Мылжың

Ділдәр МАМЫРБАЕВА

30.06.2022, 16:24

2746

Бұрындары тігіншіге киім тіктіріп көрмеппін. Дайынын ала салатынмын. Достарымның «киіміңді дұрыстасаңшы» дегенінен кейін ойланып қалдым. Үйіме жақын жердегі ательеге кірдім. Аядай бөлмеде жалғыз тігінші отыр екен. Мені көргенде өзі емес көзі сөйлеп кетті. Тұтынушы келгенде шекердей боп көрінген ішкі қуанышын бекердей етіп көрсеткісі келгендей тәкәппарсый қалды.

Ол басымнан аяғыма дейін сүзіп шықты. Содан соң бас-аяғы жоқ біраз ақыл айтты.

– Сіз тігіншісіз бе, әлде ақыл айтқышсыз ба? – дедім шыдамай кетіп.

– Бүгін киім пішуге өте қолайсыз күн. Жұлдызың қарсы келіп тұр. Бет-жүзіңді әжім басып, терің салбырап кеткен. Сірә да, су ішпейсің-ау деймін.

– Тігіншісіз бе, әлде астрологсыз ба?..

– Мен алдыма келгендердің кім екенін бетіне бір қарап-ақ біле қоямын. Асқазаның ауыратын адам секілдісің. Менде баобабтың өнімі бар, өлейін деп жатқан адамды аяғынан тік тұрғызады.

– Менің уақытым тығыз еді, тапсырыс аласыз ба? – дедім әлі де сабыр сақтап.

– Өзің сөз тыңдамайды екенсің, бүгін саған ешнәрсенің сәті келейін деп тұрған жоқ деп айттым ғой. Жұлдыздарың оңнан да, солдан да солай айтып тұр. Тылсымды сезетін жан болсаң, олай айтпас ең.

– Сіз тапсырыс аласыз ба, жоқ құмалақ ашасыз ба? – ашуым лықсып келіп қалды.

– Жақсы жерден шыққан бала болсаң бұлай демес ең, бүгін сенің үстіңе ине мен жіптен шыққан ешнәрсе ілуге болмайды.

– Онда тыржалаңаш жүрейін, – жұдырығым түйіліп кетті.

Кетуге бет алып ем, алдындағы матаға үңіліп, қолына қайшысын алып, сабақты инені ерніне тістеп күйбеңдеп кетті.

– Мен өзі біреуге жамандық ойлайтын жан емеспін. Текті жерден шыққанмын. Ата-бабам болыс болған.

– Бұдан кейін де осы жерде тұра берсем, онда менің тірі өліктей біреу болғаным, осыған киім тіктіріп сәнденбей-ақ қояйын, – деп ойладым ішімнен.

– Менің қадірімді түсініп тұрған жоқсың. Сен секілді сәті келмей тұрған күні киім тіктіргендердің шаруасының қисыны еш келмей қалады, соны айтқым келіп еді, – деген тігінші қайтадан екі қолын алдына бос қойып, ал не істейсің дегендей бетіме сығырая қарады.

– Мен асығып тұр едім, сіз тапсырыс аласыз ба, алмайсыз ба?

– Ол асығыстықты мен туғызғандай боласың ғой. Мені керек қылып тұрған өзіңсің. Сенің сөзіңе мен ашулануымның орнына, сенің ашулануыңа жол болсын… – деп ұлы сабырлылықпен бетіме мысқылдай қарады.

Көйлек тіктіруге алып келген матамды қайта алып кетіп, басқа жерге апарайын десем, аузы құрғамай сөйлеп жүріп қиып қойыпты.

– Өлшемді тез алыңызшы, кетейін!

Ол бипазданып, жіп таңдап тағы әбігерленіп кетті. Кесілген қымбат матамды не қалдырып, не алып кете алмай мен тұрмын.

– Жарайды, тіктірмей-ақ қояйыншы. Қайда қалмаған дүние, – деп есікке беттедім.

– Осы қаладағы атақтылардың бәрі маған киім тіктіреді. Ренжіген бірі жоқ. Әлгі, өткен жылы қала аруына қатысқан ана қыздың аты кім еді, ұмытып қалғаным ше? Соның өзі көйлегін маған тіктірген. Сенің неге сонша шала бүлініп тұрғаныңды түсінбеймін.

– Мен ол секілді атақты емеспін. Болды, тіктірмеймін, – деп кетуге ыңғайландым.

– Дүмің қоныс таппай кетті ғой. Асығыс шаруаң бар ма? Бүгіндікке қым-қуыт шаруам бастан асып тұрған менің өзім асықпағанда, бір шаруаға бола асығып тұрған саған таңғалып тұрмын. Саған жай-жапсарды түсіндіремін деп тянь-шидің жиынынан қалып отырмын.

– Сіз...! – деп қолынан кесілген матаны жұлып алдым.

