«Мен таныған Отарбаев»

«Ақиқаттың алдаспаны» байқауы

Қасиет БАХКЕРЕЙҚЫЗЫ

26.11.2021, 14:30

1283

Рахымжан Отарбаевтың шығармашылық тұлғасына арналған номинация

Жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаев жайында сөз қозғау үлкен абырой деп білемін. Оның өмірі жарқ етіп жанған жұлдыз іспетті. Ол өз ғұмырында тілші, мұғалім, редактор, төраға, директор, бас директор мен бас редактор да болып үлгерді. 

Мен жазушы шығармаларының талайын оқып, өзіме ой түйіп алдым. Оның бүкіл дүйім жұртқа қалдырған мұрасы ешқашан өлмек емес. Өйткені ол – қайда барсақ та бізден қалмайтын, оқылатын, кейінгі ұрпаққа сақталатын рухани дүние. Біз оны жоққа шығара алмаймыз.

Әңгімелері өмірлік рухани азығыма айналды десем қателеспеймін. Соның бірі – «Алтын» әңгімесі. Онда жазушы бас кейіпкердің ішкі өмірін, яғни санасындағы сан алуан ойларын, қайшылықты тұжырымдарын, жан дүниесіндегі арпалысқан табиғат құбылысымен, жаратылыс дидарымен өзектестірді. Шынымен де қаламгер өмірдің, тіршіліктің бәрі де сана арқылы ашылатын үлкен бір әлем екендігін философиялық оймен, суреткерлік сезімталдықпен оқырмандарға көркемдік ойлау жүйесі арқылы ашып берген. Сол себепті оның туындысындағы кейіпкер – біз үшін тың тұлға. Оның тағдыр қайшылықтарымен арпалысы, ойлау логикасы мен сезімі де оқшау. Сондықтан болар, бұл әңгіме оқырманды екіұдай сезімде қалдырады. Бас кейіпкердің табиғатының өзі шиеленістерге толы. Себебі суреткер сезімін, бүкіл ойын тек табиғат құбылысымен шарпыстырады. 

Қаламгер шығармаларына тән қасиет деп ойшылдықты айтуға болады. Оның кейіпкері – ойдың адамы. Өйткені ол – рухани жағынан жалғыз. Табиғат мінезін өз мінезімен табыстырған. Суреткер де жалғыз. Ал жалғыздық – қашан да жеке адамның басындағы қайғыны, ішкі ойға, құпия тіршілікке ерік беруге және сезімін қадағалау мен қадағаламауға құқысы бар мезгіл. Сонымен қатар бұл – кейіпкердің ішкі табиғатынан сыр берер, соның мінез-құлқын ашуға да үлес қоса алатын көркемдік қасиет. Өйткені жалғыздықтан жапа шеккен жан көбінесе өз ойымен өзі болады, өткен өміріне психологиялық шегініс жасау, бақытты шағын елестету сынды бір сәттік құбылыстар оны табиғатпен, қоршаған ортамен өз мұңын бөлісуге мәжбүр еткен. 

Әңгімеде жалғыздықтың азабын шеккен кейіпкердің жан дүниесіндегі алуан түрлі құпиялары, ішкі иірімдері логикалық тұрғыдан қоршаған орта суреті астастырылып суреттелу арқылы ашылды. Ондағы сезім, қозғалыс динамикасын танытатын диалогтар, көп нүктелер үзік ойдың желісі арқылы берілген. Бұл тек кейіпкердің жан дүниесінде болып жатқан ішкі өмірі мен сезім құбылыстарынан сыр шертеді. Әңгіменің өн бойында табиғат пен лирикалық кейіпкердің бір-бірімен байланысы, тұтастығы үзілмей, іштей бір жалғастықпен жымдасып, жарасып кетеді. 

Халықтың рухани әлемін алға апаратын әдебиет көшін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратындар – ерекше туған дарын иелері, ақындар мен жазушылар. Жақсы шығарма – сирек қазына, халық маңдайына біте бермейтін құт. Әдеби туынды арқылы адамзаттың әр буыны табысады, арызы мен арманын, тілегі мен мұратын ортақтастырады, бүкпесіз сыры мен көкейкесті мұңын тоғыстырады, артқыға сол шығарма арқылы өсиет айтылады. 

Рахымжан Отарбаевтың суреткерлік әлемінің ерекшелігі жазушыны толғандырған «мәңгілік мәселелер» екені, бірақ ол мәселелердің себебін өзіндік дүниетаным тұрғысынан шешуге ұмтылатыны бірден байқалады. Оның әңгімелерінен романдарына дейінгі аралықтағы шығармаларындағы кейіпкерлер – өмір жолында адасқан, қиналған мұңды да адал жандар. Кейіпкерлердің көңіл-күйін, мінезін, қылықтарын табиғатпен астастыра суреттеу арқылы жазушы рухани жалғыздықтан шығудың жолын іздейді. Осының бәрі оның шығармаларынан көрініс тапқан. 

