болған. 2015 жылы бұл көрсеткіш 76,3 пайызға өссе, 2016 жылдың соңына дейін 82,3 пайызға жеткен. Ал 2021 жылғы халық санағының алдын ала мәліметтеріне сүйенсек, қазір қазақша білетін ел халқының үлесі – 80,1 пайызға жетіп отыр. Өзге ұлт өкілдері ішінде Қазақстанда тұратын өзбектердің 72 пайызы, ұйғырлардың 71,7 пайызы, тәжіктердің 63,6 пайызы қазақ тілін біледі. Сондай-ақ еліміздегі әрбір төртінші неміс (25,2 пайыз), орыс (25,1 пайыз) және украин (23,7 пайыз) қазақ тілін меңгерген және сөйлей алады. Жалпы, еліміздегі халықтың 15,9 пайызының ана тілі – орыс тілі, 3,2 пайызының ана тілі – өзбек тілі, 1,4 пайызының ана тілі – ұйғыр тілі деген мәлімет бар. Бірақ ең өкініштісі, қазақша білетіндердің үлесі 80 пайыздан асқанымен, күнделікті өмірде қазақ тілін қолданатындар 49,3 пайыз шамасында ғана болып отыр.

БАҚ саласында да қазақтілді онлайн-контенттің үлесі – 78 пайызға жетті. Оның ішінде, мерзімді басылымдардың үлесі – 84,5 пайыз, телеарналар – 79,2 пайыз, интернет-ресурстар 59,8 пайыз. Бірақ ең қиыны, жалпы білім беретін мектептердің 51,2 пайызы ғана таза қазақ тілінде білім беретін болып отыр. Республикамыздағы мектептердің 17,2 пайызы таза орыс тілінде білім алады.

Өткен жылы мектеп табалдырығын аттаған 1 сынып оқушыларының 70 пайызы қазақша білім алуды таңдады. Сонда мәселенің түйткілі неде? Ең алдымен, баласымен орысша сөйлесетін ата-анада және мемлекеттік тілдің мәртебесінің барынша артуына мүмкіндік бермей отырған билікте болып отыр ғой.

Демек, бұдан шығатын қорытынды не? Халықтың 80 пайызы қазақша білетінін көре тұра, биліктің өзі іс-қағаздарын толыққанды қазақ тілінде жүргізбей отыр. Біздің үкімет бір жағынан, деректерді жағымды етіп халыққа көрсетуге аса құмар, екінші жағынан, өздері тілге қатысты оң тірлік жасамайды. Ашығын айту керек, Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік тілдің мерейін арттыру үшін қолынан келген барлық қадамды жасап жатыр. Бірақ ертең мектеп бітірген сол ұрпақ мемлекеттік мемелерге қызметке тұрған кезде бәрі керісінше болады. Өйткені іс-қағаздары түгел орысша! Мәселе мынада: Билік қазақ тіліне қатысты батыл, ашық саясат жүргізсе, халық соған бағынады және иланады. Көнеді. Мемлекеттік тілді үйренуге бар ынтасы артады. Әйтпесе, мектептегі 11 жылда қазақ тілінен он рет емтихан ал, бәрібір нәтиже болмайды.Мемлекеттік тілдің түйткілін мектептегі емтихан шеше ме? Билік осыны айқын түсінуі тиіс.

Тегтер: тіл мәселе түйіткіл

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:57
Қазақтың «Соңғы самурайы»
Жексен АЛПАРТЕГІ 09:44
Ниязбек әжі
Жамал ҚАМАШ 02.02.2023, 17:24
Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Намысты қолдан бермеуге тырыстым
Бифат ЕЛТАЕВА 31.01.2023, 10:50
Бақыт Қажыбай, актер: Алаш рухын оята алсақ, үлкен жетістік сол!
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 10:40
Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің үздік теннисшілері ондығына енді
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:34
Димаш Құдайберген Шанхайдағы фестивальға қазылық етеді

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16