Мен де Желтоқсан құрбанымын

Ордабек ЖҰМАТАЕВ

15.09.2020, 09:43

640

Биыл 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне 34 жыл толады. Аз уақыт емес. Алайда көтеріліс қазақ тарихының жұмбағы көп бір бөлігі болып келеді. Ә деп, басталғаннан бағасы бұрмаланған оқиға сол бағытымен жалғасуда. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің М.Шаханов бастаған комиссиясының шешімінде де қазақ жастарының стихиялы түрде шыққан оқиғасы делінеді. Әйткенмен өзім жинақтап, көтеріліс қаһармандарының естелік материалдары негізінде санаулы ғана таралыммен шығарып келе жатқан «Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кітаптарымның томдары ұзарған сайын, оның ұйымдастырушысы болғанына көзім жеткен үстіне жете түсуде. Биыл көтеріліс күні қарсаңында кезекті 14-томын елге ұсынамын. Белгілі кәсіпкер Ордабек Құматаевтың төменде өздеріңіз оқитын естелік мақаласы осы кітапқа енбекші. «Менің де көтеріліс ақиқатын ашуға қатысты естелігім бар» дейтін кісілер болса, мына телефонға хабарласуларын сұраймын: 8 (727) 233-62-23,  +7 701 224 04 93 Талғат Айтбайұлы

Сол жылы күзде «Алматыпромстрой» тресіне қарасты «СМУ-23» құрылыс орнына прорабтық қызметке бардым. Қазіргі Наурызбай мен Мәметова көшелерінің қиылысынан сәл төменіректе «Рамстор» деген дүкен бар емес пе? Ол әу баста совет әскери-теңіз флоты матростарына тельняжка, күпәйке, басқа да киімдер тігетін өндіріс орны ретінде құрылысы енді ғана қолға алынған еді. Жұмысшыларымның көбі қазақ жастары. Жалақымыз да жоғары. Еңбегіміз өнімді жүргізіліп, азғана уақыттың ішінде азаматтық қорғанысқа арналған төменгі бөлігін бітіріп, бірінші қабатын көтеріп тастадық. Бригадирім орыс азаматы, өз ісінің білгірі болатын. Сондықтан да трестің басқа құрылыс нысандарынан келіп, «бізге ақыл-кеңесі керек болып тұр» деп алып кететін. Оның көмекшісі татар жігіт.

Желтоқсанның 16-сы күні түскі астан вагоныма келіп, теледидарды қосқанымда, диктор Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің кезектен тыс пленумы өткенін, КПСС орталық комитеті саяси бюросының мүшесі, Қазақстан КП орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өз еркімен қызметтен кеткенін жеткізді. Мен ес білгелі үлкен қызметте жүрген, халқымыздың ең құрметті кісісі саналатын тұлғаның әп-сәтте жұмыстан алынуы қақ маңдайымнан бір қойғандай әсер етті.

Кештетіп үйге оралдым. Көңілсіз ойдан серпілейінші деп, ертерек жатып қалдым. Бірақ біздің «Березка» жатақханасында әлдекімдер түні бойы арлы-берлі сапырылысып жүріп шықты. Тіпті біздікінен басқа бөлмелердің жарығы сөнбеді десем де болғандай. Мен ұйықтап бара жатып оянумен болдым. Кіреберіс есікте отырған апай қайта-қайта ашылып-жабылған есікті аңдумен болған шығар. Әйтеуір, жайшылық емес еді.

