Нағашы да бір жұртың...

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

22.07.2021, 09:11

2728

Әлқисса: бұл өзі кез келген қалтаға сыйып кететін, сырты қара мұқабалы, қолдыбала сияқты жолға алып шығуға қолайлы, сөз толтырғанды тілеп тұратын қатира еді. Мен үшін әлем кіндігінің ортасы ретінде сезілетін Алакөлдің жағасында, Жарбұлақ-Қабанбай ауылындағы 105-ке тақап дүниеден озған нағашы әжем Дәртайға бата істей барып, нағашыларым Ақпан тәте мен Серіктің жағажайға тіккен саяжайында еркін демалып жатып, әңгімелесуге мүмкіндік туған күндері жазылыпты.

Жалпы, мен шешемнің емшек сүті мен нағашының тәрбиесіне жарып көрмеген адаммын. Себебі әкем Құдакелді 1918 жылы 24 сәуірде 16 жасында Мақаншыдағы Алаш жігіттерінің (Алаш жасағы солай аталған) командирі, жараланып қалған Садық Аманжоловқа Ахмет Байтұрсыновтың хатын апарып бергені үшін (А.Байтұрсыновты Шәуешекке барған сапарында суретке түсірген «пәдретші Мұхамеджанның» – М.Юсуповтың күнделігінде жазылған дерек) отызыншы жылы ұсталып, отыз екінші жылы Алматының түрмесінен қашып шығыпты. Екі рет қолға түскеннен кейін (Аякөзде, Бақтыда) жер жағдайымен жақсы таныс «маман» ретінде «көртопырақ» (гуртуправ, сол жылдары жаңа ашылған Семейдің ет комбинатына бордақы мал айдайтын табынның не отардың жол көрсетушісі) есебінде «арнайы мекеменің есебіне» алыныпты. Қай жерден қоныс бұйыртса, сонда қыстып, сәуір мен мамыр айларында сол жерде жинақталған бес-алты отар қойды, не екі-үш табын сиырды екі ай бойы жая семіртіп, қасапханаға өткізеді. Шілде мен тамыз айында екінші рет мал жияды. Шешем солардың бақыршысы (аспұзылы) болыпты. Келесі жылы қай жерден мал тапсырып алу керек болса, сол өңірге қыстап шығады. Сөйтіп, екеуі арлы-берлі көшіп, ар жаққа-бер жаққа өтіп, Ноғайсібір мен Дегелеңнің, Ресейдің Алтай өлкесі мен Моңғол Алтайының, Қарқаралы мен Тарбағатайдың арасында жанкешті салбурында жүріп, «балапан басты, тұрымтай тұсты» болғандықтан да, менен бұрынғы дүниеге келген он екі баласы түгелдей шетінеп кетіпті. Әр жерде дүниеге келген олардың денесі де әр жерде, осы аталған өңірлерде бір шөкім төбе болып қала беріпті.

Қазақта бауырына бала тұрмаған ұзатылған қызды «қағанағынан ұшынған қараталақ» деп тіксіндіретін қарғысқа бергісіз сөз бар. Бұл сөзді шешемнің шешесі естіп, қырық тоғызға келгенде маған жүкті болған қыздарын сол жаман аттан құтқару үшін апалы-сіңлілі керей қыздары Тухан мен Нухан біздің үйге келіпті. Келе салысымен қоржын үйдің ортасын шымылдықпен бөліпті. Мен туа салысымен етектеріне салып алып: «Осы шикіөкпе тұрақтасын, өмір сүрсін» деп, «Тұрсын» деп ат қойыпты. Ешкімді, тіпті әкем мен шешемді де жолатпай, емшек те емізбей, сиырдың сүтімен екеуі ғана бағып-қағып өсіріпті. Емшек сүтін ембеген соң, қақпыш боп өссем керек. Сәби кезімде мені «Жарғақ» деп атағаны да сондықтан шығар. Менің алдымда дүниеге келген апайым Айымханды «өлімді алдаймыз» деп, туа салысымен алыстағы Ескендір атты әкемнің ағасының бауырына салып беріпті. Керейдің сол екі қызы, шешемнің шешесі – Тухан мен сіңлісі Нуханға (немесе керісінше де болуы мүмкін, ол арасын нақты ажырата алмаймын) бауыр басқандықтан да, әке мен шешеге жатбауыр өстім. Ес білер-білмесімде екі кейуана да о дүниелік болды. Қазір ойласам, мен өз өмірім үшін сол екі кейуанаға қарыздар екенмін. Тірі қалуым да, тірі жүруім де, мүмкін, сол керейдің екі қызының тілеуі шығар. Жандары жаннатта болсын… Дидары есімде болмаса да, жан жылулары жүрегімде.

Сөйтіп, бір жыл ар жақта (Шығыс Түркістанда), бір жыл бер жақта (Қарқаралы, Дегелең, Жарбұлақ, Бесқарағай), бір жыл ана жақта (Моңғол Алтайы, бір жыл  мына жақта (Ресей Алтайы) қыстап қалатындықтан да, ағайын-туыстан, ел-жұрттан жат өстім. Міне, сондықтан да болар, қаншама бауырларына тартса да, бауырларына тығылсам да, әлде жиырма бестен асқаннан кейін танысып, табысқандықтан ба, нағашыларыма деген бір өгейсу байқалып қалушы еді. Одан гөрі «керейлетіп» жүргенім әлдеқайда жеңіл болатын. Тоқсанға бет алған жастарына қарамай, Құрманғали мен Алшанның үсті-басымды қағып-сипалап, киімімді «жүгіріп кеп» шешіп, аяқкиімімді тазалап қоюларына және сексеннің сеңгіріне шыққан «Айтбек қудың» (басқаша атасаң ренжиді) қутыңдауына қарағанда, Тухан мен Нуханның елі әлгі Абаймен тең қалжыңдасатын Қуандық қыздың ұзатылып барған жері – Шұбартау ма екен деп топшылаймын.

