Педагогика патшайымы

Бекен НҰРАХМЕТОВ

12.05.2022, 12:40

1725

1985 жылы  университетті бітіріп, Алматы облыстық «Жетісу» газетіне  қызметке тұрған кезім. Газетіміз облыстық партия комитетінің органы болғандықтан, біздің үлкен басшымыз обкомның идеология жөніндегі хатшысы Шәмшә Көпбайқызы Беркімбаева болатын. Қызметке жаңадан ғана келген тәжірибесіз журналист болғандықтан алдымда қалам тербеудің қыр-сырын үйренетін және өмірдің бүге-шігесін түсінетін көп мәселелер тұрды. Сол кезде облыс басшылары өткізетін жиналыстарда және әртүрлі конференциялар мен семинарларда Шәмшә Көпбайқызын жиі көретінмін. Көпшілік алдында қызметтік этиканы сақтау мәдениеті мен екі тілде бірдей жосылта сөйлейтін шешендігіне тәнті болатынбыз. Сонымен қатар Шәмшә Көпбайқызы келе жатқан кезде жаңа ғана абыр-дабырға басып тұрғандар саптай тізіліп, меңіреу тыныштық орнай қалатын. Осындай көрініске көз сала тұрып, басшымыздың беделі мен ол кісіге деген көпшіліктің ерекше құрметінің белгісін аңғару қиын емес еді.

Өкінішке қарай, Шәмшә Көпбайқызымен көп қызметтес бола алмадық. Себебі, арада бір жылдан аса уақыт өткенде атақты Желтоқсан көтерілісі бұрқ ете қалды да, қазақ даласын қара түнек басқандай күйге түстік. Көп ұзамай Желтоқсан оқиғасына қатысқан Қайрат Рысқұлбеков бастаған жігіттердің сот залындағы қасқайып тұрған суретін бергені үшін «Жетісу» газетінің бас редакторы Мамадияр Жақып ағамыз қызметтен босап қана қоймай, партия қатарынан шығарылды. Редакцияны қара түнек басқандай күй кештік. Бұл аздай, Шәмшә Көпбайқызы да облыстық партия комитетінің хатшысы лауазымынан босап, мектеп директорына дейін төмендетілді. Бір демде екі бастығымыз орындарынан босағанда кәдімгідей жетімсіреп қалдық.

Сөйтсек, Шәмшә Көпбайқызы көтеріліске қатысқан жастар бірдеңеге ұрынып қалмасын деген ниетпен оларды сабырға шақырған кезде әлгілердің ішіндегі ержүрек біреуі: «Апай, шыныңызды айтыңызшы. Сіздің қолыңыздан не келеді осы?» деп сұрақты төтесінен қойса керек. Ойланып қараса, шынымен де орынды сұрақ. Орталықта қылышын қайрап Геннадий Колбин тұрғанда, ал облыста оның сойылын соғып, бірінші хатшы Марат Меңдібаев отырғанда, ұлт мүддесі жолында күресіп береке таппайтынын түсінді. Сонымен қатар екіжүзділік танытқан сатқындар мен жағымпаздар да қарасын көбейте бастады. Бұған қоса тар жолға тіреліп, тайғақ кешкен сәтте жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайтыны белгілі. Сондықтан да Шәмшә Көпбайқызы өзі үшін әділетті шешім қызметтен кету деп қабылдады. Осы күннен бастап ол қандай қызметке барса да ең бірінші өз-өзіне: «Менің қолымнан не келеді?» деген сұрақтан бастауды өзінің қағидаты етіп ұстанатын болды.

Ол кезде менің өмірдегі ең үлкен қамқоршым әрі ұстазым болған марқұм нағашым, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-журналист Кәкімжан Қазыбаев ағам тірі болатын. Желтоқсан оқиғасының ызғары басылмаған көңілсіз күндердің бірінде Кәкімжан ағамның үйіне келген едім. Желтоқсанның ызғары Кәкімжан ағамды да айналып өтпей, біраз түртпекке түсіп жүрген кезі еді.