Таңертең әдеттегідей ерте тұрып, Ержанды балабақшасына әкеттім. Ол жатақханамыздың қарсы жақ бетіндегі үйлердің арасында болатын. Оны қалдырып, троллейбусқа отырып, жұмысыма кеттім. Күнде алғашқылардың бірі болып келетін едім. Келсем, көбі осында. Әдеттегі жарқылдап көрініп, аңқылдап амандасатын кісілерімнің түрі басқа. Екі вагонды бір-біріне тақап қойғанбыз. Арғы жақ вагонда орыстар мен татарлар, ұйғырлар отыр. Бергісінен дабырласа сөйлескен қазақтардың үні шығады. Ұлты басқалар меншіктеген вагонға кіргенде, бұрыш-бұрыштан жоғары кернеулі электр линияларына тартатын темір сымды бір құлаш-бір құлаш етіп кесіп, үйіп қойғандарын көзім шалды. Диаметрі екі сантиметрлік ол сымдар вагонның жанында жататын. Арматуралар да кесілген. Орыстардың ішінен біреуінің «ждем Куматаева, в какую  сторону пойдет сейчас, посмотрим» деген күңкіл сөзін де естіп қалдым. Мен соның алдында ғана кандидаттық мерзімім бітіп, партия мүшелігі билетін қолыма алған едім. Отырған орыстардың арасындағы жастау біреуінің енесі біздің «СМУ-23-те» партия ұйымын басқаратын. Соның өзінше қоқиланып, «қазір бұл қайтер екен, егер аналарды қолдап кетсе, онда оны партиядан шығартамын» деген сөзін де құлағым шалды. Шыдай алмай, «ты почему на мне остановился?» дедім. Мәселе маған тіреліп тұрған жоқ, түсініңдер, бұл жерде бір саясат жатыр дедім. Содан кейін «мына темір кеспелтектерді кім кесті» деп шүйілдім. Бәрі бұғып, естімеген түр танытты. «Мынаның бәрін не үшін кестіңдер? Бұл пиғылы дұрыс адамның ісіне ұқсамайды, біреулерді ұру үшін әдейі жасалған нәрсе» дедім. Қазақ жігіттердің қатысы бар шығар деп, олардан да сұрап едім, бәрі «біз жасаған жоқпыз» деп шулап қоя берді. Айналып әлгілерге келдім. «За это в производственных правах материально ответственный я, – дедім. – Мына кесілген темірлердің бәрін сендердің мойындарыңа саламын: саған, саған және саған, – деп, әрқайсысын сұқ саусағыммен көрсеттім. – Барлық шығынды айлықтарыңның есебінен ұстатамын, көресіңдер».

Олар да қарап қалмай дауыс көтермек болды. «А ты смотри что вокруг творится» дейді ақылдымсыған біреуі. «Әй, сендерге осыны кесуге кім нұсқау берді?» дедім қатуланып. Сөйтсем, «қайтып орнына апарып қоя саламыз» дейді. «Сендер бұны қоя алмайсыңдар, бәрі кесілген, енді бұл қалпында пайдалануға келмейді».

Мен олармен осылай айқайласып шықсам, қазақ жігіттердің бәрі қақпа алдында топтанып тұр. Ішінен біреуі «аға, бізді бастаңыз, алаңға кеттік» дейді. Содан кейін «айналып кетейіндер, бізге сағат беске дейін бұл жерден кетуге болмайды, жұмыс тәртібін бұзбайық, қазір кетпеңдер, жұмыс уақыты біткеннен кейін бәріміз бірге барайық» деп, ақылға шақырдым. Бестен кейін әркімнің өз уақыты, кім қайда барады, не істейді – еркінде. «Мені тыңдаңдар, жұмыста болайық» деген сөздерім оларға кері әсер етті. «Ой, аға, біз сізді әдейі күтіп едік, бәрімізді бастап апарады ғой деп сеніп едік, мынауыңыз не, кежегеңіз кері кетіп...» деп кінәлай жөнелді бірі. «Мен жұмысқа жауапты адаммын. Сендердің алаңға барамыз деген ойларыңа қарсы шығып тұрған жоқпын, бестен кейін бәріміз бірге барайық деп тұрмын». «Жоқ, аға, сізде намыс жоқ екен, біз соны көрдік» деп қатқылдау кетті бірі. «Әй, көкелерім, жаңа мына вагонда отырғандармен қалай ұрсысқан даусымды естідіңдер. Мен оларды да  қолдап тұрған жоқпын. Ана кесілген материалдардың бәрін мойындарына саламын. Енді сендерге айтар жанашыр ақылым – қазір шықпаңдар, бестен кейін де үлгереміз. Сөзім – сөз, сендерді өзім бастап апарамын».

