«Мені де тойға апаршы, ата!»

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

24.05.2022, 11:00

2066

Әкемнің торы жорғасына мінгесіп, Бала Бөген бойындағы тойға барғаным арада қаншама жыл өтсе де күні кешегідей көз алдымда. Сірә, әкемнің бір жақын досы ұлын үйлендірді-ау, шамасы. «Келінді көреміз» деп ортаға тігілген киіз үйдің сықырлауығынан сығалағанымыз есімде қалыпты. Айтпақшы, ауылға жақындай бере алдымыздан бір топ адам шықты. Әкемізді атынан қолтығынан демеп түсіріп, жорғаны мамаағашқа байлап, киіз үйлердің біріне бастады. Әкемнің ауылдан жетекке ала шыққан құла тайы бөлек байланды.

– Жәке-ау, Дәніқұл досыңыз тойыңызға тай әкелді. Қасында ұлы бар, –деп бір кісі той иесін тауып келді.

Әкем мен той иесі төс түйістіріп сәлемдесті. Бірінің иығынан бірі қақты. Содан соң маған қарап:

– Дәнаға, мынау сіздің ұлыңыз ба? Өзі дәу жігіт болып қалыпты ғой. Тайға осы жігіт мініп келген шығар. Жолсоқты болып келдіңіздер ғой, үйге кіріп, қымыз, шұбат ішіп, шөл басыңыздар, – деп әкемнің досы жеті қанат үйдің біріне бастады.

Әкем мені құла тайға неге мінгізбей келгеніне таңмын. «Әкемнің артында жарбиып отырдым» деп айта алмай, киіз үйге кіргенше ұялғаным тағы жадымда.

Кереметтің бәрі осы киіз үйдің ішінде ме дерсіз. Айнабек ақын деген кісіні көріп отырғаным осы. Сырнайын соза түсіп, әдемі бір нақышпен тойға арнап небір өлеңді төгіп отыр. Арасында ғибраттық әңгімелер шертілді. Хиссалар айтылды. Біріне түсінсем, біріне түсінбеймін. Сонда да бала санаға сіңген әңгімелер үзік-үзік болса да жадымда.

Той тартуы желінген соң әкем мені «бар, балам, тамаша көріп қайт» деп еркіме жіберді. Қазақша күрес көгал үстінде өтіп жатыр екен. Орамалын басына шарт байлап алған бір палуанның үш-төрт жігітті қатарынан жеңгенін көріп болып, әрі ұзадым. Арқан тартыс болып жатыр екен. Үлкендердің ойынға осыншама беріліп, бірін-бірі сүйрегенін алғаш көруім. Қызықтап ұзақ тұрып қалыппын.

Жібек деген бір қыз ат үстінде өте еркін отырады екен. Сол қызды қуып жете алмай бір жігіт межеден кері қайтарда әбден таяқ жеді. Кейіннен сол қыз жеңімпаз атанып, сыйлық алуға келгенде көрдім ғой, жәудіреп тұрған бойжеткен екен. «Есейіп, жігіт болғанда сені өзім қуамын» деп іштей жібектей майысқан әдемі қызға аузымды ашып қарап қалыппын.  Мен жігіт болғанша ол осы қалпынан айнымай тұра береді деп ойладым-ау, шамасы.

Қол күрестіруді өзім қатарлы Пірәлі, Рахматулла сынды достарыммен күнде өткізіп жүрміз ғой, бірақ қатын күрес дегенді осы тойда бірінші рет көріп, таң-тамаша қалдым. Аналар да күшті, шымыр болады екен ғой...

Иә, әйтеуір әкем бізді – төрт ұлын кезегімен тойға апарып тұрушы еді.

– Ұлым! Ана Тәуекел атаңның айтқандарын ұқтың ба? – деп сұрайтын.

Үлкендердің сөзін кейде түсінеміз, кейде ұқпай қаламыз. Сонымызды білетін әкем:

– Ешкімнің ала жібін аттама. Адал бол! Адам бол! Міне, атаңның айтпағы осы! – деп кіп-кішкентай бізге түсініктеме беретін.

