Мылқау

Рахым САДЫҚБЕКОВ

10.09.2021, 10:27

1025

Тау ішінің қалың жынысты, қарағайлы тар соқпағымен төмен құлап қос аттылы келеді. Екі тұяқ қатар түскенде әзер сыятын жолды еппен басқан кәнігі тау жылқысы жерден басын көтермей, кейде бір аз-кем кідіріп, ойланып оқыранып қояды да, алға жылжиды. Құлағы да секемшіл. Төңіректен, қалың жыныстың ішінен пар етіп ұшқан құсқа да, әлдеқалай бір жабайы аңның оқыс шыққан даусына да елең етіп басын көтеріп, құлағын қайшылай қояды. Жүргіншілер бар еркін осы аттарға беріп қойған. Тізгінді бос қойып, демін ішіне алып үнсіз келеді. Қайсыбір мезетте аяғын аңдап басқан аттардың сұңғылалығына іштей ырза. Енді мынау тау ішінің тылсым үні бұларды мүлгіткендей екен.

— Апыр-ай, балам-ай! Қиынға салдың-ау! – деп қояды мосқалдау қара шал Байтон алдында келе жатқан жиені Мақтымға амалсыз үн қатып, – бүйткенше мына Таластың алыс та болса тақтайдай түзу жолымен жүргенімізде болатын еді-ау!

Қаршадай бала үндеген жоқ. Төбесіндегі ескі тақиясымен тершіген басын ысқылап бірер сүйкеп өтті де, төмен етекке қарады. Тар соқпақтың таусылар ұшығы әзірге көрінбейді.

Жылқышы Байтон осы алып таудың етегіндегі Сөгеті ауылының тұрғыны. Сонау бір жылдары осы ауылды сағалап келген жалғыз қырғыз жігіті Керімқұлға қарындасы күйеуге шыққан. Байтон қарындасының бұл қалауына ырза емес-тін.

Отау тіккеніне он шақты жыл өткен соң, Керімқұл еліне барып, сол жақтан ағайын-туысқандарын тауып, енді көшпекке бел байлады. Байтон жалғыз қарындасын қимағанымен, амал жоқ, келісімін берген. Бұлардың соңынан бес-алты жасар жалғыз жиені ере кетті. Екі ара қашық болған соң, бір-біріне көп қатынамайды. Бір-екі рет барып келген соң, аралары сирекси бастаған. Тек өткен-кеткеннен амандығын сұрап біліп, тып-тыныш күн кеше береді. Байтон қарияның оларды ойлағанда қамығатын бір жайы бар еді. Ол қарындасының жалғыз ұлы – мұның жиені Мақтым іштен мылқау боп туды. Байғұс баланың келешек өмірі не болады, қор боп қалмай ма дегендей уайым қылып жүретін. Өмір күнде той емес. Қабырғаны қайыстырып, түңілтіп кететін кездері де болады.

         «Кедейлік еру болса, жоқшылық кеп шаңырағына шеру тартады» дегендей, күндердің күнінде «қарындасың қайтыс болды» деген суық хабар жетті. Осындайда жол қашықтығының қиыны-ай. Байтон өкпесі қабынып өліп-өшіп зорға барды. Зар  илеп жылап, қарындасын арулап көмді де, енді қайтпаққа қамданған ол жиен баласын іздеп көзімен үйді шарлап еді. Бұрышта бір уыс боп бүрісіп отырған өң-сөлі жоқ жетімекті көрді. Жалынышты көзі жасқа толып, бұған аса бір аянышпен қарайлай береді. Байтон оның қасына келіп, бауырына басып ұзағырақ үнсіз тұрды да, алқымынан бірер иіскеп болып, теріс қарап кемсеңдеп жылап жіберді. Содан соң көп шыдамай, тез аттанып кетті.

Содан соң да бес-алты жылдың жүзі болған. Сол жаққа үнемі құлағын түріп жүретін. «Байғұс бала не халде жүр екен? Керімқұлдың өзі де балаға жылуы жоқ солбырайған біреу еді» деп те күбірлейді ішінен. Қарындасының жылын беріп болған соң, көп ұзамай біреуге үйленіпті дегенді естіген. «Өгей адам біреудің баласын неғылсын» деп қамығып жүрді. Содан бір күні ауылдасы Қамысбай сол жаққа жылқы айдайтын болып қамданғанда, «Әке, көке, сол баланың бір халін біле келші», – деп жалынған еді. Қамысбай оралысымен мұны елден бөлек оңашалап алып бір сыр айтты.