Бұл менің қаяусыз ойым еді. «Бәріміз бір-ақ барамыз, алаңдағы елдің ортасында бірге боламыз» дедім. Бір кішкене қулығым болса, солай дер ме едім? Бірақ мұның әдейі ұйымдастырылған нәрсе екенін қайдан білейін. Жұмыс уақытына нұқсан келтірмесек, тәртіп бұзбасақ болды ғой деген ойымның өзі қателік екенін кейін, желтоқсаншы қыз-жігіттерді жаппай жауапқа тартып, жазалап, оқудан қуып, жұмыстан шығарып, соттап жатқанда бір-ақ білдім.

Не керек, алаңға баруға бет алған жігіттер «аға, қалсаңыз қала беріңіз, біз сізді түсіндік» деп, қақпадан шығып, көшені бойлап жоғары қарай өрлеп кетті. Соңдарынан қарап тұр едім, бәрі сол көшенің бойымен жүретін №35 автобусқа жапатармағай мінді. Қайырылып ішке келдім. Аналардың жанына барып, «че сидим, пошлите работать» дедім. Олар түк естімегендей бедірейіп отырып алды. Біреуі «нам сказали не работать» дейді. «Онда неге отырсыңдар, үйлеріңе кетіңдер, мен кешкі беске дейін осында боламын» дедім. Бәрібір орындарынан қозғалмады, дойбы ойнайтыны дойбы ойнап, шылым шегетіндері темекілерін бұрқыратып отыра берді.

Содан біраз бұрын бізге Венгриядан екі отбойный молоток әкелген, астында қозғалтқыш дөңгелегі бар, қажет деген жерімізге итеріп апарып, жұмысымызды істейміз. Өзі қымбат нәрсе, ешкім ұрлап кетпеді ме екен деп, күнде ертеңгілік келген бойда бір қарап қоятын едім. Сол әдетіммен астына түстім. Жоқ, екеуі де қойылған орнында тұр. Басқа құрал-жабдықтарды да тексердім, бәрі орнында. Жарайды, көрдім ғой деп, жоғары көтерілсем, тура біздің вагонымыздың алдында «Уазик» тұр. Кім болды екен, неге келді екен деп, солай қарай барайын дедім. Жұмыста кімдер бар, кімдер жоқ деп, қолдарына қалам-қағаздарын ұстап, тексеруге парторгы, кәсіподақ комитеті, комсомолы, кадр бөлімінің бастығы бар – бір қауым болып келіпті. Әлгі «Құматаевты партиядан шығартамын» деп, қоқиланып отырған орыс жігітінің енесі «бұл жерде партийный адам қалды ма десем, ол да жоқ қой» дейді терезеден басын шығармай. Мынау не деп тұр, қасына тезірек барайыншы деп келгенімше, «Уазик» жүріп кетті. Мынауы несі, әдейілеп тексеруге келген соң, әуелі менімен сөйлеспей ме деп кіжіндім. Қаным басыма тепті. «Ашу-ыза оң істің де өңін айналдырып жібереді» деуші еді, артын күтейін деп, өзімді сабырға шақырдым. Машина ұзап кеткенше тұрған орнымда тапжылмай тұрдым. Олар вагондағылардың сөзін малданған. Қазақтардан ешкім қалмады деген болар. Мені де сұраған шығар, әлгілер қазақтарының соңынан кетті дегені күмәнсіз. Ана вагондағы орысы, татары, ұйғыры аралас – бәрі бір ауыз болған топтың не деп, не қойып жатқанын білмедім, өзім екінші вагонға кіріп, ауыр ойдың құшағында көміліп, беске дейін отырдым.

