Оныншы тур. Озған бар

Амангелді СЕЙІТХАН

12.05.2021, 08:27

950

      Қазақстан премьр-лигасында ойнайтын футбол командалары оныншы тур ойындарын өткізді. «Астана» сырт алаңда «Таразды» 1:0 есебімен ұтып, жеке-дара топ бастады.

       Негізі, «Астана» ә дегеннен суырылып шыққысы келді. Бірақ Түркістанда су кешіп жүріп, жергілікті «Тұранмен» тең ойнады да, жоқ жерден ұпай таратты. Жоғарғы лигаға биыл ілінген командамен арадағы ойында өздерінің осал тұсын анық байқатты да. Оны бас бапкер Андрей Тихонов та жақсы түсінді. Бірден команда басшыларына қозғау салып, үш-төрт ойыншы алдырды. Қазір соның бәрі іске татиды. Әсіресе сұрмерген Абат Айымбетовтің келуі маңызды оқиға болды. Самараға сыймай келген шабуылшы бірден бұрқыратып гол соғумен шұғылданды. Соның есебінен команда да уыстап ұпай ұстанды. Тағы бір таңғалдырушы – Абзал Бейсебеков. Абзал биыл ерекше серпінді. Бұрын Иван Маевский, Патрик Твумаси, Марин Томасов секілді серкелердің көлеңкесінде жүргендей көрінуші еді. Қазір барлық жүкке өз иығын тосып, шын мәнінде көшбасшыға айналды. Команда ойыны жүрмей жатса, ол – үйлестіруші. Гол соғуға ешкімнің зауқы соқпаса, әлде шамасы келмесе Бейсебеков белсенеді. Абзалдын әзірше алмайтын қамал жоқ. Орта тұста ойынды жүйеге келтіреді. Қорғаныстағы тасқамал, шабуылдың өтінде де өзі жүреді. Мұндай деңгей бұрын-соңды Абзалдан байқалмайтын. Тихонов бабын тапты ма, әлде Абзал Андрейдің бағы ма, қысқасы, «Астананы» жетекке алған жартылай қорғаушы тіпті Қазақстан құрама командасының бас бапкері Талғат Байсуфиновқа да ұнап жатқаны анық. Қиядағыны көретін Байсуфинов Абзалдың өзгеріп салғанын көрмей отыр дейсіз бе?

      Оныншы несімен ерекшеленді? Енді осыған келейік.

             «Тараз» – «Астана» – 0:1

       Турдың басты кездесуі бұл жолы Таразда ойналды. Елордалық команданың көш бастағанын айттық. «Тараз» да талайға дейін мамандарды таңғалдырды. Тіпті турнир кестесінің екінші сатысынан орын алған кезі де бар. Өткенде Қостанайда «Тобылдан» тас-талқан ұтылғаннан кейін ғана еңсесін кір шалды. Соны шайып тастаудың жөні келген еді. Егер чемпиондыққа бет алып бара жатқан «Астананы» тоқтатса, тағы да бедел жинайтын еді. Вардан Манасян шәкірттері соны жақсы түсінді. Түсінді де, іске кірісті. Алғашқы минуттарда ойын тізгіні толық «Тараздың» қолында еді. Оны Андрей Тихонов та мойындады. «Шынын айту керек, кейде сәттілік көмекке келеді. Биылғы біріншілікте бірнеше гол соққан Педро Эуженио матч басында жарақат алмағанда жағдайымыз тым мүшкіл болар еді. Бұл бір сауатты ойнайтын команда. Біз олардың шамасын білетін едік. Жігіттерім қатты шаршап жүр. Біресе жасанды алаңда доп тептік. Келесіде табиғи көк майсада, бәрі де бастан кешіп жүргенін білемін. Кейде көсіліп ойнай алмасақ, себептің бірін содан іздеймін. Әупірімдеп жүріп «Таразды» ұттық. Қатты қуандым. Өйткені бұл бір маңызды матч еді. Команда сапында футболшы аз. Көптеп алуға жағдай келмейді. Дегенмен қазіргі жағдайға да қанағат етуіміз керек», – деді.

       Оның да ойыншы іздеуден тәбеті тартылмайтыны анық. Әр шепте қос-қостан жарамды футболшы ұстағысы келеді. Қайта біріншілік барысында бірнеше жігіттермен толықты. Исламбек Қуат пен Энрике Лопес келмегенде қайтер еді? Абатты айттық. Валерий Чуперка да дер кезінде келді. Оныншы турдағы матчын айтсақ, шынында да, алаң иелері ұпай алуға жақын жүрді. Елу төртінші минутта гол соққан Абзал Бейсебеков есебінен қонақтар жеңіске жетті. Он турдан кейін 26 ұпай жинап, біріншілік көшін бастады.

