Мұхаңның үйінде

Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙҰЛЫ

25.10.2022, 14:23

2031

   Бөлме ішін аз-кем үнсіздік жайлады.

   – 1943 жылдың аяқ шенінде Алматыға келген Баукеңді Мұхаң, Мұхтар Әуезов үйінде қонақ еткені жөніндегі маған айтып берген әңгімеңізді  мына інілеріңізге де айтып берсеңіз? – деп панфиловшы Сейітхан аға жазушы Дмитрий Снегинге салмақ сала сөйледі.

      – Ол күнді тарихи күн деуге де болады, – деді Дмитрий Федорович қуана күлімсірей, боп-боз өңіне лезде қан жүгіріп. – Мұхтар Омарханұлы Баукеңнің құрметіне деп қазақ зиялыларының бетке ұстарларын түгел үйіне шақырды. Ғабит, Сәбит, Ғабиден, атақты дәрігер Барлыбаев, тағы басқалары әйелдерімен келді. Баукең екеуміз жұбайларымызбен төрге жақындау тұстан орын алдық. Баукеңнің сол жағында жары – Жамал.

    Әңгіме түсінікті болу үшін әуелі бір кісіге тоқтала кетейін. Бірде Мұхтар Омарханұлы, Ғабиден Мұстафин, Жәкеңнің (Жамбылдың) аудармашысы Павел Кузнецов төртеуміз шығармашылық сапармен Шығыс Қазақстан облысын араладық. Семей өңіріне жеткенімізде Мұхаң:

   – Осында қазақ ақыны Нұрлыбек Баймұратов тұрады. Жолығып, сәлем берелік. Келгенімізді естісе, ренжіп қалар, – деді.

   Бардық. Нұрлыбек бойы екі метрден биік, алып тұлғалы, сұлу, аса әңгімешіл кісі екен. Ол кісімен таныс, біліс болғаныма, өлеңдерін аударғаныма осы күнге дейін ризамын. Шын дарын иесі еді.

   Оны еске алудағы себебім, бір жолыққанымда:

   – Мұхтар Әуезов қандай жазушы? – деп сұрады. Мен:

   – Мұхаң ұлы жазушы, ұлы суреткер, – деп едім:

   – Оның себебін білесің бе? –  деді.

   – Білмеймін.

   – Оның себебі, ол – қожа. Ал Сәбит Мұқанов қандай жазушы?

   – Бәрін біліп отырсыз ғой, өзіңіз айтыңыз.

   – Ол халықтың өзіндей қарапайым. Ғабит Мүсірепов туралы «О» дегеннен басқа айтарым жоқ.

    Сол «О» Мұхаңның үйінде ерлік туралы Қалыбек Қуанышбаев сөз қозғағанда:

    – Ағаш семсер асынған жасанды батырларды да көріп отырмыз ғой, – деп-ақ қалғаны. Баукең орнынан ұшып тұрып, семсерін қынабынан жарқ еткізіп суырып алды. Жұрт не істерін білмей састы. Сәбит басын қолымен көлегейлеп әуре. «О»-ның көзі алақандай боп кетті.  Сілтеп қалса, шаруасы бітті ғой.

    – Әй, сенің мұның не?! Отыр орныңа! Ақымақтанба, Сабаңа түс! – деп Сәбиттің жары Мәриям жеңгей бұйыра басу айтты. Баукең аз-кем кідіріп:

   – Мен ағаш семсер асынған жасанды батырдың қандай болатынын көрсетер едім. Әттең, ақ ниетпен жайылған ақ дастарқаннан өте алмай тұрмын, – деді әр сөзін шегелей айтып. – Чех тілінде жазушы деген сөз списыватель, көшірмеші деген мағынаны білдіреді. Гвардия офицерінің ар-намысы мені тоғышарлар базарынан өсек-аяңды арзан бағаға еншілеп, елге тарататын осы бір аса көрнекті көшірмешімен бір дастарқан басында отыруға рұқсат етпейді. Қадірменді Мұхтар аға, Валентина Николаевна, сіздерден кешірім өтінем. Маған рұқсат етіңіздер, ренжімеңіздер. –  деді де, іле маған жалт бұрылып:

   – Гвардия майоры Снегин, менімен бірге кетесің бе, әлде осында қаласың ба? – деді сұрлана.

   Мен қалай қалмақпын?! Соңынан үнсіз ілестім.

*  *  *

      –  Өткен жолы Мұхтар ағамен қарым-қатынасым жөнінде айтып берем деген едіңіз.

