Өсек пен есеп

Амангелді СЕЙІТХАН

22.07.2021, 09:07

2261

Қазақты сынау жағынан Абайдың алдына ешкім түсе алмайды. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген өлеңінде: «Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ, Сапырылды байлығың, баққан жыл­қың. Баста ми, қолда малға талас қылған, Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын», – деп айтады. Бұл енді терең талдауды  қажет ететін шумақ. Және жақын арада шын мәнін ашып айтудың өзі қиынға соғады. Бүгінгі күндестік қай жақтан? Неге шын пейілден ажырап қалдық? Бірлігіміз жараса бермейді, береке де бізден қашып барады. Оны қуып жете аламыз ба? Қуып жеткен күннің өзінде, ұстап қалу қолдан келе ме? Абай тобықтының арасында отырып, Шыңғыстаудан қазақтың болашағына дүрбі салғаны анық. Өз тұстастары ғана емес, біздің де бүгінімізді көріп отырғандай. Бастағы миды батпаққа салып, қолдағы малды таласқа түсіріп қоятынымызды қалай сезген! Абайға таңғалумен өмір сүрген Төкен ағам-ай! Кейде Төкен ағамның Құнанбай ұлына ыза болатыны бір әлем. Өзінен сұраймыз ғой. Сондағы жауабы ғой. «Абайға ыза болмай қайтесің, бәрін айтып кеткен. Бізге ештеңе қалдырмаған. Бір биікке шықтым дейсің, дұрыстап қарасаң, Абайдың ізі жатады. Ол бізден бұрын шығып алған ғой». Шынында да, сол. Абайды оқы да, бүгінгі өмірді түсіне бер. «Баста ми, қолда малға талас қылған». Нені меңзегенін түсініп отырсыз ба? Әрине, түсінесіз. Бірақ тәпсіріне тәуекеліміз жете бермейді.  Өйткені біз қазір өсекпен ғана емес, есеппен де өмір сүреміз.

        Өсекті де, есепті де тағы бір талдап айтармыз. Алдымен, әдеп. Сол әдеттегі әдеп те бізден алыстай бастады. Әкенің тәрбиесімен де, ананың сүтімен де өне бойымызға сіңген қасиет еді. Оны да барымташыларға беріп жібердік немесе саудаға салдық. Қысқасы, құртудың алдында тұрмыз. Құтқаруға бола ма? Күмән көп. Алайда жолы бар. Көбіңіз білетін, тіпті күлетін жол. Есеп дедік қой, есепке құрылған жол. Өсек дедік пе? Өсекке де таңылуға тура келеді. Жеңісті жақындатса, ол екеуінен несіне жерінеміз? Қисыны келгенде кәдеге жаратайық та… Есепті ойлайтындар да ұтылмайды. Өсекті қоймайтындар да тың тақырып тауып рахаттанады. Анығында, ұтыс қазақтың еншісінде қалады. Қисынсыз сөз бастадық па? Мүмкін. Мақаланы соңына дейін оқып шығыңыз. Бізден Қожанасырды тапсаңыз, өзіміз діттеген жердеміз.

        «Сержан братан» деген шедевр шықты. «Көрмегеннің бәрі өкінішпен өмір сүреді» дегенен кейін әлгі сериалды қарадық. Қарадық та лоқсыдық. Запыран. Ата қазақ боқтықты малқора жақта, онда да үлкен-кіші, қыз-қырқын болмаса ғана ернін жыбырлатып  айтушы еді. Мына актерлердің үстел басында, бала-шаға қасында ауыздарынан «ақ ит кіріп, көк ит шығып» отыр. Қазақтың табиғатын түсінетін неміс әйелі, біздіңше айтқанда, неміс кемпірі, атын атасақ Эмма апа, Владимир Рерихтің шешесі дүкеннен шығып келе жатқан ғой. Бергі жағында бірнеше жігіт сыра ішіп тұрып, боқтық сөздерді бұрқыратыпты. Әлгі шешей жүгірмектердің мәдениеттен жұрдай еместігін сезсе керек, тұстарынан өтіп барып қайта бұрылыпты да, «Шырақтарым, ауыздарың көт боп кеткен екен, ә», – депті таза қазақша. Тілі бір, түрі өзге кісіден ондай сөз күтпеген жігіттер сасып қалып, «Неге апа?» демей ме. Сонда Эмма апа: «Қайдам, сөз шығатын жерден боқ құйылып жатыр», – депті жайбарақат. Бес-алты жігіт сыраларын тастай салып, бытырай қашқан ғой. Немістің өзі қазақтың боқтық араластырып сөйлегеніне таңғалып, бір ауыз сөзбен тиып тастаса, қаралымы талайға жеткен «Сержан братан» Қазақстанға бәйге демесеңіз, бедел әпермегенін түсінетін шығарсыз. Тәрбиені тал бесіктен бастайтын ел едік.  Енді тантығы көп мемлекетке айналып барамыз. Мәдениетіміз мәстек. Түсінігіміз таяз. Аңдығанымыз өсек, тыңдайтынымыз былапыт. Мұндай қазақты қамшы ғана жөнге келтіретін секілді.