Әкемнен көргендерімді істеп, өзім де әке болғанда ұлдарымды жетелеп, той-тамашаға апарып жүрдім. Біздің кезімізде тойдың үлкені – малшылар жиыны еді. Одан қалса ағайын-туыстың тойлары бар. Бірақ келе-келе тойға бала апармайтын болдық. Бүгінде тойға бала тұрмақ, өзіңе орын табу қиын. Қазір тойды салтанатты сарайларда өткізеді. Қолыңыздағы шақыру қағазына қарайсыз. Сонда көрсетілген орынға барып жайғасасыз. Ал тойға немереңізді ерте барсаңыз, оған деген орын көрсетілмегендіктен, көлігіңізді күзеттіріп қалдырасыз. Сонда балалар тойды қашан көреді? Талас жоқ, мың жерден бірге туған туысыңыз болса да оның тойына бала немесе немере ертіп бара алмайсыз. Өзі де орын жеткізе алмай өкініп жүр.

Иә, бұрынғыдай малшылар тойы қазір ұмытылған. Сабан тойға үлкендер ғана барып қайтады. Аудандардың, қалалардың түген жылдық деген тойларына барып жүрміз. Мектеп оқушылары жолдың екі қапталына әкімдерді қарсы алуға, қос қолдарына жалау немесе шарды көтеріп тербетіп тұруға ғана шақырылады. Қонақтар жиналыс өтетін жерге немесе тамақтанатын дәмханаларға кіріп, арнайы дастарқанға отырған соң оқушылар керек болмай қалады. Тағы да ішіп-жеп, той тамашасын көріп кететіндер үлкендер.

Той – Құдайдың қазынасы. Ендеше, одан еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін барып, өз несібесін, өз керегін алулары керек емес пе? Әу бастан атам қазақ тойды ұлттық салт-дәстүріміздің көзі ретінде пайдаланып келді. Солай болуы тиісті де.

Бірақ мен бүгінде немерелерімді тойға апара алмаймын. Өйткені ол белгілі бір байшыкешті өкірте мақтап, ішіп-жеп кететін орынға айналғаны қашан. Қай тойдан да бұдан басқа түк те таппайсыз. Ал осындай жалған көпірме, жағымпаздық жайлаған, арақ ішіп, бір-біріне тісін қайраған жерден сәби қандай тәрбие алады? Тіпті жақсы-ақ той болды дейік, бірақ ол ортада балаға орын бар ма?

Кеше бір туысым бір баласын «қарай тұрыңыздар» деп біздікіне тастап кетті. Аяғын тәй-тәй басқан бір немересі мойныма асылып, «ата, мені де тойға апаршы» деп жәудірей қарады. Жанарым жасаурап, тілімді тістеп отырып қалдым. Әрине, мен бұл туысымды әке-шешесі кеткен тойға апара алмадым. Бірақ қайткенде де оны жас ұрпаққа тәрбие беретін ұлағаты мен тәрбиесі мол бір тойға апаруым керек. Ол той қашан, қай жерде өтеді?

Мұны әлі өзім де білмеймін...

Тегтер: проза поэзия ақын пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 15:15
Қазақстандық спортшы Ислам ынтымақтастық ойындарында жүзуден рекорд орнатты
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 12:02
Мәдениет қызметкерлеріне арналған UMAI сыйлығы тағайындалды
Сайт әкімшілігі 10.08.2022, 09:26
Бүгін Абай күні
Сайт әкімшілігі 08.08.2022, 12:56
Қазақстан дүниежүзілік шахмат олимпиадасында үздік үштікке енді
Сайт әкімшілігі 08.08.2022, 09:07
Ұлы ақынның туған күні Абай облысында қалай ұйымдастырылады?
Бифат ЕЛТАЕВА 05.08.2022, 18:18
Жастар ресурстық орталықтары өзін-өзі бағалай алады

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49