ӨР-ЫЛДИЛЫ ДӘУІР

Қарт қаламгер Ғаббас Қабышұлыменәңгіме

Жұмаш КЕНЕНБАЙ

04.11.2022, 14:25

3139

– Ғаб-аға, ассалаумағалейкүм!

— Ә, Жұмаш, уағалейкумәссалам. Төрлет.

Диванда отыр екен. Жанына барып жайғастым.

– Аға, қалайсыз, хал-ахуалыңыз жақсы ма? Бала-шаға, немере-шөберелеріңіз сау-сәлемет пе?

– Құдайға шүкір. Шөберелерімнің, әзірше, ең кішісіне дейін, биыл мектеп есігін ашты. Жеңгең екеуміз ерекше мәз-мәйрәмбіз.

– Бәрекелді! Қуаныштарыңыз көп болсын!

– Рақмет! Өзің маған қандай қуаныш ала келдің? – деді Ғабаң, жымия қарап.

– Е, аға, қуанышты сөз аз, құнсыз сөз көп болып тұр ғой.

– Көсемдерің Назарбаев отыз жыл қонышынан басып, сылдыр сөзден тау тұрғызып, көл жасап берді. Ол таудың қашан құларын, ол көлдің қашан суаларын кім білсін.

– Иә, жағдай қиын. Еңбекші жұртшылықты жұмыссыздық, қымбатшылық титықтатты емес пе? Әсіресе, азық-түліктің бағасы ай сайын өсуде.

– Бізде жүзден астам миллионер, жиырма шақты миллиардер бар екен. Солардың қайсысы адал табысымен шылқып байыды? Көбі халықтың нәпақасын қақшыды және тәуелсіздік бұйырысымен халықтың жылы қалтасына суық қолын сұға жеткен жаңа билікпен әмпей. Бірде-бірі: «Бұл қайдан келген қымбатшылық?!», – деген жоқ, демейді де. Екеуміздің мың теңгеміз – олардың бір теңгесі.

– Биыл, наурыз айында, Англия парламентінің мәжілісінде арам ақшамен байыған қазақстандық 28 олигархтың тізімі жарияланды, естуіңіз бар ма?

– «Азаттық радиосының» сайтынан оқыдым. Ол тізімдегі шылқабайдың жартысы – назарбаевтар. Бір ғана Лондонда сатып алған дүние-мүліктерінің құны 330 миллион фунт стерлинг екен. Ол жылдары бір фунт стерлинг 620-625 теңгеге тең болыпты, ал есептеп көр.

– Масқара! Ол туралы билік жақтағыларымыз ләм демеді, ә?

– Ей, Жұмаш, сен де қызық жігіт екенсің. Аласа болса да тақ берген,  жұқа да болса портфель құшақтатқан, өзі «халық үшін бейнеттеніп» құрып, сыналап, шегелеп қойған жүйеге жинаған нөкерлерлеріне ләмнің керегі не?

– Ғаб-аға, сіз бұл жүйенің сорақылықтарын ашық айттыңыз да, жаздыңыз да. Қаламыңыз әлі де қолыңызда. Амал не, оқыр көз, естір құлақ табылар емес. Мысалы, бұдан бір жарым ай бұрын  «Жас Алаш» гәзетінде жарияланған «Қонаев кімнен кем, кімнен артық еді» деген мақалаңыз шыншылдығымен де, жаңалығымен де құнды. «Жаңалығымен» деп… көпшілікке белгісіз болған деректерді ашқаныңызды меңзеп отырмын.

– Тарих – өмірдің айнасы. Ол таза болуы керек. Бүгінгі біз кірлетіп кеткенді, ертеңгілер тазалап әуре болады. Олардың бүгінгі бізден әлдеқайта сауатты, ақиқатшыл болатындары, яғни өмірдің, дәуірдің талабын орындайтындары шүбәсіз. Сенің «жаңалығыңыз» дегенің – көпшілікке беймәлім болғанымен, біраз жұртқа аян, бірақ олар бірінің туысы, бірінің жерлесі, руласы, сыбайласы дегендей, біліп-білмей жасаған ағаттықтарын айтудан аулақтарға құлаққағысым.