         Қазақты сабайтын қамшы қайда, бірақ? Қай қарияң қабірінен шыға алады? Күңіренетін шығар. Күбірі естілмес жақта ғой. Тірінің пірі кім екені қазір әмбеге аян. Бүгінгі өзімізді танысақ, ұстаным-түсінігіміз, дүниені қабылдау  түйсігіміз, қазіргі дағдымыз  қайтадан жотаға шығарады. Рас, сәл тұрпайы тәсіл. Бірақ одан басқа амал көрмей тұрмыз. Иә, ашы болса да, шындықты мойындауға тура келеді. Қазіргі қазақ екі өлшеммен өмір сүреді. Бірі – асау, яғни қарпып қалу. Екіншісі – шенеуніктің тілін табу. Осы екі амалды  бір желіннің екі емшегі секілдендіріп емізбесек, жақын арада мәдениетті көтеру қиынға соғады. Көзі құрғыр соны көріп, көңілі түскір соны сезгеннен кейін айтамыз. Әйтпесе біздің сана да соқыр. Сонымен, ойға келген идея қандай? Шамамыз келгенше түсіндіріп көрейік. Мәдениетті көтерудің төте жолын. Анығында, мәдениетсіздігіміз мәдениетті тірілтеді. Тағы да қайталайық. Есеп көмекке келеді. Өсек те!

         Қолда тетік бар. Шетімізден тарихшымыз ғой. Өткенді ұмыта қойған жоқпыз. Баяғыда бір банкир өлең жазып, ақын біткен әлгінің шығармасымен танысуды армандап, өзімен де амандасуды аңсап өмір сүрді. Кітабы шықты.  Шығармашылықпен айналысатындардың өз жоспары болды. Мақтауын келістіріп, нан табудың қисыны келді. Баспа да бір жырғап қалды. Қомақты тапсырыс түсіп. Алғы сөз жазудың өз рахаты болды дегендей. Әркімнің өз есебі! Ал енді ойлаңыз. Банкирдің өзі төрт-бес өлеңімен әдебиетті төңкере жаздаса, түкірігі жерге түспейтін саясаттағы серкелер қолына қалам алса не болатынын елестете аласыз ба? Қазақстанда мәдениет дүмпуі орын алады. Санамыз сілкінеді. Басында әжуа секілді көрінер. Өсек тарайды, бәлкім. Түптеп келгенде мәдениет ұтады. Мысалы, Қырымбек көкенің жүрегін тербеген өлең-жыр болуы мүмкін ғой. Оның көңіл дәптеріндегі әлгі маржандай жазуды оқи алсақ ше? Ол қағазға себілсе, жыр болып төгілсе… Ақ параққа сіңіп кетпейтіні тағы белгілі. Туындыны Сыр елінің жә деген жыраулары орындаса… Жетіп тұр ғой. Жырдың ғана емес, жыраудың бағы ашылады. Есептің заманы. Отандық ТВ бата жинап, бедел алу үшін прайм-уақытта беруге ұмтылады. Енді сол кісі ұнататын жыр мен жыршыға  кезек берейік.