                    «Каспий» – «Ордабасы» – 0:0

       «Ордабасының» «желі» шықты-ау дейміз. Команда қожайыны саналатын Бақтияр Байсейітов ойыншыларды қанша жігерлендірсе де, олардың футболды өндіретін түрі жоқ. Қаржы директорының жалынды әрекетіне тек әлеуметтік желі қолданушылары қарық болуда. Бұл өзі қызық команда. О баста үміт сыйлайды. Біріншіліктің бас жүлдесінен үмітті екенін көрсетеді. Тіпті дәлелдегісі келетіндей үш-төрт ойында қатарынан жеңіске жетеді. Содан кейін салы суға кеткен кісіше кежегесі кейін тартып, жарыстың сынын бұзады. Алматыда «Қайраттан» ойсырай ұтылып, одан кейін аяғын енді ғана «апыл-тапыл» басқан «Тұраннан» жеңіліп, бас бапкер Александр Седнев сөз алып еді. «Ендігәрі біздің тараптан олқылық кетуі тиіс емес. Жоао Пауло және өзгелері жауапкершілікті түсінетін болады», – деген сарында ой қозғады. Әлгі әңгімеден өзінен басқа ешкім қорытынды жасамаған секілді. Әсіресе Жоао Пауло. Былтырдан бері өрнекті ойын үлгісімен көрермендерді тәнті еткен Бразилия жартылай қорғаушысы һәм шабуылшы Жоао қазір сиқыр таяғын жоғалтқан сиқыршы секілді. Сиқы қашып кетті. Біздің елдің көңілшек толеранттылары «Көк құжат қайда? Бірін мынау Жоаоға ұстатыңыздар, оны дереу ұлттық құрамаға шақыру керек. Онсыз күніміз қараң», – деп айқай салып еді. Біздің қауымдастықтар да елең етісіп, басы артық төлқұжат іздеуге құлшына кірісіп кеткен.

         Сол буынына түсті ме, қазір Жоао Паулоның ойыны өте аянышты. «Ордабасының» маңдайға басқан жалғыз серкесінің жүйкесі сірке көтермесе, өзгелеріне не жорық? «Каспийге» шамасы келмей, қайтты үйлеріне. Қайта алаң иелері өкініште қазір. Матч бойы атой салып еді. Гол соғудың ретін таппады. Әйтпесе Давид Караев та, Уаджди Сали де Владимир Плотников қақпасына бірнеше рет қауіп төндірді. Тоқсан минут бойы толассыз шабуыл ұйымдастырса да, есеп ашылмады. Шын мәнінде бұйырған жалғыз ұпайды «Ордабасы» олжа көруі тиіс. Матч аяқталған бетте «Каспийдің» бас бапкері Срджан Благоевич былай депті: «Көңілімді көншіткен ойын өтті. Шәкірттерім айтқаныма көндігіп келеді. Бұрын қарсыластардың тіпті жиырма соққы жасауына мүмкіндік беруші едік. Осы жолы «Ордабасы» бес-алты рет қана біздің қақпаға қарай доп тепті-ау деймін. Матч бойы тізгінді өз қолымызда ұстадық. Ол да бір жетістік. «Ордабасы» осал қарсылас емес. Мықты футболшылар жиналған. Көздегені – медаль. Солардың мысын бастық. Керемет қой. Ойыннан кейін шәкірттеріме не дегенімді білесіз бе?  «Сендердің де қолдарыңнан көп нәрсе келеді» дедім. Тек іске мейлінше сергек қараған дұрыс екенін ескерттім».

                               «Қайрат» – «Шахтер» – 1:1

       «Қайрат» қайда барады жардың бойын жағалап? Алматылық команданың қазіргі аяқ алысы осылай деуге негіз. Біріншілік басталмай тұрғанда сәуегейлер Алексей Шпилевский шәкірттері биыл де ешкімге дес бермейтінін тілге тиек еткен және олай айтудың қисыны да бар еді. Қағанағы қарық команданың жағдайымен біздің елді қоя беріңіз, Еуропаның көптеген командалары жылап көріседі. Ел чемпионатының еркетотайы қай жағынан да қарсыластарынан екі-үш бас жоғары тұрды. Олардың иелігіндегі оқу-жаттығу базасы тіпті «Астана» мен «Тобылдың» да түсіне кірмеген. Алатын жалақысын анау-мынау арзанқол калькулятор да есептей алмайды. Сандардың көптігінен күйіп кетеді. Шырт түкіріп жүретіндер қазір шырт ұйқыда жатқан секілді. Матч кезінде жарты сағат ояу жүреді де, кейін қайта қалғып кетеді. Басқа – басқа, «Қайраттың» «Шахтерден» ұтылатын жөні жоқ еді.