– Сіздің сын мақалаларыңызды қалт жібермей оқимын. Кездескенде, не телефон арқылы сөйлескенімізде, өзіңізге мәлім, ризалығымды аңғарта, пікірімді айтып жүремін. Ол мақалаларыңыз жеке кітап болып шықты ма?

– Шықты. «Қаруым – қаламым», «Оңды ойды бүкпелік!», «Мәнсіз мақтан, желкенді жағымпаздық» деп аталған үш кітап. Алайда, Жұмаш, саған бір «өйдөйтті» айтайын. Көсемдеріңді сын мақалама кейіпкер еткен 1997 жылдан бастап менің ұсынған қолжазбаларым «тендер құптамады» деген «статьямен» ухит-сухитқа ұшырады. Мен ешқайсына жалынбадым. Жасым жетпіске, сексенге толарда ғана «бұлар қайтер екен?» деп, әзіл-сықақ әңгімелерімнің жинағын ұсындым. Баяғы «әләуләй». Содан кейін басқа жол іздеп, жекеменшік «Тоғанай» баспасымен келісіп, кітаптарымды, атаған үшеуін де, өз ақшама 20-25 дана етіп шығарып жүрмін. Балаларыма, туысқандарыма, достарыма сыйлаймын.

– Иә, мемлекет есебінен көп таралыммен шықса ғой! Ол жәйтті жаңа басшыға жазбадыңыз ба?

– Тоқаевқа ма? Былтыр жаздым: «Менің аты-жөнім «Кітабы шығарылмайтындар» деген тізімдеріңізде бар, содан алып тастарсыз» дедім. Жауап келмеді. Бізде қайда, кімге хат жазсаң да жым-жырт қалатын «тәртіп» бар.

– Ғаба, Қонаев туралы мақалаңызға оралсақ. Біз: «Мың жылда бір туатын тұлға, кемеңгер, әулие» деп әбден мадақтап кітап та жазып жүрген  Димекеңнің ол қылықтары не?

— Жақсы ат-атағы, даңқы арыда дүниежүзіне, беріде Совет Одағына мәшһүр болған: Қаныш Сәтбаевты, Шафик Шөкинді, Шахмардан Есеновті, Әнуар Әлімжановты, Өзбекәлі Жәнібековті, Евней Бөкетовті қудалағаны, Сәбит Мұқанов пен Ілияс Есенберлинді алымсынбағаны орынсыз-ақ. Әсіресе, Шахмарданға қиянаты – адамды тірідей өлтіру. «Ол қылықтары» – керексізді өшіру, керектіні өсіру.

Орталық партия комитетінің Мәдениет бөлімін 12 жыл басқарған Михаил Иванович (Хакім Тілегенұлы) Есенәлиев «Ірілік пен ұсақтық» мақаласында Қонаевтың әділетсіздіктерін жазды. Ал Өзбекәлі үшеуміз бас қосқан бір жолы Қонаевтың өзгенің қолымен от көсеуге шебер болғанын, оның естелік кітаптарында «кім біліп жатыр» деген есеппен жазылған жалғандықтар барын айтты.

– Кейбір саясатшылар мен тарихшыларымыз кімді болсын мадақтаса – аспанға бір-ақ шығарады.

— Ол рас. «Көне дәстүріміз». Соңғы аптада баспасөз Өзбекәлінің «Тағдыр тағлымы» кітабындағы «бір бюро мүшесі» Асанбай Асқаров пен «ақиқаттың алдаспаны» Шерхан Мұртазаны, мүшелтойларына орай, жарыса мадақтады-ақ. Ешбір міні жоқ, кәдімгі періште болған тәрізді. Асқаровтың Шымкент облысына партия комитетінің бірінші хатшысы болып барысымен облыс аумағы басшылықтарындағы руы қоңырат азаматтарды аттан аударып тастап, орындарына өзінің дулат руы кадрларын қонжитқаны, әйгілі «қт» – «дт» оқиғасын жасағаны «ғажап әділеттілік» болды емес пе? Өзгесін былай қойып, сені мына бір дерекпен таныстырайын, қазір.