– Балаңның түр әлпетінен шошып келдім. Күтімсіздіктен әбден тозып, құлағынан күн көрініп жүр екен. Керімқұлдың шауқар әйелі оған қарайтындай емес, өз күшіктері де жетіп-артылады, – деп бар шындықты жайып салды. Мұны естіген Байтонның дегбірі қалмады. Ертесіне таң қылаң  бере атқа қонып, суыт жолға шыққан. Екінті кезінде Керімқұлдың қорасына келіп ілікті. Үй ішінен қосарлана шыққан әкелі-балалы екеу мұның шылауына орала кетті. Мақтымның зарығып қатты сағынғаны сонша –  нағашысының бауырына кіріп, ажырамай қойды. Аяқ-қолы сидиып жіңішкерген, көзіне мұң тұнған қалпы әлденені тоғытып айтып-айтып тастағысы келеді. Бірақ айтарға тіл жоқ. Өзінше қол-аузымен, бет құбылысымен небір қимылдар жасайды. Кейде бір оның аузынан бұларға түсініксіздеу тұншығып шыққан дыбыстарға төңірегі түсінбейді. Амалсыз бас шайқайды. «Түсінбедің-ау» дегендегісі. Керімқұл қарсы болған жоқ. Үн-түнсіз жүріп, бір тұрықсыздау шабдар атты ерттеп берді де, баласын шығарып салды. Содан, мінеки, енді қайтып келе жатқан беттері.

Дегерездің дүңкиген добал басы төмендегі терең сайға төне түсіп, айналасын көлеңкесімен қымтап алған. Баурайы алабажақ, кей жерлері жалаңаштанып аппақ тақыры көрінсе, кей жеріне қарағай-шыршалар ұйысып, ит тұмсығы өтпейтіндей боп шырматылып алған. Аз уақытта Дегерездің биік басына оймақтай бұлт ойнап шыға келді де, біртіндеп көтеріліп, күннің көзін көлегейлеуге айналды. Байтон қаннен-қаперсіз келе жатыр еді. Мұны сезе қойған мылқау бала аспанға, әлгі бұлтқа қолын шошайтып нұсқай берді де, астындағы көпшігімен басын қорғалап жауып, нағашысына бірдеңелерді түсіндіріп жатты. Байтон кешеуілдеп болса да, түсінгендей болды. Кешікпей жауын болады екен. Тауда өсіп, оның мінезін бағып жүрген жиені осыны айтып тұр. Осы кез дуылдап ескек жел тұрды.  Алғашқы ірі тамшылар да тездеткен желдің күшімен айналаны у-шуға бөлеп, селдетіп жүре берді. Әп-сәтте бұлардың үсті малмандай су болды. Бұлттан шыққан күннің көзі өткір еді. Бұларды көп әбігерге салмай, киімдерін жаймен кептіре берді. Аспан шайдай ашылған. Төңірек дәл бір таза суға жуынып-таранғандай жарқырап, көздің жауын алады. Жас бала әлденеге бір қатты сүйсініп қарайлай береді. Келесі бір мүйістен бұрыла бере, бұлар жазығы көз ұшына созылған тау етегіне ілінді. Кенет Мақтым ат тізгінін тартып кілт тоқтай қалды да, ер үстінен домалай түсіп, етпеттей жатып, бетегелі көк жасыл жерді құшып, өбектеп сүйе берді. «Байғұс бала, есі кіріп қалғанда кетіп еді елден, ішқұста боп әбден сағынған екен-ау!» – деді іштей қобалжыған Байтон.

Арада төрт-бес жыл өткен. Нағашысының қолында күтімі келіскен Мақтым өңі кіріп, денесі балғын тартып, аяқ-қолы ұзарған, көз жанары ұшқын шашады. Жылқының ішінен таңдап алып берген нағашысының бәсіре тайы бүгінде жал-құйрығы сүзілген биік қасқа айғырға айналған, Дәмелі бәйге күреңнің нағыз өзі.

Өзін кейінгі кезде көкпарға, салымға да салып жүр. Белі берік, анау-мынауға ығыса қоятын емес, тек басы қаттылау. Бір беттеген жағынан жуық маңда ыңғай бере қоймайды. Ал ертелі-кеш мұны күтіп, баптап мініп жүрген Мақтым ауыл-аймаққа белгілі нағыз шабандоздың өзі боп алды.

