Облыстық радио келмеске кеткені ме?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

22.09.2021, 11:00

580

Тарихын қастерлеп, руханиятын әспеттейтін елдер ақпараттар тасқыны қайнаған алтын ғасырда да тарихы тереңге жайылған радиоларын сақтап отыр. Ал біз қоры бай құнды құралды көмбеге тығып қор етіп отырмыз. Бұл  талғампаз тыңдармандар санасына серпіліс оятқан жасампаз журналистердің ерен істеріне жасаған қаскөйлік емей, немене? Арқа төсіндегі жұртқа 74 жылдық хабар таратқан облыстық радионың бүгінде жұрнағы да жоқ.  Жекешелендіру жылдары ауылдық жерлердегі телемұнаралар істен шығып, облыстық теледидар хабарларынан   мақұрым қалған шалғайдағы тұрғындар  аймақ жаңалықтарын облыстық радиодан естіп-біліп отырды. Алайда айшылық алыс жерлерде жылдам хабар жеткізетін облыстық радио бірнеше мәрте қыспаққа ұшырады. Алғашқы рет 1987 жылы құқай көрді. Зәрезаптың басы мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде ресми тіркеуде жоқ немесе қаржылық тұрғыдан өзін-өзі ақтамайды деген сылтаумен шөміштен қағылды. Осылайша 1999 жылы облыстық телеарна құрамындағы  радио таратылып, бір жыл бойы ондағы тәжірибелі мамандар теперіш көрді. Бірақ, абырой болғанда, келесі жылы облыстық және қалалық ардагерлер кеңесі  мен зиялы қауымның, сол тұста  облыс әкімі  болған Камалтин Мұхамеджановтың араласуымен өз жұмысын әрі қарай жалғастырды. Алайда  өктем саясаттың қыспағына іліккен облыстың үнжариясы  2008 жылы  75 жылдық тарихы қарсаңында  біржолата жабылып тынды.

– Өлке өмірінің жедел жылнамашысының соңғы 10 жылда жағдайы  жұпыны болды.  Атап айтқанда, материалдық-техникалық базасы жаңартылмады. Радиожурналистердің жеке қорындағы үнтаспалардың тозығы жетіп, істен шықты. Әйткенмен осы қиындыққа төзіп, көз жұма қараған радиожурналистер  мерейтойымыз ескерусіз қала ма деген пенделік ойдан гөрі  кезекті қысқартудан қауіптенді. Ақыры облыстық филиал басшыларының дегені іске асты. Бұл тыңдаушыға күтпеген соққы,   радиомайталмандар үшін  рухани әрі қаржылық жағынан ауыр дағдарыс  болды, – дейді Қарағанды радиосында соңғы күнге дейін еңбек еткен зейнеткер журналист Раушан Нұршина.

 Еңбек жолын Қарағанды радиосында бастап, облыстық теле-радио компаниясы төрағасының орынбасары болып, кейін Прагадағы Азаттық радиосында қызмет істеген Қарағандыда тұратын Қазақстанның құрметті журналисі Сағат Батырхан облыстық радионың жауhар дүниелері Қазақ радиосынан бір мысқал да кем емес екенін жоққа шығармады.

– 1989 жылғы шахтерлер ереуілі туралы тікелей хабарлар, өзіміз атын қойып, айдар тағып, эфирге жолдама берген «Зерде», «Қазыналы Қарағанды», «Тіршілік» атты хабарлар болатын. Эфирден қазақ тілін үйренуді де бірінші болып бастаған едік. Жергілікті тыңдармандардың сатиралық туындыларына да жол берілетін. Өлкедегі қаламгерлердің қарымды шығармаларының тұсауы алғаш біздің әуе толқынында кесілетін еді, – деп еске алады.

Облыстық радионың «Алтын қорында» дауылпаз ақын Қасым Аманжолов, сөз зергерлері Жұбан Молдағалиев, Әбділдә Тәжібаев, Сәбит Мұқановтың  даусы жазылған таспалар болған. Өлке үнжариясының ардагерлері мен бұрнағы қызметкерлерінің айтуына қарағанда,  қымбат қордың қазынасы талан-таражға салынып, сарқылғанға ұқсайды. «Сарыарқа» телеарнасының  басшылары «фонотеканың  біраз бөлігі сақталған» деп дес бермеді. Сөйте тұра, нақты санын айтудан жалтарып  бақты. Қанық жауап іздеп, облыстық  мемлекеттік мұрағат директоры Жаңагүл  Тұрсыноваға хабарластық. Ол мекеме қорында облыстық радионың  хабарлары өткізілмегенін бүкпесіз айтты. Демек, жеті құлыптың арғы жағындағы құпияның сыры тек арна басшыларына ғана мәлім. Түптеп келгенде, радио тыңдаушылардың сұранысы осыған саяды. Әзірге халықтың қалауы сөзбұйдадан аспай келеді.