Ғабаң орнынан тұрып, жазу үстеліне барып, суырмасынан жарты парақ қағаз алып, орнына отырды да:

— Ал, Жұмаш мырза, оқып берейін, тыңда, рахаттан, – деп салқын жымиды да, оқыды:

«Из заявления Аскарова на имя М.С.Горбачева от 20 июня 1987 года: «Уважаемый Михаил Сергеевич, горько сожалею, что не набрался мужества написать это заявление Вам, когда был решен вопрос об освобождении меня от должности. Вот уже три месяца, как я арестован и обвиняюсь в получении взяток. К глубокому сожалению, всё, в чем меня обвиняют, правда. Я получал взятки, исчисляемые сотнями тысяч рублей. После очных ставок и предъявленных нам материалов я сразу понял, что впереди безысходность…

Вся моя трагедия связана с именем Кунаева Д.А. Именно он заставил меня брать такие огромные деньги, требуя их от меня. Он говорил, что они нужны «Кошкару», что в переводе на русский язык означает «баран-производитель» во главе стада. В данном случае он имел в виду Брежнева. Позже он говорил, что деньги нужны также «Карага», т.е. черному, в этом случае имея в виду Черненко».

– Мәссаған! Екеуі де...

– Горбачев пен Асқаров билікке жетер жолортада Мәскеудегі партиялық бір оқуда бірге оқыған көрінеді. Горбачев дереу көмектесіп, жазасын жеңілдетіпті. Ал Шерхан болса… ол парламент мәжілісінде үкіметтің «Жерді сату және жалға беру туралы» жобасы талқыланған бірінші күні мінберге айбаттынып шығып: – Адамзаттың тарихынан белгілі екеніндей, Жер – Ана! Иә, Жер – адамзаттың Анасы! Біздің Анамыз! Жерді сатқаның – Анаңды сатқаның! Мен Анамды сатпаймын, қарсымын! – дегенде, депутаттардың бірсыпырасы құшырлана қол соқты. Президиумдағы «мықтылар» біріне-бірі қарап, мүшкіл хал кешті. Сөз алған 2-3 депутат Шерханды қостап сөйледі. Мәжіліс теледидар арқылы көрсетілген. «Үкіметтің жобасы жайына қалатын болды!», дедім іштей ризалық сеніммен.

– Мен көрмеппін, үйде болмадым-ау деймін.

– Ертеңінде Шерхан мінберге екінші ме, үшінші болып па, сылбыр көтеріліп, залға, жан-жағына қарамай, алдындағы стаканға, графинге, микрофонға көзін баяу сырғыта қарап, басыңқы үнмен сөйлеп: Біз кейбір мәселелердің мәнісін біле бермейді екенбіз. Үкімет бұл мәселені жан-жақты зерттеп, дұрыс негіздеп ұсыныпты, мен қолдаймын, деген сыңайда қысқа сөйледі. Зал гу етті. «Дұрыс!»; «Немене дұрыс?»; «Ай, Шерхан, кеше мұндай емес едің, бүгін не болды?!» дегендей дауыстар аралас шықты. Қысқасы: Жерді сату, жалға беру туралы жоба» қабылданды.

– Ол жоба халыққа обал болды.

– Сірә, алғашқы сөзі Назарбаевқа шаншу болды да, ол немесе оның оң қолы, сол қолы болып жүргендердің біреуі Шерханмен сөйлесіп, райынан қайтарды. Тіпті ,«Нұрекеңнің сізді марапаттау шешімі бар еді», деген де секілді. 2-3 күннен кейін «Отан» ордені бұйырды. Одан кейінде ол «алдаспан» жазушымыз: «… Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адамзатты топансудан алып шыққан Нұх пайғамбарға ұқсап, Қазақстанды сонау 90-жылдары Тәуелсіздік жолында басталған күресте аман алып шығып, ел қылды» деді. «Алматы ақшамы» гәзетінде шыққан сұхбатында.

