Ораловтың барында...

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ

06.06.2023, 10:17

2412

17 мамыр күні белгілі режиссерлер Елзат Ескендір мен Арбибек Даулиге қатысты ауданаралық сот отырысы өтті. Онлайн өткен сот отырысында 12 мамыр күнгі «Ұлттық киноны қолдау орталығы» орналасқан Алматы қонақ үйінің алдында болған наразылық акциясына қатысты «рұқсат етілмеген акцияға қатысып, өтініш, наразылығын білдірді»  деп айыпталып, оларға 30 мрп (103 мың 500 теңге) көлемінде айыппұл салынған еді. Алайда ауданаралық соттың бұл үкіміне қанағаттанбаған режиссерлер қалалық сотқа шағым түсірген еді. Осы шағым негізінде 30 мамыр күні Арбибек Даулидің апелляциялық шағымы қаралатын болды. Сот ескерткен уақытынан жарты сағат кешігіп басталды. Әуелгіде режиссерді қолдап келген белсенділерді ішке кіргізбеуге тырысты, кейіннен амалсыз сот залына жіберді. Бірақ сот басталмай жатып аяқталды. Себебі прокурор М.Нұсқабаев сот отырысының хаттамасы толық таныспаған болып шықты. Сонан соң сот кейінге қалдырылды.

Сөйтіп, 2 маусым күні Е.Ескендір мен А.Даулидің апелляциялық соты қайта жалғасты. Алдымен А.Даулидің шағымы қаралды.

Судья Р.Ашкеева сот құрамымен таныстырған соң, А.Даулидың қорғаушы адвокаты Ж.Сапархановадан: «сотқа қойылатын талап тілектеріңіз бар ма» – деп сұрады.

Ж. Сапарханова:

– 17 мамыр күнгі ауданаралық сотында қаралған сот отырысының бейнежазбасы сақталмаған, бізге соны көрсетулеріңізді сұраймыз- деді.  

Алайда судья алғашқы сот отырысының бастапқы бөлігінің бейнежазбасы сақталмағанын, тек жазбаша түрі барын алдыға тартты. Адвокат Ж.Сапарханова мұнымен мүлде келіспей, өз уәжін былай жеткізді.

– Құрметті сот, сіз сонда аудио, бейнежазба болмаса сотты қалай ары қарай қарамақсыз? Құжаттары түгел емес істі қалай өндірістеріңізге қабылдап алдыңыз? – Өткен сот отырысында да ескерткенбіз. Себебі біз бірінші сот отырысының бас жағында барлық заң бұзушылықтарды айтқанбыз және бірнеше өтініш хат түсіргенбіз. Сондықтан бірінші соттың бейнежазбасын қарау өте маңызды.

Ары қарай судья мен адвокат жылдам диалогқа ауысты.

Судья: – Сіз маған сұрақ қоя алмайсыз?

Адвокат: – Мен сұрақ қойып тұрған жоқпын, бұл менің уәжім.

Судья: – Басқа уәжіңіз бар ма?

Адвокат: – 15 мамыр 2023 жылы, іске тіркелген әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға менің қорғауымдағы Даули Арбибек қол қоймаған. Келіспеген, сонымен қатар іс құжаттарында түсініктемелер де жоқ. Сондай-ақ іс хаттамасында қорғауымдағы азаматты «12 мамыр күні рұқсат етілмеген акцияға қатысып, өтініш, наразылығын білдірді» делінген. Алайда өздеріңіз өткен сот отырысында көргендеріңіздей менің қорғауымдағы азамат ешқандай сөз сөйлемеген, наразылық көрсетпеген. Сондықтан іс-құжаттарының барлығы бұрмаланып жазылған, оның бәрін жарамсыз деп тануыңыз тиіс. Сол себепті әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 741-бабы және 840-бабына сәйкес аталған әкімшілік құқық бұзушылық туралы бірінші сатыдағы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 17 мамыр күнгі қаулысы бұзылуға жатады және де істі осы жерден тоқтатуыңызды сұраймыз.