Түскі астың үстінен түсіппін. Қарасам, дастархан басындағы қонақтардың ішінде Шәмшә Көпбайқызы отыр. Кәкімжан аға мені қонақтарға: «Менің жолымды қуған жалғыз жиенім» деп таныстырды. Сөйтсем, Шәмшә Көпбайқызы Кәкімжан ағаммен туған ағалы-қарындастай жақсы сыйласады екен. Және де Кәкімжан ағаның басшылығымен идеология саласында бірге қызметтес болғандықтары да бар. Сол күннен бастап мен Шәмшә Көпбайқызын Кәкімжан ағамның үйінен жиі көретін болдым. Шынайы сыйластықтарына қатты қызығатынмын. Өкінішке қарай, көп ұзамай Кәкімжан ағам қайтыс болып кетті. Нағашымның  қайтыс болуы мен үшін өмірдегі үлкен сабақ болды, әрине. Бір күннің ішінде оңым мен солымды танып, бірнеше жасқа есейгендей күй кештім. Мен сол кезде ғана мына фәни дүниені жалған деп неге айтатынына көзім жетті. Себебі, Кәкімжан ағаның көзі тірісінде табалдырығын тоздырып жүрген талай шалбар киген азаматсымақтар нағашымыздың көзі кеткеннен кейін іздерін суыта бастады. Орынша жеңгеміз болса ауыр қайғыдан көпке дейін еңсесін көтере алмады. Бұл өте ауыр көрініс еді. Сол кезде Орынша Жолмұратқызының жанына желеу болып, еңсесін көтеруге, бойына жігер беруге тырысқан адамның бірі және бірегейі осы Шәмшә Көпбайқызы болатын.

Әр жамандықтың бір жақсылығы болады деген емес пе. Сәтін салғанда көп ұзамай әділеттілік салтанат құрып, Шәмшә Көпбайқызы мектеп директорынан оқу министрінің орынбасары қызметіне көтерілді. Сол кезде Орынша апайдың «Ұстаз жүгі қашанда ауыр» атты кітабының қайта толықтырылған нұсқасын баспадағылар Зақаш Камалиденовтың нұсқауымен шығартпай жатқан болатын. Бұл проблеманы Шәмшә Көпбайқызы өз қолына алып, аталмыш кітапты көп ұзатпай-ақ 30 мың таралыммен шығартып берді. Сол кездегі Орынша апайдың көптен бері күңіренген бетіне қан жүгіріп, риза болған келбеті әлі көз алдымда. Және де қуанышты көңіл күй үстінде отырып:«Шәмшәның іскерлігіне және азаматшылығы мен адамгершілігіне шалбар киген он жігіт татымайды» деп айтқаны әлі есімде.

Жалпы, кез келген жұмыр басты пенденің адамгершілігі адамның басына ауыртпашылық түскенде сыналатыны хақ. Қолыңда қызмет барда алдыңда құрдай жорғалап, тақтан тайған күні артыңнан тас ататын пенделер аз емес, әрине. Осы орайда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев ағамыздың Шәмшә Көпбайқызы жөнінде айтқан мына бір әңгімесі өзіме қатты әсер етті. Бердібек Мәшбекұлы ол кезде оқу министрінің орынбасары қызметінде жүрген кезі болса керек. Сол кезде бір министрде алты орынбасар болыпты. Бір күні жаңадан тағайындалған министр келген бетте еш себепсіз Бердібек Мәшбекұлын қызметтен босатады. Бердібек Мәшбекұлы сөзге келместен кабинеттегі қағаздарын жинастырып, кетуге жиналады. Жан-жағына қараса, қанша жыл министрлікке сіңірген еңбегін елеп-ескеріп жатқан ешкім байқалмайды. Тіпті кеше ғана бірге қызметтес болған орынбасарлардың да бірде-біреуі ләм демейді. Бұл әрине, Бердібек Мәшбекұлының көңіліне қатты келеді. Сол кезде адамгершілікке жатпайтын мынандай бейқамдыққа шыдамаған Шәмшә Көпбайқызы: «Жолдастар-ау! Бердібектің министрлікке сіңірген еңбегі бар емес пе. Соны ескеріп, жылы сөз айтып, неге шапан жауып шығарып салмаймыз?» депті. Осылайша, Бердібек Мәшбекұлын министрліктен Шәмшә Көпбайқызының ұйымдастыруымен тиісті қошеметпен шығарып салса керек. Бердібек Мәшбекұлы осы оқиғаны әрдайым жылы сезіммен еске алады.