– Қайдағы күрес? Назарбаев Горбачевқа иек артып жүріп-жүріп, тәуелсіздікті ең ақырында алдық қой? Оны алыс-жақын жұрттың бәрі біледі, шын ғой?!

— «Шындықтың жүзі өткір» деген ғой ата-бабаларымыз. Оған тура қарай алу үшін Азамат болу керек.

Кенет Ғабаңның соткасы сыңғырлады. Пиджәгінің оң жақ қалтасында екен. Алып, маған «мынаны тыңдайын» дегендей ым жасады да, құлағына төседі. Мен тұрып, үстелінің сол жағындағы кітап сөресіне бардым. Сирек кездесетін кітаптар. Әдеби де, саяси да...

3-4 минут өткенде Ғабаң:

– Жұмаш, кел, отыр, сәпсем свежый жаңалық естідім, – деп әзіл-оспақ мәнерде лекіте күлді де, былай деді: Семейде гәзетті шақ келтірмей оқитын ескікөз құдам бар еді, жаңа сыңғырлатқан сол екен. Сөзін: «Осы айдың жиырмасы күні шыққан «Жас Алашты» оқыдың ба?» деп тергеуден бастады. «Сенің оқығаның – менің оқығаным емес пе, кәне, не айтпақсың?» дедім. Оның «соңғы хабарынан» естігенім: гәзетте Думан Рамазанның бір бет сұхбаты шығыпты. Ол сұраққа жауаптарының бірінде Әкежан мен Ғалымжанды тілінің жеткенінше жамандап: «Мен оларды білемін. Мен екеуіне де сенбеймін. Олар Семей халқына ешқандай жақсылық жасаған жоқ. Өздері ішіп-жеп, байып кете барды. Қажыгелдин премьер-министр болғанда, бүкіл елдегі кітапханаларды жаптырып тастады. Жақиянов облыс халқына қоңыз тергізе жаздады депті. Семейде туып-өскен, өмірбойы осында еңбек еткен мен көрмегенді сендердің жазғыштарың қайдан көрді?! Сен оған… өй, кетсінші әрмен!» деп телефонын жаба салды.

– «Думан Рамазан» деді ме?

– Иә, солай деп ап-анық айтты. Думанды білесің бе?

– Біршама білемін. Ол Әкежан мен Ғалымжанды бекер ғайбаттаған. Түсіне алмай отырмын.

– Мен таныс емеспін, алайда оның мақалаларының қолыма іліккендерін оқығаным бар. Білімді, салмақты, ойлы жігіт сияқты. «Жаңылмайтын жақ жоқ...» дегендей, әлдекімнің сұйық сөзіне сеніп қалды ма, әлде?

– Сөйткен де. Ғаба, сіз Әкежанды да, Ғалымжанды да жақсы білесіз, айта отырыңызшы!

– Мен сөзімді қыздырып, созып кетіп, сен тоқтата алмай жүрме?

– Уақыт өзіміздікі, қайда асығамыз.

— Ендеше, бастайын, қысқа сөйлеуге тырысайын. Меніңше, Әкежанның да, Ғалымжанның да іскер жігіттер екенін естіп білген президент Нұрсұлтан екеуін құзырына алды. Бір жарым жылдан соң ба, Әкежан премьер-министр болып, бір сұхбатында: «Мен Ресейде 14 жыл брокер болдым. Шет елдермен қарым-қатынас жасадым. Сол еңбегіммен тапқан 3 миллион доллар қаржым бар. Оның 1 миллионын «Республиканың дарынды балаларын шет елдерде оқыту қорымызға», 1 миллионын шетелде тұратын балаларыма беремін. Қалғаны әйелім екеуміздің тіршілігімізге әбден жетеді», деді. Одан кейін де «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» гәзеттерінде бір мәтінмен шыққан мақаласында, жылы, тақырыбы есімде қалмапты, халық шаруашылығымызды дамытуға жұмсауға келісімшартпен Америка Құрама Штаттарынан қарызға алған 12 миллион долларды алдыңғы Терещенко үкіметі талан-тараж еткенін баяндап, республиканың Бас прокурорынан сол істі тексеруді талап етті. Егер өзінің жемқорлық «қыры» болса, Терещенконың «игі ісін» жалғастырып жүре берер еді.