Сағат тілі беске таяған кезде күзетші келді. Бүкіл объектіні көрсетіп, қарауына тапсырдым. Аналарға кіріп, «мына жерден ештеңе алушы болмаңдар» дедім. Бәрі дәл солай сыртқа шықты. Өзім де кеттім. Сонда кетіп бара жатып жанымнан өткен №35 автобустың қираған терезесін көрдім. №2 автобус өтіп еді, ол да сондай екен. Аялдамадан кейінгі келген біреуіне мініп, жоғары көтерілдім. Наурызбаймен жүріп, Шевченко көшесіне келгенде ол өз бағытымен жүрмей, оңға бұрылып барып тоқтады.  Автобустағылардың бәрі дерлік түсе бастады. Мен де солармен бірге түсіп, алаңға қарай қозғалдым.

      Барсам, алаң толы нөпір халық. Біреулер кіріп, біреулер шығып жатыр. Алаңның сыртын милиционерлер мен қалың әскер қоршап тұр. Бірте-бірте қараңғылық қоюлана бастады. Менің аяғымда жұқа туфли болатын. Барым сол болған соң, кигенім. Табанымнан ызғар өтті. Аяғым қатып қалмасын деп, арлы-берлі жүрдім. Айнала-төңіректің әбден қараңғы болғанын күткен болу керек, көп ұзамай араңдату әрекеттері басталды. Мен орталық телестудияның оң жақ бетіндегі биік жерде тұрдым. Алаңдағы оқиғалар алақанымдағыдай көрінетін жер. Қазір «қаһармандар» көбейіп кетті ғой, айдай ақиқатым, мен қақтығысқа қатысқаным жоқ, тек қана сырттай көруші болдым. Қазақ жігіттерінің қолдарында қарсылық жасайтын ешқандай құрал болмады. Соған қарамай, беттеріне үлкен қалқан ұстаған, қолдарында резеңке сойылдары бар солдаттар сұрапыл соғыс кезіндегідей шабуылдады. Содан кейінгі көріністі айтудың өзі ауыр.

       Өйткені олар зұлым жауға тигендей әрекет жасады. Құлатқанын құлатты, сұлатқанын сұлатты. Қолға түскендерді қыз демей, жігіт демей, ұрып-соғып, сүйреледі. Есігі ашық машиналарға күштеп мінгізді, оған көнбегендерді тепкілеп, қанға бөктіріп, аяқ-қолдарынан ұстап, көтеріп кіргізді. Әдейілеп орнатылған прожекторлардың көз қарықтыратын қатты жарығы алаңды жарқырата осқылап тұрды. Кетейін десем кете алмай, жіпсіз байландым. Ішім күйініштен қан жылады. Қасымда тұрған қандастарымыздың бәрі дәл сондай азапты күйде еді. Мұндайда адамды дәрменсіздік жегідей жейді емес пе?! Бұл исі қазақты тұқыртқан, намысын таптаған, ұлт ретінде кемсіткен қасіретті күн болды. Ұлттық намысын ұрандатып шыққан қазақтың қыз-жігіттері ұлы ерлік жасады. Оларды жеңілді деуге болмайды. Қазақтың қандай ұлт екенін әлемге танытты. Соның куәсі болдым. Өкініштісі, осы ерлікті өзіміз әлі де бағалай алмай келеміз. Ашылып бітпеген құпиясы, айтылып бітпеген қасіреті көп. Осының бәрі бүгінгі билігіміздің оған қырын қарауы себебінен...

Көтеріліс туралы «жыр» қашанға дейін жалғасатынын бір Құдай біледі. Менің өз басымнан өткергенімнің өзі ауыр әңгіме. Қорландым, қазақ ретінде қасірет шектім. Құрылыс нысанында күндізгі бастан кешкенім анау, содан соң түнгі бірге дейін қалтырап, тоңғаныма қарамай, алаңның сыртында жүрдім. Тағы да тұра берер ме едім, ертеңгі жұмыс еріксіз қозғады.  Мен кеткен кезде де алаң арпалыс үстінде еді.