     – Есіме дұрыс салдың, қарағым. Уәдемді орындағалы біраз дайындалдым.

     Баукең асықпай орнынан тұрып, жазу үстелінің үстінде жатқан ақ папкіні алды.

      – Мә, оқы! – деп сарғыш тартқан екі парақ қағазды ұсынды. – Бұлар менің соғыс даласынан жазған хаттарымның көшірмесі.

     Баукең «трам-там-трарам» деп әндете басып, бөлмеден шықты. Мен Баукеңнің майданнан жолдаған екі хатын оқуға кірістім.

     «Ардақты Мұхтар аға!

     «Абайдың» бірінші кітабының жарыққа шығуына өте қуаныштымыз. Бұл хабар қазақ әдебиетінің тұңғыш ұл баласының қайта туғанындай болып естіледі. Амандық болса, оқып көріп, пікірімді адал ниетпен айтармыз деп үміттенемін» (18.08. 1942 ж.)

       «Тайгасовтан беріп жіберген «Абайды» алдым. Өте көңілді. Сізге бас иіп, рақмет айтамын. Уақтылы, уақтылы терең оймен  жұмырылып оқымасам да, ат үстінен шетінен кеміріп жүрмін. Сынауға, мінеуге, оны терең ойлауға уақыт керек қой. Әсіресе кәсібі сыншы, мінші емес, әдебиеттен тысқары қара бұқара адамға. Сөйтсе де «Абайға» беретін менің бұқаралық бағам мен және мен сияқты оқушылар бұрын «орта жастағы Абайды», «жасы келіп қалған Абайды», «қарт Абайды» ғана танитынбыз.

     Сізге таныс та, тамыр да емеспін. Қошемет етіп жалпаштанар жайым жоқ. Мен солдаттың ерлігіне, ептілік шеберлігіне, әдіс-айласына дұрыс, әділ баға беріп үйренген солдатпын. Мен сізге, сіздің жазған тарихи «Абайға» көзқарасымды өзгертіп, ұстаған жолымнан таймақ емеспін, көргенімді өзімше айтпақпын.

      «Абай» өте көркем шеберлікпен, арғымақтай сынды, тап-тұйнақ, пысық, қысқа, өте мазмұнды (артық сөзсіз) қазақтың жалпақ әдемі тілімен жазылыпты. «Словам тесно, мыслям просторно» деген екен баяғыда бір оқыған. Бұл сіздің талантыңыздың табысы екендігінде сөз жоқ. Егер де «Абайдың» екінші кітабын сіздің кейбір бірадырларыңыз жаза қойған болса, былжыратып, аумағын аз дегенде «құрандай» етіп жазуы да сөзсіз.

      Зере мен Ұлжан Абайдың ғана емес, барлық халық анасы, аналық (халыққа) сезімі мол, елдің мұңын мұңдап, жырын жырлаған аналар болып ақиқат көрсетілген. Оларға қарсы мейірімсіз, қатыгез, қатал, деспот Құнанбайға жолыққанда денең түршігеді. Бала Абай осы екі оттың – екі ықпалдың арасында толығынан көрсетіліп, тарихи анық айқындалған. Мен «Абайды» таныдым, көптен бергі сұрақтарыма сізден мазмұнды, мәдениетті, тарихи шын жауап алдым. Қазақтың салт-санасы, әдет-ғұрпы толық, айқын, көркем суреттелген (мен олардың шет жағасын көргемін, сондықтан түсініп, біліп отырмын, тек айтылған сөз деп таппаңыз). Қоғамдық жұрт мәселелері жағына сіздің еңбегіңізге «Слог о харектеризует не только человека, но и общества данной эпохи» – деген Гогольдің айтқанынан басқа айтарым жоқ.

     Әзір «Абайды» оқып, парақтап отырып, ең аяғында «мазмұны» деген бетті оқып отырып, біраз кейін шолып қарасам, «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Өрде», «Қияда» деген аттар тек жазушының қоя салған аты емес көрінеді-ау. Оларда мән бар екен. Оныңызға да азғана болса да түсінгендей болдым-ау деймін. Бұрын олар ойыма келмепті ғой. Жаңа ғана білсем не істерсіз?

      Менің қысқаша пікірім осындай. Б. Момышұлы. (18. 10.1942 ж.)

      Баукең бөлмеге еніп:

      – Оқып біттің бе? – деді.

     – Иә.