Бас прокурор тікелей президентке бағынатын, былқ етпеді. Әкежан қарауылға ілінді. Оған қитұрқы тапсырмалар беріліп, арандату басталып, қуғынға жалғасты. Өміріне қауіп төніп, елден кетуге мәжбүр болғанын, сырттай 10 жылға сотталғанын білесің.

– Ай, біздің «көсеулі көсемдер» айдаған жағына жүрмеген азаматтарға қиянат жасауда алдарына жан салмады, өй...

— Англияға тұрақтаған Әкежан бірнеше жылдан соң Мәскеуге келді. Кешегі брокер дос-жолдастары бірге дем алуға шақырыпты. Соны естісімен Назарбаев Бас прокурорды, Шуткин бе, Куткин бе, басқа ма, есімде жоқ, сот үкімі бойынша «қашқын Қажыгелдинді» тұтқындап, алып келуге жұмсапты. Әкежан одан айыптауға дәлел құжаттарды көрсетуді талап еткен. Жоқ, дәлел жоқ, құжат қайдан табылсын. Әкежанға жала жабылғанын естіп-білген мәскеуліктер біздің бейбақ прокурордың бетін теріс қаратып жіберіпті. Арада он шақты күн өткенде, тәуелсіз «ДАТ» гәзетімізде Әкежанның әлгі Бас прокурорға ашық хаты жарияланды. «Маған таққан айыптарыңды дәлелдеп, ашық жауап қайтаруларыңды талап етемін!» деген. Қайдағы жауап?!

«Кітапханаларды жаптырды» демекші… Дүниежүзінде ешбір премьер-министр президентті айналып өте алмайды. Халықаралық қағида солай. Ал кітапханаға шабуыл жасайтындай Әкежан миғұла емес, айналып өткізбестің қақпанына түсіп қалды.

– Ғалымжан да бетпақтық жаланың құрбаны болды ғой. Түрме мерзімін өтеп шығып, оппозициялық бағытта қызмет істеуге кірісе бере тағы да түртпектелді. «Жазасы жеңіл болды, ісін қайта қарау керек!» деген пәлеқорлардың бір-екеуі парламенттен табылды. Жүріс-тұрысы аңдылды. Ол ініңізге де қатер жақындап, ақырында, шетке кетіп тынышталды.

– Ғалымжан тап болған сұрқия оқиғаларға қанықпын. Так, Жұмаш, сабыр ет. Саған және бір оқып берерім бар, қазір, деп, Ғаб-аға үстелінің суырмасынан 1 парақ қағаз алып келді де: – Кәне, тыңдағын, бұл – Ғалымжанның соттағы соңғы сөзінен: «… Дату окончания процесса обозначил лично президент Назарбаев. И в этом ни у меня, ни у моих сторонников нет и не было никаких сомнений. Также лично президент Назарбаев назвал и срок моего осуждения – семь лет, о чем было известно задолго до судебного разбирательства… Прокуратура и суд, являясь не более чем органами, обслуживающими режим личной власти президента Назарбаева, в данном случае лишь слепо исполнили приказ… В заключение хочу обратиться к суду. Ваша честь! Я хорошо понимаю, что каждый, как Вы сказали, делает свое дело, и суд является всего лишь исполнителем сделанного президентом Назарбаевым политического заказа. В то же время, я ничем не могу облегчить Вашу совесть. Еще древние говорили, что судья, осуждающий невинного, осуждает самого себя. Подумайте об этом и постарайтесь найти в себе мужество поступить по правде».

– Уа, азамат! Төтесінен тура тартып, тарылы әміршінің де, оның қыт-қыттаған әтешінің де беттерін айғыздаған!