Кейіпкер мінезі шығарманың тақырыбы мен идеясынан да байқалатыны ақиқат. Суреткер өзінің және өзіне тән ерекшелігін, даралығын сақтай отырып, әр шығармада өз мінезінің әр қырынан көрінеді. Солай ету арқылы ол өзінің суреткерлік ерекшелігі мен даралығын сездіртеді. Рахымжан Отарбаев өз шығармаларында өмірдегі қайшылықтарды, күрестерді рухани ішкі қайшылықтармен шарпыстыра отырып, табиғат құбылысымен егіздеп береді. Суреткердің шығармаларындағы кейіпкердің жан айқайы, жан дүние экологиясы табиғат экологиясымен қатар нақышталып, адамзаттық мәселе көтеріліп отырғаны айдан анық. Жазушының тілі көркем әрі ойы бай екенін әрбір шығармасынан байқай аламыз. 

Көркем сөздің киесін түсінетін жан ғасырда бір рет қана дүниеге келеді. Міне, сондай Рахымжан Отарбаев елге үлгі бола алатындай ғибратты ғұмыр кешіп, абыройлы еңбек етті. Мен жазушының өзімен жеке таныс болмасам да, жазған барша еңбектерімен толығымен таныспын. Әр жазбаларында жеке қолтаңбасы қалған дара тұлға болып есте мәңгі қалады. Оның шығармалары елімізде ғана емес, шетелдерде де кеңінен танымал екенін айта кету керек. Таңдамалы шығармалары араб, түрік, орыс, қыр­ғыз, ағылшын және қытай тіл­деріне аударылған.

Қазақ әдебиетінде алар орны ерекше, жарқын бейнелі драматургтың оқырман қауымның жүрегіне ұзаққа саялайтынына сенімдімін. Себебі оның есімі әдебиетте алтын әріптермен жазылып қойды. Ол осы заманның шынайы қаламгерлерінің бірі де бірегейі болатын. 

Ұлы Абай: «Сөз өнері – дертпен тең», – деп айтқандай, толғақты әрі қиын сәттерден кейін ғана жарыққа шығатынын айта кету қажет. Осы кездегі қазақ әдебиетіне көз жүгіртсек, қолына қалам ұстағанның бәрінің бірдей сөздің киесі мен құдіретін түсіне бермейтінінің куәсі бола аламыз. Расымен де солай емес пе?! «Тұлпардан тұлпар озар жарысқанда» деп атам қазақ сөзін бекер айтпаған еді. Бүгінгі өмірдің тіршілігі мен тынысын суреттеуде Рахымжан Отарбаев секілді көрнекті жазушының шоқтығы биік. 

Жазушының басты мұраты – өзіне дейінгі айтпағанды айту және жазбағанды жазу. Оның үстіне Құдай берген қайсар мінезін де жұрттан жасырып қала алмады. Біреулерге ұнамай қалам-ау дейтін бақай есептің бәрін белінен бір сызып тастап, әдебиетке қатысты ой-пікірлерін де бүкпесіз айтып жүрген. Мінезі ұстамды, әрдайым ақжарқын көңілімен айналасындағы жандарды баурайтын еді.

Енді сондай жайдары кісінің жанымызда жоқ екендігі мұңайтып, көңілімді құлазытады. Ақпан айының суық күнінде қазақ әдебиетіне дүмпу әкеліп, шығармаларымен қуантатын жан бақилық болды. Руханияттағы орны босап қалғандай. Қазір оның екінші ғұмыры басталды. Қолымыз жетпес биікке көтерілген. «Өмірді қалай сыйласаң, өлімді солай жат көрме», – деген қазақтың ақиық, дарабоз ақыны Мұқағали Мақатаев. Бір көш келеді, бір көш кетеді. Жазмыш солай. Дегенмен, әлі де қимайды екенсің… Адамның тағдыры шыны шөлмектей ғана екенін еске түсіресің. 

Кейде жанарыма жас толады. Мұны сезімталдық дейтіндер де бар шығар. Бірақ одан емес. Қаншама атақты жазушыларымыз, ақындарымыз өмірден озып, артына өшпес мұраларын қалдыруда. Енді олардың қатарына Рахымжан Отарбаевтай ұлы тұлға қосылғанына, міне, 3 жыл өткеніне қайғырамын. Біреуге аз, біреуге көп шығар. Меніңше, біршама уақыт өткендей. 