Мына қара қатирадағы жазбаларға қарағанда, сол ата нағашым Дәртай әжеме құран оқыта барғанда, елудің ортасына келгенде, оларға біраз бауыр басуға ұмтылған сияқтымын. Бұрын олардың тегін де тектеп көрмеппін. Сондықтан да жиенсініп, Серік нағашымыздан: «Мақтана жүретін қандай нағашылық қасиеттерің бар?» десем керек. Сонда өзіне тарта: «Сөз саған бізден дарыған», – дегендей сыңай танытып, қырындай айтқан әңгімелерінің соңы шежіреге жалғасып кетіпті. Ру тарихынан қанша қашқаныммен: тегін тектей жүрген егде адамға ерсі болмас деп, түрте жүріппін. Енді күнделік жазылған тұстағы елуді де еңсеріп, арадағы алпыстан асып, жетпіске жақындап қартаң тартқанда нағашыларымды өгейсіткенім өзіме де жараспас деп ойлаймын. Оның үстіне осында айтылатын нағашы тәтем Ақпан мен нағашы ағам Серік те, өзара әңгімемізді қузаған ақын Аманжан Жақып та о дүниелік болып кетті. Олардың тәмсіл сөздері де есте ұстарлық сөз екен. Әсіресе Абай өлеңінің астарын талдаған тұстары адамға ой салатын-ақ үлгі. Кейіннен ол әңгіме Абай өлеңдерінің астары мен текстологиясы туралы арнайы зерттеу жазуға да себепкер болғанын ескерте кетемін. Сол талқыға сүйене отырып, біреу: «Бәсе, нағашыңа тартқан екенсің ғой», – десе: «Иә», – деп бетіне тура қарап, жонданып тұрып жауап беруге татитын тәмсілдер екен.

Бұрын бір жазып өткенімдей, бауыры суық тартып бара жатқан қоғамда өскен менің  тұқымдарым да жақындарына жатбауыр боп кетпесе екен деп тілеймін. Осындағы хатқа түскен ойларды қайталап оқып отырып, күнделік ұстаған да жөн бе екен деп қалдым. Демек, бұл «Күнделікті» өмір сүруге қақысы бар жазбалардың есебіне жатқызуға толық болады деп есептеймін. Ел іздеп оқитын басылым оқырмандарының біріне болмаса біріне таныс жайлар ғой деп әдейі ұсынып отырмын.

*** 

28.07.2005. Жарбұлақ

 105 жасқа келіп қайтыс болған нағашы әжем Дәртай жарықтық үнемі: «Мен де бір ел қамын жеген Едігемін», – деп отырушы еді. Осыдан алты-жеті ғасыр бұрын өмір сүрген Едіге би аузына қайдан түсіп жүр? Демек, Едіге би, шынымен де, қара қазақтың санасына мысы мен киесі өшпестей болып сіңіп қалған қасиетті тұлғаның бірі болғаны ғой. Біз Тоқтамыс пен Ақсақ Темірдің маңындағы сөздерді, Баба түкті шашты әзиз сияқты әпсаналарды естіп, сырдаң қабылдап жүрген сияқтымыз. Өйткені мынадай дуалы сөз – сөз бен билік атаулыдан аулақ жүрген, ортасы өзге, он төрт жасында тұрмыс құрған кейуананың есіне күніне он рет түсіп отыруы тегін емес.

Дәртай әжеміздің Едігені пір тұтуы заңды. Өйткені ол кісінің түпкі аталары Едігенің ықпалындағы Алтын Орда әулетінің дәргейінде болған. Қазіргі Ұлытау мен Атбасар өңірін мекендеген. Едіге шыңының етегінен басталатын бұлақ кеңейіп барып Байжігіт, Жанжігіт деген екі өзеншеге айналады. Біз де, нағашымыз да осы Байжігіттен тараймыз. Жанжігіттің ұрпақтары Самарқанның маңында. Өздерін Өкіреш (Бұқа) найманбыз,  жанжігітпіз деседі. Өкіреш (Бұқа) ата қорымы Самарқаннан қырық шақырымдай жерде әлі де бар. Ескерткіш қойылған. Төлегетайдың мазары Өзгентте. Бабаларымыз қоныс еткен, Рузбехан мен Миллер жазып кеткен Байжігіт пен Жанжігіттің атындағы қос өзен Терісаққанға, Терісаққан – Есілге, Есіл – Ертіске, Ертіс – Солтүстік мұзды мұхитқа құяды. Едігенің атын қастерлеу сол Байжігіт пен Жанжігіттің заманынан қалған, жүзден аса жас жасаған Дәртай әжеміздің сөзінің мәтеліне айналған  аталы тәмсіл.  Әжеміз жасында өте өжет, өктем, адуын, ауылнайша болған адамға ұқсайды. Оны бала күнімізде  шешеміз айтып берген бір әңгіме көз алдымызға анық елестеткен. Тіпті он бес жастағы алғашқы әңгімеміз де сол туралы болса керек-ті. Ол кісінің қара жаяу адам болмағанына Дәртай әжеміздің ұлы Серіктің  аузынан жазып алған  мына өлең дәлел:

Тұңғышбай – әкем аты, шешем – Мысық,

Өлеңді мен айтпаймын өнер қысып.

Жеріңнен ары отырған бермен отыр,

Қояйын мықыныңнан қысып-қысып.

Дәртай әжеміздің бұдан өзге де шымшымалары бар екен. Бірақ бір кілтипаны, не тікені бар ма, кім білсін, Серік сөздің аяғын жайдақтата күліп отырып, ұзата шығарып салды. Серіктің өзі де шымшуыр сияқты. Сөзді дәмдеп бұрыштап, емеурінмен қасын қаға қақпайлап сөйлейді. Әдеміше келген ауылдың балалы келіншегі сәлем бере келді. Баласының маңдайынан иіскедім. Іле Серік те балаға ұмтылып:

 – «Кербез келіншектің баласын кезек сүй» деген. Қане, кел бері, біз де бір сүйіп қалайық, – дегені.