Облыстық  ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайынов:  «Зиялы қауым арасында бұған дейін де қаузалған бастаманың қашан қолға алынатынын дөп басып айту  қиын.  Бұл міндет заманауи формат,  жаңа контентті қажет етеді. Бастысы – жол көрсетіп, жөн сілтейтін тәжірибелі мамандар бар. Осы орайда, ойға алған жұмысты бастауда қиындық жоқ. Одан кейін  қаржы тетігін қарастыратын боламыз», – дейді.

«Қазақстан» РТРК» АҚ   басқарма төрайымының орынбасары Ержанар  Әшейханның мәлімдеуінше, қазіргі кезде корпорацияның бес аймақтық филиалының жанында радио жұмыс істеп тұр.  «Қарағандылық тыңдарман  облыстық радиосымен  қашан  қауышады?» деген сауалға ол  маңдытарлық жауап қатпады. Сөз арасында Әшейхан мырза «Қазақ радиосы тұрғанда облыстық үнжарияның қажеттілігі қанша?» деген кереғар уәж айтып қалды. Дұрысында, білдей саланың білікті маманы бұл сұрақты  радиосүйер қауым мен жастар қауымына қойғаны абзалырақ болар еді. Ал  корпорацияның жергілікті  филиалының басшысы  Берік Дүйсетаев ZOOM арқылы жиналыс жүріп жатқанын  сылтауратып, артынша тайсақтап құтылды.  Есесіне журналист Сағат Садыққызынан сегіз жыл бұрын сөз болған аймақтық радионы ашу жөніндегі жоспардың қағаз жүзінде қалғанын естіп білдік.

      Дүниенің тетігі ғаламторға тірелген шақта жергілікті радио қаншалықты қажет деген заңды сауал туындауы әбден мүмкін.  Қарағандыда бүгінде бір емес,  бақандай жеті радио бар. Бұлардың барлығы коммерциялық бағытта қызмет атқарып отыр. Талғампаз тыңдармандардың көңіліне кірбің ұялатарлығы – әуе толқынын әуелетіп отырған әлгі радиоларда рухани құндылығы жоғары бағдарламалар мен облыстың тыныс-тіршілігін баяндайтын сүбелі хабарлар жоқтың қасы. Оған қоса, таралу жиілігінің аясы тар, қала аумағынан әрі аспайды. Оңтүстік пен елордадағы қарашаңыраққа аттап баса алмайтын болашақ журналистер  амалсыз осында тәлім алып, тәжірибе ұштап жүр. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Журналистика кафедрасының  меңгерушісі Жанар Қожа жылдағы отыз түлектің кемінде 10-ы радиожурналист  мамандығын қалайтынын айтады. Алайда студенттерге сапалы сабақ алатын тәжірибе алаңы жоқ.

       Осы олқылықтың орнын  толтырған бұрынғы  облыстық радионы қайта ашудың кезі ертеден туындап келеді. Амал не, таптаурын болған мәселенің тиянақталатын түрі жоқ дейді.  Жанар Рамазанқызы сөзіне дәлел келтіру үшін  радиожурналистиканы қалайтын 20-дан астам студенттің тізімін телефон нөмірлерімен қоса жіберді.  Олай болса еліміздің ақпарат саласының тізгінін ұстап отырған сала министрі Аида Балаева, «Қазақстан»  РТРК» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Танысбай  арман асуына қанат қаққан  жастардың тілегіне не дер екен?

Тегтер: БАҚ радио журналистика мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бекболат ТАСБОЛАТҰЛЫ 22.10.2021, 15:44
Ескерусіз қалған ерлік
Жарас СӘРСЕК 22.10.2021, 10:16
Құрышпын деп жүргенің құрып кетсе-қайтесің?
Жарас ШӨКЕ 22.10.2021, 09:03
Боксшы қыздар нені бөлісе алмай жатыр?
Сайт әкімшілігі 20.10.2021, 18:56
Айман Алдаш зерттеулеріндегі терминология және аударма мәселелері
Фархад ОМАРБЕКОВ 20.10.2021, 15:17
Қожанасыр. Қожа – ғасыр
Бифат ЕЛТАЕВА 20.10.2021, 14:00
Әлеуметтік желіде «жалдамалы жазбалар» көбейіп барады

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31