Жаяу жүріп, Сәтбаевтың бойымен Байтұрсыновқа жақындадым. Дәл сол маңда автобустар тұратын кішкене алаңқай болатын. Сол жерге келсем, қарсы алдымда маңдайшасына «Алма-Атапромстрой» деп жазылған жазуы бар екі автобус тұр. Мен сол кәсіпорынның кісісімін деген оймен біреуінің есігін аштым. Сөйтсем, ішіндегілер мұрындарын тыржитып, «вот настоящий пришел» дейді. Жыным қозып, «Я тебе что нибудь кидал что ли? Мое личное время, я наблюдал» дедім. «Смотрел, смотрел и досмотрелся» деді орыстар бір-бірлерін қостап. Арасында ішінара қазақтар да бар. Бірақ орыстанып кеткен намыссыз қазақтар.

«Өй, сендерді адам деп жүрген...» дедім де, бұрылып жүре бердім. Абайға шығып, сол көшені бойлап, Мате Залкаға қарай аяңдадым. Жолда топ-топ болып алаңға бара жатқан кісілерді кезіктірдім. Бәрі қазақ жастары. Жатақханаға қатты жаурап, шаршап жеттім. Бөлмеге кіргеннен кейін де денемнің дірілдеуі көпке дейін басылмады.

Таңертең ертелетіп жұмысқа келдім. Ойымда кешегі кесілген темірлер. Соларды біреулерге беріп жіберген жоқ па екен деп қарасам, бәрі кешегі орындарында тұр. Бұл таңғы жетілер шамасы болатын. Біреу телефонды шырылдата жөнелді. Бұл кім болды деп көтерсем, «Куматаев» дейді. Парторгтың даусы. Амандасайын деп аузымды ашқанша, «Құматаев, сен партиядан шығарылдың» дейді төбемнен жай түсіргендей болып. «Не үшін? Сонда кім мені партиядан шығарды?» дедім. «Кеше «Алматыпромстрой» тресінде жедел түрде өткізілген партия жиналысы болды, соның шешімімен алындың» дейді. Қазір ғой, партия туралы айтса күле тыңдаймыз. Өйткені «Нұр Отанды» ойлаймыз. Ал ол заманда Компартия сапынан шығу келешегіңе балта шабылу еді. Бүкіл болашағың сонымен бітеді, қанша керемет маман болсаң да, қайтып өсірмейді. Тіпті бұл жағдай ұл-қыздарыңның тағдырын да айналып өтпейді. Мұны қасірет деп қабылдаған талай ағаларымыз мезгілсіз өмірден өтті, ауру-сырқау тапты, күйзеліске ұшырады.

