Мен ояндым

Бақытжан СОВЕТҰЛЫ

30.06.2022, 12:54

2591

Тілшіліктің тіршілігі біткен бе? Бүгін редакцияның күйбің тірлігін күйттеп үйге кеш келдім. Әйелім күндегі әдетімен мені күтпестен, тәтті ұйқыға кетіпті. Қатыннан қашанғы қорқамыз. Бұл жолы батырлығым ұстап, көрпесін жұлып алдым да, айқайға бастым. Көзін уқалап, ұйқысын аша алмаған әйелім түкке түсінбей әлек. Бір уақытта өз-өзіне келген ол ала көзімен атып:

– Сені жын ұрған ба? – деді.

– Иә, жын ұрды. Жұмыста бастықтан, жолда полициядан, үйде сенен қорқам. Болды. Бітті. Енді батыр болам! Шай жаса, тамағыңды бер, – дедім айқайлап. Қайдағы. Қатыным шыбын шаққан құрлы көрген жоқ. Мысқылдай қараған бойы тілінің тікенегін сұғып алды.

– Ойбой, мынаның батырын-ай. Алпамыстай ақырып, Қодардай құтырғаныңа қарағанда, бір жас иіс таптың-ау деймін, – деді ол.

–Давай, сен сөзді қой. Мен сенің байыңмын ба, жоқ па? – дедім қалшылдап.

–Ал байымсың дейік...

– Байың болсам, тамағың дайын болсын! Бар әкел!

– Фу, сенің сөзің де, өзің де құрысын. Ас бөлмеге бар да атауыңды ішіп, жей бер.

– Әй,  сені мен қазір....

– Ал, не істейсің?

– Мойныңды жұлып аламын!

– Ойпырмай, ә!

– Теуіп-теуіп тезегіңді шығарамын.

– Вот, міне, Бекежан!

– Мыжып, мыжып....

– Болды жетер енді. Қайтер екен десем: өңмеңдеп, өршіп барасың. Одан да елдің еркегі сияқты үй алмайсың ба?

– Кімнен ұялам?

– Ар, ұят деген онсыз да сенде жоқ қой. Ұялмай-ақ қой. Үй ал деймін, үй. Баспана. Балаларың ержетті. Қызың күйеуге кетті. Жалдамалы пәтерде  өмір сүріп, өмір бойы тұрып келеміз. Қыздың тойына бардық, құдалығында болдық. Енді біз оларды қайда шақырамыз, осыны ойладың ба?! Қағазға телміріп, жазғаннан басқа жұмысың жоқ. Әкімді мақтағаннан мүйіз шығатын болса, сенікі ендігі бұғынікіндей болатын еді ғой. 

– Жә, жә, – дедім мен. Атакадан «аут» кеткенімді сезіп. «Әкім – халық адамы. Ол ойнап жүрген жоқ. Елдің қамын ойлап жүр», – дедім дауысымды барынша, бәсеңсітіп.

– Міне, сен сияқты «жалаң аяқ, жалаң бұт» журналистер елдің бәрін  адастырып бітті. «Бізде керемет. Алға қарай дамып барамыз, айға қарай шауып барамыз» деп. Атаңның басы керемет. Ел тақыр тазға отырды. Ал әкімдерің алтын тазда отыр.

– Тазы несі тағы да?

– Унитазды айтам.

Мен сылқ ете түстім. Қатты соққы алғаным сонша әншейінде нокдаунмен құтылатын байқұс басым, бұл жолы төсекке топ етіп, нокаутқа түстім. Бүйтіп ас ішкенше, атауымды ішкенім жақсы еді. Нокаут?! Әйелім, жо-жоқ… ақ киінген. А, бұл төреші екен ғой, үстімнен төніп тұрған.

– Бір, – дейді.

– Иә, бір, – деймін ішімнен. Ол не еді? Ә, айтпақшы, 1465  жылы Қазақ хандығы құрылды ғой.

– Екі, – дейді. Екі? Жерімізді кеңейтіп, еңселі ел болдық.

– Үш, – дейді. Үш? Үш жүздің басы қосылып, жоңғарларға тойтарыс бердік.

– Төрт. Орысқа бодан болдық.

– Бес. Елді ашаршылық жайлап, кенеше қырылдық.  

– Алты. Тоқырау кезеңінде тоқырап, тіліміз бен тілімізден айырылып қала жаздадық.

– Жеті. Желтоқсан көтерілісі.    

– Сегіз. Ақ түйенің қарны жарылып, тәуелсіздігімізді алдық.

– Тоғыз. Алға басқан аяғымыз артқа кетіп, тағы да 30 жыл тоқырадық.

 - Ооо… От!

От емес-ау, лапылдаған өрт! О, сұмдық! Қып-қызыл шоқ ішінен Қызыр баба шықты. «О, айналайын, Қызыр баба», – деймін.

– Сіз ақ шапан, ақ сәлдемен ақ сақалды болып келуші едіңіз ғой.

– Тұр балам, тұр, – дейді ол.

– Тұра алмаймын. Нокаутқа түстім, – деймін мен.

– Жоқ балам, сен әлі нокдаундасың. Осыдан 555 жыл бұрын орысқа бодан болғанда «нокаутқа» түскенсің. Содан бері «мың өліп, мың тірілдің». Араға сан ғасырлар салып, Феникс құсы сияқты қайта түледің. Тәуелсіздік алып, тік тұрдың. Енді екі аяғыңнан нық тұр. Сенің нокаут алуға хақың жоқ. Еліңмен бірге еңсеңді көтер. Басқа келімсектер басынып кетпей тұрғанда қазақ екеніңді көрсет! Жердің иесі де, киесі де сен екеніңді дәлелде! Тұр, балам, тұр!

Қызыр бабаның құдіретті даусынан дүр сілкініп, атып тұрдым. Оқыс қимылымды жақтырмаған мысығым жонын бір күдірейтіп, маған атылардай «баж» етті де қайта сабасына түсіп, аяғыма оратылды. Оны теуіп жіберейін деген ойымнан тез қайттым.

– Жарайды, үйде жүре, өмір сүре бер. Тек шаңыраққа қара!– дедім іштей оны ала көзіммен атып. Әйелім болса әлі тәтті ұйқыда  жатыр. Мейлі, ұйықтай берсін. Ұйықтасын. Ал мен ояндым! Ояндым! Ал сіз ше?

Тегтер: саясат пайым пікір билік мансап лауазым сатира

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 15:15
Қазақстандық спортшы Ислам ынтымақтастық ойындарында жүзуден рекорд орнатты
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 12:02
Мәдениет қызметкерлеріне арналған UMAI сыйлығы тағайындалды
Сайт әкімшілігі 10.08.2022, 09:26
Бүгін Абай күні
Сайт әкімшілігі 08.08.2022, 12:56
Қазақстан дүниежүзілік шахмат олимпиадасында үздік үштікке енді
Сайт әкімшілігі 08.08.2022, 09:07
Ұлы ақынның туған күні Абай облысында қалай ұйымдастырылады?
Бифат ЕЛТАЕВА 05.08.2022, 18:18
Жастар ресурстық орталықтары өзін-өзі бағалай алады

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49