       Рас, Магомед Адиевтің шәкірттері де футболда әбден ысылғандар. «Жаңа бапкер бұрын өзімен бірге жүрген бірнеше ойыншыны алдыртып жатыр» деп те естігенбіз. Тіпті соның бірі, атап айтқанда Алан Чочиев, алаңға шықты. Тау қопарып тастамағаны белгілі. Мүмкін, үйренісе келе мінез танытар. Қазір үрпиіп қана жүрді. «Қайрат» шығарған қақпашы Тимурбек Закиров. Тіпті таразы басын теңестіруге де Тимурбектің еңбегі сіңді. Әуелеп келе жатқан допты Стас Покатилов қорғаған қақпаға бұрған осы Тимурбек. Доп жолай Нұрәлі Әліпке тиді де, голға айналды, Адиевтің әңгімесі жақсы екен. Ойын соңынан кейін өрбіткен. «Футболшыларды алмастыра беріп, нәтижені түзеп алдым. Бір ұпайды да қанағат тұтамыз».    Қанағат тұтпай ше? «Қайрат» кеншілердің түте-түтесін шығаратын еді. Неге екені белгісіз, есеп ашқаннан кейін нәтижені еселеуге зауқы соқпай қалды.

       Негізі, қазір «Қайратта» жеңіске деген жігері байқалатын жалғыз футболшы бар. Ол – Гүлжігіт Алықұлов. Қырғыз легионері қырып, жонып ойнайды. Өзгелерге үлгі. Бірақ жас жігіттен үлгі алуға Хосе Канте мен Штерли Мамба арланатын секілді. Осы ойында да Гүлжігіт қолды-аяққа тұрмады. Зыр жүгірді. Құр жүгірген жоқ. Қарсыластарының апшысын қуырды. Үш-төртеуін алдап өткенін де көрдік. Артур Шушеначевтің есеп ашуына да Алықұлов қызмет жасады. Соның жанкештілігі. Әйтпесе Артурға гол қайда? Ол да бір сабаз! Кемі екі рет қақпашымен бетпе-бет шықты. Тимурбек алдырған жоқ. Қорытынды есеп – 1:1. «Қайрат» 10 кездесуден кейін 17 ұпай жинады.

                                   «Қайсар» – «Ақжайық» – 0:1

       Биыл «Қайсар» қайтер екен? Серік Досманбетов қол созған команда қазір қалт-құлт етеді. Сұлтан Әбілдаевтың әбігерге түскені анық. Тур сайын ұтылады. Қазақстан премьер-лигасына биыл тосыннан қосылған Оралдың «Ақжайығымен» де мандытып ойнамады. Допты қарсыластарына ұстатты да, өздері сырттан бақылады. Сырттан дегенде, дала безіп кеткен ешкім жоқ. Әбілдаев сенім артқан он бір жігіт те  қарсыластарымен бірге алаңда жүрді. Алайда айбын көрсете алмады. Жігерсіздік танытты. Өз аяғына өзі шалынған команданы «Ақжайық» аясын ба, 76-минутта Дмитрий Мичуренко мергендік танытып, қонақтар үш ұпайды қоржынға салды.

      Әбілдаевтың тағдыры қалай болар екен? Қыл үстінде дегенді бәрі айтып жүр. «Қайсар» көш соңында. Жақын арада ойыны оңалмаса, жағдай мүлде асқынады. Тіпті жуырда Сұлтанның орнын өзге маман басуы бек мүмкін. Соншалықты қожырайтын команда емес секілді еді. Мақсат Байжанов қайта оралды. Думан Нәрзілдаев та мінезді жігіт. Сергей Карпович, Тимур Рудосельский, Егор Потапов дегендерді ат-түйедей қалап алдырды. Кларенс Битанг, Стефан Денкович, Каролис Лаукжемис, Гегам Кадимян секілділер де жүр сапында. Ұлт пен ұлыс жағынан ұятты емес, ендеше. Бірнеше атаның балаларының басын қосты. Алайда ойын жоқ. Ойынды қоя беріңіз, нәтиже жоқ.

                                     «Жетісу» – «Ақтөбе» – 1:5

      «Жетісу» да биыл тау қопармайды. Әупіріммен жоғарғы топта қалса, соның өзі үлкен олжа. «Өзім білемге салған» екеудің менмендігі қазір команданың жағдайына қатты әсер етіп отыр. Соның бірі – бас бапкер Ринат Алюетов. Бұрын-соңды жібі түзу ойыншыларды жаттықтырып көрмеген жас жігітке соншалықты сенім арту көзсіз батырлық іспеттес. «Серік Мұқанов секілді саясатта әбден ысылған кісінің отандық футбол ерекшелігін соншалықты сезіне алмауы да», – деп сөз саптайтындар бар. Кім біледі, «Жетісу» еңсе тіктеп кететін шығар. Әзірше шаң кешіп келеді.