Мен АХБК-дан қызметте шектеліп қалмайын, келешегіме даңғыл жол ашайын деп, «Алматыпромстройға» келдім емес пе? Трест басшылары да партия мүшесі болғандықтан, сенім арта қарады. Жұмысқа келгелі ешкімді ренжіте қойған жоқпын. Құрылыс жұмысымыз тоқтаусыз жүріп жатыр. Жоспарды артығымен орындап, үстемеақы алумен келеміз. Енді, міне, қараңызшы, «партиядан шығарылдың» дейді. Және сөзімді тыңдағысы келмей, «все, разговор окончен» дейді.  Дегбірім кетті. Бірден трестке бардым. Партия комитетінің хатшысы, ұмытпасам, Сейдәлиев деген кісі болу керек. Ол кісіге өзімді таныстырып, бұл қалай болды деп, сөз бастағаным сол, «идите в райком, там вам объяснят» деді пышақкесті жауаппен. Сол сөзінен кейін Алатау аудандық партия комитетіне келдім. Бірінші хатшы Шалбай Құлмаханов болатын. Кіреберіс бөлмесінде өңкей өңірлері саудыраған орден-медальдарға толы орыстың шалдары отыр. Партиялық комиссия дейтін болушы еді, әсте солар болу керек. Бәрінің қабақтары қатулы. Қолтықтарында бір-бір папка, қолдарында «КПСС тарихы» кітабы. Мені көргенде, тура қасқыр көргендей «вот еще один бунтарь пришел» деді үдірейе қарап. Олармен ұрсысатын шама жоқ, бірінші хатшының есігін ақырын ашып, «рұқсат па екен» деп, ішке кіргенім сол, көзі шатынап, «шық, не бар саған?!» деді бірден. Онысына қарамадым, тура алдындағы орындыққа отырдым да: «Мені партиядан шығарыпсыздар. Айтыңызшы, не үшін шығардыңыздар?» деп бетіне тіктей қадалып. «Қай организациядансың?» деп сұрады. «Промстройданмын». Кеше бюро болыпты. Тресте жедел түрде партия жиналысы өткізіліпті. Ешқайсысына қатыспадым. Сонда қалай партиядан шығарылдым, соның себебін білейін деп келдім», деген сөзімді бітіртпей, «шық, шық, бітсін бәрі, кейін түсіндіреміз», деді. «Жоқ, мен шықпаймын, осы қазір түсіндіріңіз». «Шықпасаң, онда тура қазір милиция шақыртамын, күштеп шығарамыз», – деп, Құлмаханов орнынан тұра бастады. Түрі өрт сөндіргендей түтігіп кеткен. Тұла бойымды ашу-ыза кернеді. Әйтеуір, қатты сөзге бармай, кабинетінен шығып кеттім. Есесіне Құлмахановқа деген ызамды кіреберіс бөлмеде отырған шалдарға көрсеттім. Қарсы алдарында қасқайып: «Это вы бунтари! Вот с этим секретарем всех вас надо сажать! Вот здесь сидите и общественную панику создаете. Поэтому вас надо сажать! И у вас партийный билет надо снимать, не у меня», – дедім де, сыртқы есікке бет алдым.

Әттең, сол сөздерді ауданның бірінші хатшысы болып, өзін жарты құдайдай көріп отырған Құлмахановқа айтуым керек еді, айта алмадым. Кейін көпке дейін солай етпегеніме өкініп жүрдім. Өйткені кінәсізден кінәсіз партиядан шығарылдым, жұмыстан қуылдым. Сондықтан дәл сол мезетте мен үшін қорқатын дәнеңе жоқ еді.

