Отанын риясыз сүюді Әлиханнан үйрену керек!

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

26.10.2022, 09:23

2055

1917 жылдың 12 желтоқсанында ұлт зиялыларының бастамасымен Орынборда өткен жалпы қазақтардың II съезінде Алашорда автономиялық  үкіметі құрылды. Маңызды жиында Алаш үкіметінің басшысы болып Әлихан Бөкейхан, вице-министр лауазымына Әлімхан Ермеков, бас прокурор шеніне Жақып Ақбаев сайланды. Үш арыстың бір өңірдің тумасы екені мәлім. Бір ғажабы, қазақтың екі алыбы – Бөкейхан мен Ермековтің таныстығы Құнанбай ұрпағымен тамырлас болған. Бұл жер мен аспан денелері үздіксіз тартылыстан тұрады деген физика заңдылығына саяды. Десек те Алаш ардақтыларының ғұмыр жолы түбі шексіз мұхиттың суындай терең. Ал оған бойлау зерделі зейінді қажет етеді. Ұлт мақтаныштарының өмірбаяны мен қызмет жолын тыңғылықты зерттеумен айналысқан  Қарағанды қаласында тұратын алаштанушы Тұңғышбай Өміртайұлының еліміздің тұңғыш үкімет басшысы Әлихан Бөкейхан жайлы білері мол. Ол бұл жолы бізге халқымыздың көрнекті тұлғасының көпшілікке беймәлім балалық шағы мен есейгенде, ел мұраты жолында жасампаз ісін баяндап берді.

 Болмысы бөлек

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1866 жылы 25 наурызда Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысына қарасты Желтау деген жерде  дүние келген.

Қазақтың азаттығы үшін күрескен нар азаматтың тағдыры сан қырлы соқпаққа толы десек, оның болмысы тумысынан дара болған. Баршаға мәлім, Әлихан Жошының жиырма алтыншы ұрпағы. Жошы ханның сүйегі Ұлытау ауданында жатыр. Әлихан осы өңірдің қиыр-шығысында орналасқан Ақтоғайда туған. Ұлытау мен Ақтоғайдың арасында төрелер рухының жалғасуы ғанибет емес пе? Әріден айтсақ, арғы атасы Бөкейдің Арқаға келуі де қызық. Оны 1748 жылы орта жүздің биі Қаз дауысты Қазыбек би Сыр өңірінен ерте келген. Бөкей  Қу, кейінге дейін (Егіндібұлақ) қазіргі атауы Қазыбек би ауылында тұрған, сол жерде оның ұлы Батыр туған. Батырдан –Мырзатай, Мырзатайдан Әлекеңнің әкесі – Нұрмұхамед тарайды. Әйгілі Әлиханның қос мұраттасы Әлімхан мен Жақыптың Қарқаралыуезінен шығуы үш мұнараның бір арада тоғысуымен тең кездейсоқтық. Әлихан мен Әлімханның тағдыры Шыңғыстаумен ұштасады. Абай Әлекеңнің нағашы жұрты ғана емес, Құнанбай жұрағаттың күйеу баласы және Тұрағұлдың серіктесі болған. Бір қызығы, Әлімхан Ермеков те Абайдың баласы Тұрағұлмен дос болған. Әлімханның баласы Мағауия Тұрағұлдың үйінде дүниеге келгенін бұдан бұрын айтқан едік. Осы орайда, Әлиханның сәбилік кезіне сәл шегініс жасасақ, Әлихан анасынан кіндігі кесіліп, сүндеттеліп туған екен. Ол туралы біртуар тұлғаның аталас туысы Смахан төре жазып кеткен. Смахан төре қалдырған тағы бір мәліметіне үңілсек, Әлихан бала кезде үй, кейде қос тігіп ойнағанды ұнатқан екен. Бақсақ, оның осынау бала қиялы есейгенде мемлекет құру идеясымен ұштасып жатыр. Жасөспірім шақта Әлихан қозы бағуға құштар болған көрінеді. Ғылым жолын қуған кезде онысы қажетіне жараған. Естияр шақта қой тұқымы жайлы көкейге тоқыған мәліметін оқып-тоқыған зерттеулеріне тоғыстырып, «далалық өңірдегі қой шаруашылығы» деген монграфиялық еңбек жазып шығады.