     – Қалай түсіндің, ол өз шаруаң.

     Орнына жайғасқан соң, бұрыл шашын саусақтарымен кейін қарай тарай отырып:

      – Сен Мұхаңды көрген бе едің? – деді маған барлай қарап.

      – 1961 жылы Шымкент қаласының Мәдениет сарайында «Абай жолы» романы бойынша оқырмандар конференциясы өтті. Конференцияда Шымкент педагогика институты филология факультетінің екінші курсында оқып жүрген мен «Абай образының кейбір жасалу ерекшеліктері» деген тақырыпта (Абай бейнесін  Науаи, Тоқай, Пушкин, Грибоедов туралы жазылған романдардағы басты кейіпкерлер бейнелерімен салыстыра зерттегем) баяндама жасадым. Баяндама жасаудың алдында Мұхаңа арнаған «Шәкірт сөзі» деген өлеңімді оқыдым.

      – Ол өлеңіңді қазір жатқа білесің бе? – деп Баукең сөзімді бөлді. Мен қысыла төмен қарап:

      – Кей жолдары ғана есімде қалыпты, – деп едім:

     – Оқасы жоқ, келесі жолы келгеніңде ала кел, бірақ ұмытпа! – деді бұйырып. – Ал сөйле.

    – Бұл менің Мұхаңды бірінші және соңғы рет көруім екен. Конференция біткеннен кейін өзіммен бірге ала барған «Абай жолына» «Естелік болсын» деп жазып, қолын қойды Ректорымыз Байзақ Ермекбаев ағайға: «Бұл жігітті институт бітірген соң, маған жіберіңіз. Аспирантураға түсуге көмектесем», – дегенді айтты.

     – Сөйлеп біттің бе?

     – Біттім.

     – Онда тыңда. Әскери академияда сабақ беріп жүргем. Оншақты күнге Алматыға келдім. Мұхаң мені дұрыс көретін, кейде жек те көріп қалатын. Түс қиыса біздің үйге келді.

     – Жамаш қарындасым, мен әдейі Бауыржанға келдім. Үйге ертіп барайын. Өзі кеп шақырды десін деп әдейі соқтым. Ана тамақты өшіріп қоясың ба, балаларға бересің бе, өзің біл. Сен де жүр, – деді.

     – Ойбай, Мұха, мен бара алмаймын. Үйге қазір туыстарым келмекші еді. Баукең бара берсін. Мұхаңның үйіне кетті деп айтармын, – деп рұқсат етті. Бардым. Барсам, томпиған бір орта бойлы қара әйел, екі ұл бала жүр. Валентина Николаевна күлімсірей амандасты.

      – Валя, не спеши, я должен поговориться  с Баурджаном. Через полтара часа мы должны сесть за столом, – деді.

      Кабинетіне кірдік. Отырмыз. Ләйла ол кезде кішкентай. Оған Мұхаң:

      – Позави ее, – деді.  Ләйла талпақ, орта бойлы қара әйелді ертіп келді.

      – Отыр, мына кісіні танисың ба?

      – Естуіміз бар ғой, Бауыржан аға ғой.

      – Ал бұл кісіні сен естіп, танысаң, бұл кісі сені танымайды, – деп Мұхаң маған қарады. Бұл менің қызым болады. – Мен таңғалдым.

      – Қалай екенін кейін айтып беремін, – деп Мұхаң қызына ала көзімен қарады да, балаларыңды шақыр деді. Қызы бөлмеден шығып кетіп, екі ұл баланы ертіп келді. Екеуі де қазақшаға судай.  Астапырал-ла деп отырмын.

      – Сен бара бер, – деді Мұхаң қызына. Ол кетті.

      – Отырыңдар, қарақтарым. Балалар жұмсақ үн қатқанға еркелеп мәз.

      – Ата, ата, – деп екеуі де тақ-тақ етеді. Астыма көпшікті аямай қойып, Мұхаң жиендеріне мені таныстырды да:

      – Бір нәрсемді ұмытыппын. Бауыржан екеуімен сен сөйлесе бер, – деп шығып кетті. Сондағы әлгі балалардың бір сөзі есімде қалыпты.

      – Осы үйдегілердің барлығы орыстар екен. Біздің келгенімізге оншақты күн болды, бәрі орысшалап сөйлеседі. Осы үйдегі қазақша білетін жалғыз атамның өзі ғана.

      Күлдім. Оным қайғылы күлкі еді.

