20.12.2022, 10:17
919
Төрткүл дүние көз тіккен Катардағы доп додасы да аяқталды. Бір айға созылған жарыста жеңімпаз 18 қарашаның түнінде белгілі болды. 2022 жылғы әлем чемпионатының финалында Аргентина мен Франция кубоктің иегері болу үшін таласқа түсті. Осы турнир үшін арнайы соғылған Лусайл стадионында өткен бұл ойын тартысқа толы өтті деуге толық негіз бар. Олай болса, матчты кеңінен тарқатып айтайық.
Финалдық ойынның бас төрешісі болып Шимон Марциняк бекітілген еді. Польшалық қазы ысқырық шалған бетте-ақ аргентиналықтар алдыға ұмтылды. Араға 36 жыл салып Аргентинаға әлем кубогін апаратын армандары асқақ екенін Месси бастаған жігіттер ә дегеннен-ақ аңғартты. Дидье Дешам шәкірттері қарсыластан мұндай қарқынды күтпесе керек. Алғашқы минутта абдырап қалды. Жиі-жиі тәртіп бұзып, өз ойындарын таба алмай біраз састы. Бұны түсінген латын америкалықтар шабуылды одан әрі үдете түсті. Қос қапталдан Месси мен Ди Мария француздарды қыспаққа алып, жылдам гол соғуға ұмтылды. Жиырмасыншы минутта допты аламын деп Дембеле дәл осы Ди Марияны өз алаңында допша домалатты. Бас төреші ойланбастан еуропалықтарға қарсы 11 метрлік айып добын белгіледі. Пенальтиді Месси мүлтіксіз орындады. Есеп 1:0. Аргентина алға шықты.
Дәл осы сәттен кейін стадиондағы сексен мыңнан аса жанкүйерлер мен көгілдір экраннан тікелей эфирді тамашалап отырған миллиондаған көрермендер Франция жапатармағай шабуылға шығады деп ойлады. Алайда Мбаппе бастаған, Гризманн қостаған француздықтар алғашқы таймда шабуылға шығу түгілі допты қақпаға тура бағыттауға да шамалары жетпеді. Жігіттер білгенінен жаңылды. Дәл осы тұста қарымта шабуылға шыққан аргентиналықтар Уго Льористі тағы да қапыда қалдырып кетті. Осыдан сегіз жыл бұрын әлем чемпионатының финалында жарақат алып ойнай алмай қалған Анхель Ди Мария есепті 2:0-ге жеткізді.
Өз командасының шабуылдағы сүреңсіз ойынын көрген Дидье Дешам шәкірттеріне қатты ашуланды. Сөйтіп, бірінші таймның 40-минутында орталық шабуылшы Оливье Жируді Маркус Тюрамға алмастырды. Ол аз десеңіз айып добын алып келген Усман Дембеленің орнына Рандаль Коло Муаниді шығарды. Алайда алаңға кірген жаңа ойыншыларда ойынға өзгеріс алып келе алмады. Осылайша Франция финалдық ойынның бірінші таймында қақпаға бірде-бір тура соққы бағыттамастан аяқтады.
Екінші таймда ойын тағы да аргентиналықтардың қарқынды шабуылымен басталды. Төрт жыл бұрынғы әлем чемпиондары үзілістен кейін үздіксіз шабуылдар деп күттік. Алайда Мбаппе бастаған жігіттер білгенінен жаңылды. Допты жиі жоғалтып алып, тіпті қақпаға үшінші голды салдыруға сәл ғана қалды. Әне, міне, дегенше ойынның 70 минуты өте шықты. Алаңдағы негізгі құрамның ойыншыларының ес жинауына екі ойыншы аздық ететінін түсінген Дидье бапкер тағы да ойыншы алмастырды. Бұл жолы 2014 жылғы финалда жасындай жарқыраған Антуан Гризманның орнына бавариялық Кингсли Команды шығарды. Тэо Эрнандестің орнына құрамадағы жас ойыншы Эдуарду Камавинганы алмастырған бас бапкер осылайша «ва-банкке» барудан басқа амалы қалмады.