– «Асығыстық – шайтанның ісі», «Сабыр түбі – сары алтын». Қылығыңның арты ұят болып қалмасын. Тез-тез, жылдам-жылдам. Асығыспыз. Қайда асығамыз? «Сендер үшін ең жақсысы – сабырлылық» делінген Нисса сүресінің 25-аятында, – деп әңгімені езіп жіберді.

Мынау адамның қанын ішеді ғой. Ашуға булығып, өлер халге жеттім.Ол тігін машинасының алдына барып отырды. Иненің көзінен жібінің ұшын сулап өткізе алмай әбігерге түсті. Үндемей барып өткізіп бердім.

– Ой, бәрекелді! Құдай тілеуіңді бергір, сені туған ата-анаңа мың да бір рақмет!

Әке-шешем аталған соң сәл басылдым. Осынша уақытымды кетірдім ғой, екінші бір жерге барғанымда бұдан да сорақыға жолықпасыма кім кепіл деп ойлап, сәл күттім. Ол болса терезе тұсындағы гүлдеріне дәл қазір су құймаса құдай төбесінен ұрардай, күбірлеп сөйлеп, менің келіп тұрғанымды ұмытып кеткендей. Ұмытпапты.

Сен білесің бе, ертедегі аңызға сенсек, мына мен суғарып тұрған бөрібұршақтан адамды қасқырға айналдыруға болатын дәрі жасалған. Ал мына екінші майда көк гүлдерді темекі түтініне ұстап тұрсаң оның көкшіл гүлдері жасылға айналады, – мынау тігінші емес гүл базарының сатушысы секілді

Жарты әлемнің білімін жинапсыз-ау, – дедім, мылжың ми тоздырады дегеннің растығын сезініп.

– Айтпақшы, саған коэнзим ішу керек, – деді жұлып алғандай.

– Ол не? – дедім қабағымды түйіп, ашуым алқымыма тығылып.

– Жапондардың кальциі. Оны саған зорлап өткізейін деп отырған жоқпын. Сенің түріңнен денсаулығыңның мәз еместігі байқалған соң айтқаным ғой.

«Өз түрі жетісіп тұрғандай», – деп іштей бір сыбадым да:

– Құдай үшін сіз көйлектің өлшемін аласыз ба, жоқ па?

 – Әрине ғой, сәл шыда, күннің сәті түссін дедім ғой. Ұшқалақ, сабырсыз болу деген жақсы емес. Мендей тігінші таба алмайтыныңды өзің де біліп тұрсың. Біліп тұрып дүмің неге тынышталмай кетті, менің енем секілді, – деген ол енді сөге бастады.

– Былшылыңды қойшы! Өзің де құры, көйлегің де құрысын! Басымды ауыртып, миымды ашыттың!

– Барар жеріңе баршы, ешнәрседен хабарың жоқ, сені желілік маркетинг өнімдерінен хабардар еткенім бе, қаласаң да, қаламасаң да ал деп жатқан жоқпын ғой.

«Адам шаршаса – күледі» деген ып-рас екен. Ызалана тұрып күлдім.

– Міне, мынауың дұрыс, енді. Баобаб аласың ба, жоқ жапон кальциі ме? Иммунал дәруменін бе?

Мұның қасында неге байланып тұрғанымды өзім де ұқпаймын. Дуаланып қалғандаймын.

Өлгенде әрең көйлектің пішімін алды. «Уһ» дедім.

– Енді қайда барасың? – деді. Бұл сұраққа ерегісіп жауап бермедім. «Шаруаң қанша?» дегендей бетіне сұрлана қарадым.

– Елдің көп жиылған жеріне барып, басыңды ауыртып аласың ба дегенім ғой. Қазір мылжыңдар көбейді. Шеке тамырың тырысып, сөйлемейтін мені жақтырмай тұрсың, ондай жерге барсаң, жынданып кетерсің. Бүгін саған күннің сәті біресе түсіп, біресе түспей тұр ғой. Мен секілді жақсылық ойлайтын адам қазір кемде-кем.

Тез арада шығып кетпесем, шынында да жынданатын шығармын.

Тегтер: сатира қоғам пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 15:15
Қазақстандық спортшы Ислам ынтымақтастық ойындарында жүзуден рекорд орнатты
Сайт әкімшілігі 15.08.2022, 12:02
Мәдениет қызметкерлеріне арналған UMAI сыйлығы тағайындалды
Сайт әкімшілігі 10.08.2022, 09:26
Бүгін Абай күні
Сайт әкімшілігі 08.08.2022, 12:56
Қазақстан дүниежүзілік шахмат олимпиадасында үздік үштікке енді
Сайт әкімшілігі 08.08.2022, 09:07
Ұлы ақынның туған күні Абай облысында қалай ұйымдастырылады?
Бифат ЕЛТАЕВА 05.08.2022, 18:18
Жастар ресурстық орталықтары өзін-өзі бағалай алады

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49