— Соттың үкімімен таныспын. Алай деп, былай деп, жаңылтпаш сияқтандырған. «Мемлекетке 2 миллион теңге зиян келтірді» депті. Онысы да жұмбақ секілді бірдеңе. «Айыпталушы өзінің бас пайдасына жұмсады, ішіп қойды, жеп қойды» дегендей, бір сөз жоқ. Судья өзінше жазды, үкім шығарды. «Бұйрық қатты, жан тәтті».

«2 миллион зиян» не? Облыстық денсаулық сақтау бөлімі алдыратын дәрі-дәрмек қоймасы ойпаң жерде екен де, ылғал жылда көп зиян шектіреді екен. Бұрынғы облыс әкімдері: «Жаңа қойма салуға қаржы жоқ», «Жарайды, көмектесеміз», «Кейінірек көреміз» деп кете берген. Ғалымжан шағым түсісімен қоймаға барып, көріп-біліп, мәселені әкімшіліктің төтенше мәжілісінде қараған. Жыл аяқталуға жақын. Облыстық бюджеттің спорт шараларына жұмсауға бөлген қаржысынан 2 миллион теңге қалыпты. Басқа жоқ. Соны қойма салуға жұмсау, оны алдағы жыл бюджетінің құрылысқа жұмсау қаржысына қайтару туралы шешім болған. Ғалымжан «келтірген зиян» сол. Өй, маймылдар өңшең! – деп Ғаб-аға жиіркенішті әлденені көргендей тыжырынып, сәлден соң маған: «Әне, солай» дегендей раймен басын изей қарап: – Мына екі көшірмені де қалтаңа салып қой, бір керегі болуы мүмкін, – деген Ғабекең оларды маған ұсына бергенде, басқа бөлмесіндегі үй телефоны дыңғырлады. «Ол кім тағы, сағынып қалған?» – деп түрегелді.

Мен екі көшірмеге үңілдім. Бес минут шамасында басын шайқай мырс-мырс күле келген Ғабаң:

– Жұмаш мырза, және бір қызық! Сен маған аптасына ең болмағанда, бір рет келіп жүрші! Осы сенде қызық ала жүретін қасиет бар-ау? – деді, қулана.

– Ә, иә, маған ондай қасиет бесікте жатқанымда-ақ дарыған, – деп әзілдеп, екеуміз қосыла күлдік.

– Қаламының ұшы көрініп келе жатқан әзіл-сықақшы інім екен. Сәлемдескен соң: «Ағасы, пәлен гәзетті оқып жүрсіз бе?» деді, бір гәзетті атап. Мен ол гәзетті биыл көрмегенімді айттым. «Сонда әжептәуір жазушы ініңіздің, аты-жөнін ашпаймын, сұхбаты шықты. Кешегі нөмірінде. Ол сізді «Сталинді жақсы көреді» деп мінепті. Содан соң: «Астанадағы Еуразия университетіне қайдағы бір Гумилевтің аты берілді» деп, марқұм жиенімізді түріктанушылардың қатарынан шығарып тастады» деді. Мен сені тостырып қоймас үшін сөзді көбейтпей: «Әй, інім, «әжептәуір жазушың» қазақтың «ағасы бардың жағасы бар...» дегенін білген соң менің жағама жармасқан ғой. Кімнің кімді жақсы көретіні, кімді жек көретіні туралы роман жазбақ шығар. Мейлі. Ал дүниежүзінің түркітанушылары хан көтерген Лев Гумилевтің кітаптарын оқымаған екен. Оның бір ғана атын көпсінгенше, көкесі Назарбаевтың атында жиырма шақты көше барын, бірнеше алаң, мектеп, институт, университет, академия барын, тірісінде қойылған ескерткіштерінің санын неге айтпапты? Еліміздің, жеріміздің байлығын 30 жыл саудалаған «көсемін» неге мінемепті? Ал марқұм, Сталинді кімдер даурыға жамандап жүр? Совет Одағын ыдыратқан сионистер, оларға қолшоқпар шовинистер, нақұрыс Хрущевты сағынып жүргендер. Әлгі «әжептәуір жазушың» солардың шежірешісі болмақ шығар. Отанын сатқан ұшқыш баласы Леонидті әскери сот өлім жазасына кескенде, алдына барып, тізерлеп отыра қалып, жылап жалбарынғанда, Сталин: «Сотқа бұйрық берер құқым жоқ» деп, арашаламағанына кектенген, кейін ең биік таққа санқилы айла-шарғымен отырған Хрущев марқұм Сталиннің аруағын алапестене күстәналап жүрген күндерінің біріндегі жиналысында Совет Одағының, Польша халық республикасының Маршалдары Константин Рокосовскийге: «Сен Сталиннен қиянат көрдің, сынап мақала жазуға тиіссің» депті. Рокосовскийдің «халық жауы» ретінде 3 жыл түмеде отырып шыққанын көлденең тартып. «Айтқанымды істейді, мақала жазады» деп ойлаған баяғы. Сонда Рокосовский: «Никита Сергеевич, кшіргейсіз, Сталин – мен үшін әулие» деп, дертесін қайырып тастапты. Рокосовсийдің орнында болсам, мен де соны айтар едім.