Осыдан соң сөз Даули Арбибекке тиді. Ол: – Құрметті сот – біз өзімізді кінәсізбіз деп санағандықтан, апелляциялық сотқа жүгініп отырмыз. Бұл соттың басқа соттардан ерекшелігі – мұнда мәдениет сотталып жатыр, өнер сотталып жатыр. Біз өнердің адамдарымыз. Біз ешқандай қалалық көліктің жүріс-тұрысына, адамдарға, қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірмедік. Тек ғана конституцияда белгіленген құқығымызды пайдаланып, пикет өткіздік. Сол үшін кінәмді мойындамаймын – деді.  

Онан кейін судья прокурорға қорытынды сөз берді. Дәл осы тұста адвокат Ж. Сапарханова сөз сұрап: – Біздің өтініш хатымыз қайда қалды, мен және қорғауымдағы азамат өтініш хат берді соны неге талқыламайсыз? Тіпті біз әлі апелляциялық шағымымызды да айтқан жоқпыз, сіздер қалай қорытынды оқығалы жатсыздар? – деп сауал қойды.

Прокурор: – Мен оны талқылай алмаймын, оның бағасын сот береді. Мен қорытынды ғана беремін – деді.

Енді сөзге судья араласты:

— Сіз апелляциялық шағымыңызды айттыңыз ғой.

Адвокат: – Жоқ, біз апелляциялық шағымды қарағанға дейін өтініш хат түсірдік.

Судья: – Мұнда бірінші сатыдағы сот сияқты бәрін талқылай бермейді. Нақты кінәсі бар ма, жоқ па, соны анықтайды.

Ақыры сөз қайтадан адвокатқа берілді.

«Бүгін, міне, үшінші сот отырысы болып жатыр. Осыған дейінгі екі сот отырысында да істе сот отырысының хаттамасы жоқ екендігіне көзіміз жетті. Яғни бұл дегеніміз – бірінші сатылы соттың істі қараған кездегі заң бұзушылыққа жол бергендігі. Сондықтан да заң бұзушылық негізінде шыққан сот қаулысы, ол толығымен бұзылуға жатады деп санаймын. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңның 840-бабына сәйкес сондай-ақ апелляциялық сот алқасында және бірінші сатылы сот алқасында зерттегендей 12 мамыр 2023 жылы өткен бейбіт митингте қорғауымдағы азамат ешқандай наразылық көрсетпегеніне көздеріңіз жетті. Сондықтан да менің қорғауымдағы азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 741-бабына сәйкес әкімшілік іс тоқтатылуға жатады деп санаймын. Сол себепті соттың және сот мәртебесі туралы заңның нормаларына сәйкес аталған әкімшілік іс бойынша негізді, заңды қаулы шығаруыңызды сұраймын», деді.  

Осыдан соң сөз прокурорға тиді, ол қорытындылай келе:

— Бірінші сатыдағы соттың қаулысын өзгертуге немесе бұзуға негіздер жоқ. Осыған байланысты бірінші сот сатысының қаулысын өз күшінде қалдырып, апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдыруыңызды сұраймын – деді.

Прокурордың қорытындысына адвокат та, А.Даули да наразылық білдірмекші болып еді, судья оларға құлақ аспай, қаулыны сыдыртып оқып шықты. Бір-екі жерінде қарыптап кідірді, тіпті заң баптарынан да шатысты. Сосын түзетті. Каулының түйіні «Арбибек Даулиге қатысты ауданаралық соттың қаулысы өзгеріссіз, адвокаттың шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын» делінді.

Режиссер Елзат Ескендірдің де соты тура осы сарында көп өзгеріссіз өтті. Онда да «ауданаралық соттың қаулысы өзгеріссіз, адвокаттың шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды».

