Олимпиада тұғырында Ниязымбетовтің көзіне үйірілген жас

Нақыпбек СӘДУАҚАСТЕГІ

20.07.2021, 09:39

2366

Боксшы Әділбек Ниязымбетовті Қазақстан және әлем жұртшылығы жақсы біледі. Ол еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері, Бакуде өткен әуесқой бокстан әлем чемпионатының, 2012 жылы Лондонда және 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері. Үлкен жетістік, әрине. Бірақ Рио-де-Жанейро олимпиадасының тұғырында күміс медальмен марапатталып тұрып, келбетті де айбынды азаматымыз неге көз жасына ерік берді? Әрине, оның себептерін Әділбек өзі ғана сезіп-біліп тұрған болар. Біз тек болжау айтуымыз ықтимал. Болжауымыздың негізі бар деп топшылаймыз. Сонымен, ол неге жылады?

Менің пайымым бойынша, оның көзіне жас үйірілуінің себебі – күміс медальға қанағаттанбауы болды. Алтын медальға бір-ақ елі жақын тұрып, одан неге қағылып қалдым деген ішіндегі өкініш шері сыртқа білінді және Әділбек үшін бұл бір емес, екі олимпиада ойындарында қайталанды. Арасы төрт жылдан. Қаншама аянбай адал тер төккен дайындықтардың зая кеткені ме? Ә.Ниязымбетовтің тамаша боксшы екеніне, алтын медаль иегері болуға әбден лайықты  екеніне менің ешбір күмәнім жоқ. Бірақ… Тек Ә.Ниязымбетов қана емес, көбіне біздің маңдайалды керемет дарынды спортшыларымыздың әлем біріншіліктерінің финалында сүрініп, күміс не қола медальдарына ғана қол жеткізіп жүргені жүрегімізді сыздатады. Шіркін, кеуделерінде жарқырап тұратын, құндылығы мен қасиеті биік, құрмет-қошеметі зор, еліміздің атақ-даңқын аспандататын алтын медальға түлектеріміздің көпшілігі не себепті жете алмай қалады?

Оның себептері сан алуан, сан қырлы екені анық. Солардың бетін ашып, келешекте болдырмауын ойластыру спортшылар мен бапкерлерге міндет, ал біздей жанккүйерлерге парыз. Бокс сайысының ерекшеліктеріне сай, боксшы қарсыласын беттетпей, айрықша басымдықпен немесе оны нокаутқа түсірмей, жеңіс тұғырынан көрінемін-ау деген үміт бұлыңғыр болады. Сайыстың қорытындысын шығару кезеңінде судьялардың әрқилы қитұрқы себептермен бұрмалауға баратындары ежелден құпия емес.

Сондықтан соңғы, айрықша құнды, аса күрделі де шешуші жекпе-жекке жан-жақты мұқият дайындалу өте маңызды екені түсінікті ақиқат. Мүмкін, біздің спортшыларды уақтылы тиімді тынықтырып, мейлінше күш-қуат жинатып, кездесу алдында әр тараптан жігерлендіріп, өздерінің қабілетіне сенімдерін тапжылмастай арттыратын білікті психологты қатыстырып, ғылыми әдістерді кең қолданған абзал болар ма еді… Онымен қоса, қарсыласының осал жерлерін жіті зерттеп, соны оңтайлы пайдалану керек. Сонымен, бокс сайысының өзіне тән жіті ескеретін ерекшелігі бар. Көбіне сайыс барысында қарсыласын нокаутқа түсіріп, ринг бетіне сұлатып салғанда  ғана  дау тудырмас жеңіске жетуге болады. Десек те, нокаутқа жіберу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бірақ тыңғылықты дайындықтың және ұштаулы айла-тәсілдердің нәтижесінде оған жетуге болады. Мысалға Геннадий Головкин, Майк Тайсон жетістіктері оған дәлел. Тайсон рингте өзінен анағұрлым зор қарсыластарын зілдей (джеб, кросс, хук, свинг, апперкот, оверхенд және даункот) соққыларының астына алып, шыдатпай нокаутқа түсіретін. Әттең, кейінгі жылдары оның жүйкесі сыр беріп, ринг пен оның сыртында сабырлығы мен ұстамдылығы жетіспей, талай келеңсіз жағдайларға ұрынып қалды. Ақыры абақтыға түсті, маңдай термен  жинаған қыруар қаражатынан да айырылды.

Екінші мысалды боксшы Костя Цзюдің кездесулерінен алуға болады. Оның бір қарсыласы Заб Джуда ең бір шебер де шапшаң боксшылардың бірі саналатын. Оның жеңісіне жанкүйер қауымның басым көпшілігі өте сенімді еді. Цзюмен кездесудің басында ол өзін-өзі алдын ала жеңімпаз санап, оған әсіре иланып, сайыс барысында артық сенімділігінің салдарынан алданып, босаңсып қалып, сабырлы қарсыласының жойқын соққысынан кейін тәлтіректеп барып сұлап түсті. Міне, жойқын бір соққының құдіреті. Қандай да дарынды боксшы бола тұра, қандай да бір айла-тәсілдерді меңгере жүре, бір жойқын соққыны қашанда арсеналда ұстау абзал. Еліміздің тума түлектеріне де жойқын соққылардың шеберлері атағына лайық жан-жақты дайындықтар арқасында жетіліп, сайыстар барысында қашанда жігер танытып, биік тұғырларға шығып, тек алтын медаль жеңіп алуларына тілектеспіз. Токио олимпиадасына аттанған спортшыларымызға деген тілегіміз осындай.

                                            

Тегтер: спорт футбол хоккей ақпарат дерек ұйымдастыру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 15:10
Қамшыбек Қоңқабаев қола медаль иеленді
Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 10:59
Ел сенімін ақтай алмады
Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 09:45
Әртістік жүзуден «әртіс» болып кетті
Айнұр ӘЛИ 08:49
Қазақ мифін қайтсек оятамыз?
Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 03.08.2021, 14:35
Ағайындылар ондыққа кіре алмады
Смағұл ЕЛУБАЕВ 03.08.2021, 09:38
Қоңыр дәптерге қонған ойлар

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58