       Шораяқтың Омары, Кете Жүсіптің немесе Тұрмағамбеттің шығармаларын эфирден таратса, ұлтымыз ұтар еді. Тағы бір тәмсіл.  Қазақстаннан барған бір өнер ұжымы Қытайда концерт беріпті. Секен Тұрысбековтің «Ақ жауынын» орындағанда, Жуңго көрермендері ерекше көңіл бөліп, ыждағатпен тыңдапты. Концерт аяқталғаннан кейін жергілікті азаматтардың бірі келіп: «Біздің музыканы да мықты меңгеріпсіздер», – деп ризашылығын білдірген. Кілең қазақ авторларының шығармасынан тұратын концерттік бағдарламаның Қытайға қандай қатысы бар екенін түсіне алмай отырғандарға шараны ұйымдастыруға атсалысқандар көмекке келіпті. «Ақ жауын» жергілікті телеарнадан қысқа күнде қырық рет беріледі. Күн райын хабарлағанда, осы күймен көмкеріледі. «Ақ жауынды» тыңдағанда, өзінікіне балаған ғой», – десіпті олар. Көрдіңіз бе, эфир дәстүріне енген шығарма санаға сіңе береді. Мысалы, жырауларды сағат сайын тыңдай берсе, Қазақ еліне қоныстанған өзге ұлт пен ұлыс өкілдерінің де құлағында қалады. Кейін қанында тулайды. Ұлттық мұраны сіңірудің оңай жолы тұрса да, оны пайдалану жағынан мешелміз. Мемхатшының шығармасын эфирден бермей көрсін, кез келген телебасшыны орнынан алып тастау оңай. Қырымбек көкемнің бір ишараты тұтас ұлттың жыраулық мәдениетін құрсаудан құтқарады. Шашбау көтеруден ерінбейтіндер іске енді өздері атсалысып, сайын даладан жырау іздеп жарысамыз әлі. Ұтып тұрмыз ба? Ұтқанда қандай!

         «Сәлем» ұсынатын былшылды баба мұрасы сияқты көретін көрерменге термеге тарту да қиын. Бірақ жолы мен жөні бар. Балдыз кодексінің белгілі тармағы саналатын «Қалжың» бабымен Жамбыл облысын басқарып отырған Бердібек жездемді көмекке шақырамын. Жолдайтын хатымның мәтіні де дайын. «Ардақты жезде, кабинетіңізден дүрбі салсаңыз көрінетін де шығар. Қордайда Кененнің кені бар. Әзірбаев ұстаздары да сол маңда. Шуға бұрылсаңыз, Аяздың  ізі әлі сайрап жатыр. Екі ауыз терме айту сізге соншалықты қиын емес шығар?»  Жездем домбыра тарта алады. Кененнің бір әнін салып беруге шамасы келеді. Сапарбаев ән салғанда, жұрт тамсанбай ма? Ары қарай жұрт іліп әкетеді. Алдымен облыстық ТВ-лар.

        Архимед ағамыздың новелласы жарыққа шықсын, ол кітап пышақ үстінде тарайды ғой. Әкімнің тырнақалды туындысын сөресіне қоятын кітапхананың есігіне енді тыным болмайды. Іздейтіндер көп. Біз ежелден шендінің жел жағынан табылуды қалаймыз. Солардың шашбауын көтеруден әлем чемпионымыз. Шенеунік көлігінің есігін бұған дейін өздеріне  аштырған жоқпыз. Саусағы мен алақанын ұлттық байлыққа балайтын біз олардың жүрегін жарып шыққан шығармаларға көздің қарашығы секілді қарайтынымыз анық қой. «Архимед әңгімелері» атанған циклды бағдарламаға әкім жақсы көретін жазушылар туралы да айтуға болады ғой. Кешегі Бейімбеттен бастап, бүгінгі Тынымбайларға дейін тынбай насихаттай берсек, елдің әдебиетке деген сұранысы артады. Ұтыс па? Сөзсіз! Ал сіз бізді сатирик санайсыз.

