Нар тұлғалы Нұрмаханов

Жамал ҚАМАШ

15.09.2022, 12:51

2478

Осыдан 20 жыл бұрын, яғни 2002 жылдың жазында күллі қазақ жанкүйерлері қара жамылған еді. Үйінің дәл іргесінде қандықол қарақшының қолынан әйгілі боксшы, даңқты бапкер, 66 жастағы абыз ақсақал Әбдісалан Нұрмаханов мерт болды. Көп ұзамай қылмыскерлер қолға түсіп, тиісті жазаларын алды. Кейін белгілі болғанда, Алматы қаласы Әуезов ауданындағы уақытша автотұрақтардың бастығы қызметін атқарып жүрген Нұрмахановтың ізіне Владимир Конев есімді қарақшы түскен екен. Ол кезінде бессайыспен айналысып, спорт шебері дәрежесіне дейін жеткен. Сол кездері Конев Әбекең басшылық ететін тұрақтардың бірінде нәпақасын тауып жүрген. Бастығын тонап, мол олжаға кенелуді мақсат тұтқан ол сыбайласымен бірге астыртын жоспарын жүзеге асырады. Кемінде 50 мың АҚШ долларын қалтаға басамыз деп оймен, қазақ боксының қара нарын өлтірген олар 200 мың теңгемен шектелген көрінеді.

Әбдісаланның есімі мұқым қазаққа мәлім болды. Оны жас та, кәрі де сыйлайтын. Аса ауыр салмақта айқасқан абзал азаматпен кезінде талай рет жүздесудің де реті келген еді. Сол әсерлі әңгімемізден үзінділерді бүгін оқырмандардың назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз. 

 

Мені боксқа әкелген Октябрь Жарылқапов

Мен қасиетті Түркістанда туып-өстім. Сол жерде біраз спорттың басын шалдық. Алматыға келіп, теміржолшылар даярлайтын техникумға қабылданғаннан соң баскетбол ойнай бастадым. 1953 жылы техникумдар арасында қала чемпионы атандық. Кейіннен аңсарым – волейболға ауды. Өзімнің жерлесім, атақты бапкер Октябрь Жарылқапов басқаратын үйірмеге келіп, шеберлігімді шыңдадым. Марқұм ағамыз адамның бет-жүзіне қарап-ақ қабілетін байқайтын кемеңгер еді ғой. Бірер ай жаттыққаннан соң ол кісі маған: «Әбдісалан, сен волейболды қой. Уақытың бекер зая кетіп жатыр. Саған қолайлысы – бокс», – деп қолымнан жетектеп, Дәулеткерей Муллаев деген бапкерге табыстады. Муллаевтың тәрбиесін көп көре алмадым. Өйткені сол тұста сәл таныла бастаған едім. Бір күні техникумның директоры шақырып алып: «Біз жуан жұдырықты боксшыларды емес, шойын білекті теміржолшыларды тәрбиелейтін мекемеміз», – деп жарысқа жібермей қойды. Содан мен дене шынықтыру техникумына ауыстым. Ол жерде Ескендір Хасановтың қол астында жаттықтым. Міне, менің жеңісті жолым осылай басталды. Октябрь ағамыздың көрегендігің арқасында өз кәсібімді таптым.    

Абрамов алынбайтын асу емес еді

Қолыма алғаш рет былғары қолғапты киген кезде алыстан қол бұлғаған белестердің барлығы маған оңай бағынатындай болып көрінді. Әсте, олай емес екен. 1957 жылы техникумды тәмамдаған бетте аса ауыр салмақ дәрежесі бойынша түрлі жарыстарға қатыса бастадым. Арада бір-екі жыл өткенде бүкілодақтық аренаға шықтым. Сол кездері аса ауыр салмақта Алексей Абрамов, Лев Мухин, Альгидес Шоцикас, Александр Изосимов, Янус Ландерс, Валерий Решетняк сынды кілең сайдың тасындай жігіттер үстемдік құрып жүрген. Уақыт оза солардың барлығынан айламды асырсам да, Абрамовқа келгенде бағым байланды. Онымен бес рет жекпе-жекке шықтым. Алғашқы екі бәсекеде жеңілгенімді мойындаймын. Одан кейін тең түсіп жүрдік. Әйтсе де төрешілер бұра тартып, жеңісті әйгілі қарсыласыма беріп қойды. Өйткені Андрейдің мерейі үнемі үстем болатынына көпшіліктің көзі үйреніп қалған. Салмағы 110 келден асатын Абрамов сол кездің өзінде үш рет Еуропаның және алты рет КСРО чемпионы атанып үлгерген.