Қандай астарлы әрі әр нәрседен дәмелендіретін сөз. Қандай ғана қу тауып айтты екен, ә? Әй, осы мына Серіктің өзінің шыжымдатып жіберіп отырған жымсытпасы болмасын. «Келіншектің баласын кезек сүй» дегенді берісінен қайырғанда үш түрлі мағынада түсінуге болады. Біріншісі әрі қарабайыры: келіншек риза болса – дастархан берекелі, «шәйі – ыстық, қызыл әрі тегін» болмақ. Екіншісі – бұл баланың әкелігінен дәметкен құрдастығы болуы мүмкін. Үшіншісі – балалы үйдің ұрлығы жатпайды. Сондықтан сырың ашылып қалмау үшін балаға сүйкімің болуы керек. Төртіншісі...

Жә, кезектесіп сүюін сүйдік қой, осы суыртпақтағанымыз да жетер. Тілеушеге ілесіп тезек теріп кетіп жүрмейік.

***

Нағашымыздың әулеттері мынадай екен: найман – Төлегетай – Қара Керей – Байыс – Бәйжігіт – Күшлік (Күшік), Дәулен – Көбес – Тілеуше –  Сәмәмбет – Көн –  Қоспақ. Осы Қоспақтан: Ысқақбай, Дүйсен, Бейсен, Жентбай, Байшоқан. Ысқақбайдан Жақыпбек тарайды. Дүйсеннен тұқым жоқ (біз батамыздың ішіне атын қосып атаймыз). Бейсеннен – Әбілхамит, Қалиша, Қадиша. Әбілхамиттан – Сәуле. Қалиша біздің атамыз Райбайға айттырылған екен. Бойжеткен кезінде қайтыс болыпты. Қадишаны апайы Қалишаның «қалыңмалының өтеуіне» Райбайдың інісі Құдакелдіге ұзатыпты. Қадишадан – Рысқан, Балтабек, Шәріпбек, Айымхан, Тұрсын, Мейірхан, Төлеу. Бұлардың ішінде қазір мен ғана жалғыз жер басып жүрмін. Айымханнан – Әсел, Үміт, Мұхтар. Әселден – Айым, Үміттен –  Жәнел. Тұрсыннан – Сұңқар, Алма, Назым. Сұңқардан – Күнікей, Сұлтансейіт, Байжігіт. Назымнан – Тәмина (Тоқбала), Бифатима.

Жақыпбектен – Төлеухан, Сейітхан, Биғазы. Төлеухан нағашымыз бауырмал, ықтасынды, сергек жігіт еді. Өмірден ерте озды. Жалғыз қызы іздеусіз қалды. Үшарал өңірінде жүрген шығар. Менен сегіз-тоғыз жас кіші шығар. Жентбайдан – Серғазы, Серікқазы, Күлғасыл, Нұрғасыл. Серікқазы, міне, алдымызда, әңгімесін өріп отыр. Ағасы өмірден арманды жағдайда өтіпті. Серғазының Самарқанмен уағдасы бар екен. Онда Самарқанның Үрімжіде оқып жүрген кезі көрінеді. Серғазы соған бара жатқанда жолда Күйкентай саумалға у қосып жіберіпті-міс. Аттан жығылған кезде құймышағына тас кіріп кетіпті-міс. Текті сөз бе, тексіз сөз бе, кім білсін. Обал-сауабы – айтушыда. «Естіген құлақта жазық жоқ». Жазып қойдым.

Нағашы тәтеміз Ақпанның «Санның басы – саңыраудың құлағы» деген  мәтелінің астарын түсінбеген соң қайта сұрап, мағынасын жазып алдым. Мұны нағашы тәтеміз: «Әркімнің басы» деген сөз – әр елдің қалаймақан (аласапыран) кезінде айтылған сөз. Әркім өзінің ойлағанымен жүреді. Бірінің сөзін екіншісі тыңдамайды. Ал «Саңыраудың құлағы» дегеннің мағынасы – көрсе де, білсе де, айтсаң да – түк білмейді. Ештеңе айтпайды» – дегенді білдіреді. Бұл аласапыранды көп кешкен шекара жұрты үшін үйреншікті өмір. Қазіргі заман да сол. Ешкімнің ешкімде жұмысы жоқ. Құтайсаң да, жұтасаң да өз күніңді өзің көресің», – деп түсіндірді.

Нағашым Жентбай сері, саятшы адам балыпты. Әлімғазы болыстың Закариясына домбыра үйреткен. Екі тазысы мен  екі аты болған. Соның бірін мініп, аңға шыққанда ауырып келген.

– Аттың жалынан ұшынып келді, – деді Ақпан тәте.

  *** 

30.07.2005

Е, осы өмір сүріп не қажеті бар екен? Өйткені кейде соның мағынасы жойылып кетеді. Өмірдің ұзақтығы – суға түсіп шыққандай-ақ-ау. Деген сарындағы көл жағасындағы құмығуға бастаған оңашадағы ойды Аманжан ақын мен Серік келіп, ауаша қуып жібергендей болып еді. Әуелі еріп келген балаларының тілін қызықтадық.

«Баланың тілі – бал» – дестік. Дұрыс. Сол «тілді» адамдардың өзі кәмпит құсап сорып, тәтті етіп алады. Ал баланың айтқан сөзін оның ойлау қабілетімен өлшесең – о, о! –  онда үлкен пәле жатыр. Бұл ойдың да мазасы кете бастағанда Аманжан  Жақып: «Итті  қонақ жараспас деген», – деді емеурінмен.

Бұған да келістік. Шындығында да, итті қонақта не қасиет болсын. Ертіп келген иті бүкіл ауылдың итімен таласады, бірдеңені ұрлайды. Сөйтіп, иесі де итін қорып, итімен бірге ит болады. Бала да сол. Бірімен-бірі итше иіскеп табысып, итше ырылдасып тарқасады. Арасына түскен ата-ана одан өткен  қадірсіз күй кешеді. «Ит пен бала жауынды күні құтырады», «Ит пен бала қорыған жерге өш» деген тәмсіл тағы бар.