Дегерездің биік жоны етектен қарағанда өркеш-өркеш боп көрінеді де, ара-арасындағы қайқаң бел жазығы көзге байқалмайды. Көктемеге Мақпал тауларының арғы жағынан келіп малын жайып, қырғыздар суық күзге дейін қоныс тебеді де, бергі жақтан қазақтың малшылары кеп қоңсы қонады. Бауырлас екі елдің осы кездегі той-томалағы, әсіресе бәйге-көкпары жиі болып тұрады. Қырғыз әдетінде көкпар сол үйіліс кезінде көретін қызықтары. Бәсеке-даудың нағыз қызатын кезі де сол мезгіл. Әдетте қырғыздар жағы молырақ болады да, шағын ауыл Сөгетінің малшылары азшылық болатын. Содан болар, қырғыздар көбінесе есе бермей жеңіп кете беруші еді.

Мамыр мерекесі жақындап қалған мезгілде Дегерездің құйқалы жоны кілем төсегендей әбден кемеліне келіп алған еді. Кей жерлері былқылдаған сазды болғанымен, нағыз көкпар тартар жері бетегелі бел-белес. Көп кешікпей «үйіліс болады» деген қырғыздардан хабар жетті. Байтонның күткені де сол еді. Қасқа айғырды айтулы күнге Мақтым екеуі күн-түн демей баптап жүрді, «Бисмилл...ә.ә.!» деп Байтон қария жиенін қолтығынан демеп, лып еткізіп ат үстіне қондырды. Астындағы қасқа айғыры көздері жасындай жарқылдап, ауыздығын қарш-қарш шайнап, басымен алысып тұр. Сол бойда тізгін керіп ала жөнелді де, жазық беткейдің төсін дүбірлете шайқала басып кете барды.

Мақтым қалың жиынның маңына жақындағанда дәу көк серкені білегі жуан бұжыр бет бір қырғыз жерден тік көтеріп іліп ала берген еді. Сарт-сұрт етіп бірнеше қол кесе-көлдеңең айқаса кетті. Әлгі жігіт оған бой берер емес, шалқалай бере шірей тартып жұлқып алды да, тақымға басты. Астындағы көк бестісі де жойқын күшті, омыраулы екен, топты бұзып-жара ала қашты. Сол бойда басқаны шаң қаптырып ұзай берді де, көмбеге алғашқы салымды салды. Оны жақтаушылар мәз-мейрам боп шуласып, дуылдап барып тынды. Сайыс қайта басталды. Тағы да қырғыздар жағы басым келіп жатыр. Осылай күн екінтіге таянғанша үш-төрт салым көмбеге жетті де, сыйдың бәрін қырғыздар алып кетті. Қазақтар жағы әлі де марғау, көбіне шеттеп жүр. Қырғыздардың ішіндегі кейбір сайқымазақ, тентектеу біреуі:

– Өй, бұл қоқи қазаққа қашан теңдік тиіп еді? – деп көз қысып, жорта тиісіп қояды. Енді соңғы сайыс тақау. Бұл жолы енді көк серкені көмбеге емес, әлі жетіп амалын асырған көкпаршы өз ауылына әкетуі керек. Осы уақытқа дейін сайысқа кірмей, сырттан бақылап жүрген Мақтым көкке қарап еді, ар жақтан төңіректі кемерлеп тұра-тұра қалған қырғыздың көгілдір биік Алатауын көрді. Аспанда ақшаңқан бұлттар баяу көшіп барады. Мақтым көкпаршыларды қапталдай шауып жүріп, бірер уақыт атының етін қыздырып алды да, енді кезі жетті-ау дегенде «Шу, жануар!» деп, қалың додаға кірді де кетті. Темірдей берік тарамыс қолдар көк серкені алма-кезек бір-бірімен тартысып жеңісе алмай жүр. Он шақты ат топырласып бір жерге үймелеп келіп қалды да, тартыса-тартыса біреулері кейіндеп қала береді. Күші жеткендері еңсеріп, бұза жарып барып серкені тақымға басқалы ұмтылады. Мақтым осылайша үш ат қатар қағысып келе жатқанда қолын асырып барып серкенің бір борбайына жармасты. Қолына жөнді ілікпей, тез-ақ ажырап кетті. Енді ол қасқа айғырдың әлеуетіне сеніп, күшке салып, аналардың арасына сыналай кірді. Сірескен тізелердің аражігі алапат күштің тегеурініне шыдамай айырыла бергенде, Мақтым көкпарды өзіне қарай жұлқа тартып қалды. Сарт етіп әлеуетті үш қол қатар жармасты. Біраз ырғасып келгенде екеуі әрі қарай шыдамай, босатып қоя берді. Енді долдық бұған, сірескен екі қол жекпе-жек қалды. Бұл баяғы қарабұжыр қырғыз еді.