Газетке жақын болғасын, оның бір бетін де қалдырмай оқимын. Бір уақытта Рахымжан Отарбаев туралы жазылған мақалаға көзім түсіп кетті. Бірден оқи жөнелдім. Анасы жайында толғап айтқан сөзін оқыған едім. Анасынан жастай айырылған жазушы анасыз қандай қиын екенін жазады. Айналасында қаншама жақын туыстары, игі жақсылары болғанымен, бір ананың жоқтығы жанын жегідей жеп бітеді. Есейіп, өз отбасын құрғанда да жалғыздықты сезінген. Өйткені жанында анасы жоқ. Дәл оның орнын ешкім, ешқашан баса алмайтынын осылай жеткізді. Сол бір мақаладан кейін көзіме жас алмасқа амалым бар ма?! Ұлы жазушымен тағдырымыз онша қатты ұқсамағанымен, оның жанын толықтай түсінемін. Себебі менің де анам жоқ. Жастайымнан жарқын бейнесінен, күлім көзінен айырылдым. Оны ешқашан көрмейтінім өкінішті. Ал енді әдебиетіміз жанына жақын жазушысын жоғалтты. Амал нешік?! Көндіккеннен артық қолдан келер шараның жоқтығын ұғындым. Қаламгерлердің қатарынан бейнесі көрінбесе де, орны жүректе болғанына қуанатыным рас. 

Өмірінің соңғы жылдарында әдебиет пен мәдениет саласында тынбай еңбек етіп, өзін көрсете білген. Халқының мұңын өз мұңы­нан, жеке басының мүддесінен жоғары қой­ды. Қазақ үшін жүрегі ауырып, жаны сыздайтын еді. Ол – Атырауының нағыз арда азаматы, Шалкиіздердің көзі мен Махамбеттердің тұяғы. Жазушы әңгімелерінің тақырыбы, көтерген идеясы сан алуан еді. Онда қазақтың ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ мәні бар мәселелер де жиі көтерілген. 

«…Көңілінің кірі бар адам қолына қалам алып, алдына қағаз жаюға болмайды. Өйткені ақ қағаздың бетіне көңілінің кірін төгеді, онысы елге жұғады. Мен әлім келгенше, ақыл-парасатым жеткенше, сол ақ қағаздың бетіне сәулелі ойларымды төккім келеді», – деп жазып кетті. Содан-ақ Рахымжан Отарбаевтың қандай жан екенін түсінуге болады. Өз ісіне адал, бастаған дүниесін соңына дейін жеткізуге тырысқан әрі жеткізді де. Ал бұл – адам бойында сирек кездесетін қасиеттердің бірі. 

Оның логикасы мықты, психологиялық тұжырымы терең еді. Әсіресе астарлы ойды шебер берген. Қаламынан туған әрбір дүниеден оның талғамы, шексіз дүниетанымы танылатыны сөзсіз мәлім. Қазіргі кездегі қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған драматургтың туындылары – шын мәнінде бірегей шығармалар. 

Сөз соңында жарық жанған жұлдыз Рахымжан Отарбаевтай жан енді дүниеге келмесе де, жүріп өткен сара жолы баршаға үлгі боларына сенімдімін деп айтқым келеді. Мәңгіге елге елеулі, халыққа қалаулы біртуар азаматтардың біріне айналды. Мен таныған Рахымжан ағам сондай. Ол кісіні жан-жағынан біліп, түсінгеніме ризамын. Әлі де тани түскім келеді. Жан дүниесі – тұнып тұрған шексіз ғалам. 

Мен де Алла қалауымен өмірімді жарқын өткізгім келеді. Ол үшін дәл осы сәттен бастап әрекет жасап жүрмін. Тек әр істің берекелі болуын қалағанымнан артық тілегім жоқ. 

Тегтер: байқау журналистика шебер кәсіп

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Төреғали ТӘШЕНОВ 26.01.2022, 18:01
ҚАҢТАР. ҚАРА ҚҰЗҒЫН
Бифат Елтаева 25.01.2022, 14:28
Жанат Бақыт: «Қазақи киімді тек наурыздың 22-сі күні киетін әрекетіміз ұнамайтын»
Думан Рамазан 25.01.2022, 10:36
ТОР (әңгіме)
Ғарифолла ЕСІМ 20.01.2022, 16:06
Ойлан, қазақ!
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 18.01.2022, 16:08
Қаза тапқан сарбаздардың ордені ата - анасына табыс етілді.
Сайт әкімшілігі 14.01.2022, 14:20
Бір Алла дегеніне сеніп қалдық – Тұрсынбаеваның тренингіне қатысқандар өкініп жүр

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48