Бұл емеурінді Серік Тұңғышбай одан әрі жалғастырып: «Дос – басқа қарайды, дұшпан аяққа қарайды» дегеннің мағынасы не, білесің бе? «Нағашы – сыншыл келеді» дегеннің кебін келтіріп отырғаным жоқ. Мұның баскиім мен аяқкиімге түк қатысы жоқ. Шын мағынасы мынау. Дос жеке басыңды сыйлайды. Сондықтан басыңа қарайды. Ал дұшпан – ретін тауып шалу үшін аяғыңа қарайды», – деді.

Жөні бар сөз. Осы емеурін көбейіп кетті. Мына екеуінің бірі – басыма, бірі – аяғыма қарап отырғаннан сау ма, өзі?!

*** 

31.07.2005

Серіктің әңгімесі:

– Адамға үш қасиет бірдей бітсе, онда ол адамға мал бағып, егін егіп қажеті жоқ. Сол үш қасиеті асырайды. Ол қасиет – мида, тілде, жүректе. Ми ойлап,  жүрек дауалап тұрғанымен, тілің жеткізе алмаса, екеуінің де қасиеті ашылмайды. Ми ойлап, тіл сайрап тұрғанмен, жүрегің дауаламаса, әлгінің барлығы айтылмай қалады. Тіл мен жүрек тіл табысқанымен, ми билемесе, не қырт, не әңгүдік, әумесер болып шығасың, – деді нағашым.

Шындығында да, Абайдың ақыл, қайрат, жүрек үшеуінің бірлігі туралы ойымен қарайлас. Тек қайрат пен тіл ғана орын ауыстырып тұр. Әлде ұлы дегдар ойдың қайратын меңзеп, тілді соған қоса қабаттап жіберді ме екен?

Солай-ау. Сыртқа шыққан ой да, қуат та тіл арқылы тиянақ таппай ма?

***

30.07.05

Нағашым Серіктің өз елі туралы мінездеме берген әңгімесі:

– Тілеушелерді «Сал тілеуше» дейді екен. Үйге қонақ келсе де, басын бір көтеріп қойып жата беретін көрінеді. Малды жеке басындық қып қана ұстапты. Артық байлықты ауырсынады екен. Басынан артық сөз де асырмапты. Әр нәрсені сынап, мінеп, бері тартсаң – әрі қисайып, әрі итерсең – бері еңкейіп, сол сәтте көнбеген қисықтығын өздері біліп, кек тұтпай жүре береді екен. Ал шамына тисең бітті – алдында әкесі тұрса да, қарамайды екен.

Мысалы, сенің туған нағашың Әбілхамит тура соның өзі еді. Серғазы қайтыс болғанда атақты Әке-молдаға  қой атапты. Атам (Әбілхамит – Т.Ж.) тоқты  беріпті. Әке-молда ренжіпті. Сонда:

– Сен Алланы алдап, құранды сатамысың? Хатым – сауап емес пе? Бергенге риза бол, – депті де, тұра ұмтылыпты. Елдің бәрі:

– Ойбай, Әке-молда дуалап тастайды. Найзағай ойнатады. Тілімізді байлап тастайды, – деп қорқыпты.

– Дуаласаң – мені дуала. Жындандырсаң – мені жынды қыл. Қане, көрсет маған өнеріңді, – деп, бір төбеден асқанша қуыпты.

Осы әңгімені естіп отырып мен де тіксініп  қалдым. Өйткені Әке-молданы жас күнімнен біліп, әртүрлі қасиетін көріп өстім. Үйіне де бір қонып шыққам. Әкем Құдакелдіге:

– Ей, сен бір Құдайға қараған адал адамсың. Алла жарылқайды. Кедейдің ішіндегі кісісісің, – деп отыратын.

Ал шешеме тіпті кішіпейіл еді: «Әкем, үкем, балам, келінім», – деп өбектеп сөйлейтін. Ол келсе, Айымхан екеуміз тары, бидай түйеміз. Талқанды қаймаққа былғап жейді. Шайды бізден бөлек береді. Әке-молда келе жатқанда Айымхан:

– Ой, ана жалмауыз шал тағы  келе жатыр. Қу, – дейді маған.

Мен алдынан шығып, бұтаға тығылып қап қорқытамын.

    – «Тәйт, шайтан!» – деп, қалың шөптің үстімен көбелекше ұша жөнелетін сияқты боп көрінеді. Әйтеуір, таба алмай қаламын. Үйге келсем – Айымхан келіні түйгіштеп жатады. Бір уақытта қайдан тап болғанын білмейсің, үйге кіріп келеді. «Ассалаумағалейкум, кәпір-шүпір» – деп (бізге солай естіледі – Т.Ж.), төрге отырады.

Шешеміз шымшуыр мен шыбықты қасына қойып, қаймақ пен талқанды Әке-молданың алдына қоя бастайды. Мен реті келсе Әке-молданы мазақтап, аузымды қисаңдатып, өтірік малжаңдай бастаймын. Шымшуыр не таяқ көтеріле бастағанда далаға зытып берем «тырқ» еткізіп. Шешем кейде шынымен ыза боп қуады, кейде күліп жүріп қуады. Әйтеуір, бір жазаның бар екенін білемін де, көрші ауылды қона аралап кетем. Кейде бір ауылға Әке-молда екеуміздің қатар барып қалатын кезіміз де болады. Тегін қыдырмай, артыма қарайлай қыдырамын. Өйткені мен үйден қашқан бетте шешем де сол ауылға қарай жаулығы ағараңдап келе жатады.  Ол бұл ауылға келгенде, мен ана ауылға «қоныс аударам». Бұл қуыспақтың кейде бір күнге, кейде екі-үш күнге созылып кететіні бар. Оның барлығы келген ауылдың балаларымен ойынымның жарасуына байланысты. Ат, тайынша тие қалса Төрежайлауды түгел аралап қайтам. Мал қарағансып атам (әкем – Т.Ж.) бір «түгендеп» кетеді. Әйтеуір, бір күн әлдекімнің  үйінде ұйқыдан оянсам:

–  Е, Құдайдың бергені. Осының он алтыға толған күнін көріп өлсем арманым жоқ, – деп еміреніп отырған дауысты естігенде, шешемнің де соңымнан «қуып жеткенін» білем.