      – Иә, аталарың қазақтың атақты жазушысы. Ол кісі қазақша да, орысша да жақсы біледі, – дедім. Басқа не айтам? Күнаһар болсам, күнаһар бола қояйын, қарағым, біздің сөзімізді Мұхаң есіктің сыртында тыңдап тұрыпты. Жымиып кіріп келді. Жиендерін еркелетіп:

     – Ал енді барыңдар, ағаларыңмен жақсы сөйлестіңдер ғой. Енді екеуміз әңгімелесеміз, – деп оларды бөлмеден шығарып жіберді.

      – Балалармен сөйлестің ғой?

      – Сөйлестім.

      – Не айтты балалар?

      – Бір мәселеге күлдім.

      – Е, күлгеніңді естідім.

      – Осы үйдің бәрі орыс, жалғыз атам ғана қазақ деді, – дедім. Мұхаң ішегі қатып күлді. Жымиып отырып:

      – Мен саған айтып берейін, – деді де, қызының барлық тарихын әңгімеледі.

      – Жиендерімнің қазақша білетіні ауылда тұрады. Осы жолы бұлар маған үлкен ой салды. Бұдан былай қаладағы балаларымды үш айлық демалысқа шыққандарында ауылға аттандырып тұрамын. Ол жақта ана тілімізге алаңсыз бауыр басатыны сөзсіз.

     – Бұл ақыл мына жиендеріңізден бұрын басыңызға келмеген бе, Мұха? – дедім ызалана күліп.

     – Сенесің бе, Бауыржан, шынымен келмепті.

     Мұхаңның кейде осындай аңқаулығы да болатын. Әңгімеміздің арнасы бірте-бірте халық творчествосына қарай ойысты.

      – Абайды алып қараңыз, Абайдың да шығармасының тереңдігі, тамыры  халықта жатыр.  Пушкиннің, Лермонтовтың туындылары ше?  Мұха, осылай тексере берсеңіз, ешкім аспаннан түспеген. Эпос жағынан біз түрік тектес халықтар арасындағы ең бай халықпыз. Эпостық шығармаларымыздың авторы болмады дегенге мен сенбеймін. Әрине, олар қалбырдан өтті.

      Эпоста редакторлар да, цензурада болған. «Ой, мына айтқаны дұрыс емес, былай айтқан жөн, – деп өңдеген.

     – Мен сенің пікіріңе қосылам, Бауыржан. Бірақ сол жекелеген авторлар жалғыз өзінің көзқарасын, ұғымын емес, бүкіл елдің көзқарасын, ұғымын білдірушілер. Сол себепті ауызша әдебиеттің шығарушысы жалпақ ел дейміз. Мұны бүкіл бір елдің жалпы дүниеге көзқарасы да, өткен өмірді түсінуі де бір-ақ түрде болғаннан кейін, кейінгі буын өмірді айнақатесіз алдыңғы буынша түсініп, соларша тәрбиеленгенін көреміз. Жалпы ауызша әдебиет туындыларын елдің белгілі салты, әдет-ғұрпы, діни нанымы туғызады.

      Мұхаң көсіле, шешіле сөйлеп, ауыз әдебиетінің бұрын-соңды мен білмеген қырлары мен сырларын жарқырата ашып берді. Ескі заман тарихи қойнауларына саяхат жасап, жан дүниемді нұрландыра байытып, ойымды өсіріп тастады. Білімінің тереңдігіне, кеңдігіне іштей таңғалдым, әрі қызыға сүйсіндім.

       – Мен көп сөйлеп кеттім білем, Бауыржан. Кешір, бүгін сені тыңдасам деп едім, – деп бір кезде Мұхаң маған мейірлене, елжірей қарады.

      Мен іркілгенім жоқ.

      – Мұха, көңіліңізде жүрген сұрағыңыз болса, қойыңыз?

      –  Ұстаздарың туралы айтшы?

      –  Бірінші ұстазым – әжем, екінші ұстазым – әкем.  Ал өзге ұстаздарым тіпті көп. Олай дейтінім, маған ой салғандардың бәрі ұстаз. Мұха. Менің ойымша, ұстаз адал болу керек, адал емес адам ұстаз бола адмайды.

      – Тұжырымың ғылыми тұжырым, Бауыржан.

      – Әдебиеттегі ұстаздарымды айтсам, Махамбет, Абай, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Тұрар Рысқұлов, Қасым Аманжолов. Сіз әдебиет теориясын жақсы білесіз, мен әскери адаммын. Одан хабарым жоқ. Мұнымен келісесіз бе?