Режиссер Арбибек Даули соттағы сөзінде «өнер сотталып жатыр» деді. Шынымен де «Ұлттық киноны қолдау орталығына» қатысты даудың туындағанына  да екі айға жуықтады. Бірақ нақты нәтиже әлі шыққан жоқ. Ең қызығы – арыз айтып, Астанаға шейін барған режиссерлер мен продюссерлер Мәдениет және Спорт министрі А.Ораловтың жүзін әлі көре алған жоқ. Ал «министрдің тапсырмасы» бірде алай, бірде бұлай, ағаттық қайдан кеткені анық емес, әйтеуір оқтын-оқтын «министр айтты» деген ала-құла бұйрық шығады. Режиссерлер істі болып, сот залында «өнер сотталды» деп шырылдап жатқанда «жоғары жақ» үнсіз қалды. Жоқ, олар үнсіз қалмапты, митингке шыққан, Астанаға дейін арыз айтып, екі айдан бері аяғынан тозған кейбір режиссерлерге «жобаларыңды өткізіп берейік» деп қолқа салған көрінеді. Мұны белгілі актер, режиссер Азамат Шарғын faccebok әлеуметтік желісінде жазды. Анығын өзінен сұрап білдік.

— Бізбен бірге наразылық танытқан белгілі режиссерге: «Сіз «Қазақфильм» басшылығына үміткерсіз, жоғарыдағылар «ол кісі неге наразылыққа қосылып жүр» деп, әрекетіңізді түсінбей жатыр» депті.

Жеке өзіме де, әңгіме арасында бірнеше рет «Министрлікте істейтін жөнің бар, қызметке кел» деген сөздер айтылды.

– Ал Қосубаевтың сіздермен кездескісі келгені рас па?

– Иә, аз күн бұрын, «Ұлттық киноны қолдау орталығының» басшысы Есетжан Қосубаев «жігіттермен бейресми кездесіп, сөйлессем» деп ұсыныс айтыпты. Бәріміз бас тарттық. Өйткені сенім жоқ. Не ұсыныс айтары да белгілі.

153 киногер барғанда, өзі де, орынбасары да кабинеттерінен шықпай, бір ауыз тілдесе алмаған, шу басылсын деп еңбек демалысын алып бір айға кетіп қалған адаммен не сөйлесуге болады?

– Екі айға созылған осы наразылықтан не түйдіңіз?

– Мәселенің түпкілікті шешілуіне, іріктеу, өндіріс жүйесінің ашық болуына ешкімнің қызығушылығы жоқ. Осылай қала бергені бәріне ыңғайлы сияқты. Сондай-ақ қызметтерінен айырылып қаламыз ба деп, жандарын шүберекке түйіп отырғандарды да көрдік. Тіпті министрдің тікелей тапсырмасын орынбасарлары қалай бұрмалап, бұйрық шығарып алғанына да куә болдық.

Ораловтың кезіндегі киногерлердің жағдайы міне осылай. Бірін соттайды, енді бірін «күлше берген баладай» алдап-сулап, қолына түсіргісі келеді. Әйтеуір қалай да қаны сорғалаған нақты мәселені әділ шешудің орнына бұлтаққа салып, бұрынғы сүрдекке қарай тартады.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Жақсылық Қазымұратұлы 16.09.2023, 13:50
Әлем әдебиетін оқыту орыс әдебиетінен бас тарту ма?
Есей Жеңісұлы 16.09.2023, 11:57
«Барыс» Қазақстанның командасы емес
Сайт әкімшілігі 16.09.2023, 09:45
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына іріктеу кезеңін жеңіспен бастады
Сайт әкімшілігі 14.09.2023, 15:10
Жәнібек Әлімханұлы «Канелоны» жекпе-жекке шақырды
Сайт әкімшілігі 14.09.2023, 11:55
Екі ресейлік спортшы Қазақстан азаматтығын алады
Сайт әкімшілігі 12.09.2023, 16:45
Роналду Қазақстан құрамасының Солтүстік Ирландияға қарсы ойынын көрген (фото)

Аңдатпа


  • Әлем әдебиетін оқыту орыс әдебиетінен бас тарту ма?
    16.09.2023, 13:50
  • Ақтөбеде терроризмді насихаттады деген күдікпен 2 адам ұсталды
    16.09.2023, 13:15
  • Алматыда Астана алаңы мен Сәтбаев көшесінің бір бөлігі жабылады
    16.09.2023, 12:52
  • Ет туралы ертегі
    16.09.2023, 12:33
  • Біздің қоғам шындықтан қорқады
    16.09.2023, 10:55