Содан үйге қайтамыз. Кешке тезекті тұтатып қойып, отқа қарап, екі көзі боталап ән айтады.  Сол кезде Қадиша да сұлуланып кетеді. Мейірімі де мол. Әрі қараңғыдан сескеніп мен де тізесіне бас қоямын. Басымды сипай отырып әнін айтады.

Аға-жай,

Алтайдай,

Жер қайда-ай? – деп.

 Көзінің тамшысы бетіме ып-ыстық боп түседі. Аяймын. Сөйтіп жатып ұйықтап кетемін… Келесі бір қылмысыма дейін тәтем екеуміз тату-тәтті боп жүре береміз.

  Әке-молда тағы келеді. Өзгелер де келеді. Олардың да аттарының жүгені сыпырылып, ер-тоқымдары атының бауырына түсіп жатады. Аттары үркіп, байлауын үзіп тұра қашады. Не сыпыра боқтықтың астында қалады. Сыйлы, сыйсыз адам деп таңдамайтын болсам керек. Сонымен, тағы да қуыспақ басталады.

Ендігі беталыс – Сартолағай, одан кейін Тасбастау… боп кете беруші еді.

Сөйткен Әке-молданы туған нағашым Әбілхамит қуды дегенде, 54 жасқа келсем де, бір зауалы тимеді ме екен деп тіксініп қалғаным рас.

     Аса мейірімді, пірадар, «әкем, үкем» деп сөйлегендіктен де, «Әке-молда» атанып кеткен сол адамға Үшаралдан топырақ бұйырыпты. Нағыз әулие сол кісі еді, жарықтық. Алла разы болсын.

     Бірде қысты күні әкем мені алдына алып, Әке-молданың үйіне бардық. Тастының аузында отыр екен. Бізге таудан отын кестірмей-ақ, өзінің отынын шанаға тиетіп берді.

Содан бастап Әке-молданы сыйлап, алдынан кесе-көлденең өтпейтін болдым. Кейде Айымханға да көмектесіп, келі түйетін болдым. Бірде көктемде, кешке қарай қара жаңбыр құйып тұрғанда Әке-молда жарықтық келе қалды. Таңғалғанымыз – үсті-басы (көйлек-дамбалы) құп-құрғақ. Түнгі тамағын ішті де, әкемнің сарт  шапанын (жағасыз шапан – Т.Ж.) қолтығына қысып, ескі сиыр қораға кетті. Айымхан екеуміз артынан аңдып барып ек, күбір-күбірден басқа ештеңе естігеміз жоқ. Таңертең:

– Келін, әкем! Міне, шапандарың. Құп-құрғақ, – деп әкеп берді.

 Ол кеткен соң қораға бардық. Іші толы сарсідік, су. Тек бір бұрышта менің екі аяғым әзер сыятындай құрғақ жер бар екен. 6-7 жасар мен сыймаған жерге алпыстан асқан үлкен адам қалай сыйып тұрды? Тік тұрғанның өзінде, таң атқанша қалай шыдады? Дуалға сүйенсе, шапанға топырақ жұқпай ма? Біз таңғалдық әрі қорықтық.

Содан кейін Әке-молданы  көргеміз жоқ.

Шешем қайтыс болды. Біз Екіашаға көштік. Ел қоныс аударды.

Әбілхамит нағашымның қияңқы мінезі, сөзден гөрі шоқпарға бейімдігі өле-өлгенше қалмапты. Қазасына да сол шоқпарға әуестігі себепші болса керек. Менің Серіктің әңгімесінен бұрынғы Әбілхамит туралы естігенім мынау. Оны Нұрғазы аға айтып отыратын. Отызыншы жылдары Райбай ағайындарын бір араға жиып, «ел боламыз» десіпті. Семіз дүнгеннің қолындағы Смағұл атамды соттасып жүріп қайтарып алыпты. Содан Шүрменге (Қарабураның маңы) егін салып, Құдакелді мен Әбілхамитті тағы бір Жүсіпбек деген, әкеммен құрдас тоғалақты қырманға жіберіпті. Содан құлақ суын бұрып жүріп, әлгі тоғалақпен Әбілхамит төбелесіп қалады. Әкем қайнағасын сыйлап, араласпапты. Тоғалақты екі бүктеп тізесіне салып, төмпештей жөнелгенде әлгі кісі:

– Тоғалақ! Тоғалақ! – деп аруақ шақырыпты.

  Сол кезде әкем атып тұрып, қайнағасы Әбілхамиттың үстіне қона түсіпті. Жан керек, Әбілхамит қашады, екеуі соңынан қуады. Демалысып ап тағы қуады. Қоймай, Шүрменнен Жамбастың бұлағына  дейін (25 шақырым жер) қуыпты. Есіктен кіре беріп Әбілхамит:

– Тәте!   Өлтірді! – деп сұлай кетіпті.

Райбай атам жоқ екен, Айымбүбі деген шешеміз қолына бақанды ала салып:

– Сендерге кісі өлтіргенді мен көрсетейін, – деп, Құдакелді мен әлгі қайнысына тұра ұмтылыпты.

Содан «батыр тоғалақтарды»  Сартолағайға жеткенше қуыпты.

Шөлдеген, әлі тайған, тоғалақтың аруағына арқасы қозған Құдакелді мен әлгі тоғалақ, сөйтіп, бар «сыбағасын»  үлкен шешемнен алыпты.

P.S.  Шешем атқа мініп қуған көрінеді. Содан кейін Әбілхамит өзінің ағасы Жентбайға барып, Башпайдың малын ұстапты, өзіне де мал бітіпті.