     – Келісем, Бауыржан. Ойыңды бөлмей айта бер.

     – Мен Мәскеуде Александр Блоктың әйелімен таныс болдым. Александр Блок жас кетті ғой. Ол кісі, өзіңіз білесіз, орыс поэзиясын Пушкин, Лермонтовтан кейін көкке көтерген кісі. Бір өлеңінің мына жолдары есімде қалыпты.

                                 « – Да, скифы – мы!

                                 Да, азиаты – мы, – дей келіп:

                                 « – Да так любить, как любить наша кровь

                                 Никто из нас давно не любить!

                                 Забыли вы, что в мире есть любовь

                                 Которая и жжет, и губить!»

      Менің ойымша, біздің Мағжанға Александр Александрович Блоктың әсері көп. Өзіңіз білесіз, Мағжан көп оқыған, аса білімді кісі. Мақаң ақындық қырының кей жағынан Абайдан асып түсіп жатады. Бір өкініштісі, оның толық ашылуына мүмкіндік бермедік.

      – Бұл пікірлеріңді келешек Мағжанды зерттеушілер ескерер деген ойдамын, Бауыржан. Сөзіңді бөлгенім үшін кешір.

      – Жүсіпбек Аймауытов та солай. Ол кісінің «Ақбілек» романының астарына ой жүгіртіңізші? Халқымыздың құлдыққа қалай айналып бара жатқанын шебер бейнелеген.

      Жүсіпбек те нағыз ақын, нәзік суреткер, драматург, педагог, психолог. Мен ол кісіден сабақ алғандардың біреуімін. Ол кісі мен оқыған мектептің директоры болды. Ол кісіден Әбділда Тәжібаев, Төлеген Тәжібаев, Құрманбек Сағындықов, Мәулен Балақаев, Тәңірберген Отарбаев, Әлішер Бейсенов, Сейілбек Үсенов, Григорий Горшков, Андрей Агаев, Петр Чеховцов, Елена Степановна Проценко, Мария Ивановна Фоменко, Андрей Александрович Коненько оқыды. Тірілеріміз ол кісіні осы уақытқа дейін еске аламыз. Жуковский, Державин, Пушкин, Мопассан, Гете, Гюго, тағы басқаларды біз Жүсіпбек арқылы танығанбыз. Он был очень высокообразованным человеком.

     Өзі қыр мұрынды, орта бойлы, реңді кісі еді. Оны да «ұлтшыл» деп қателесіп, аттырып жібердік. Өзі орыс тілін тамаша білсе керек. «Интернационалды» аударғанда он сегіз жаста ғана екен. Осы күнде он сегіздегілерді, Мұха, бала деп жүрміз ғой. Сол он сегіз жасар Жүсіпбектің халық психологиясын соншалықты терең білгеніне мен осы күнге дейін таңғаламын. «Никто не дасть нам свободу,  ни бог, ни царь, ни герой» деп келетін «Интернационал» сөзін Жүсекең «Бостандық бізге ешкім бермес, патша да, бай да, батыр да» деп аударған. Орысшасындағы Құдай да деген сөзді әдейі қалдырып кеткен. Ол кезде қазақтар діншіл, елді босқа ашындырып аламыз деген. Он сегіз жасар ақын қандай психолог десеңізші?!

     Мұхаң маңдайын ұстап, үндемей отырып қалды.

     – Мен ұстаздарым туралы қысқа сөйлеп отырмын. Оның себеп-сырын түсінерсіз, Мұха?

     – Түсінем.

     – Санжар Асфендияров деген кісіні білесіз ғой? Бірінші дүниежүзілік соғыста патша армиясының полк дәрігері болған. Ол оңай дәреже емес. Сөйтіп жүріп тұтқынға түсіп қалған.

     Немістер адам таниды. «Е, мынау кісі дәрігер ғана емес, басқа жағынан да білімді кісі екен» – деп оны Лейпциг мемлекеттік университетіне оқытушы етеді. Өзі бұрын шамамда неміс тілін білсе керек. Дәрігерлігін қойып, тарихымызды кітап етіп жазады. Шығыстың, Ресейдің тарихынан лекция оқиды. Немістер оған тарих ғылымының докторы, профессор деген атақ береді. Кафедра меңгерушісі етеді.

