Оспан батыр

Күлтегін БЕК

15.05.2021, 13:02

3770

       Ұлы даланың ұлы ұлдары жөнінде толғау, жазу оңай емес. Шығысы сонау Тынық мұхиты, батысы Дунай өзені, солтүстік шекарасы Байкал көлі, оңтүстігі Гималай тауларымен шектескен Ұлы даланы мекен еткен көшпелілердің арасында күлде жатқан елін күнге көтерген, терезесін өзге жұртпен тең еткен, ат сауырынан қан тамшылап, тебінгісінен тер төгіліп, «еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алып», түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, бастыны идіріп, тізеліні бүктіріп, елінің бүтіндігі, жерінің тұтастығы үшін еңіреп өткен жалаңтөс батыр ұлдары аз болмаған. Тарыдай шашылып жатқан жұрттың басын біріктіріп, көшпелілердің империясын құра білген, «күннен туған, гуннен туған» (Мағжан), әлем тарихында өшпестей аты қалған ғұн Мөде тәңірқұты, Римнен Еуропаны азат етіп, құлдық дәуірді талқандаған, Апенин түбегін шаңдатқан ғұн Еділ батыр (Аттила), Түрік қағанатын құрған Білге қаған, Тоныкөк дана, көк түріктің көк семсері атанған Күлтегін, Естемилер, жарты әлемді бауырына басқан Шыңғыс хан, қаһарлы Ақсақ Темірлерді ұлы даланың алдаспан ұлдары десек, артық емес. Бұл арғы тарих десек, бергісі исі қазақтың басын қосып, ақ туын тігіп, жеке һәм іргелі ел еткен Керей, Жәнібек, Қасым, Хақназар хандарды, өмірін аттың жалында, түйенің қомында өткізіп, «қара қазан, сары баланың» қамы үшін ақ қар, көк мұз жастанып, сүңгісін жауға тіреп өткен Қаракерей Қабанбай сынды мыңдаған жанкешті ұлдарды да бұл жерде ұмытуға болмайды.

         Мұның өзін өткен тарих дейтін болсақ, кеше ғана Ресей мен Қытай шекара (ХІХ ғасырдың соңы) сызығын жүргізгенде тағдырдың жазмышымен жат елдің қарамағында қалып, елінің азаттығы, жерінің тұтастығы үшін алысып, сол жолда құрбан болған Оспан батыр да қазақтың нарқасқа аяулы ұлдарының бірі десек, артық айтпағанымыз. Шекараның арғы бетінде қытайлармен де, моңғолдармен де, кеңестік елдің әскерлерімен де соңынан ерген жұртының амандығы үшін соғысып, илікпей кеткен Оспан батыр кім еді? Әрине, Оспан батыр жөнінде көптеген аңыз-әңгімелер жеткілікті. Оның бәрін тәптіштеп айтып, жазып жату міндет емес. Тек оны білмейтін жұртқа сырттағы қазақтың азат өмірі үшін 11 жыл жаумен алысып, түбінде шейіт болған Оспан Сіләмұлының кім болғанын түсіндіре кету. Әрине, қолымызда Оспан батырдың ғұмыры қатталып жазылған өмірбаяны болмағандықтан, өзіміздің және алыс-жақын шетел басылымдарында жарық көрген Оспан батыр жөніндегі деректерді алға тартпақпыз. Бұған ешкім ренжи қоймас, өйткені Қытайдағы қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы болған, қазақтың аяулы азаматы бәрімізге ортақ болса керек-ті.

     Сонымен, деректер Оспан батыр жөнінде былайша сыр шертеді. Батыр Алтай аймағының Көктоғай ауданының Өңдіқара қыстағында дүниеге келген. 1940 жылы Алтай аймағында Шың Шысай үкіметіне қарсы шыққан Көктоғай көтерілісіне белсене қатысқан. Асқан батырлығымен көзге түскен Оспанмен өзге жұрт санасатындай дәрежеге жеткен. Содан болар, Алтай өлкесін қытайлардан азат ету үшін КСРО мен Моңғолия батырға көмек қолын ұсынған. 1943 жылы Моңғолияның әскери қолбасшысы, маршал Чойбалсан мен Кеңес Одағының генералы Попов бастаған топ Оспан батырмен кездесіп, 1000 винтовка, 20 пулемет, қажетті оқ-дәрі және басқа қарулар берген. Оған қоса, екі әскери ұшақ, 200-дей жауынгер беріп, Қытай иелігіндегі Бұлғын бекінісін қайтарып алуға көмектеседі.