2019 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Кәкімжан Қазыбаевтың 90 жылдық мерейтойына байланысты конференция өтті және «Өнегелі өмір» сериясымен Кәкімжан аға жөнінде естеліктер жинағының тұсаукесері болды. Айтулы мерейтойлық шараға Шәмшә Көпбайқызы да келген болатын. Конференция біткеннен кейін университеттің сол кездегі ректоры Ғ.Мұтановқа ұлттық қауіпсіздік органының генерал-лейтенанты Әділ Шаяхметов ағамыз аталмыш сериямен Шәмшә Көпбайқызы жөнінде де кітап шығару мәселесін құлаққағыс жасады. Бұл жағдайды Шәмшә Көпбайқызы білмейтін еді. Ректор сөзге келместен қолдай кетті. Кітапты шығару филология ғылымының докторы, профессор, белгілі ақын Бауыржан Жақыпқа тапсырылды.

Содан арада бір аптадай уақыт өткенде Әділ Шаяхметов аға телефон шалып, Шәмшә Көпбайқызы жөніндегі кітаптың тезірек және мазмұнды шығуына ат салысуымды тапсырды. Мен дереу Бауыржан Жақып досыма телефон шалдым. Сол кезде Бауыржан: «Беке, Шәмшә Көпбаевнамен өзің сөйлесші. Мен ана жолы телефон шалып айтқанмын бар жағдайды. Қайта-қайта мазалай бергенім ыңғайсыз сияқты» деді. Көп ойланбастан Шәмшә Көпбайқызына телефон шалдым да, кітап шығаруға байланысты өз ойларымды айта бастап едім: «Бекен, ниеттеріңе рақмет айналайын. Қазіргі уақытта өзімнің жаныма жақын бір туысқаным сырқаттанып жатыр еді. Сондықтан да мұндай кезде сол кітапты шығару мәселесін құп көріп тұрған жоқпын» деді. Мына сөзді естігенде таң-тамаша қалдым. Өзінің жеке мүддесін ысырып тастап, сырқаттанып жатқан адамның көңіліне қараған адамгершілігіне сүйсіндім. Себебі, елге сіңірген ешбір еңбегі жоқ болса да, өзін насихаттау жолында кітап шығартып, мақалалар жаздыртып, жалған бедел жинап жүрген пенделерді де білеміз. Осы орайда Шәмшә Көпбайқызының өз атын тарихта қалдыратын рухани дүниеден бас тартуы екінің бірінің қолынан келмейтін жағдай, әрине. Осылайша, Шәмшә Көпбайқызы көзінің тірісінде өзінің жеке басының насихатына жол бермеп еді. Алайда, «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» дегендей, оның екінші өмірі естеліктер мен еске алуларға толы ғибратты істерімен жалғасары сөзсіз.

Иә, Шәмшә Көпбайқызының бойындағы адамгершілік қасиеті ғана емес, ерлерге тән ержүректілігі мен қағидатшылдығы туралы да көп естіген едім. Соның бірі  –  Желтоқсан оқиғасы кезінде танылды. Сол бір жауапты да қиын кезде орта және арнаулы оқу министрі, марқұм Көпжасар Нәрібаев аға мен обком хатшысы Шәмшә Көпбайқызын орталық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Ерік Асанбаев шақыртыпты. Екеуі шақырған уақытында келсе де, кіре алмай, қабылдау бөлмесінде біраз отырып қалса керек. Бір кезде «қолы босаған» бөлім меңгерушісі кірген бетте қатулы үнмен:

–  ӘміровР.С.(шет тілдері институтының ректоры), БайболовС.М. (құрылыс және архитектура институтының ректоры),  Мамыров Н.К (халық шаруашылық институтының ректоры) бүгіннен бастап қызметінен босатылды, – депті министр Көпжасар Нәрібаевқа қарап. Содан кейін басын Шәмшә Көпбайқызына бұрып:

– Обком бізді қолдайды, – депті сенімді түрде. Сол кезде мынандай бейбастыққа шыдамаған Шәмшә Көпбайқызы:

– Жоқ, олай емес, мен қолдамаймын. Олардың не кінәсі бар? Қандай айып тағып отырсыздар? – деп бөлім меңгерушісінің сөзін қағып тастапты. Обком хатшысынан мынандай қарсылықты күтпеген Е.Асанбаевтың өңі бозарып, тұтыға сөйлеп:

–  Бірінші хатшымен (М.Меңдібаев) келісілген, сіздің сөзіңіз шешуші бола қоймас, – депті  өз сөзіне сенімді түрде. Мынандай шектен шыққан әділетсіздік Шәмшә Көпбайқызының шамына қатты тиіп кетсе керек:

– Менің сөзімді тыңдамасаңыз, онда мені неге шақырттыңыз? – деп орнынан атып тұрған бойда есікті тарс жауып, шығып кетіпті.