Қосалқы құрамнан кірген ойыншылар аз уақыттан соң Францияның ойынына қан жүгірте бастады. Қарымта шабуылдардың бірінде қарсыластың айып алаңына ентелей ұмтылған Коло Муаниді әккі қорғаушы Отаменди құлатып алды. Ойын ережесі бұзылды. Төреші аргентина қақпасына пенальти белгіледі.11 метрлік айып соққысын Киллиан Мбаппе сәтті орындады. Есеп 2:1.
Дәл осы гол француздарға ерекше мотивация сыйласа керек, арада екі минуттай өтер-өтпестен Маркус Тюрамның керемет пасынан кейін Мбаппе дубль жасады. Осылайша жарыстың бомбардирлер тізімінде жеке дара көш бастады, әрі өз құрамасына үміт отын жақты. Есеп 2:2!
Сөйтіп, әп сәтте-ақ бұл ойын тарихтағы тартысты финалдардың бірі болып шыға келді. Ойынды тамашалауға келген Франция президенті Эмманюэль Макронның өзі Мбаппенің қос голынан кейін қос қолын соғып, қуана шапалақтады. Француздарда екі дүркін әлем чемпионы атанамыз деген арман оты қайта оянды. Ал Аргентина болса ойынды қайта қолына алғысы келіп шабуылдауға қанша талпынғанмен, негізгі уақытта жеңіске жете алмады. Француздар да дәл осы ұмтылыстарымен қарсыласын негізгі бөлімде шаруасын бітіруге барын салғанымен, ойын нәтижесі еш өзгеріссіз қалды.
Қосымша уақытта екі құрама да ойынды белсенді бастады. Алма-кезек шабуылдар жасап, құрамындағы рұқсат берілген ойыншылардың барлығын ауыстырды. Толассыз шабуылдар нәтижесінде Аргентина суырылып тағы да алға шықты. «Арманыма қайтсем де жетемін» деген Лионель Месси осы турнирдегі 7-голын соғып «үздік сұрмергендер» тізімінде ойындағы қарсыласы Мбаппемен бірге бірінші орында тұрды. Есеп 3:2. Аргентина тағы да жеңіске бір табан жақындай түсті.
Алайда өр намысты француздар аз ғана уақыт аралығында есепті қайта теңестірді. Францияның бағына туған Килиан хет-триктің авторы атанды. Айып алаңының сыртынан бағыттаған соққысын аргентиналық Леандро Парадес шынтағымен қайтарды. Төреші Аргентинаға қарсы тағы бір 11 метрлік айып соққысын белгіледі. Пенальтиден Мбаппе мүлт кетпеді. Дәл осы әлем чемпионатындағы 8-голын соқты. Есеп 3:3!
Ойынның қосымша уақыты тең аяқталғаннан соң көрермендер пенальти сериясын тамашалады. Дәл осы тұста Аргентина пенальти басталмай тұрып-ақ бір табан алда тұрды. Себебі осы әлем чемпионатында аргентиналық қақпашы Эмилиано Мартинеске келгенде ойыншылар абдырап қалып жатты. Сондықтан бүкіл Аргентина пенальти сериясында бірінші Мессиге емес, дәл осы Мартинеске сенім артты. Алғашында Килиан Мбаппе үшінші пенальтиді мүлтіксіз орындағанымен, Эмилиано Кингсли Команның соққысын дәл тапты. Ал осыны көрген Тчуамени сасқалақтап, допты қақпадан қиыс тепті. Француздық тәжірибелі қақпашы Уго Льорис болса нүктеге келген аргентиналық бірде-бір ойыншының добына тосқауыл бола алмады. Пенальти сериясындағы есеп 4:2, Аргентинаның пайдасында.