        1944-45 жылдары Оспан батыр бастаған көтерілісшілер Шіңгіл, Көктоғай аудандарын Қытай әскерлерінен босатып, тұтас Алтай аймағын азат еткен. Осы еңбегі үшін Оспан батыр Кеңес Одағының көмегімен құрылған Шығыс Түркістан Халық Республикасының Халық қаһарманы орденімен марапатталған. 1945 жылы Шығыс Түркістан Республикасының армиясы құрылып, Оспан батыр басшылық жасайды. Сол жылы қыркүйекте Алтай аймағының генерал-губернаторы болып тағайындалады. 1949 жылы Қытайдың халық-азаттық армиясының бөлігі Үрімжіге кіргендіктен, қалада қытай коммунистері қатаң тәртіп орнатады. Оспан батыр жасақтары қытай қоммунистеріне қарсы соғыс ашып, Алтай округінің астанасы – Сүрсембе қаласын азат етеді. Округтегі барлық халықтар Оспан батырдың қол астына бірігеді. 1945 жылдан кейiн Оспан батырға қарсы – жаңадан орнаған Шығыс Түркiстан Республикасының армиясы, Кеңес Одағы тарапынан барған әскерлер, Моңғолияның арнаулы бөлiмдерi үш жағынан тықсырды. 1947 жылға дейiн үш елдiң әскерiмен алма-кезек соғысқан Оспан алдырмай қойды. Алтай тауының құлама құзына барып бекiнген қазақтардың сегіз жастағы баласынан бастап, қолына мылтық ұстауға жарайтын қарияларына дейiн соғысты.        1947 жылы Оспан сарбаздары күллi Алтай аймағына шабуыл жасап, Шығыс Түркiстан және Кеңес Одағының әскерлерiн қуып шықты. Сасқалақтаған әскерилер Қазақстанның шекарасын асып қашты. Осылай екiншi рет Алтайды азат еткен Оспан сарбаздары бұл жерде көп тұрақтай алмады. Себебi 1949 жылы қазiргi коммунистік Қытай өкiметi орнап, оған Кеңес елi қосылып, аса iрi күшпен Оспанды Алтайдан ығыстырды. Оспан болса өзiнiң бұрынғы ата жауы – гоминдандықтармен бiрiгуге мәжбүр болды.      1951 жылдың басында ерiксiз ығысып, Тибет шекарасындағы Қанамбал тауына барған соң, бiрге жүрген серiктерiн Үндiстанға асырып жiберiп, өзi қасында қалған азғана әскерiн бастап қайта бұрылады. «Жаттың жерiнде тiрi жүргенше, туған топырақта сүйегiм қалсын!» деп бекiнген Оспан батыр тағы айқасқа түсті. Дәлел­хан Жанал­тай өзінің «Қилы заман, қиын күндер» атты естелік кітабында: «Алтай аймағы азат етілгеннен кейін аймақтық билік орын­дары­на Оспанның келісімінсіз Қа­зақ­стан адам­дарын әкеліп отыр­ғыз­ды. Бес жыл ұйқы-күлкі көрмей, қан кешіп жүріп жеткен жеңісі бөг­денің игілігіне айналып кет­кенін аңғарған Оспан батыр әс­ке­рін бастап тауға шығып кетті», – деп жазады. Осылайша батыр 1946 жыл­дан бастап Ұлы Отан соғы­сын­да шыңдалған, кеңестік ар­нау­лы құрылымдардан жасақ­тал­ған, бірақ Шығыс Түркістан әскер­лерінің формасын киген әскерлермен, Моң­ғолияның қарулы күштерімен, ком­мунистік Қытай сарбаздары­мен қатар соғысты. Сөйтіп, жаңа бір жойқын майдан ашылды. Осы тұста Оспан амалсыз, бұрынғы жауы қытайлық гоминдан күштерімен одақтасуға ұмтылды. Маоға қарсы тұрған Чан-Кай-Шиды қолдады. Әрі коммунистердің күшеюіне мүд­де­лі емес елдер – АҚШ және Ұлы­британия елшіліктерімен бай­ланыста болды.