        Драматург Даниал ағай! «Даниал драматургиясы». Терең талдауға бағытталған телебағдарламаның атауын да ұсынып отырмыз. Ол бергі жағы. Ығы-жығы жұрт Семей театрын торуылдаса, оның несі айып? Темең атындағы институт түлектеріне де жұмыс табылар еді. Бір Семей ғана емес, Алтайға арқасын тіреп, Тарбағатайға таяныш еткен кез келген елді мекенде өнер ошағын өркендетуге болады. «Дәкеңнің өзі жазды» дейтін сиқырлы сөзді ұстанған мәслихат депутаттары қаржы бөлуден жарысады ғой, енді. Аудан орталығынан бір-бір театр бой көтерсе, мәдениеттің жеңіске жеткені деп есептейміз. Дәкем күн сайын қалам тербемейді. Үш-төрт пьесасы сахналанса, театр репертуарын өзге де туындылармен толтырып алады ғой. Ең бастысы, қаржыландыру үздіксіз жүріп тұрсын. Мемлекеттік бюджетке қарап тұрудың да қажеті шамалы. Не көп, досы көп. Іні бар. Ағаның шығармашылығын қолдамайды дейсіз бе? Апырмай, сондай бір заман туа қалса, блогердің де айдарынан жел есер еді. БАҚ жұлдызы жарқырайды. Кез келген шығармаға насихат керек. Тіпті ол классикалық туынды болса да! Маңғаз Маңғыстаудағы Секең баяғы бабалары секілді бір күй шығара алмайды дейсіз бе? Міне, күйдің де айы оңынан туды. Күйші біткеннің тынысы ашылатын шақ та келеді. Секеңнің ғана емес, Серікбай Өтелгенұлы дүниеге келген өлкенің бүкіл күйшілерін түгендеп шығуға жол ашылады ғой. Батыс күйлерінің де насихаты жанданып кетер еді. Өйткені бірінші басшы күйге жақын. Өз дәстүрі бар. Әкім футбол ойнаса, бұрын теңбіл доп пен үрленген шардың айырмасын онша ұғына алмайтындар бірден аяқдопшы болып шыға келеді. Волейбол ойнаса, шеттерінен Жәнібек Сауранбаев шәкірттері. Бұл жерде күйші әкімнің маңында шоғырланып тұр. Мектептер оқушыларды сабаққа күймен шақырып, үзіліс екенін де күймен хабарласа, сол дәстүрді өзге өңірдің іліп әкетуі әбден мүмкін ғой.

       Жеңіс айналайын ән салса ше? Жамбыл ақынның ауылында әнші тумауы мүмкін бе? Арқаға келген соң, тіпті арқаланып кетуі заңдылық қой. Үкілі Ыбырайдың ұмыт бола бастаған бір әнін есеп беру алдында шырқаса жетіп жатыр. Сарыарқа өнеріне қайта шыр бітеді. Облыстық телеарналар біржолата ән насихатына көшеді. Мемлекеттік арналар да анда-санда Арқа әніне уақыт табады. Өнер өрге ұмтылып, насихаты жүріп, халықтың рухы көтерілер еді. Бірінші басшы қас-қабағын аңдып, көзқарасымен өмір сүретін біз енді ән дегенді әуелетіп, басымыздағы баққа балаймыз. Бүкіл әкімият ыңылдап отырғанда, тағы бір саяхатшы табылмайды дейсіз бе? «Қазақ даласындағы әкім біткен ән салғандай сезіледі» дейтін. «Ән салсаң, әкімдей сал аңыратып»  дейтін бас мақала да еліміздің бас газетінде жарқ ете қалады. Бас газеттен бас алмайтын оқырмандарға да ой түседі. «Қазақ қазақ әндерін айтса, еш айып емес екен ғой» деседі талайлар.

        Облыс әкімі өлең жазса, поэзияның быт-шыты шыға ма? Жоқ! Қайта насихаты  бір бас жоғарылайды. Мысалы, бірнеше шенеунік сезімнің адамы. Өнердегі үлкен-кішінің досы олар. Ішкі саясат басқармасы іске кіріседі.  Қос-қостан блогер, он шақты тілші маңына топтасты дей беріңіз. Қазақ еліндегі ақкөңіл ақындардың бәрі сонда жүреді. Енді ше? Ұлттың маңдайына әкім-ақын бітіп жатса! БАҚ-тың басына да бақ қонады. Бас редакторлар беделі бірден өседі. Қабылдауында кілең шенеунік отырса, оларды қолдауға мемлекеттің бүкіл зиялы қауымы дайын тұрады. Әкімнің аузынан бір анекдот естісе, соны классикалық шығарма деңгейіне апара салатындарға мынау бір азық. Әр шумағы, әй, тіпті әр жолын аса бір ұқыппен талдап, бұған дейін ондай жазылмағанына кепіл бола салады ғой. Өлең құны да күрт өседі. Танылмай жүргендерге де жақсы. Тым болмаса шенеунік атынан бұрқыратып өлең жазып, бұрқыратып гонорар алады.