1962 жылы Киевте өткен КСРО чемпионатының ақтық айқасында екеуміздің жолымыз қайта қиысты. Мен оны екі рет ұрып жықтым. Төреші екі ретінде де 10 секундтың орнына 15-ке дейін санап, қарсыласымның ес жиюына мүмкіндік берді. Сол бәсекеде оны оңдырмай сабадым. Алайда жеңіс 3:2 есебімен аяғынан әзер тұрған Абрамовқа бұйырды. Ол кезде саясат солай болды. Сонда да жанкештілік танытып жүріп, екі рет КСРО чемпионатында, бір мәрте КСРО халықтары спартакиадасында жүлде алдым. Азия мен Африка елдері спортшыларының басын қосқан ГАНЕФО ойындарын ұттым. Егер мәскеулік бапкерлер іштарлық танытпағанда, алар асуларым одан биік болары сөзсіз еді. 

Бұзақылардың сазайын бердім

Жігіт болғаннан кейін кейде біреулермен жұдырықтасуға тура келеді. Әдейі төбелес іздеп бармайсың, амалдың жоқтығынан жұдырық сілтейсің. Ұмытпасам, 1956 жыл. Жұлқынып тұрған 20 жастамын. Қанның қыз-қыз қайнап тұрған кезі. Бірде Кентаудан шығып, Түркістанға барайын деп, көшеден көлік тоқтаттым. Мен мінген ЗИС машинасының ішінде ұлты грек төрт жігіт жайғасыпты. Шамасы менің үстімдегі әдемі күртешеге біреуінің көзі түссе керек, соны иемденіп алмақ ойлары болған. Ол кезде ондай киім КСРО құрамасына енген спортшыларға ғана берілетін.

Кеш бата бір жігіт көлікті тоқтатып: «Жүр, су ішейік»,– деп мені сыртқа шығарды. Көліктен түскенім сол еді, біреуі ұруға әрекеттенді. Жаман ойын лезде аңғарған мен оны кескен теректей сұлатып салдым. Екіншісінің ұмтылғаны сол еді, бір ұрып шалқасынан түсірдім. Қалған екеуі көліктерін тастап қаша жөнелді. Қуып жете алмадым. Таяқ жеген әлгі екеуі кешірім сұрап, ақыры үйіме дейін машинамен тегін жеткізіп тастады. 

                       

Бекет іске бел шеше кірісті

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ел экономикасының қандай күйде болғанын білесіздер. Оның салқыны спортқа да тиді. Спорттың қай түрін алсаңыз да, қалт-құлт күй кешті. Үйірмелер жабылып, спортшылар жандарын баға алмай басқа кәсіпке кетіп жатты. Мен бапкерлік қызметке 1993 жылы келдім. ҚазГУ-де жұмыс істеп жүрген кезімде сол кездегі Спорт министрі Қаратай Тұрысов шақыртып алып, ұсыныс жасады. Әуелде қуана келіскеніммен, артынан қатты алаңдадым. Ол жылдары бокстың жағдайы мәз емес еді. Оқу-жаттығу жиындары сирек өтетін. Жарысқа шығу үшін қаражат табу оңай емес. Осы орайда бокс өнерінің жанашыры Қуаныш Төлеметов көп көмектесті. Бірақ жалғыз адам үлкен бір саланың бар ауыртпалығын көтере алмайды ғой. Содан мен белгілі кәсіпкер Бекет Махмұтовқа барып, жағдайды айттым. Алғашында ол кісі: «Мен бокстың маманы емеспін ғой», – деп федерацияны басқаруға құлқы жоқ екенін білдірді. Мен қоймай жүріп оны көндірдім.

Бекет Сапабекұлы тізгінді ұстаған бетте іске бел шеше кірісті. Алдымен жақсы нәтиже көрсетіп жүрген жігіттерді ынталандыру үшін өз қалтасынан стипендия тағайындады. Халықаралық жарыстарға шығу, оқу-жаттығу жиындарын өткізу мәселелері оңды шешілді. Содан кейін-ақ бокстың жағдайы оңалып, жерлестеріміз ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға жете бастады.   