Міне, аталмыш оқиға жөнінде Көпжасар Нәрібаев ағамыз осылайша өте әдемі жазыпты. Бұндай ерлік әйел адам емес, кез келген бөріктінің де қолынан келе бермейтіні ақиқат. Сонымен қатар қайғылы «Қаңтар оқиғасында» орын алған әділетсіз жағдайлар да Шәмшә Көпбайқызының нәзік жүрегін жаралап өтсе керек. Елдің басына түскен суыт хабарды төсекте сырқат күйінде жатып естіп, қатты мазасызданыпты. Сол кезде қал-жағдайын білейін деп телефон арқылы хабарласқан белгілі ақын әрі қоғам қайраткері Нұрлан Оразалинге: «Мына оқиғаға қабырғам қайысып, төсекте көз жасымды тия алмай жатырмын» депті. 

Иә, еліміз егемендік алған отыз жылға жуық уақыт ішінде білім және ғылым министрлігін кімдер басқармады десеңші. Олардың ішінде педагогика мен ғылымға қатысы жоқ адамдардың да болғаны шындық. Сондықтан да осы саладағы жасалған реформалар әрдайым тиісті шегіне жетпей, кенжелеп қалып жатты. Сондай күндердің бірінде аталмыш министрлік тізгінін Шәмшә Көпбайқызы ұстады. Сол кезде осы тағайындаудың дұрыс болғанын интеллигенция мен зиялы қауым өкілдері қуанышпен қабылдады. Себебі, Шәмшә Көпбайқызы шенеунік қана емес, мұғалім, мектеп директоры, облыстық оқу бөлімінің басшысы, оқу министрінің орынбасары сияқты барлық сатыдан өткен нағыз кәсіби маман болатын. Министр қызметіне кіріскен бетте білім мен ғылым саласындағы қордаланып қалған көптеген проблемалардың шешімін тауып, жаңа арнаға бет бұрғыза білді. Әсіресе ауыл мектептеріне ерекше көңіл бөліп, жабылып қалған интернаттарды қайта ашқызды. Қазақ мектептерінің көптеп ашылуына және материалдық-техникалық жағынан тиісті дәрежеде жабдықталуына ерекше мән берді, ұлттың рухын көтеретін рухани дүниелерді жаңғыртуға ден қойды.

Өкінішке қарай, үкіметтің отставкаға кетуіне байланысты Шәмшә Көпбайқызы да басқа қызметке ауысты. Білім мен ғылым саласындағы біраз бастамалары аяқсыз қалды. Ал енді зейнет демалысына шыққанға дейін Қазақ қыздар педагогика институтының ректоры қызметіне келіп, аталмыш оқу орнын университет дәрежесіне көтере білді. Шәмшә Көпбайқызы аталмыш университетке басшы болып келгенге дейін министрліктен орынды, орынсыз әртүрлі тексерулер келіп, мұғалімдердің әбден ығырын шығарса керек. Ал енді Шәмшә Көпбайқызы он жылдай ректор болып отырған кезде университетке бірде-бір тексеру келмепті. Қазіргі уақытта осы жағдайды тамсана айтып, еске алатындар өте көп.

Шәмшә Көпбайқызының қайраткер ретіндегі тағы бір ерекше айта кететін қасиеті – еңбек демалысында жүрсе де, руханият пен білім саласындағы проблемаларды бір сәт назардан тыс қылдырған емес. Мысалы, қазіргі уақытта «Педагог мәртебесі туралы» заңның шығуын көпшілік білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың атымен байланыстырады. Шынтуайтына келгенде олай емес, әрине. Ол заңның негізін салушы Шәмшә Көпбайқызы екенін министр Асхат Аймағамбетовтың өзі марқұмды соңғы сапарға шығарып салуға келген азалы митингіде жария етті. Бұл жаңалықты министрдің аузынан естіген көпшілік аса тебіреністі күйде қабылдады.

– Мен министр қызметінде жүрген уақытта аяғына дейін жеткізе алмай кеткен бір жұмысым бар еді, – депті Шәмшә Көпбайқызы Асхат Аймағамбетовпен кездескен бір сәтінде. – Енді соны саған аманаттайын деп отырмын. Шамаң келсе аяғына дейін жеткізуге тырысшы, – деп қолындағы бір бума қағазды ұстатыпты. Сөйтсе ол «Педагог мәртебесі туралы» заңның өзі жасаған жобасы екен.