Мен туғанда әкем Әбілхамиттан сүйінші сұрай барыпты. Бірден тіл қата қоймаса керек (Өзінің мінезі сол екен. Бала-шағасы, немерелері сөйлегенде де отырып-отырып: «Ну, хорошо! Солай болсын!» – дейді екен – Т.Ж.). Оған шыдайтын Құдакелді бар ма, аттың басын бұра шауып, қойдың ішінен бес ісекті бөле қуа жөнеліпті. Екеуін қақпайлап тастап кетіп, үшеуін айдап әкепті. Әбілхамит сол төбеде жантайған күйі орнынан қозғалмай жата беріпті.

Сөйтіп, ісектің біреуін шешеме қалжаға сойыпты, біреуі шілдеханамда отқа үйітіліпті, үшіншісі қарын шашымды алғанда ма, жоқ, қырқымнан шығарғанда ма, әйтеуір, бір керекке жарапты.

Кейін мен ес білгенде тағы да екі-үш ісекті айдап келді. Бұл жолы қой баққан екі адам болса керек. Сол  ісек сүндет тойыма жұмсалды. Ел-жұртқа көкпар берді. Бұл жолы Әбілхамит қандай мінез көрсетті, оны білмеймін.

Нағашы тәтем Ақпанның айтуына қарағанда, әкем келе жатқанда бүкіл ауылдың бозбаласы мен қыз-келіншегі атамның атына жармасады екен. Атқа байлайды, тымағын теріс кигізеді. Сонда да: «Әй, қу қаншықтар!» – деп тілін тыймайды екен.

Содан үлкендер арашалап алғанша ыза болмай, балдыздарының түйебасына көнеді екен. Кетерде екі жақ та аңдып тұрады. Әкем атқа міне салып, әлгі қыздарды қамшымен шықпыртып-шықпыртып, шаба жөнеледі екен.

Әбден зығыры қайнаған балдыздары бір жолы дөң астына бес-алты жігітті жасырып қойыпты. Содан бәрі жабылып жүріп ұстап, аттың ер-тоқымының айылын босатып, қолын байлап, атқа теріс мінгізіп, жүгенін сыпырып қоя беріпті. Оқыс нәрсе. Әйтеуір, тақымы мықты, ат жуас, ауылға қарай жүріпті. Үлкендер үркітпей атты ұстатып, ұл-қыздарына зекіпті. Бұдан кейінгі жезде-балдыздық әзіл-қалжыңға ауысса керек.

Әр жағында заман өзгеріп, тұрымтай тұсына кетті.

Әбілхамитты мен 1980 жылдары іздеп келдім. Күзеуге көшіп бара жатыр екен. Барлыққа. Төлеу сияқты сар шал. «Тұяқ! Тұяқ!» – дей берді. Үстемдеу сөйледім. «Ну, хорошо! Тұяқ!» – деп көзі жасаураған соң, өзімнің де көңілім босап сала берді. 1982 жылы тамыздың 6-сында Алматыда Алмас суға кетті (5-і күні Алма туды). Сол күні Әбілхамит та дүниеден озыпты.

Әумин!

Міне, қызы Сәуленің де бір қойына бата жасап отырмын.

*** 

Серіктің тағы бір әңгімесі: Бапының асында үлкен жиын-той болады. Ас Емілдің бойында беріледі. Бәйге аттар қарақшы көмбеге кеткенде палуан күресі, теңге алу, аударыспақ өтеді. Қоспақтың Байшоқаны мен Қазыбегі екеуі аударыспаққа шығады. Сол арада бәйге аттар көрініп, елдің бар назары соған ауып, әлгілер ұмыт қалады. Екінті ауа Емілдің жағасындағы екі қарайғанға көздері түседі.   Кісі жібертіп білсе, Байшоқан мен Қазыбек екен. Екеуі де сіресіп қатып қалыпты.

– Үй, екеуіне де бәйге берейік, – десе де ажырамапты.

 Сөйтсе, бірінің жағасына бірінің қолы жармасқан күйі қарысып қалыпты. Байшоқанның саусақтарына қамшының сабын тығып отырып әзер ажыратыпты.

Екеуі де қарулы еді. Байшоқан ерте өліп, артында тұқым қалмады. Ән-күй мен аң қуып жүріп үйленбей қалса керек.

Қарақұрсақ  Азанғалидың қасына жастай ілестім. Сонда емеурінмен сөйлейді, мен түсінбеймін.

– Ұшар құстың басы алда, – дейді.

Түсінбеймін. Құс алдымен ұшпай қайтеді? Құйрығымен ұшқан құсты көргем жоқ. Жөнін сұрасам:   «Елдің алдымен шығып кетейік. Кетейік», – деген сөзі екен. Бірде солай деп ем:

– Жортар аттың тоғы игі, – дегені.

Сөйтсем: «тамақтанып аттанайық» дегені екен.

*** 

Көлдің басында Аманжан ақын мен Қуаныш пәдіретші бірге жатты. Екеуі құрдас. Бірін-бірі «ит іздеп жүр едім» деп емексітеді. Бірін-бірі қажай-қажай Абайға ауысса керек. Өзі тобықты, елсоқ болса да, жиырма бес жыл Ноғайсібірде пәдіретші болған Қуаныш Абайдың үш сөзін тарата алмаса керек. Соны қағазға жазып алыпты. Менен мағынасын сұрады. «Табытын қаққан» кім екенін түсіндірдім. Екінші сөзін де («бір кемел») таратып бердім.

«Байы – баспақ,

Биі – саспаққа» келгенде тосылдым.

1) Баспақ – сиыр. 2) Баспақ – малдың ауруы. Сиырдың тұяғының арасынан шығатын күйдіргі. Ал Абай нені меңзеді? Әйтеуір, Серіктің кеше түнде Сұлтанхан бай туралы әңгімесін айтып, толық түсіндірдім.

«Биі саспақты» да айттым (Өткізіп жіберген малы көпке жария болмай тұрып асып-сасып билігін айтып үлгеру).