      Мұны біздің Орталық Комитет естіп, елшімізге:

      – Анамен барып сөйлес, елге қайтамын десе, қайтсын, – дейді. Елші сөйлеседі. Санжар ағамыз:

     –  Қайтамын, елді сағынып, амалсыз жүрмін, – дейді.

     Бізге оралған соң ол кісі МГУ-ға профессор болады. Лекілдетіп лекция оқиды, білім жетеді. Сабақ беріп жүріп, Германияда жазған кітабын орысшаға аударады. Ол бізде жарық көрді, алып оқыдым. Сіздің оқыған оқымағаныңызды білмеймін, Мұха.

     – Айта бер, Бауыржан.

     – Онда таңғаларлық фактілер көп.  Менің тарихтан білімім, Мұха, алғаш сол кітаптан басталды. 

   Санжар ағамыз МГУ-де сабақ беріп жүргенінде Сталин шақырып:

   – Қазақстан денсаулық сақтау министрі болып барасыз ба? – дейді.

   – Бұл қызмет маған аз.

   – Енді Исаевтың орнын алмақсыз ба? – дейді Сталин шамданып.

   – Жоқ, ол орынға мен жарамаймын.

   – Енді неге аз дейсіз?

   – Аз деп отырғаным Қазақстанда медициналық институт жоқ. Мен дәрігермін. Сондықтан жаңа құрылатын медициналық институттың директоры да етсеңіздер.

   Отырғандар күліп жіберіпті.

   – Өте дұрыс шешім, сіз жоқты бар етіп жасамақсыз. Дәрігерсіз, профессорсыз. Мен сізді түсіндім, – дейді Сталин.

      Санжар ағамыз министр, мед институттың директоры болып, 1932 жылы Алматыға келеді. Мен 1933 жылдың аяғында Алматыда сандалып жүріп, ол кісіні көрдім. Ұзын бойлы, шашы аппақ, еуропаша киінген реңді кісі екен.

      Ол кезде машинадан хабар жоқ. Қызметкерлер бір-екі ат жеккен жеңіл арбалармен жүретін. Алматының көшелерінде үйдей-үйдей тастар жататын.

     Осы күнгі 28-ші панфиловшылар паркінде 400-500 кісі сиятын кішкене клуб бар еді. Алдында шарбақпен қоршалған алаң, мінбе болатын кешке қарай министрлер елдің арасында серуендеп, сол алаңға келетін, сөз сөйлейтін. Сонда Ораз Исаевты, Ораз Жандосовты, Темірбек Жүргеневті талай көрдім. Санжар ағаның бойы бәрінен биік еді. Бәрі китель киіп жүретін.

     Алматы медициналық институтын бірінші ұйымдастырған Санжар Асфендияров. Институтты сол кісінің атымен атау керек еді, мұнымыз әлі күнге дейін білместігіміз.

     Жоғарыда тарихты тану қабілетім, Мұха, сол кісінің кітабынан басталды дедім ғой. Оным рас. Ол кісі де менің ұстазым.

МҰХАҢНЫҢ БАҒАСЫ

 

     Баяғыда Мұхаң, Мұхтар Әуезов маған:

     – Ғайыптан ғайып әдебиет институтында оқығаныңда, сенен маршал-жазушы шығар еді, – дегені бар. Мен:

     – Әдебиет және искусство деген сөзді естіп жүрмін. Искусство жасанды деген сөз. Ондай нәрсеге онша жақындамайтын кісімін. Өйткені өз пікірін айтатын адам жалған нәрсеге ешуақытта да жоламайды, жолауы да  мүмкін емес. Оған бет бейнесін өзгертіп, ойын қисайтып,  бүгінгі күн саясатына бейімделіп, біреудің қытығына тиіп қалмайын, қате пікірін қолдай салайын деген жарамсақтар ғана барады. Мен ондай адам емеспін, – дегенімде:

     – Сен майданда қандай жеңіске жетсең, әдебиетімізде де сондай жеңіске жеттің. Мен енді маршал болғаныңды қалар едім,  – деп шын ағалық тілектестігін білдірген еді.

     – Мұха, шенде тұрған ештеңе жоқ. Бекінген шебімді жауға бермегенімді  білесіз.  Түсініңіз, менің шебім – шындық.

     – Бауыржан, сенің еңбектерің, жазған кітаптарың, айтқан ақылды, қанатты сөздерің, ойлы мақал-мәтелдерің адам баласы таусылғанша  бағасын жоғалтпайды, – деді Мұхаң күлімсірей қолымды алып...