  

«Биікке ұшқан қыран бүркіттің көлеңкесі жерге түседі»

Сарабдал саясаткер елден ұзап, шекараның шебінде жүрсе де ұлт мұратын көксеуден талмаған. Алаштанушы Тұңғышбай Мұқановтың мәлімдеуінше, болашақ үкімет басшысы жеті дәуірдің таңбалы тасы жатқан Желтаудың тарихи қойнауының сырын ашуға аса құмартқан.

— Бір басына бірнеше талантты тоғыстырған Әлихан 20 жасына дейін туған жеріне келіп, сондағы зиялы ақсақалдармен үнемі байланыс орнатып тұрған. Желтау маңындағы «Беғазы – Дәндібай» дәуірінің тас қорғаны жатқан тарихи тастардың ерекшелігіне үңілген. Тоғыз тілде еркін сөйлейтін Алашорда жетекшісі Ресей зиялыларымен рухани байланыс орнатқан. Бөкейхан 1928 жылы Петербордағы Шығыстану институтында Әлкей Марғұланға сабақ берген. Әлекең сол кезде-ақ талантты шәкіртінің санасына таңбалы тастардың сиқырына терең бойлау керектігін сіңірсе, Әлкей ең алғашқы археологиялық сапарын «Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы» деген атпен Желтауда бастады. Әлиханның ғылыми еңбектерінде Семей, Ақмола, облыстарының шұрайлы жерлерін арқау етіп қана қоймай, Қарқаралы уезі халқының шежіресіне де бас қойған. 1889 жылы өзі құрып, басшылық еткен «Дала уәляты» газетінде «Қарқаралы уезінің Тоқырауын, Барыс-Балқаш, болысындағы егіншіліктің жайы туралы» зерттеу мақаласы оқырман арасында үлкен резонанс туғызған. Көреген қайраткер халқының құнарлы жерінің қыр-сыры терең білген. Алашорда көсемі мемлекеттік қызметте жүргенде «Қазақтың байырғы жері қазақтардың өз бетімен ғылыми техникаға сүйеніп игермейінше, жекеменшікке және қоныстанушыға сатылмайды!» деген ұстанымнан айнымаған. Әлиханның тағы бір кереметтілігі, 1907 жылы жер дауына нүкте қою үшін Көкшетаудың оқымыстысы Мәмбетәлі Шүмбековпен бірге II Патша Николайдың қабылдауына кіргізген. Ұлт үшін туған қайсар қайраткер «Қазақтың әр сүйем жері тек қазақ халқының иелігінде болу керек!» деген көкейдегі арманын іс жүзінде осылай дәлелдеген. Ұлт үшін жаралған жан Самарада айдауда жүрген кезінде, Петербордағы демократ-ғалым, саяси қайраткер Бардыбек Сыртановқа 4 бөлім, 28 баптан тұратын қазақтың тұңғыш Ата заңын жаздырған, – дейді әлихантанушы Тұңғышбай Өмірбайұлы.

Осындайда, көкейде бір ой қылаң береді: туған тілін түлетіп, қадірін асырған, жерінің тұтастығын сақтап, елін азаттыққа бастаған Әлихандай тау тұлғалар қазаққа енді қайта айналып келе ме? Төл тарихымызды қастерлеу бүгіннен басталады дейміз. Өкініштісі, елімізде ол сөз жүзінде ғана солай болып тұр. Бізді қайран қалдыратыны, бүгінгі жас буын оқитын мұқабасы қалың тарихта XVIII ғасырдың көмбесінде қалған «ақтабан шұбырындыға» айналып соға бергенше, XX ғасырдағы төл тарихымыздың төрінде тұрған  Алашорда үкіметі мен оның белсенділері жайлы білімін неге нығыздамаймыз? Әлде, біз білмейтін бір бөгет бар ма?

Тегтер: тұлға естелік парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:57
Қазақтың «Соңғы самурайы»
Жексен АЛПАРТЕГІ 09:44
Ниязбек әжі
Жамал ҚАМАШ 02.02.2023, 17:24
Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Намысты қолдан бермеуге тырыстым
Бифат ЕЛТАЕВА 31.01.2023, 10:50
Бақыт Қажыбай, актер: Алаш рухын оята алсақ, үлкен жетістік сол!
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 10:40
Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің үздік теннисшілері ондығына енді
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:34
Димаш Құдайберген Шанхайдағы фестивальға қазылық етеді

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16