Озат ойдың айбыны

Уәлихан ҚАЛИЖАН

26.01.2021, 11:26

1775

Адам өмірі сияқты әр газеттің де өз өмірбаяны болады. Кейбірі біраз ғана шығып жабылып қалады, ал енді бірі қыспақтардан өтіп, ғұмырлы болып жатады. Сол секілді алғашқы нөмірінен бастап оқырман құрметіне бөленген «Жас Алаш» газеті  бүгінгі күні 100-ге толып жатыр. Газет ұжымын да, оқырмандарын да, ардагерлерін де осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Басылым тағдыры – халық тағдыры, қоғам тағдыры. Газеттің 100  жылдық тігіндісін ақтарып түгендеген адам өз мемлекетінің тарихын, сүйініші мен күйінішін жазбай таниды.

«Лениншіл жас» 1921  жылғы 21 наурызда шыққан алғашқы атауы – «Жас Алаш» болып шығып жатыр. Тарихтан ешкім сызып тастай алмайтын «Лениншіл жасты» 1991 жылы тамыз «бүлігінен» кейін,  бір түнде ешқандай қаулы-қарарсыз, қайтадан тарихи аты – «Жас Алаш» деп өзгертіп жібергенімді мақтан тұтатынымды жасырмаймын. Қазақтың атақты жазушысы Шераға – Шерхан Мұртаза кабинетіме келіп: «Ақсұңқар ердің баласы», – деп, газет атын өзгерткеніме риза болып, қолдау білдірді. Көзі жұмылғанша, бірге жүрдік.

Атап өтетін жағдай, газет табиғатында ой еркіндігі ерекше қалыптасқан және құрметтеледі. Сонымен қатар бұл газетте қызмет істеген кез келген журналистің бағы жанады, халыққа танылады.

Еркін ойлылық газеттің алғашқы бас редакторы Ғани Мұратбаев есімімен тығыз байланысты.

Өткен ғасырдың екінші жартысында жастар газетінде қызмет істеген журналистердің көпшілігі жазушы, ғалым, қайраткер болып кеткені жоғарыда айтылғанның дәлелі.

Менің де арманым «Лениншіл жаста» қызмет істеу болатын. Адам арманы айналып келіп орындалады екен. «Жетісу» газетінде жеті жыл, бүгінгі «Ұлан» газетінде жеті жыл бас редактор болып қызмет істеп барып, 1986 жылы 16 желтоқсанда  «Лениншіл жас» газетіне бас редактор болып бекідім, ол жерде де жеті жыл қызмет атқардым.

Сондай аумалы-төкпелі  кезең еді. Оңай деп айта алмаймын. Саяси тығырыққа тірелген күндер болатын.

Әдетте жаңа келген басшы бұрынғы редактор жолын жалғастырады. Бірақ өз бағытын, өз танымын табатыны да анық. Мен үшін ең бірінші  мақсат – газет деңгейін түсіріп алмау болды. Өйткені менің алдымда газетті Шерхан Мұртаза мен Сейдахмет Бердіқұлов басқарған. Олар қазақ журналистикасында аттары  аңыз болған ерекше  тұлғалар болды. Екеуі де лауазымды қызметте. Бірі – «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, екіншісі «Балауса» баспасының  директоры еді.

— Уәлихан, – деді Сейдағаң құттықтап тұрып, – аруақты газеттің туын жығып алма!

Осы сөз санамда қалып қойды.

Кейін дүниеден өткенде, соңғы сапарға өзім шығарып салдым. Ол кезде Жоғарғы Кеңестің депутаты едім. Белгілі журналист, бүгінде мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахмановқа рақмет айтқым келеді. Үкіметте жоғары лауазымды қызмет істейтін. С.Бердіқұлов ағамыздың есімін мәңгілік есте қалдыру жөніндегі үкімет қаулысын тезірек қабылдауға ерекше еңбек сіңірді.

Заман талабына сай, газет жаңа бағытты ұстанды. Ұлттың үні болу мақсат етіп қойылды. Осыған орай, басылымда тікелей сұхбаттар өткіздік.  Бұл, әрине, біреулерге ұнады, ал біреулерге  ұнамады. Жастар өмірімен шектелмей, үлкен саясатқа да бет бұрдық.