МҰХАҢ ӨКІНІШІ

     – Мұхаң сырқаттанып, Мәскеуге емделуге аттанбақ, – деген хабарды естіп, үйіне бардым. Жайдары, жарқын мінезбен қарсы алды.

    – Жеңгең Валентина Николаевна жол жабдығына керек-жарақты іздеп кетті. Шүкір, көңіл күйім жақсы, – деп  біраз өзі жайында шешіле сөйледі. Сырқаты жөнінде бір сөз айтқан жоқ.   

      – Бауыржан, мен «Абай жолы» эпопеясы желісіне көп оқиғаны енгізе алмадым. Енгізсем, шығарма көлемі   ұлғайып кететін болды. 

     Соңғы кезде Әйгерім апамыздың бір адамгершілігі есіме түсіп, кезінде неге ескермедім деп өкіндім, – деді Мұхаң қымбат затын жоғалтып алған жандай қинала қабақ шытып.

    – Әйгерім апамыздың ол қандай адамгершілігі? – дедім мен білуге құмартып.  

    – Саған түсінікті болу үшін оқиғаны түп қазығынан қозғайын. Абай алғашқы ұстазы – менің атам Әуезді ерекше құрметтеген. Құнанбай Бердіқожа бабама Шыңғыс тауының етегіндегі Қыдырдың шоқысы деген жерді еншілеп берген екен. Бертін келе оған Абайдың ерке өскен немере інісі Шәкәрім қызығады. Бұл кезде Құнанбай қайтыс болып кеткен. Ағайындыларды бірімен-бірін шатастырмас үшін Әуез атам Абайға барып:

    – Абайжан, маған Бөрліні қи. Ана Қыдырдың шоқысындағы жұртыма ерке немере інің Шәкәрім көз тігіп жүр, – дейді.

    Бөрлі Семей қаласына елу шақырымдай жақын.  Шыңғыстың тауы мен Көкшенің тауы аралығындағы жазық. 

   – Бөрліні не үшін таңдадыңыз? – деп сұрайды Абай.

   –  Жүргіншілер күні-түні үзілмейтін жол үсті. Балаларымды Семей қаласында оқытсам, көп қиыншылық шекпеспін деген ойдамын, – дейді Әуез атам.

   –  Мен сізден жазуды үйреніп, Семейдегі медреседе екі жыл оқыдым. Жақсылығыңызды ешуақытта ұмытпаймын. Көңіліңізге тиіп қоям ба деп Шәкәрімнің ниетін сізге  айтудың ретін таппай жүр едім, – деп  Абай Әуез атама Бөрліні береді. Атам ертеңіне жаңа мекеніне көшіп қонады.

    Ол заманда көшпенділердің салты бойынша ауыл арасындағы  мәселені әйелдер шешкенін, Бауыржан, өзің жақсы білесің. Әйгерім апамыз нөкерімен бес құлынды биені жетекке алып келіп:

   – Аға, бізге қоңсы болғаныңызды құттықтаймын. Желіңізге мына бес құлынды биені байладым, – деп Әуез атамның көңілін аулаған екен. Әйгерім апамның осы асыл адамгершілігі туралы алда жеке шығарма жазсам деген ойдамын, – деді Мұхаң тебірене сөйлеп.

     Ұлы суреткер ағамыз ол ниетіне жете алмады.

КҮРЕСКЕР АҚЫН

      – Бауыржан, заманымның кең құлашты, кең тынысты эпопеясын жазсам деп Оңтүстік Қазақстан облысын таңдап алуымның себебін сен білесің бе? – деді Мұхтар мені сынай сұрақ қойып. Мен біраз ойланып:

     – Әулиелері көп өлке деп таңдадыңыз-ау, Мұха, – деп едім:

     – Дәл таптың. Оңтүстік Қазақстан рухани бай өлке. Онда лайықты бағасын  ала алмай жүрген тарихи тұлғалар көп. Солардың ең ірісі – Майлықожа ақын. Мен оның өмір жолын, шығармаларының көркемдік, философиялық ерекшеліктерімен танысқанымда таңғалғаным – Абай мен Майлықожаның дәуірі бір болғанымен ойлары өздерінен төрт ғасыр бұрын өмір сүрген Науаидың ойларымен туысып жатыр. Мұны ғалымдарымыз салыстыра зерттесе, көп сырдың бетін ашар еді.