– Рокосовский ар-ұяттан жаралған таза және өте батыл адам болыпты, ол туралы жазылған кітаптардан оқыдым.

– Жұмаш, айту аса қажет бір деректің түйінін тыңда: Қарағанды қаласы аудандарының бірінде милиция бөлімінің бастығы болып тағайындалған жап-жас капитан Нұржан Меңісов көптен бері қолға түспей жүрген, ұйымдасқан ұрылар тобын дұзақтайды. Ұрылар және… Нұржан да сотталады.

– «Нұржан да»?!

– Ұрыларды бағып-қағып, пайда тауып жүрген алаяқтар Нұржанға жала жауып, 5 жылға соттатыпты. Қарағандыдан, Алматыдан әділеттілік таба алмаған келіншегі Дәния әбден ашынып, Мәскеуге аттанып, Сталинге хат-хабарды қабылдайтындарға әйтеуір, арызын тапсыра алады. Келесі күні Сталинге шақыртылады. Сенер-сенбесін білмей барған Дәнияны Сталин жылыұшырай қарсы алып, хал-жағдайын сұрап, арызын оқығанын, жала жабылған жазықсыз Нұржанның көп кешікпей, отбасына оралатынын айтады. Сол сәтте Дәния орындығынан сырғып, құлап қалады. Дереу шақырылған дәрігерлер оның толғағы басталғанын анықтайды. Кремльдің ауруханасына жеткізілген Дәния босанып, ұл табады. Есін жиып, бөбегін бауырына алып, «Қайрат» деп ат қояды.

– Бұл ғажап оқиғаны кімнен естідіңіз?

— Қарағандылық журналшы Қайрат Әбділдиновтің 2016 жылы «Егемен Қазақстанда» шыққан «Кремльдегі толғақ» хикаятынан білдім. Ең ғажабы былай: Дәния Кремльдің ауруханасында бөпесі ширап, қолға алуға жарағанша жатады да, бір күні екеуін тікұшақ алып ұшып, Қарағандыға, үйіне аман-есен жеткізеді.

– Ағасы-ау, мұныңыз фантастика ғой, фантастикалық хикаят қой?!

— Солай дейік, ал авторы кім? Авторы – Сталин!.. Жаңа телефон соққан ініме: Егер айта алсаң, осы естігеніңді әлгі «әжептәуір жазушы» ағаңа менің сәлемім етіп жеткізгейсің» дедім...

Тегтер: проза поэзия ақын пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:57
Қазақтың «Соңғы самурайы»
Жексен АЛПАРТЕГІ 09:44
Ниязбек әжі
Жамал ҚАМАШ 02.02.2023, 17:24
Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Намысты қолдан бермеуге тырыстым
Бифат ЕЛТАЕВА 31.01.2023, 10:50
Бақыт Қажыбай, актер: Алаш рухын оята алсақ, үлкен жетістік сол!
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 10:40
Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің үздік теннисшілері ондығына енді
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:34
Димаш Құдайберген Шанхайдағы фестивальға қазылық етеді

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16