Ертеңінде Серік келіп, жанамалата: «Аттың терісінен жасалған, аузы бүрілген шөншікті «баспақ» дейді. Байлар өзінің қолына түскен бұйымды баспалап отырып соған салады. Кейін оның ішінде не жатқанын өзі де ұмытып қалады. Баспақты сараң бай өлгенде бір-ақ тіліп ашады», – дегені.

Міне, Абай қай баспақты негізге алып, емеурін еткен. Әйтеуір, шөншікті айтпасам да, Сұлтанханның 2,5 мың қойының 500 саулығы шөп жей алмай қартайып кеткенін, соны іріктеуге қимағанын, дені дұрыс үй де салмағанын, елге аты қалу үшін диірмен сал дегенде, «жөн» деп қойып құтылғанын мысал ете отырып дұрыс түсіндіргеніме тәубе еттім.

Абайға абай болған жөн екен.

*** 

31.08.2005         

Серіктің әңгімесі: «Сенің нағашы жұртың Тілеуше деген ел шетінен сал болыпты. Қай жерге қисайса, сол арада жата береді екен. Күтуі жұрттың үстінде. Соған қарағанда ағайындары еркелігін көтеретін болса керек. Бейтаныс елге барғанда «Тілеушемін» десең болды, ел қолына домбыраны ұстата қояды екен. Болмаса құс сынатады екен. Егер домбыра шертсе, не құс сынаса «Тілеушенің өзі екен» деп, салдығын көтереді екен», – деді.

Сонда бұлар ауыл арасындағы «үй сал» болды ғой.

Бұдан бұрын айтылған тілеушелерге берілген мінездемелерден өзіме не жұқты екен деп іштей салыстырып көріп ем, кілең бір қырсық мінездері менің бойымнан табылды. Кейбірі (мысалы екі сөзге келмей жұдырықтаса кету) шешенің өлімінен кейін басылып кетіпті. Кейбірін саналы түрде жеңіппін. Кейбірінің таты әлі де сыртқа шығып тұрады. Әсіресе біреуден көңілім қалғанда булығып үндемей қою менің мінезімнің бір ерекшелігі болып табылады.

Ал домбыра мен саятшылық маған қонбапты. «Салдық» жасап, біреудің төрінде көлденең түсіп жатып алғаным да есімде жоқ. Оған да шүкір.

*** 

Серіктің тағы бір әңгімесі:

   Бір әйел жоқтау білмейді екен. Өзге әйелдерге «жоқтау үйрет» десе:

– Ой, біз айтамыз. Сен қосыла саласың, – депті.

Азалы үйге барған соң, әлгі әйелдер сұңқылдай жөнеледі. Бұл әйел де тура аза тұтқан әйелге барып, ойына келген өлеңді қоя беріпті.

Белең, белең, белең ат,

Белі бүкір күрең ат.

Таудан, тастан таймаған,

Табаны жалпақ тарлан ат –

Ой, дүние сұм жалған, – деп қосып қойыпты.

Сонда азалы әйел:

Есіктің алды жоңышқа,

Ел қонады қонысқа.

Жылап келіп сұрадың,

Бұл жұмбағың – құмырсқа! – депті.

Қаралы болса да, сөзге есесін жібермеген және осылай да табалап, сынап, қалжыңдау ғадеті болған қазақтың.

Сирек. Бірақ бар.

*** 

22.09.2007

Сенбі. Ғылыми кеңес. Бұл үш сағаттан әрі созылатын ұзақ отырыс. Ақаң да (Ақселеу) бірдемені сүйкектетіп жазып отыр. Мен де қалтадағы қатирама қол салдым.

Нағашыларым туралы жазылған  бұл күнделіктен «сал тілеушілердің» иісі аңқып тұр екен. Сондықтан да тағы бір еске түскен жайды жазып қойғым келіп тұр. Күнделік деген де бір кейде ес қататын қайырымды көмекші екен.

Менің нағашы дегенде, ойымды жылытып, бойымды қуалайтын ыстық «қара көк қанды» жүргізетін туыстық сезімді оятқандар – Жақыпбек Ысқақбайұлы Қоспақ немересі. Бұл кісі Қаракемердегі біздің үйдің қасында тұрды. Жақыпбектің қосағы ерте қайтқан. Төлеухан, Сейітқан, Биғазы атты үш ұлы болды. Бәрі де ересек қалды. Тек Биғазы ғана бозбала – 14-16 жаста екен. Сондықтан да еркелетіпті. Өзі де жас кезінде жылпос, қутыңдау, ширақ екен.

 Жақыпбек – мырза, күнде сақал-мұртын басып, киімін қағып-сілкіп, жамап-жасқап, етігін майлап, тік жүріп, тік тұратын адам екен, тіршілікке онша қыры болмапты. Үш ұлы бірін-бірі жетелеп өсірді. Әкем мен шешемнің, Айымханның айтуынша және өзімнің ойымдағы балалық күндердің елестері мынадай.

Менің жадымда барынша жылы әрі мейірімі жүрегімде сақталған адам – Төлеухан аға. Шешесінің мейірім шуағын бойына сіңірген, анасы тірі кезінде алаңсыз оқыған. Шаруашылықта бухгалтерлік қызметте болды. Жинақы жүретін, биязы мінезді, күтініп киінетін жігіт еді. Ол үйге келгенде бізді бауырына басып, қалжыңдап, басымыздан сипап, қандай да бір базарлық әкелетін. Тіпті болмаса қамшысын не бір киімін «ұмытып» кететін. Оны шешем – апайы тыққыштап әлек болады. Ақыры әкемнің не Хасеннің (менің немере ағайым), не менің үстімнен табылады.