      Менің әдебиет зерттеушілерімізге көңілім тола бермейтіні – олар құбылыстың сырт көрінісін қызықтауға әуес. Төрдегі сандықтың ішінде не барына мән бермей, тек сандықтың сыртқы сұлулығына сүйсініп мәз. Өмірде бір-бірін көріп, тілдеспеген Абай, Майлықожа, Науаи бір-бірімен қалайша туыс?  Мұның сырын кім ашады?

      – Әлбетте ғалымдарымыз ашуға тиіс, – деген маған:

      – Тиіс деп айту оңай, оны іске асыру қиын болып тұр, – деп Мұхаң қинала қабақ шытты. –  Біздің зерттеушілеріміздің ізденуі аз ба, әлде дарын қуаты жетпей ме, әйтеуір кібіртіктеу басым.

       Менің қабылдауымша, Оңтүстік өлкесінде бодандыққа қарсы күрескен ержүрек, ойы жүйрік, тілі өткір Майлықожа ақындай ақын некенсаяқ. Кейбіреулер оның дінді жырлағанын айып санайтындай.   Кез келген творчество иесі заманына қызмет етеді емес пе? Ғалымдарымыз заман талабы солай болғанын неге ескермейді?

      Майлықожа ақын тіршілік дүниесіндегі барлық мәселені дінге, ертең жауап беретін ақтық күнге алып келіп, адамдарды адал, әділ, бір сөзбен айтқанда адам болуын қалаған. Бұл тәрбиенің ең басты мақсаты емес пе? Мұны дүниеқоңыз, озбыр жандар елеп ескере ме? Елеп ескеру былай тұрсын: «Е, қойшы соны. Сандырақтаған біреу», – деп қолын сілтей салуы ғажап емес.

      Осы күрделі құбылыстың астарына үңіліп, Майлықожаның ұстаздық бейнесінің сырын ашуға талпынып жүрген ғалымдарымызды кездестіре алмадым. Майлықожаның «жақсы асыңды жат жесін» деген тәрізді философиялық ойлары өте мол. Сен, Бауыржан, «жақсы асыңды жат жесін» деген ақын сөзінің ішкі сырын қалай түсінесің?

     – Мұха, адал еңбектің бағасын білетін үлкен психолог, терең ойшыл, өте сауатты, жомарт адам ғана «жақсы асыңды жатқа бер» деп айта алады. Менің түсінігімде Майлықожа дәл сондай ақын.

      Әдебиет зерттеушілеріміздің таяздығы, сылбырлығы жөніндегі пікіріңізге қосылам. Мұха, кім-кімнің де еңбегіне баға бергенде, жұртқа сол еңбек иесін ғана танытып қоймайсың,  өзіңді де танытасың.

       Майлықожа ақынның біраз шығармаларымен мен де таныспын. Ол кісінің негізгі тақырыбының бірі – отаршылдыққа қарсы күрес. Келесі тақырыбы – ел ынтымағы. Менің бабаларымның бірі – Байзақ датқаның балалары – батыр басы Ақмолда мен Райымқұл екеуінің арасындағы алауыздық – қантөгіске бастай жаздағанда, яғни Райымқұл Ақмолданы өлтірмек болғанда Майлықожа ақын араға түсіп: 

– Бір дұшпан екеуіңді жанып жүрме,

                          Дұшпанның айтқанына нанып жүрме.

                          Болатты болатқа сап, қан айран ғып,

                          Араңнан жем айырып алып жүрме», –

деп, (басқа өлең жолдарын ұмыттым) екі жағын жарастырған.

      – Түсінігің дұрыс, Бауке. Қазақтың трагедиясын Абайдан кейін терең ашып жырлаған Майлықожа ақын. Мәскеуден емделіп келген соң, бұл тақырыпты шындап қолға аламын.

       – Аман-есен емделіп, елге сауығып оралыңыз, Мұха, – деп қоштастым. Бұл менің Мұхаңды соңғы рет дидарласып, сырласқаным екен...

  

Тегтер: тұлға естелік парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:57
Қазақтың «Соңғы самурайы»
Жексен АЛПАРТЕГІ 09:44
Ниязбек әжі
Жамал ҚАМАШ 02.02.2023, 17:24
Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Намысты қолдан бермеуге тырыстым
Бифат ЕЛТАЕВА 31.01.2023, 10:50
Бақыт Қажыбай, актер: Алаш рухын оята алсақ, үлкен жетістік сол!
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 10:40
Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің үздік теннисшілері ондығына енді
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:34
Димаш Құдайберген Шанхайдағы фестивальға қазылық етеді

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16