Ірі жеңістердің бастауы

Мен бас бапкерлік қызметке келген бетте әуелі талантты жастар мен соларға үлгі көрсетуге тиіс тәжірибелі спортшылардың коммерция мен бизнеске кетуіне тосқауыл қоюға тырыстым. Дәл сол тұста мықты боксшылардың көбі спорттан қол үзіп жатқан. Соларды қайта қатарға қостым. Басқа кәсіпті таңдаймын деп жүргендердің кейбіреуін жібермей қойдым. Бірте-бірте жағдай дұрысталды. Күні кеше бокспен қош айтысқандардың дені қайта оралды. Содан жанкешті жаттығулар басталды. Біздің жігіттердің техникасы жоғары деңгейде болғанымен, күштері тез сарқылатын. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатымен арнайы жаттығулар жасаттым. Байқасаңыздар, Атланта Олимпиадасында бірде-бір боксшы шаршамай-шалдықпай үш раунд бойы атой салды. Оның алдында екі бірдей Азия чемпионатында командалық бас жүлдені жеңіп алдық. 1994 жылы Теһранда 11 шәкіртімнің бірде-біреуі медальсіз қайтқан жоқ. Бесеуі алтын алса, қалғандары күміс пен қоланы қоржынға салды. 1995 жылы Ташкентте тағы алты шәкіртім жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Шаршы алаң иелеріне бір ғана алтын медаль бұйырды. Сонда өзбектердің іштері ашығанын көрсеңіз.

1994 жылы әлем кубогы жолындағы жарыста командалық үшінші орынды иелендік. Сол жылы Хиросимада өткен Азия ойындарында екі боксшы чемпион атанса, үшеуі жүлдеге қол жеткізді. 1995 жылы Берлиндегі әлем чемпионатында Болат Жұмаділов күміс алса, Василий Жиров қоланы еншіледі. Бұның барлығы Атлантадағы жеңістің бастауы еді. 

Сагарраның ортекедей секіргені-ай

Атланта Олимпиадасы қарсаңында жігіттердің барлығын жараған аттай баптадық. Сол еңбек өз жемісін берді. Әсіресе Василий Жировқа ризамын. Жеребе қолайсыз түссе де, Балқаштың барысы барлық қарсыласын қоғадай жапырды.

Алтын алуға Болат Жұмаділовтің де мүмкіндігі болды. Оның дайындық деңгейі керемет еді. Соның айғағы – ақтық сынға дейін қарсыластарын ол аса қиналмай ұтты. Тіптен әлем чемпионы Злотан Лунканың өзінен айласын асырып кетті емес пе. Финалдық бәсекеде де жап-жақсы жұдырықтасты. Алғашқы екі раундта Болаттың басымдылығы сезіліп тұрды. Үшінші кезеңде бапкерлердің бірі: «Жеңіп жатырсың, енді қашып жүріп айқассаң да болады», –  деп айтқан екен. Оны естіген Болат босаңсып кетті. Десек те айқастың аяқталуына бес-алты секунд қалғанда Жұмаділов екі-үш ұпай алда келе жатты. Ал гонгтың дыбысы естілген бетте таблода 11:12 деген есеп жарқ етті. Сөйтіп, қолда тұрған алтыннан айырылдық. Сол кезде Куба құрамасының бас бапкері Альсидес Сагарраның қуанып, ортекедей секіргені-ай. Аты аңызға айналған маманның өзі Майкро Ромероның біздің Болатты жеңе алатынына сенген жоқ.

Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ыбрайымов жүлдегерлер санатына қосылды. Оларға қола медаль бұйырды. 1996 жылы Атлантада алауы тұтанған Олимпиада ойындарында Қазақстанның боксшылары командалық есепте Куба мен Болгариядан кейін үшінші орынды олжалады.     

Дарындыны да, дарынсызды да көрдік

Алдымнан талай дарынды да, дарынсыз да спортшылар өтті. Біреулер Құдай берген талантының арқасында биіктерге жетсе, енді біреулер өздерінің еңбегінің арқасында көтерілді. Мәселен, Василий Жировты алайық. Ол  –  өзгелер секілді қызық қумай, тек жаттығуды ойлайтын. Боксшылар арасында ең еңбекқоры да сол еді. Вася көп тер төгіп даярланды. Қиындықтан қашқан кезі жоқ. Нәтижесінде Жиров Олимпиада ойындарын ұтты, «Баркер» кубогын олжалады. Көп кешікпей кәсіпқой бокстан әлем чемпионы атанды. Бір сөзбен айтсақ, спорттағы барлық белес бұл жігітке бағынды. 

Ал Қанатбек Шағатаев пен Аркадий Топаевтің одан қай жері кем еді. Қос қандасымыздың Васядан асып түсетіндей жағдайы болды. Техникасы, тактикасы, соққыларының жойқындығынан алсаңыз да Шағатаев пен Топаевтің артықшылығы көп еді. Алайда екеуі өз міндеттеріне немқұрайлы қарады. Жауапкершіліктің жүгін сезбеді. Жаттығудан гөрі, би кеші, той-томалаққа барғанды ұнататын. Біз сөзбен айтсақ, оларға боксқа деген адалдық жетіспеді.

Бармақтай бақ жетіспеді

Нұржан Смановтың бойында нағыз чемпионға тән барлық қасиет бар еді.  Бірақ бағы жанбады. Ол өте еңбекқор болатын. Айтқаныңды екі етпейтін. Баспасөз беттерінде оны «қазақ боксының ақыл-ой» деп жүр ғой. Тауып айтылған теңеу. Өмірде өте қарапайым, әрі ақылды жігіт. Рингте де сондай. Қазақта «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» деген аталы сөз бар. Нұржанға сол бармақтай бақ жетіспеді. Жолы тым ауыр болды. Сол жігіттің бағын аша алмағаныма әлі күнге дейін өкінемін.

Иектен періп кеп жібердім

1994 жылы әлем кубогы үшін жарыстың ақтық сынында Аркадий Топаев неміс боксшысымен қолғап түйістірді. Оны 10:0 есебімен ұтып тұрып, екінші және үшінші раундтарда оңбай таяқ жеді. Есеп 10:10-ға жетті. Ең болмағанда, Топаевтің қарсыласуға да құлқы жоқ. Үзіліс кезінде ақырындап та айттым, айқайлап та жібердім. Түсінетін емес. Әбден ызам келді. Үшінші раунд аяқталып, ол бұрышқа беттеген кезде дәл иектен періп кеп жібердім. Тәлтіректеп қалды. Бетіне су себелеп, есін жидырып: «мұның сұмдық қой, намысың қайда?», – деп зілдене сөйледім. Аркадий: «Енді ұтамын, аға», – деді. Өзі қап-қара дәу еді ғой, корбаң-қорбаң етіп кеткен. Жігіт екен, сөзінде тұрды. Соңғы раундта барын салып айқасты. Нәтижесінде бәсеке 16:10 есебімен Топаевтің пайдасына шешілді. Сол сапардан Аркадий әлем кубогын олжалап қайтты.

Артында өлмейтұғын із қалды

Жас кезде көп нәрсені түсінбеппіз. Өзімшілдікке салынып, кейде ұстаздарымыздың сөзіне құлақ аспаймыз. Бапкерліктің қамытын киген кезде ғана олар неге үнемі шырылдап жүретінін ұғындым. Алла тағалаға мың да бір шүкір! Менің спортта да, өмірде де ұстаздарым мықты болды. Қайран, Октябрь қандай еді. «Сенен тамаша боксшы шығады» деп үйірмеге өзі апарды. Спорт комитеті төрағасының орынбасары болғанда да үнемі жағдайымды сұрап, жанашырлық танытып жүретін. Мәскеудегі КСРО халықтары спартакиадасына аттанғанда волейболшылармен көрші жатақханада тұрдық. Октябрь шәкірттерін өз балаларынан кем көрмейтін. Қашан көрсек те, оларды мәпелеп, аялап жүретін. Күнде таң ата волейболшыларға бір қасық бал беретін. Бал ол кезде дефицит. Бір күні жаттығуға бара жатқанда мені көріп қалып: «Сен ірі жігітсің ғой, асхананың тамағына тоймай жүрген боларсың», – деп қояр да қоймастан жатақханаға апарды. Балды да, нанды да тойғанша жегізді. Сол қамқоршы ағам еңбегінің жемісін көрмей, 38 жасында бақиға аттанды. Бірақ артында өлмейтұғын із қалдырды. Өкінішке қарай, елімізде Октябрь Жарылқаповты еске түсіруге арналған бірде-бір шара қолға алынбай отыр. Осы жағдай мені алаңдатады.    

Біздің шаш осылай ағарды

2000 жылы Сидней Олимпиадасын көрермен ретінде тамашалап қайттым. Боксшылардың бәрі де кешегі өз шәкірттерім ғой, іш тартады екен. Кейде қатардағы көп жанкүйердің бірі екенімді ұмытамын. Қастарына жақындап, ақыл-айтқым келеді. Бірақ тәртіп сақшылары рингкке жолатпайды. Амалсыздан алыстан айқайлаймын. Адам көп, у-шу, айқайым олардың құлағына жетпейді-ау. Әсіресе шыр-пыр етіп жүрген жаттықтырушыларды аяймын. Кезінде өзімнің де талай шашым солай ағарды ғой.

Бәрі де өз шәкірттерім

Сиднейде жеңіс тұғырына көтерілген боксшылардың барлығы да өзімнің шәкірттерім. Олар жайында көп әңгіме айта аламын. Мәселен, Ермахан Ыбрайымов ұлттық құрамаға қабылданған алғашқы жылдары айтарлықтай қасиеттерімен оқшаулана қойған жоқ. Ол кезде даңқы дүркіреп тұрған Аркадий Топаевпен иық тіресе жаттығып жүріп, шеберлігін шыңдады. Атланта Олимпиадасында техникасы қалпына келгенімен, тәжірибесінің аздығы сыр берді. Сиднейге дейінгі кезеңде ащы тері әбден сығылғаны байқалды. Ерең еңбегінің арқасында алтын медальді жеңіп алды.

Болат Жұмаділов – бесаспап боксшы. Ол өз деңгейінен ешуақытта төмендеген емес. Атланта мен Сиднейде алтын тұғырға сынық-сүйем қалғанда сүрінді. 1996 жылы төрешілер тарапынан ағаттық кетсе, 2000 жылы Болатқа жылдамдық жетіспеді.

Мұхтархан Ділдәбеков маған келгенде қара күші зор болғанымен, көкпар тартып, денесі қатыңқырап қалған еді. Соны бірте-бірте қалпына келтірдік. Содан кейін жұдырығын дұрыс сілтей алмайтын. Біресе итеріп, біресе қолғабының ішімен ұрады. Әлі де сол кемшіліктен арылмаған. Техникасы да айтарлықтай мәз емес.Тым ақкөңіл, алдап жүріп соғу дегенді білмейді. Бірақ намысқой жігіт. Сол қасиетінің арқасында бүгінгідегідей биікке көтерілді. Бокспен алты-жеті жыл ғана айналысып, Олимпиаданың күміс медаліне қол жеткізу Мұхтархан секілді батырдың ғана қолынан келеді. 

Бекзат Саттарханов жастар рингінде өнер көрсетіп жүрген кезде-ақ көзге түскен болатын. Алғашында ол маған әлжуаз болып көрінді. Кейін байқасам, баланың шеберлігі күн санап өсіп келеді екен. Иә, Олимпиада қарсаңында оның ащы тері әбден сығылды. Алайда, Сиднейде ол алтын алады деп ешкім ойлаған жоқ. Ары кетсе, жүлделі орындардың бірін иеленеді деп ойладық. Ал топырағы торқа болғыр Бекзат күллі әлемді дүр сілкіндірді.

Өткен жолыма зер салсам...

Менің бар ғұмырым спорттың төңірегінде өтті. Жүріп өткен жолыма зер салсам, бағындырған асуларым аз болмапты. Әуелде боксшы ретінде біраз табыстарға жеттім, содан бапкерлік пен ғылым жолына түстім. Бірақ қай салада да атақ пен абырой оңайлықпен келген жоқ. Өмірдегі өз несібемді алу үшін білек сыбанып айқасуға тура келді. Әуелі бокста көзімді бақырайтып қойып, өзімнен әлдеқайда осал боксшыға жеңісті беріп жіберген сәттер аз емес. Амал нешік, көндік. Содан 1972 жылы ғылым жолына түсіп, адам ағзасына зиян келтірмей салмақ қуу жайында кандидаттық диссертация қорғадым. Ол еңбегімде моншада тер шығару арқылы артық салмақтан арылуға болатын дәлелдеп бердім. Іле-шала «Осы да еңбек пе?!» деп тырнақ астынан кір іздегендер табылды. Әйтсе де уақыттың өзі бұл еңбегімнің құндылығын дәлелдеді.

Иә, ол реніштер ұмытылды. «Ол кезде заман солай болған еді» деп өз-өзімізді жұбаттық. Ал егеменді ел болғанда өз қандастарымның жасаған қиянаты есіме түссе, көңілім нілдей бұзылады. Атлантадағы ойындардан кейін қызметтен кетіп, Олимпиада каһармандарының құрметіне өткен үлкен жиынға шақырылған жоқпын. Маған соншалықты опасыздық жасайтындай не істеп қойдым? Бар айыбым – ел спорты үшін ерінбей еңбек етіп, Алланың қолдауымен төрт бірдей шәкіртімнің Олимпиада тұғырына көтерілуіне себепкер болғаным ба? Сол кезде қатты күйіндім. Қолды бір сілтеп, кетіп қалғым келді. Бірақ боксты тастап мен қайда барамын. Жастық шағымда да, есейген кезімде де қолымнан былғары қолғап түспеген. Қалған өмірімде осы салада өтсе, арманым жоқ. Қиналған сәтте қолтығымнан демеген халқыма рақмет. Мен үшін халықтың ниеті мен ықыласы кеудеде жарқыраған орден мен медальдан қымбат.

Әбдісалан Нұрмахановтың бақилық болғанына 20 жылдан асса да, оның жарқын бейнесі әлі де көз алдымызда. Алпысыншы жылдары Әбекең КСРО-ның ең таңдаулы боксшыларының бірі болды. Тіптен өз дәуірінің теңдессізі саналған Андрей Абрамовқазақтың қайсар ұлының ауыр соққысынан әзер есін жиған. Басқа да алыптар Әбекеңнің алдында тізе бүкті. Бірақ сол кездегі соқыр саясаттың салдарынан ағамыз өзіне тиесілі несібеден қағылды. Десек те оның қоржынында ГАНЕФО ойындарының жеңімпазы, КСРО чемпионаты мен КСРО халықтары Спартакиадасының бірнеше дүркін жүлдегері және тағы басқа да толып жатқан атақтары бар. 

Кейіннен бапкерліктің қамытын киген Әбдісалан ағамыздың бұл кәсіпте де бағы жанды. Қазақстан тәуелсіздік алған тұста ұлттық командамыздың тізгінін ұстады. Ол баптаған боксшылар 1994 және 1995 жылғы Азия чемпионатында 11 алтынды иеленіп, командалық есепте көш бастады. 1996 жылы Атланта Олимпиадасында отандастарымыз 1 алтын, 1 күміс және 2 қолаға қол жеткізіп, әлемнің озық үш командасы қатарына қосылды. Айта берсек, Нұрмахановтың қазақ боксына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

Тегтер: спорт футбол хоккей ақпарат дерек ұйымдастыру. Олимпиада

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Зинаханым КҮНЕШҚЫЗЫ 11:24
Жерім деп өткен ер еді...
Темірғали КӨПБАЙ 10:52
Қойшының түсі
Гүлзира СЕРҒАЗЫ 30.11.2022, 08:47
Раушан сарыны, қобыз зары, аққу сазы
Сайт әкімшілігі 29.11.2022, 15:41
Мәскеуде "Қазақстан аруы-2000" байқауының қатысушысы өлі табылды
Бифат ЕЛТАЕВА 29.11.2022, 10:09
Дарынды балалар – жарқын болашақтың бастауы
Сайт әкімшілігі 28.11.2022, 22:34
«Orda zhekpe-zhek Championship-1» халықаралық кәсіпқой түрнирі өтті

Аңдатпа


  • Кеше мақтап, бүгін даттап, Жаңбыршиндер жүр қаптап...
    09:06
  • Қазақстанның тәуелсіздігі қыл үстінде тұр
    08:59
  • Назарбаев – елдің өткен шағы
    08:55
  • Барға бар, жоққа жоқ мемлекеттік бағдарламалар
    30.11.2022, 08:45
  • Мұғалім мәртебелі ме?
    30.11.2022, 08:43