         Ал бас уәзір қаламына жалын бітіп, бір ауыз өлең жазсыншы. Мысалы, былай: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін. Ол – жұмысты өзімше жөндеу ісім. Тапсырма, әкімдер мен уәзірлерге, Көрінсін әркімнің де еңбегі шын». Жетіп жатыр ғой. Бірінші бетке өткір тақырыппен беріліп тұр. Премьер пайымы! Ары қарай откликтер. Бас ақын мен бас жазушы бастап береді. Өзгелері жалғайды. Өнердегі, мәдениеттегі, экономикадағы, қаржы саласындағы мамандар өз қисынына жорып көсіліп берсін. Мәдениет көтеріліп жатыр ма? Әлбетте! Әсіресе газеттер қарық болар еді. Тіпті де әжуа емес. Бір-екі бетін арнай салсын. Қалғанымен де кеткен есені түгендеп алуға болады ғой.

        Әкім пьеса жазса ше? Темең атындағы жоғары оқу орнының бағы ашылды дей беріңіз. Таңдау көбейеді, қайсы өңір жақсы жалақы ұсынады, соны таңдайды. Қойылымға тұтас өңір ынталы. Заманауи техника пайдаланса да өз еркі. Әкім басын бастап берсе болды ғой, қоюшы режиссер қалғанын реттеп алады. Тамаша бір туынды сахналанады дей беріңіз. Көрермендер ше? Әкім пьесасын көргісі келмейтін адам табыла ма, әлгі облыстан? Тек бір ғана мәселе туындайды. Емге билет таппайсыз! Антикор осы жағына қатты мән беруі тиіс. Билет кассирі жемқорлыққа жақындайды. Тіке трансляция жүреді, әрине. Телеарналар да жаңа техника алып жетісіп қалады. Әкім апта сайын пьеса жазады дейсіз бе, демек, жылжымалы камераларды өзге шаруаға да пайдалану мүмкіндігі туады. Өңірдегі газеттерге де өң кіреді. Жан бітеді. Таралымы көбейеді. Жұрттың бәрі жаздырып алады. Облыстық деңгейдегі басшылардың шығармашылығынан бейхабар қалмас үшін. Шабыт облыс әкіміне ғана тиесілі дейсіз бе? Оның орынбасарлары,  департамент басқарып отырғандардың де көңіл пернесі небір ноталарды кезеді. «Өзіміз шығарған ән» деген өңірлік фестиваль ел мәдениетіне қосылар сүбелі мұра емес пе? Сот төрағасының әнін шырқау кез келген әншіге арман! Оранжировщиктің айы оңынан туды дей беріңіз. Кішігірім композиторларға да жұмыс табылады. Төрағадан алғашқы ырғақ, екі-үш нота. Қалғанын танылмаған сазгердің өзі қатырады. Алғанын керегіне жаратады. Экономикаға да серпін.

       «Кейбір шендінің ақшасы шіріп бара жатыр», – дейді өткенде бір қу ауыз. Жиғанды сарқуға мәдениеттен басқа не керек? Жазғаны – жұртқа мұра. Еліне мирас. Ұрпағына қалады. Кілең ұтыс! Ұтылатын ешкім жоқ. Сосын, өнерге жақын шенеунік иленген тулақтай жұмсақ келеді. Өйткені шабыт қысқанда жүрек жібиді. Қан қысымы көтерілгенімен, пенделігі төмендейді. Сондықтан да сіздер біздің идеяға дұрыс көзбен қараңыздар! Есепті білетін елміз. Өсек? Ол сол кезде тоқтайды. Өйткені бәрі жария!

   

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 10:59
Ел сенімін ақтай алмады
Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 09:45
Әртістік жүзуден «әртіс» болып кетті
Айнұр ӘЛИ 08:49
Қазақ мифін қайтсек оятамыз?
Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 03.08.2021, 14:35
Ағайындылар ондыққа кіре алмады
Смағұл ЕЛУБАЕВ 03.08.2021, 09:38
Қоңыр дәптерге қонған ойлар
Ербол Азатқали 03.08.2021, 09:31
Шындықтың шарболаты

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58