Қазақстанның Өзбекстанға өтіп кеткен жерлері туралы құжаттарды жарияладық, оны өз мемлекетімізге қайтару  мәселесі көтерілді. КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының төрағасы Н.В.Подгорный қол қойған құжаттарды ешқандай түсініктеме жазбай жарияладық. Ол құжаттардың көшірмесін ұсынған бүгінгі мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың әкесі еді. Бір сөзбен айтқанда, жас едік, ұлтжанды едік. Бұл құжаттардың бәрін  талантты шәкіртім, кейін «Лениншіл жас» газетінің  бас редакторы болған Төрехан Данияров  дайындады.

Шын мәнінде бұл кезеңдерде санаға сілкініс келген шақ еді. «Қызметтен алып тастаса» деген үрейлі ой да келмейтін. Өйткені біз тек өз білімімізге және өз қаламымызға сендік. Әрі бұл кезде  өзім филология ғылымының кандидаты едім, жұмыссыз қалмайтыныма сендім.

Біраз уақыт өткеннен кейін Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің  идеологиялық мәселелер бойынша пленумы өткен болатын. Баяндаманы орталық комитеттің бөлім меңгерушісі, университеттегі ұстазым Мырзатай Жолдасбеков жасады. Баяндаманы мазмұндап айтсам, «бір жастар газетінің бір редакторы жер мәселесін көтеріп, халықаралық шиеленіс тудыра жаздады» деді. «Бітті. Жұмыстан кеттің» десті көңілі жақын достарымның бірі.

Көп кешікпей, әңгіме керісінше өрбіді. Мырзакең шақырып алып, арқамнан қақты. «Мәселе шешілді. Өзбекстан Республикасынан оңтүстіктен кеткен үш аудан кері қайтарылатын болды. Бірақ дабыра етпей-ақ қой. Дегенмен мұндай күрделі мәселелерге  ойланып,  толғанып барып кіріскен жөн болар» деп кеңес берген еді.

Бір айта кететін жай, газетте мықты журналистер  қызмет істегенімен, олардың  басым көпшілігі үйсіз, пәтер жалдап тұрады екен. Комсомолдың орталық комитетінің бірінші хатшысы, бүгінде мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтановтың қол астында баспасөз секторын үш жыл басқарған тәжірибем бар-ды. Сондықтан қайда баруды, кіммен сөйлесуді білетін кезім. «Мықты жазу – сіздерге сын, жағдайларыңды жасау – маған сын» деген  едім қызметке кіріскен кезде. Сонымен, бір-екі жылдың көлемінде  «Лениншіл жастың» 25-ке жуық  журналистері өз пәтерлерінің кілтін алды. Бүгінде Қазақстан Республикасының президенті Қ.К.Тоқаевтың кеңесшісі болып қызмет істейтін, академик інім Бауыржан Омаров:

— Уәке, сіз әперген үйде әлі тұрып жатырмыз, – деп қоятыны бар.

Бұл ілтипат, әрине, менің жүрегіме жылы тиеді.

Жыл сайын Сейдағаң 21 наурызда көк бояумен газеттің көктем  санын шығарады екен. Мен сол дәстүрді одан ары қарай жалғастырдым. Әрі бұл күн «Жас Алаштың»  «туған күні» ретінде қабылданатын.

Өзім ерекше құрметтейтін, кезінде «Лениншіл жастың» оңтүстік өңірлері бойынша  меншікті тілшісі болған  Мұхтар Шахановты тікелей сұхбатқа шақырып, Наурыз мерекесінің ешқандай да діни  астары жоқ екенін, қайта күн мен түннің теңеліп, шығыста егіс басталуының құрметіне жасалатын  дәстүр екенін айттық. Оған тарихшылардың, этнографтардың, ақын-жазушылардың қолдауын ұйымдастырдық.

Бір күні мені Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков шақыртты. Газетке шыққан бүкіл материалдарды жинап алып бардым. Ұлтжанды, қазақ руханиятында  ерекше орны бар Өзекең ризашылық білдірді. Материалдарды жаңа келген бірінші хатшы Г.В.Колбинге көрсететінін және Ленин комсомолы сыйлығының  лауреаты, ақын Мұхтар Шахановтың бірінші хатшының қабылдауында болатынын, осы мәселенің көтерілетінін айтты. Шынында, солай болды. Мұхтар Шаханов Г.В.Колбинге  кіріп шықты. Нәтижесінде Наурыз мейрамы  халыққа қайтарылды. Бұған газет тарапынан жасалған  қоғамдық пікір де әсер еткен болар. Мұхтар Шаханов ағамыз өзінің бір кітабында осы сәт туралы жақсы жазып кетіпті. Рақмет.

«Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер» деп хакім Абай бабамыз жазғандай, көзім көрген Шерхан Мұртаза мен Сейдахмет Бердіқұлов ағаларымның редакторлық мектебі бөлек еді. Шерағаң үшін де, Сейдағаң үшін де, ең алдымен, бас редактор батыл болуы керек. Көзсіз батыр емес, ақылды батыр болу керек. «Бас редактор қандай болса – газет сондай».

Екінші, газетте талантты адамдар жұмыс істеуі керек.  Оларды  көпке дейін «қара жұмысқа» жекпей, өсіріп отыру қажет. Үшінші, жақсы тақырып  мақаланың 50 пайыздық жүгін көтереді. Тақырып тартымды болса, оқырман оны міндетті түрде көз жүгіртіп болса да оқиды. Міне, осы ұстанымдар менің де редакторлық  көзқарасыма әсер етті. Әрі сол жолмен жүрдім ғой деп ойлаймын. Және де бұл екі редактор үшін «кімнің қай жерден екені керек емес» еді. Олар талант іздейтін. Табатын және қаламгер сайысына салатын.

Шерағаң «Лениншіл жасқа» батыстан Фариза Оңғарсынованы, шығыстан Оралхан Бөкеевті,  оңтүстіктен Мұхтар Шахановты меншікті тілші етіп алды. Үшеуінің де Қазақстанның әдебиеті мен мәдениетінде ерекше орны бар тұлғалар. Үшеуі де мемлекет және қоғам қайраткерлері.

Сейдағаның тұсында «Лениншіл жаста» С.Әбдірайымов, С.Әшімбаев, К.Ахметбеков, Қ.Құрманғали, К.Сегізбаев, А.Нысаналин, М.Қожахметова, О.Әбділдаев, А.Сейдімбек, Ы.Кененбай, Ж.Бейсенбай, Ж.Дәуренбек, Ж.Солты, Н.Үркімбаева, Н.Жүнісбаев, тағы да басқа талантты журналистер жұмыс істеді. Олар жазушылық, қоғамдық қызметте танылып, журналистикада өшпес із қалдырды. Біразы қазір де қаламгерлік қарым танытып, еңбек етіп жүр.

1986-94 жылдары газеттің бас редакторы болған кезімде көптеген талантты қаламгерлер бірге қызмет атқарды. Олардың көпшілігі журналистикадан мемлекеттік қайраткер дәрежесіне дейін көтерілді.

Жұмабай Шаштайды өзім қызметке алып,  әдебиет және өнер бөлімін басқарды. Президент сыйлығының лауреаты атанды. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болды.

Бейбіт Исабаев 1986 жылдың желтоқсанында қудаланған тележурналист еді. Оны қызметке алдым. Құқық бөлімін басқарды. Кейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары, елші болып қызмет істеді. Қазір Қазақстан Республикасы президентінің парламенттегі өкілдігін басқарады.

Жоғарыда аталған Бауыржан Омаров – ғылым докторы, академик, мемлекет басшысының кеңесшісі. Мейрамбек Төлепбергеновті де Желтоқсан ызғарынан кейін қызметке алып едім. Қазір парламент мәжілісінің депутаты болды.

   Ақын, журналист, қайраткер Өтеген Оралбаев – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тетелес, қаламдас, дос-іні.

Әділбек Қаба да менің шәкірттерімнің бірі. «Арай» журналынан қызметке шақырғанмын. Қазір мәдениет және спорт министрлігі тіл комитетінің төрағасы.

Бұл күнде романист-жазушы болып жүрген Әділбек Ыбырайымов та менің тәрбиемді көрді. Әкесі шопан екен. Мен оған «қой көрмеген қазақтың баласы» деп әлі күнге қалжыңдап қоямын.

Республикаға танымал журналистер Ерғали Сағатов, Жарылқап Бейсенбаев пен Төрехан Данияровтар орынбасарларым болып қызмет атқарды.

1994 жылы Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайландым. Бас редакторлықты Төрехан Данияров қабылдап алды.

Сонымен қатар бүгінгі күні есімдері елге таныс журналист іні-қарындастарым да баршылық. Олардың ішінде Нұрлан Қалқа, Ғалымжан Мелдешов, Бекен Нұрахметов, Әділ Қойтанов, Сәния Тойкен, тағы басқалары бар. Осындай тағы да басқа талантты шәкірттерімнің жетістіктеріне қуанып отырамын.

Газетті басқарған кезіме оралатын болсақ, жеті жылдың ішінде  «Жас Алаштың» таралымы 300 мыңнан асты. Түрлі ұйымдастыру шаралары өткізілді. Газеттің әр облыстағы күндері, айтыстар, фестивальдер ұйымдастырылды.

Нұрлан Өнербаевтың, Марат Омаровтың, Марат Ілиясовтың, Айгүл Үлкенбаеваның, Ержан Белғозиевтің, тағы да басқа өнер жұлдыздарының қалыптасуына «Жас Алаш» газетінің зор үлесі бар екенін айта кеткім келеді.

          Ұмытпасам, 1996 жыл еді. Астанада президент баспасөз қызметкерлерімен үлкен жиын өткізген болатын. Қазақстанда жекешелендіру саясаты жүріп жатқан тұс. Мен президентке «Жас Алаш» сынды ұлттық брендке айналған газетті жекешелендіреді деген сөз естідім, мүмкін, ол газеттің мемлекет меншігінде қала бергені дұрыс болар ма еді?» деп сұрақ қойып едім. Ол кезде өзім «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болатынмын. «Қажет болса, өзің отырған газетті де жекешелендіреміз. Қазіргі экономикалық саясат осылай болып тұр», – деген еді президент.

Сол кездегі баспасөз министрі президенттің өте сенімді және үміт артқан кадры еді.  Сонымен, «Жас Алаш» газеті жекешелендірілді. Газеттің саяси бетпердесі өзгерді. Газетте мемлекеттік, елдік мүддеден гөрі жеке адамның соңына түсу саясаты басым бағыт алып кетті.

Бүгінде парламент сенатының депутаты, көрнекті журналист, көсемсөзші, сыйлас, сырлас, қаламдас інім Нұртөре Жүсіп осы газетті біраз жыл абыроймен басқарды. Ол да кейін құрылтайшымен көзқарасы үйлеспей, басқа басылымға жауапты қызметке ауысып кеткен еді. Қасиетті Түркістанда кездесіп қалдық. Кезінде дәйексіз жариялаған материалдар үшін менен кешірім сұрады. Екеуміз құшақтасып, баяғы ағалы-інілі сәтке қайта оралдық.

Одан кейін болған бас редакторлардың қызметіне баға бергім келмейді. Себебін оқырмандар өздері түсіне жатар.

Бұл күнде газет саясатының өзгергеніне қуаныштымын. Өзімнің де тарихи таным тұрғысындағы көлемді мақалаларым  жариялана бастады.

«Жас Алаш» ұлттың сөзін сөйлесін, әділдіктің ақ жолынан таймасын. Жақсылықты да, кемшілікті де көре білетін, озат ойдың айбыны  бола берсін!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 05.03.2021, 16:25
"Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
Амангелді СЕЙІТХАН 05.03.2021, 12:29
Төрдегі төртеу - Түркістанда Қазақстан суперкубогын сарапқа салуда
Оралхан ДӘУІТ 05.03.2021, 09:32
«Жас Алаштан» шенеуніктер қатты қорқатын
Серік ШАЙМАН 03.03.2021, 10:12
Сейдағаңның серілері едік
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ 02.03.2021, 10:44
Бес тағдыр – бес тал гүл
Әкім ЫСҚАҚ 25.02.2021, 13:12
Буырқанған дауылда сыналған басылым

Аңдатпа


  • "Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
    05.03.2021, 16:25
  • Қарағандыдағы үш газет қазақшаға қалқан бола ма?
    05.03.2021, 13:12
  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    04.03.2021, 10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44