      «Ақтөбенің» де жағдайы мәз емес еді. Бас бапкер Алексей Баганы қызметінен қуды. Қазір жаттықтырушы іздеп жүр. Талдықорғандағы матчқа тыңғылықты дайындықпен келді деуге де болмайды. Көңілі көншімегендер ерлік жасауға аса асықпайды ғой. Оның үстіне Равиль Атыханов 7-минутта есеп ашып, «Жетісуды» алға шығарған. Жетінші минутқа дейін талай уақыт бар. Мысалы, 4-минутта сол жақтан жеткен допты ресейлік жартылай қорғаушы Денис Поярков қақпаға бұрды. Бірақ сәл қиыс кетті. Алтыншы минутта 6-нөмірдегі ойыншы Адам Адахаджиев сол қанаттан айып алаңына доп жеткізді. Қақпашы Жасур Нарзықұлов қателесті. «Ақтөбенің» екі қорғаушысы тұр еді. Іске солар араласты. Бірі допқа талас кезінде ойын тәртібін бұзған секілді. Төреші Артем Кучин 11 метрлік айып добын белгіледі және Армен Манучарянды алаңнан қуды.

      Бас қазы нені басшылыққа алғанын түсіну қиын. Армен қарсыласын ары кеткенде иықпен қақты. Тіпті ойын ережесі бұзылған да шығар. Бірақ оны ойыннан қуу тым артықтау көрінді. Артем Дмитриев пенальтиден мүлт кетті. Қақпашы қайтарған доп алаңнан шығып кеткен. Алайда «Жетісу» ойыншыларының бірі қайтарып, әуелете пас тастады. Равиль Атыханов күзетсіз қалған қақпаға допты баспен бұрды. Жасур мен Әділхан Таңжарықов дау көтеріп еді. Екеуі де ескерту алды. Бұл ойынның сол 7-минутындағы көрініс. Оныншы минутта «Жетісу» қақпашысының жүйкесі сыр берген секілді. Андрей Шабанов қолындағы добын Юрий Прецухқа қарай лақтырды. «Ақтөбе» ойыншысы таразы басын теңестіруге қымсынған жоқ. Енді Александр Кислыцин шабуылға шықты. Қорғаушы соққысы қақпадан қиыс кетті. 29-минутта алаң иелерінің ойыншысы Филип Иполе екінші ескерту алып, ойынды ерте аяқтады. Енді екі команда сапында да он-оннан ойыншы жүрді. Ол «Ақтөбеге» майдай жақты. Үзіліске дейін Игорь Сергееев мергендік танытты. Екінші таймда Игорь тағы екі голды өз атына жазды. Боян Дубаич те көзге түсті.

                           «Тобыл» – «Атырау» – 2:0

     Медаль үшін табандап күресіп келе жатқан – «Тобыл». Қостанай командасы «Атыраумен» кездесіп, 2:0 есебімен басым түсті. Шынын айту керек, егер Серікжан Мұжықов белсенбегенде матч тең аяқталар еді. Серікжаннан өзгелері матчқа селқос қарады деген сөз емес бұл. Азат Нұрғалиев пен Асқат Тағыберген де тамаша ойын үлгісін көрсетті. Тек Серікжанның жоқ жерден гол соғып кеткенін айтамыз. «Атырау» мықты екен. Осы матчты жүргізген комментатор мырс-мырс күлді. «Мұнайшылар сапында Қазақстанның үш футболшысы ғана жүр еді. Өзгелері легионерлер. Енді екеуі ғана қалды», – деп. Шынында да, бізге бір тыйым керек секілді. Әйтпесе отандық футболға обал болады.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сұхбаттасқан Сейсен ҰЛЫҚБЕК 11.06.2021, 15:15
Ширек ғасырлық әзіл-оспақ отауы
Сайт әкімшілігі,Айдар ЖОРАНОВ 11.06.2021, 14:15
Би падишахы
Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП 09.06.2021, 16:06
«Жасымды сүрткен «Жас Алаш» еді...»
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 08.06.2021, 12:00
Түнгі жол (Әңгіме)
Амангелді СЕЙІТХАН 08.06.2021, 10:30
Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
Амангелді СЕЙІТХАН 05.06.2021, 08:46
Қызың – алтын, ұлың – күміс

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02