Осылайша Аргентина әлем чемпионатының үш дүркін чемпионы атанды. Араға 36 жыл салып латын америкалықтар кубокті қайта иемденді. Бұған дейін соңғы рет Диего Марадона аргентиналықтарды чемпиондық тұғырға шығарған еді. Дәл осы нәтижені Леонель Месси өзі қатысқан бесінші әлем чемпионатында орындады. Сүрінді, құлады, жылады, қайта тұрды, сөйтіп, Месси мақсатына жетті! Және 8-ші Алтын допқа бір табан жақындай түсті! Тіпті Леоның осы әлем чемпионатында жеңімпаз болуы үшін бар жағдай жасалғандай ма дерсіз. Олай деуге себеп: Катардағы доп додасында Аргентина топтық кезеңнен бастап финалға дейін 7 ойын ойнаса, соның бесеуін дәл осы Лусаил стадионында ойнапты. Бұл сәйкестік пе, әлде...
Франция болса осыған дейінгі әлем чемпиондарының сүреңсіз статистикасын тоқтатты. Естеріңізде болса, француздар 1998 жылы әлем чемпионы атанып, келесі біріншілікте топтан шыға алмаса, 2006 жылы жаһанда теңдессіз деп танылған Италия да келесі дода да топтық кезеңнен әрі аса алмады. Ал 2008 жылы Еуропа чемпионатында, екі жылдан соң әлем біріншілігінде жеңіске жеткен Испания футболшылары сегіз жыл бұрынғы ала доп аламанында қалай масқара болып жеңілгені футбол жанкүйерлерінің әлі күнге дейін есінде шығар. 2014 жылы төрткүл дүниенің теңдессізі атанған Германия да 2018 жылы Ресейдегі доп додасында топтық кезеңнен әрі аса алмады.
Жүлдегерлер қатарын қола медальмен толықтырған – Хорватия құрамасы. Шыны керек, хорваттар үшін бұл нәтиже де зор жетістік. 2018 жылғы финалистерді бұл дода да үштікке ілінеді деп ешкім ойламады. Олар қола үшін таласта тағы бір сенсация жасаған африкалық мемлекет Марокконы ұтты. Иә, дәл осы Марокко топтық кезеңде Хорватиямен бір топта өнер көрсетті. Өз тобының басты фавориті Белгияны жолда қалдырған бұл екі құрама плей-оффта тағы да сенсация жасады. 1/8 ойында хорваттар жапондықтарды пенальти сериясында ұтса, марокколықтар азулы Испанияны жеңіп кетті. Ал 1/4 ойындарында Модрич бастаған жігіттер Бразилияны тағы да пенальтиден жеңді. Ал марокколықтар осы жарыстың тағы бір фавориті саналған Португалияны 1:0 есебімен жеңіп, Роналдудың арманын аяқ-асты етіп, үйіне қайтарды. Сөйтіп, марокколықтар Африка аймағынан әлемнің үздік төрт құрамасына кірген алғашқы мемлекет атанып, тарихта қалды. Жартылай финалда Хорватия су жаңа чемпиондар Аргентинадан ұтылса, Марокко Францияға есе жіберді.
Ал енді жарыстың жекелей сынындағы үздіктерге келсек:
Ең үздік қақпашы – Эмилиано Мартинес (Аргентина);
Ең үздік жас ойыншы – Энцо Фернандес (Аргентина)
Ең үздік сұрмерген – Килиан Мбаппе (Франция)
Ең үздік ойыншы – Лионель Месси (Аргентина)
Осылайша алғаш рет қыс мезгілінде өткен ең қымбат әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Forbes мәліметінше, Катар бұл додаға 229 миллиард доллар жұмсаған. Ал осыған дейін өткен турнир иесі Ресейдің шығыны шамамен 11,6 миллиард долларды құраған еді.
Дәл осы жарыста бірінші рет үш әйел бас төреші ретінде шақырылды. Олар: жапондық Йошими Ямашита, француз Стефани Фраппар және руандалық Салима Мукансанга.
Тағы бір айта кететін жайт Катардағы чемпионат 32 команда қатысқан соңғы әлем чемпионаты. Себебі 2026 жылы өтетін доп додасында біз 48 команданың тартысын көретін боламыз. Олай болса, АҚШ, Мексика, Канада бірігіп өткізетін жарыста тартысты ойындар бұдан да көп болары анық.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР