Ниязбек әжі

Жексен АЛПАРТЕГІ

03.02.2023, 09:44

2546

          Кеңес заманына дейін қазақта үйір-үйір жылқы айдаған байлары аз болмаған. Олардың байлықтары тек жылқыларының көптігімен бағаланып дәріптелеген. Сондай байдың бірі – Жетісу жерінде  жылқылы бай атанып, бойындағы әулиелігінен «бақ пен қызыр қонған» деп атаған Ниязбек әжі Абақұлын ел күні бүгінге дейін ұмытпаған. Заманында дәулетті, бай болуымен қатар, ел-жұртына қамқорлығы да  тиіпті. Бойындағы ғайыптан болжайтын әулиелігімен аты белгілі болған екен.  

Ниязбек 1818 жылы дүниеге келіп, 1905 жылы 87 жасында өмірден өткен. Туған жері Талдықорғанның Алтынемелі болса, жатқан жері Нарынқолдың (қазіргі Райымбек ауданы) Қызылшекара ауылының солтүстік жағындағы Есекартқан сайының Текес өзеніне құяр тұсының күн шығысындағы қорымда. Қорымды  уылдағылар Ниязбек әжінің атымен емес,   «бай атаның қорымы» деп атайды. Бұдан әрі Буырлы жотасы басталып, оның  бір сайы «Байдың сайы» деп күні бүгінге дейін аталады. Кеңес өкіметі келмеске кеткеннен кейін Сүмбе ауылындағылар Ниязбек әжінің атында     «Бай атаның мешітін» де тұрғызған. Бұл әжіге деген елдің құрметі десе  артық емес.  

Ниязбек 1895-1902 жыл аралығында бәйбішесі Бәсіремен және өзінің жақын туыстары болып келетін Солтанқұл, Жансерке, Қорғанбай және Сексенбаймен Меккеге барып қайтқан екен. Бұлардың ішінде Сексенбай бәйбішесімен екі рет Меккеге барған дейді білетіндер. Аты аталған қажылардан тараған ұрпақтар күні бүгінге дейін Сүмбе мен Қызылшекара ауылында тіршілік етсе, Ниязбектен өрбігендері де өздерін «бай ауылынанбыз» немесе «әжінің ауылынанбыз» деп аталарын қадір тұтып, ата қоныстарынан алыстамаған. Әжі заманында өзі қатарлыларының ішінде ең дәулетті байы болумен қатар, бойындағы әулиелігімен елдің есінде қалған.  Дәулет пен бақ, байлық арғы аталарынан үзілмей келіпті. Оны жалғастырған   Ниязбек болған. Әкесі Абақ заманында көпке танылған би болғандығы жөнінде Шоқан Уәлихановтың шығармаларында кездеседі. Онда: «Абақ Сайынбөлеков және Абақов Жайнақ көрнекті билер» деген дерек жазылған. Ал Жетісудың жүйрік ақыны Құланаян Құлмамбет пен Жамбыл айтысқанда   әкелі-балалы үш ұрпақты «Албанда өткен екен Абақ, Жайнақ, Сайынбөлек өтіпті сан жылқы айдап» деп жырға қосуы да бекер болмаған. Сондай-ақ  Ниязбектің баласы Сәрсенбайдай жүз атқа бір ішік алған кімің бар?» – деп, Құлмамбеттің Жамбылға сауал тастауы да тегін емес. Ниязбектің  мырзалығы мен жомарттығын жыр дүлдүлі атанған Сүйінбай ақын да көзімен көргендігі жөнінде деректі оқыдық. Атақты ақын байдың үйінде бірнеше күн қонақ болып, сый-сияпатына бөленген. Сыйлы қонақты әжі құрметтеп, кетерінде жүйрік ат мінгізіп, аттандырыпты. Осы құрметті  Сүйінбай қайтыс болғанда ақынға арналған жырдан оқимыз.

 Алты Албанды аралап,

 Алпыс жылқы таңдадың.

 Ниязбек берген бөрте атқа,

 Қазақ, қырғыз  таң қалып,

 Бәйге қосып айдадың, – дейді. Бұдан біз Ниязбектің жомарттығын көрсек, мырзалығының зор екендігін байқаймыз. Атадан балаға жалғасып келе жатқан мол бақ-дәулеті әкесі Абақ би басқа балаларына қарағанда  Ниязбектің қолынан келетінін біліп, оған ерекше ықыласы түсіпті. Баласы үйленгенде бір үйір он үш бас қысырақ беріп, бөлек шығарады. Келер жылы  қысырақтардың он екісі құлындап, желі тартып, бие байлағанда, сабадағы қымыз қор құйылмай жатып, өзінен-өзі ашыпты. Бұл құдірет бір Алланың сыйынан болғандығына ата-анасы күмәнданбаған. Сұңғыла Абақ би мұны көпке дабыра қылмай: «Балам, сабаңа Қыдыр баба қор құйған ғой, ешкімге айтушы болма» деп ескертіп, жақсылыққа жорыған. Дастарқанға жеті шелпек салып, құран оқытады да, елге қымызмұрындық беріпті. Құдіреттің тағы бір  керемет сыйы – қымыз құйған сабасының түбіне бозторғай жұмыртқалап, оның балапандары ұшқанша көшпей отырған екен. Әкенің бақ-дәулеті мен қысырақтың төлінен Ниязбектің жылқысы көбейіп, үш-төрт мыңға жеткен. Үйір-үйір жылқылардан неше бір қылқұйрықты сәйгүлік пен жүйрік баран тұлпарлар да аз шығыпты.  Әжінің дәулетіне Айт-Бозым ішінде ешкім жете алмаған көрінеді. Мұндай байлық жегжаты қызылбөрік Ерсары байда да болғанымен, Ниязбектің аты ерекше аталыпты. Байдың қалың жылқысы Бурылының жотасы мен Жабыр қырқаларын алып, Қарабастау мен Өмеке, Даратыда жатқанда қалың жылқы Текестің суына түскенде өзен ортайып та қалатын кездерін ел көрген.

Әжінің жылқылы бай болуы албанға емес, қырғызға, ұйғырға белгілі болып, оның жомарттығы мен пейілінің кеңдігі көптің ауызында жақсылық жағымен аталып, құрмет те тұтқан. Бір жылдары қырғыздың бұғы руынан шыққан атақты бір сыншысы екі елдің игі жақсылары мен жайсаңдары жиылып отырған жерде: «Албанда екі құт, екі жүйрік, екі кесір бар. Олар тұрғанда албанды ешбір жау алмайды» деп әңгіме бастайды. Отырғанда елең етіп, сыншыға қарағанда: «Құты-Ниязбек пен Жәмеңке. Бұл елдің берекесі  сол екеуі. Ал екі жүйрігі Жанқабыл, екіншісі баба Қашаған. Қашағанның өз несібесі өзінде, ешкімнен кемдігі жоқ. Ал Жанқабылдың екі кемдігі бар. Оның біреуі перзенті жоқ, екіншісі малсыз. Мал табылар-ау, бірақ перзент жайы қиын» деген. «Ал екі кесір кім болды? –депті отырғандар. – Албанның өз батыр, өзі кесірлі екеуі бар. Біреуі Диқанбайда, екіншісі Ұзақ. Ұзақ кесірленеді, кесірлігі өз басына жағады, еліне жақпайды. Диқанбай кесірленеді, ол еліне жағады, өзіне жақпайды» – деген сөз заманында ел ішіне тарапты. Бұл сөзді сарыбастаулық көпті көрген қария Оразхан  Әділұлы да растаған еді.

   Байлығы мен дәулеті бір басына асып жығылатын Ниязбек әжінің бойындағы әулиелік қасиетімен байланыстырады. 2011 жылы 85 жасында  өмірден өткен Қызылшекара ауылының қариясы Нұрмұхамед Біргебаевпен кездескенімізде қариядан біраз нәрсеге қанық болғанбыз.  

  • Біздің Сүйіндік атадан тарайтындардың ішінде төрт әулие шығыпты. Оны әкелеріміз бала күнімізде айтып отыратын. Біріншісі – Уәләиат ене, одан кейін Құдайназар, үшіншісі – Ниязбек әжі, төртіншісі  – Жұрын. Әр әулиенің бойында өзіндік ерекше қасиетімен елдің есінде қалған. 

Көрегендікпен болжап айтқаны Ниязбектің бойындағы бір қасиеті. Айтқаны  дәлел келеді деген еді қария. Жасы келген шағында әжі атқошысы Сұлтанбаймен Қарабастау деген жерге келгенде атынан түсіп, «бөктергімдегі шапанымды ал, аткөрпемді төсе, мен біраз қисайын» деп дем алыпты. Көзі ілініп кетсе керек. Бір кезде басын көтеріп: «Әлгі Жаманыма қиын болды, Сұлтанбай. Сүмбе жақтан ешкім көрінбей ме,  қарашы?» деп, күншығысқа  көз салыпты. Қырқалы жотадан ешкім көрінбегенін айтыпты атқосшысы. Сәлден кейін ол кісі тағы да «қарадың ба?» – деген. «Иә, қарадым, ешкім көрінбейді» дейді. Әжінің Жаманым дейтіні өзінің жақын ағайын туысы Тұрлықожаны солай атап, атын атамайды екен. Онымен сол уақытта бір нәрсеге ренжісіп, аралас-құраласы үзіліп жүрген. Тұрлықожа бір істі болғанында, әжі бұрынғы ренішін ұмытып, өзімен бір кездесуді күтіп  жүріпті. Сол сәт осы жолы түсіп, оның жолын күткен. «Сұлтанбай, қарадың ба?» депті үшінші рет. «Ешкім көріндейді» дегенше, «әне, келе жатыр ғой» – депті әжі Сүмбе жаққа қарап. Сөйтсе, үш атты адам көрініп, тура өздері  отырған жаққа бет түзеп, бір демде жетіп келген. Ақ патшаның екі шабарманы Тұрлықожаны айдап, әжіге сәлем беріп тоқтайды. Істі болып бара жатқан Тұрлықожаны көрген әжі:  

– Апырай-ә, сендер Жаманды маған тастап кетіңдер. Мен ертең өзім аттандырамын, – деп, оны сұрап алған. Елге сыйлы, беделі күшті Ниязбектің   сөзіне сенген шабармандар Тұрлықожаны тастап, кері қайтқан.

  • Ертең жылқыдағы Сарыөзекті алғызамын. Жануар құмалақтап тұр. Соған мін де Қарақолға бірден тарт. Сен кетіп бара жатқанда алдыңнан бір қара атты біреу шығып, әрекет жасауы мүмкін. Тоқтама, оған кім екеніңді айтпа. Одан әрі Қарқарадан өтіп, Қызылқияға барғанда   алдыңнан боз атты адам шығады. Ол сені қырғыз Жантайға апарады, менен сәлем айт. Сол адам ұлыққа кіргізеді. Ұлыққа менің мына  шекпенімді беріп, туысымын де» деп аттандырған.

Расында Тұрлықожа жолға шыққанда алдынан әжі айтқан қара атты біреу шыққан, оған тоқтамай тура Қарқарадан өтіп, Қызылқияға жеткенде, алдынан боз ат мінген адам жолығып, ол қырғыз Жантайға жолықтырыпты. Жантай Қарақолдың ұлығына ертіп, ішке кіргізген. Тұрлықожа әжінің шекпенін беріп, өзін туысқаны едім деп таныстырып, басына түскен істі айтып береді. Ұлық Тұрлықожаның шаруасын тыңдап, істі бітіріп берген.

   Әжі бір жылдары өзінің жақсы көретін сары бауыр атын мініп, бір үйге  қонады. Атын арқандап қойыпты. Түннің бір уағында әжі қасындағы атқосшысы Сұлтанбайды оятып: «ана атқа біреу тиісіп жатыр, барып көріп кел» дейді. Ол апыл-ғұпыл киініп, сырттағы атқа барып, «ешкім тиіспепті» деп келген. Араға аз уақыт өткенде «Сұлтанбай, ана атты қарап кел, біреу тиісіп жатыр» деп екінші рет жұмсайды. «Ат аман» деп, атқосшы қайта кірген. Әжі бұдан кейін де тағы мазасынданып, «атты көріп кел, Сұлтанбай!» дейді оған. Атқа  ешкімнің тиіспегені, жайылып тұрғанына көзі жеткен атқосшы қайта келіп, «ат аман» дейді. Таң атқанда түнімен мазасы кеткен   әжі арқандалған сары бауырды көргенде аты басын көтеріп оқыранған. Атының аман-есен екендігіне көзі жеткенмен оған біреудің тиіскеніне күдіктеніп, жан-жағына қарайды. Бір жерде арлан қасқырдың сұлап жатқанын көріп, «апырай-а бұл қалай болған?» деп, өлген қасқырға келгенде  оның қақ маңдай тұсы қан болып жатқанын көрген. Өлген қасқырды сүйреп үйдің жанына әкелгенде Сұлтанбайда сыртқа шығады. «Түнде мен сені атқа үш рет жұмсадым. Үшеуінде де аман дегенің осы ма? Мынау не? Көзің шыққыр» –  деп ренішін білгірген. Бұл сөзі Сұлтанбайға ауыр тиіп, оның сөзі кейін қабыл болған дейді білетіндер.   

Ниязбектің ғайыптан болжайтынын туралы да қариялар көп айтады. Соны бірі бай Меккеге барып қайтқаннан кейін өзінің бір кедейлеу туысқаны   қыстың алғашқы айында әжінің қалың жылқысының үстінен түсіп, ойы бұзылған. Иесіз жатқан жылқыдан бір семіз биені ұстап алмақ болып, аралайды. Көзіне ақ қырау жапқан ту бие түсіп, ұмтыла бергенде   Ниязбектің дауысы шығыпты. Дауыстан қалың жылқы бастарын көтеріп, құлақтарын қайшылаған. Бірақ ешкім көрінбеген. Жылқы ішінен әжінің шыққан дауысына ол аң-таң болып, «дауысы қайдан шықты» деп біраз жылқы ішінде аралайды. Жылқылар беймарал жайылып, ешкімнің жоқ екеніне көзі жеткенде тағы бір биеге ұмтыла түседі. Осы сәтте Ниязбектің дауысы қайта шығады. Бұған да ол қайран қалып, дауыстың қай жақтан шыққанына таңданған. «Әрекетіме шынымен әжі көріп тұр ма?» деген оймен  жылқыны бір айналып шыққан. Бірақ көзіне тірі пенде көрінбепті. Бейтаныс жанға жылқыларда алыс кетпей, бастарын көтеріп, жайлыла береді. Екі рет ісінің өнбегеніне өкініп, не болсын тағы бір көрейін деп, үшінші рет бір биеге  тағы жармасып, қолы жалына тие бергенде әжінің дауысы қаттырақ шығып қалады. «Апырай-а, бұл қалай?» деп, өзіне-өзі келе алмай, әрі әжінің дауысына сеніңкіремей үйіне қайтады. Ертесінде оны әжі шақыртып жатқанын естіп, алдына барыпты.

  • Саған иесіз жатқан жылқыма тиісетіндей не көрінді? Жоғың болса менен сұрап алмадың ба? – деп оған бір жылқысын берген екен.

Үлкен қариялардың айтуынша, әжінің жылқысында жылқышысы болмай,  иен далада өз бетімен жайылып жүретін көрінеді. Тек әжі жылқысын өзі сыртынан түгендейтін болған.

Ниязбек әжіні өзінің қатарлары да құрметтеген. Солардың бірі – атақты шешен Жанқабылдың әкесі Әтіке. Әтіке баласы он төрт, он беске келгенде қасына бір жолдасын қосып, «Ниязбек деген кісіден бата алып кел, балам» деп екі жамбы беріп, жіберіпті. Екі ауылдың арасы біраз жер болса керек. Күн батарда Жанқабыл жолдасымен Ниязбектің үйіне түскенде, алдарынан  бір әдемі келген жас келіншек қарсы алады. Жас келіншек көрікті, әрі әдемі болғанын көрген Жанқабыл оған естіртпей жанындағы жолдасына: «Лашынның құмайда несі бар екен» деп қалады. Келген қонақтар қонып, ертесінде келген шаруаларын айтпақ болғанда Ниязбек тұрып: «Сен пәленшенің баласы емеспісің?» деп сұрапты. Жанқабыл «иә» дейді. «Әтікенің бір баласы шығып келе жатыр деп еді. Сен сол екенсің. Бір тізесін кеміріп, екі иығын жұлып жеп. Сен келмей жатып, мені құмайға, әйелімді лашынға теңей қойдың. Жеті қатерімді жіберсем өлетін едің. Әкең Әтіке менімен жолдас болған соң, алты қатерімді алдым. Бір нәрседен кем боласың» депті. Расында да Жанқабыл бір нәрседен кем болған екен.

Қызылшекара ауылының солтүстігі жағында Буырлы деген сай-салалы үлкен жотаның бір сайы – Ниязбек әжінің атымен аталатын «Байдың сайы» деген жер күні бүгінге дейін бар. Әжі сайда отырғанда бұлақ шығып, оның басына  ырғай өсіпті. Ол жерді ертеде үлкендер көрсе, кейін бұлақ тартылып кетіпті. Оның себебін ешкім білмейді. Білетіндер болған, бірақ олардың бәрі кетіп, біз сияқты қариялар болмаса, әжінің кім екенін айтатындар жоқ. Себебі кеңес өкіметі оны айтқызбады деген еді бір ауыл ақсақалы.

 Мұндай әңгімені Мәлік Тараншыұлы деген әжінің туысқаны да айтқан.  

  • Ниязбек әжі Абақ, Жайнақтан тарайды. Баланың кішісі болған. Әке дәулетіне ие болып, бай атанған. Біздің арғы аталарымыз Талдықорғанның Қараөлең деген жерлерін мекендеп, кейін Шартас пен Қарабастауға қоныстанғанда, Ниязбек Бурылға отырыпты. Малы есепсіз болса, жылқысы да көп екен. Атамыз Абиыр әжімен ағайын болғанымен, араларында бір реніштері болған көрінеді. Осыған бола Абиыр атамыз Ниязбектің есік алдынан оның біраз жылқысын айдап өтіп, «Ей, құрық, ноқтаңды алып қалмайсың ба?– депті. Мұны естіген Ниязбек: «Асықпа, мен сені ертең аламын» – деген. Бір жеті өткен соң Абиыр атамыз ауырмай-сырқамай өмірден өтіп, Қарабастаудыға жерлепті. Басына үлкен күмбез орнатқан. Атамыздың өліміне әжінің сөзі себеп болған деп үлкендер айтатын. Себебі әжі әулие кісі  болғандығын көп адам біле бермеген.

Ел ауызында жүрген бір әңгімені Тоқтияр Қашқынбаев деген азаматтан да естіген едік.

  • Айт руының ішіндегілер Ниязбекті бай ауылы дейді. Жабыр мен Бурылы да байдың қалың жылқысы қысы-жазы жатады екен. Дөңес-дөңес болып келетін қырқаларда суға тапшы болғанымен, қара отты, жусанды жер малға жайлы болған. 1880-1890 жылдары Ниязбек Сүмбеге Кетпеннен ұйғырларды жалшылыққа әкеліп жұмыс істетіпті. Біразына Сүмбеде там соқтыртса, енді біреулеріне Сүмбе өзенінің  суын бұрғызып, Бурылының оңтүстік етек жағынан тоған қаздырған.  Бөктерлей қазылған тоған Қызылшекараға дейін әкелген екен. Ұйғырлардың кейбірлеріне Жабырдан бір жыл құдық та қаздырыпты. Тереңдігі екі жүз метр қазылған құдықтан су шықпаған. Бір жылдары қыс қатты болып, байдың бар қойы қырылып, өлген қойдың сүйегімен  құдық толған дейді біздің әкелеріміздің әкелері. Қазіргі Сүмбе ауылындағы ұйғырлар сол Ниязбек әжі жалшылыққа әкелгендер. Олар жұмыс істегеннен кейін осында тұрақтап қалғандар.

Ниязбек әжі қартайғанға дейін дәулеті өрге домалап тұрыпты. Өмірінің соңғы жылдарында әжі бір түс көреді. Түсінде өзінің қалың жылқысы жақын туысқаны Қайырдың жеріне өте берген. Жылқыны Қайыр үш рет қайырып жібергенде әжі оянып кетіпті. Түсінің бекер еместігін әжі түсініп, өмірде жиған бар байлығы өзінен шығып бара жатқанын осыдан біліпті және оны  ұстап қала алмайтын да сезген. Қайырдың әрекетіне налып, «менің дәулетім оған үш рет барып еді, оны қайырғаны қалай?» деп іштей ойлаған екен. Кейін ол түсін Қайырға айтып, «сенің қылығың маған ұнамады» депті. Әжінің жылқысының көптігі Текестің суына түскенде ортайып қалатын туысқандары Серікбай мен Тұрғанбай айтып отыратын. Ол кісі қайтыс болғанда сүйегін Қызылшекара ауылының солтүстік жағындағы қырға қойып, басына ағаш күмбез орнатыпты. Күмбез 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында тұрған көрінеді. Алайда күмбездің ағаштарын ауыл адамдары отқа жағып пайдаланған. Кейін әжінің жатқан жерін білетіндер оны темірмен қоршатыпты. Қорым қазіргі күнде бай атаның атымен аталады, – деген еді ол.

Ниязбек әжінің қасиетті болғанды жөнінде алуан әңгіме айтылады.  Жоғарыдағы Тұрлықожа жөніндегі әңгімені сарыбастаулық 98 жасқа келіп өмірден өткен Рахман Төкебаев қария басқаша айтады. Тұрлықожаны Қарақолдағы ояз шақырыпты. Шақырту бекер болмаған. Мұны естіген әжі: «сен Қарабастауда отырған Құдайназардың үлкен үйіне кіріп, құран оқы, нан ауыз ти. Одан шығып, біраз барғанда екі адам кезігеді. Оларды оң жағыңнан өткізбе, сол жағыңнан өткіз. Аман-есен Қарақолға кіргеніңде көк папка қолтығына қыстырған, ұзын бойлы, пальто киген қара жігіт кешке жақын алдыңнан шығады. Сол жігітпен үйіне бірге бар да қон, – дейді. Тұрлықожа  Қарақолға шыққанда әжі айтқан екі атты да шығады. Одан аман өтіп, Қарақолға жеткенде расында да пальто киген көк папкалы жігіт кездеседі. Бұл жігіт ояздың хатшысы болып шығады. Ол – Тұрлықожаның шаруасын бітіріп беріпті.

Ниязбек әжі туралы архивте деректер де сақталған. Онда 1868 жылдары Кетпен болысына қараған бес ауылдың болысы болып, Жансерке Жайнақов сайланса, бес ауылдың старшындары мен билерінің аты-жөндері кездеседі. Солардың ішінде – Ниязбек Абақовтың есімі жазылған. Өмірден өткеніне 200 жылдан асты. Ел есінде қалған бай әулиенің жатқан жері «Бай ата қорымына» барып, Құран оқып, топырақ алдық.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бифат ЕЛТАЕВА 29.03.2023, 16:18
Тіл мәртебесі – ел мәртебесі
Б.НҰРМАХАН 29.03.2023, 09:00
Балаларға – жаңа кітап
Мұхтар МАҒАУИН 28.03.2023, 13:22
Мәлік аға Ғабдуллин
Сайт әкімшілігі 28.03.2023, 12:09
Танымал қазақстандық музыкант Николай Миклошич қайтыс болды
Сайт әкімшілігі 28.03.2023, 06:13
Бөкенбай шоқысы. Батырларды шатастырмайық
Сайт әкімшілігі 27.03.2023, 06:03
Шахматшы Жансая Әбдімәлік өзін сынаған Бибісараға жауап қатты

Аңдатпа


  • Үкімет кетті, «Халық әртісі» мен Қошанов қайта оралды
    05:37
  • Айтыскер, блогер һәм тренер
    05:34
  • Кәсіптік білім. Диплом тарату – маман дайындау емес
    05:32
  • Жетісайдың «күрескер» әкімі Жыңғылмен күресіп жүр
    29.03.2023, 05:46
  • Нұртай Базарұлы, зейнеткер: Қарағұсованың заңына қарсылық білдіремін
    29.03.2023, 05:44