Көтеріліс екі күнге созылды. Одан кейін оны ұйымдастырушыларды, қатысушыларды жер-жерден шарқ ұрып іздеу науқаны басталды. Үш әріптің кісілері, милиционерлері бар – бәрі жұмысты қатты екпінмен қолға алды. Қамалғандарды соттау басталды. Сол қылмыскерлердің қатарында мен де бар едім. Шаляпин мен Береговой көшелерінің қиылысына таяу жерде аудандық ішкі істер бөлімі болатын, мені сол жердегі изоляторға апарып қамады. Екі капитан тергеуші – біреуі орыс, екіншісі қазақ – тергеудің астына алды. Қазақ капитанның аты-жөні есімде қалмапты, сол азамат іске шын жанашырлықпен қарады. Не болып, не қойғанын сұрады. Бәрін жасырып-жаппай, болғанды болған күйінде баяндап бердім. «Күні бойы жұмыста жүрдім, алаңдағы қақтығысқа қатыспадым. Бірақ алаң жаққа барғаным рас, бүкіл оқиғаны түнгі сағат бірге дейін телестудияның алдындағы биік жерінде тұрып көрдім. Келесі күні таңертең сағат жеті болмай, жұмыс орныма бардым. Сол жерде партия қатарынан шығарылғанымды естідім. Содан кейін мән-жайын білейін деп, трестке бардым. Алатау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шалбай Құлмахановтың кабинетіне кірдім, – деп, ол жердегі әңгіменің бәрін еш қоспасыз сол күйінде баяндап бердім. – Жастардың ренішін түсінемін. Мен дәл осы сәтте де сондай пікірдемін. Қай республикада осындай кемсітушілік орын алды? Немене, біздің аналарымыз өз жерімізді, өз республикамызды басқаратын бір ұл туған жоқ па? Мен қазақ халқының бір ұрпағы ретінде күйіндім. Алайда айттым ғой, еңбек тәртібін бұзбадым. Қарамағымдағы алаңға бет алған жігіттерге жұмыстан кетпеңдер, бестен кейін де баруға болады дедім. Тіпті сендерді бастап барамын. Бұл жасыратын ой емес. Сонда қайран қалатыным, мені сыртымнан партия қатарынан аластататындай қандай өрескел  қылмыс жасадым?  Жарғы қайда? Біз соған сүйенбеуші ме едік? Өз ойымша, бір түсінбестік жағдай орын алды. Мен ештеңені бүлдірмесем де, осы келеңсіз жағдайдың бір құрбаны болып отырмын», – деп едім, әлгі жігіт қайда, кім болып қызмет істейтінімді сұрады. «Промстройда» прораб болып істегенмін, қазір партияда да, қызметте де жоқпын» дедім. «Болды, әңгімеңді түсіндім» деді.

Тергеу осымен біткен екен, енді қайтадан изоляторға апарып қамайтын шығар деп отыр едім, ту сыртындағы есікті көрсетіп, «ашып шығып кете бер» деді. Бірақ сенер-сенбесімді білмей аңырып тұр едім, өзі орнынан тұрып есікті ашты да, «жүре бер» деді.

Міне, Желтоқсан көтерілісіне қатысты бар әңгімем – осы. Тергеу қағаздары жүргізілді ме, маған қатысты қандай қағаздар бар, ол жағына күні бүгінге дейін білейінші деп қызыққан емеспін. Жазықсыз жазаланғандардың бәрі ақталғанын анық білемін. Ақиқатын айтқанда, мен де жазықсыз жапа шеккендердің қатарында емеспін бе? Қызметтен кеттім, Компартия қатарынан қуылдым. Егер соңына түсіп ізденсем, қызметіме қатысты да, партиялық жазалауға байланысты да құжат қағаздар президент мұрағатынан табылуы әбден мүмкін. Себебі осындай іспен шұғылданып жүрген желтоқсаншы жігіттерден естіген сөзім бұл. Олар «Ореке, сіз де қуғын-сүргін көрдіңіз. Жазықсыз жапа шектіңіз. Енді неге ақталып алмайсыз?» деп кеңес береді. Сөздеріне ден қойсам, айтқандарының бәрі жөн. Ендеше, Желтоқсан көтерілісінің батыры атану үшін де емес, марапатын малдану үшін де емес, тек ақиқат үшін соңына түсіп, прокуратура беретін ақтау құжатын неге алмасқа деймін өзіме-өзім...

Әдеби өңдеген Талғат АЙТБАЙҰЛЫ

Тегтер: желтоқсан жаңғырық комитет саясат халық көтеріліс

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Гүлжаз ҚАРЫБЕК 22.09.2020, 10:33
Бекжігіт СЕРДӘЛІ: Менің сахнам – дастархан басы
Дамир ӘБІШЕВ 22.09.2020, 10:21
Ұятың қайда теңге?
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ 17.09.2020, 10:36
Дара дауысты ДИАС
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 15.09.2020, 10:36
Фашисті қынадай қырған қарағандылық танкіші қыздар
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 15.09.2020, 10:28
Қарағандылық белсенділер Абай еліне аттанады
Төлеген АРКОНОВ 15.09.2020, 10:23
Сүйікті газетім – жан серігім

Аңдатпа


  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27