Бір рет «ұмытылып қалған»  жұқа қонышты, көнетоздау әдемі етігі шешеме «бұйырды». Әкем оны өкшелеп, табандап, әйелдің қайқыбас етігі етіп шығарды. Кейін тозып, жұлығы тесіліп, өкшесі желініп, қисықтабан боп шықты. Әлі есімде, шешем екеуміз көрші ауылға бардық. Қыс. Қар. Шешемнің етігінің табанына қар жентектеліп, шоқпардың басындай боп түйіліп қалады. Аяғын басқан сайын шойнаң қағып шойқиып қалады. Соңында жүрген мен шешемнің етігі қалай қарай шоңқайса, аузымды солай қисайта қоямын. Сөйтіп, біресе аузым оңға, біресе солға қисаңдап келе жатса керек. Кенет аузым оңға қисайған күйі қарысып қалды. Келесі жолы солға қисайып қарысып қалды. Бұған таңғалып басымды көтеріп алсам… шешем маған бұрыла қарап, мені бақылап тұр екен. Сөйтсек, үйдің қасына келіппіз. Менің әрекетімді көрген әкем мен апайым шешеме ымдап көрсетсе керек. Ал шешем жүруін тоқтатып, екі аяғын кезек басып, менің бет-аузымның қалай қисайғанын олар қызықтап тұрыпты.

 Төлеухан нағашымның  «ұмытып кеткен» етігінің бір хикаясы осындай. Кейін: «Ал, Тұрсын, Қадишаның етігі қалай шойқаңдайды, соны көрсетші», –  дейді. Мен қуана келісемін. Әрине, тегін болмаса керек. Кейін ол етік те көзден ғайып болды. Мен де аузымды қисаңдатуды қойдым.

 Шіркін, шешемнің жүрегін кейде жұбатқан, кейде ренішіне себеп болған сол мінездеріме өкінемін. Бірақ есімде сақталып, суреті сақталмаған шешемнің бейнесін елестетуге мүмкіндік  бергені үшін де ризамын.

Сол Төлеухан нағашым бір жолы Айымханға да, маған да, Төлеуге де кеудеше (қазіргіше айтқанда – футболка) алып келді. Кеудесінде баланың суреті бар. Екі-үш жуылмай-ақ бір кемпірдің немересінің кеудесінде кетті. Шешем мен әкем марқұм мұндайға орынсыз жомарт, қолдары тым бос еді. Бірде әкем бәсіре тайымды жетектетіп жібергенінің өкініші әлі кетпейді. Ел тай мініп шапқылап жүргенде, тайыншаны қақпайлап жүрудің қорлығын айтсаңшы! Мұның бала көңіліндегі жан тебіренісі «Ұш, маған, ұш, балалығым!...» атты хикаятта суреттелген.  Демек, ұмытылмай жүргені ғой.

Төлеухан нағашым ел-жұрттың аузына ілініп, бухгалтер-есепші боп жүргенде… тосын дертке ұшырады. Әуелгіде көзінің асты шаншып жүрді. Сөйтсем, ол қатерлі ісік екен.  Бастапқыда бір көзі семіп қалды. Әйелі өте қайырымды адам еді. Айымхан Қарабурада интернатта тұрғанда үйіне барып, киімін жудырып, күтіміне қарапты. Қызы бар болатын.

...1960 жылы көкек айында Қаракемерден Екіашаға көшіп бара жатқанда жолай соқтық. Шай іштік. Бұрынғы Төлеухан қайда?!.. Семіп, солып, жүдеп кеткен. Көзін таңып алыпты. Маңдайымнан иіскеді. Төлеуді ұзақ уақыт бауырына басып, иіскеп қойып отырды. Апайынан айнымайтын үш жасар жиенінің құшағында табы қалды.

 Төлеуханның өзі де 5-6 айдан соң дүниеден өтіпті. Төлеу де көктей солды. Әйелі – жеңгеміз Үшаралда тұрыпты. Сол нағашымның соңындағы жалғыз тұяқ қыз бала қайда екен?!.. Серікке «ізде, тап, жөнін біл» деп сексенінші жылдары айттым. Ол бала, сөйтіп, хабарсыз кетті. Тірі ме екен? Артында тұяғы бар ма екен?!.

 Жан жылуын көрген бір жан еді, Төлеухан нағашым. Нағашы дегенде, бойыма ыстық сезім ұялатқан жалғыз нағашы. Серік, Сейтқан, Биғазылар есейіп барып табысқандықтан ба, нағашы екенін білген соң, амалсыз нағашы ғып жүрген сияқты сезінем кейде.

 Солай, салдардың тұқымы Серік сері!

 Айтпақшы, ұмытып барады екенмін. Үш ұлдың бірі – Сейтқан ұзын бойлы, таза жүретін біртоға адам. Кісінің, жұрттың, шаруашылықтың қолында жүрді. Айымхан екеуі керемет тату өсіпті. Оны Айымханның өзі айтатын. Ал кенжесі Биғазы жас кезінде қутыңдау болғанымен, «Тоя жейік, тоя жейік!» – деп жүріп, бір атан өгіздің соғымдық етін бір айға жеткізбей бітірген сабазың кейін… жүнжіп кетті. Бос белбеу, тиген жұмыстың иесі боп өсті. Қырыққа келіп барып үйленді. Жеңгеміз жөнге де, жолға да салды. Ұрпақ бар. Сейтқаннан да. Әттең, бұл екеуі Төлеуханның жалғыз қызын іздеуге кеуделері көтерілмеді. Әкесі Жақыпбек те немересін бауырына тарта қоймады ма, сақал-мұртын сипап, киімін қаққыштап, тік жүріп, тік тұрып жүрген күйі өмірден өтіп кетті-ау, жарықтық.

Оразада есіме алғаным – оразада оқытқан құраным болсын.

Әумин!    

Тегтер: проза поэзия ақын пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13:06
Байбек Айыртау ауданындағы Айғаным ханым қонысында болды
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 24.09.2021, 16:19
Көрсеқызар
Жарлы БАЙҒАНИН 23.09.2021, 16:30
Жемшелек
Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК 23.09.2021, 10:10
Жадымның мықтылығы арқасында аман қалдым
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.09.2021, 10:02
Арман Қани: Біздің ел екі теңіздің ортасындағы көл сияқты
Жабайыл БЕЙСЕНОВ 22.09.2021, 17:15
Ауылым – алтын қазығым

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39