– Омай, шіркін-ау, мынау қайтеді!?

– Қимылы дүлей ғой өзінің!? деп – таңданысады қырғыздар Мақтымға.

– Құдаяқта бермеймін, уа, бермеймін, қайтесің?! Мені туғанда да анам қалжа жеген шығар, – дейді әлгі қырғыз шірене тартып. Сөйткенше болған жоқ, ішіндегі біреуі: «Ойбай-ау, мынау Керімқұлдың ана жылғы мылқау баласы Мақтым ғой», – деп қалды.

— Бәсе, жүзі таныс қой өзінің!

Мақтым осы арада шаршы топта қырғыздарға майдан берді. Сан түрлі әдіс-тәсілге көшіп, өзін қоршаған топты әлекке салды. Енді бір кезекте қолы талып қоя бергендей боп амал жасап еді, оның қарсыласы да тоқмейілсіп босап сала берген. Мақтым шалт қимылдап, өзіне жұлқа тартып алып кетті. Осы кез әлгіге қапталдаса көмекке екі-үш қырғыз қатар келіп қалған екен. Бірден қол салысып, ұстап қалмақ болды. Мақтым ат жалын құшып, біресе бауырға қарай сусып түсіп, көк серкенің тірсегін төмен салбырата жер сүйретіп алып қашты. Аналар қолына іліктіре алмай әлек. Ендігі бір сәтте қасқа айғырдың мойны озып, сытылып шыға беріп еді, бүйірден келіп қосылған қырғыздың біреуі қапталдаса келіп, анық қаскөйлікке басты. Қасқа айғырдың алдыңғы қолтығына аяғын тоспаққа әрекет қылды. Бұл енді анық қатер еді. Мұндайда шауып келе жатқан ат мұрттай ұшатыны кәдік. Осы кез қазақтар да жеткен екен. Соның біреуі ұмсына түсіп, әлгіні тобықтан қағып жіберді. Анау бебеулеп кейіндеп қала берді. Енді қазақтардың шебі тұтасып, Мақтымды ортаға алып сілтеп барады. Бұл соңғы сайыс. Енді көкпарды біржола әкете беруге болады.

– Ойбай, алып кетті!

– Ұмтыл ойбай, қуып жет! – деп қырғыздар жағы шуласып жатыр. Тастақ төбені тасырлата шапқан қазақтар алдағы еңіске түсуге айналды.

— Қап, айырылып қалдық-ау! Атаңның көрі, мына Керімқұлдың мылқауы сатқын екен, амалын асырып кетті, – деп қырғыздар күйініп жүр.

Осы кез шеттеу тұрған бір қария:

– Тек, олай деме. Ол сатқын емес, бауырлас екі елдің ортақ перзенті. Телқозысы! Бұл оның екі елге бірдей салған олжасы. Қайта құтты болсын айтайық, – деп еді, төңірегіндегілер бірден тынып қалған. Сәлден соң біртіндеп көңілдене түсіп:

– Уа, бұл да дұрыс екен! Жолы болсын азаматтың! – деді аттарының басын кері бұра, көзімен ұзатып салып тұрып:

— Қош, қазақ бауырлар! Келесі кездескенше аман-сау болыңдар! –десті.

Осылайша мақтанып қазақтар кетті, шаттанып қырғыздар қайтты.

Тегтер: проза поэзия сатира пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 13:00
Пешене
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 23:09
Талас Омарбеков дүниеден өтті
Оңалбек ӘУЕЛБЕКОВ 02.12.2021, 13:12
Қажымұқанды насихаттау – қазақты құрметтегенмен бірдей
Жақсыбек САЙЛАУБАЙ 02.12.2021, 11:19
Ана - бақыт, ана - деген шырағың!
Жарас КЕМЕЛЖАН 02.12.2021, 09:00
Светқали Нұржан: Басымды шауып тастаса да, тілімді кесіп, қаламымды тартып ала алмайды
Қуандық ТҮМЕНБАЙ 01.12.2021, 16:47
Саябақтағы классикалық әуен

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14