         1948 жылдың тамыз айында Үрімшідегі Америка консулы Пакстонның нұсқауымен пол­ков­ник Дәлелхан Жанымқанұлы Оспанмен жеке кездесуге барады. Осы кездесуде шет­елге өтіп кету жайында сөз бол­ған. Батыр алғашқыда келіс­кені­мен, артынан бас тартқан. Содан 1950 жылдың соңында Оспанға тағы да жоғарыдағы мәселе бой­ынша Қалибек қажы Рақым­бек­ұлы өзінің ұлы Хасенді жіберіп ақылдасады. Осы кездесу жайын­да Хасен Оралтай «Елім-айлап өт­кен өмір» атты кіта­бында: «… батыр өте жұпыны қара қоста өмір сүріп жатыр екен. «Мен ел­ден кете алмай­мын. Ком­мунистермен соғысып өлемін» деді», – деп жазады. Ақыры Қытай әскері Оспанды қолға түсіреді. Батыр­дың ісін халық соты мен әскери трибунал қатар қарайды. Оған «жүздеген адам өлтірді, мыңдаған мал тонады» деген айыптар та­ғы­лады. Соның ішінде «Америка мен ағылшындардың тыңшысы болды» дейтін жалған айып та бар еді. Оны Оспан мойындамаған. «Мен тыңшылық істеп кө­мек­тесетіндей олар менің құдам ба екен?! Одақтас болғаным рас. Қазақ үшін сайтанмен де тіл та­бысуға әзірмін», – дейді батыр. Азаттық үшін аһ ұрып, 11 жыл бойы ат үстінен түспей қол бастаған Оспанды 1951 жылы 28 сәуірде Үрімжі қаласында коммунистік Қытай өкіметінің жендеттері 80 мың адам жиналған алаңда ел көзінше атып тастайды. Батырдың балалары да аяусыз өлтірілді. 18 жастағы өрімдей қызы мен 14-тегі ұлын аналарының көзінше тураған. Ал 11 жасар ұлын құдыққа тастап шәйіт қылған.

        Жат жұртта қалған азғантай ұлтының азаттығы үшін арыстанша арпалысып, жанын құрбан еткен Оспан батырдың өмірі осындай. Деректер осылай сыр шертеді. Бір өкініштісі, сыртқы дүниені былай қойғанда, өзіміз Оспан батырды әлі дұрыс танып болған жоқпыз. Әрине, «атаусыз қалды» деуге тағы болмас. Қытайдағы қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісінң қолбасшысы болған Оспан батыр жөнінде еліміздегі  бұқаралық ақпарат құралдары  да, кезінде бірқатар шетелдік басылымдар да  кеңінен жазды. Ендігі кезек қазақтың өзінде. Өйткені сыртта жүріп «елім-айлап» өткен қаһарманымызды исі қазаққа кеңінен танытып, дәріптеу парызымыз болмақ.

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сұхбаттасқан Сейсен ҰЛЫҚБЕК 11.06.2021, 15:15
Ширек ғасырлық әзіл-оспақ отауы
Сайт әкімшілігі,Айдар ЖОРАНОВ 11.06.2021, 14:15
Би падишахы
Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП 09.06.2021, 16:06
«Жасымды сүрткен «Жас Алаш» еді...»
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 08.06.2021, 12:00
Түнгі жол (Әңгіме)
Амангелді СЕЙІТХАН 08.06.2021, 10:30
Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
Амангелді СЕЙІТХАН 05.06.2021, 08:46
Қызың – алтын, ұлың – күміс

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02