Міне, нағыз ұлтжандылық пен ұлттық рухтың және қайраткерліктің феномені осындай болса керек. Министрлік мансаптан 2003 жылдың күзінде кетсе де, бір заңның соңында қаншама ғұмыры мен алтын уақытын сарп етуі бекзаттық болмыстың айғағы екені сөзсіз. Бұл жерде әрине, министр Асхат Аймағамбетовтың адамгершілік қасиеті мен аманатқа адалдығын және іскерлігін ерекше атап өткен жөн. Және де ешбір министр осы уақытқа дейін жасай алмаған осындай жанкешті еңбегі үшін Шәмшә Көпбайқызын «Педагогиканың патшайымы» десек те артық болмас. Себебі, аталмыш заңның дүниеге келуі педагогика саласында жасалған үлкен бетбұрыстың және жасампаз реформаның бастауы болғаны шындық. Өйткені бұл заң  ұстаздардың құқықтарын кеңейтіп, мұғалімге қойылатын талаптарды күшейтті және еңбекақысын көбейтумен қоса басқа да материалдық ынталандыру шараларын жақсартты. Сонымен қатар «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы (сыйақысы 1 мың АЕК) дүниеге келді. Соның нәтижесінде қазіргі қоғамда мұғалімдерге және педагогтық қызметке деген қөзқарас түбегейлі өзгеріп келе жатқаны ақиқат.

          Шәмшә Көпбайқызы қазақ әдебиеті мен өнерінің және мәдениетінің де үлкен жанашыры болатын. Тіпті кей кездері менің баспасөз бетіндегі жарық көрген мақалаларым көңілінен шықса, телефон шалып, мерейімді өсіріп қоятын. Бұған қоса республикалық «Қала мен Дала» газетінің алғашқы нөмірінің шығарылуы кезінде батасын беріп, редакцияға қаржылай көмек көрсеткен Шәмша Көпбайқызы екен. Кейіннен таралуына да қолғабыс жасапты. Осы туралы газеттің бас редакторы Думан Бықай ініміз сүйсіне айтқаны есімде.

Сонымен қатар бірде Қыздар педагогикалық университетінде қазақтың біртуар ақыны Мұқағали Мақатаевтың творчествосына байланысты өткізіліп жатқан жыр мүшайрасында жеңімпаздарға берілетін бір сыйлық жетпей қалса керек. Сол кезде бұл жағдайды белгілі ақын ініміз Серік Қалиев дереу бастығына құлаққағыс жасапты. Оны естіген Шәмшә Көпбайқызы еш ойланбастан үйіне жүргізушісін жіберіп, өзінің алтын алқасын алдырыпты да, жеңімпаз қыздардың біреуінің мойнына тағыпты. Міне, нағыз мырзалық пен ұлтжандылық дегеніңіз осындай болса керек.

          Шәмшә Көпбайқызы қандай қызметте жүрсе де, бар күш-жігерін ұлттың рухын көтеру мен ұлт мүддесі жолына арнады. Басқалар сияқты пендешіліктің пешпентін киіп, материалдық құндылыққа құнықпады. Сөйтіп бойына иман байлығын жинаған қазақ қыздарының падишасы атанды. Тіпті Шәмшә әпкеміздің қазасының өзі де ерекше. Өйткені ол Қасиетті Рамазан айында фәни жалғанның есігін жапты. Рамазан айында көз жұмғандарға бақи дүниеде көп сұрау болмайды, жұмақтың төрінен орын беріледі деп жатады шариғатта. Бұл да бір Жаратқан иеміздің өзінің жақсы көрген құлына деген мейірімі шығар, бәлкім.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Бифат ЕЛТАЕВА 20.05.2022, 14:08
Бақыт Әмірбек: «Ескі әндердің орны әрқашан бөлек»
Әділ АҚЫЛБАЙ 20.05.2022, 10:40
Киелі жердегі мәдениет фестивалі
Айнұр ӘЛИ 17.05.2022, 11:25
Dаrknet: қараңғы әлем
Бекен КӨКІШҰЛЫ 17.05.2022, 08:57
Халықтың ұлы
Дос КӨШІМ 13.05.2022, 14:10
Түлкі мен тырна
М.СӘУЛЕБЕК 13.05.2022, 08:58
Мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын шалғайдағы ауыл халқы көріп отыр ма?

Аңдатпа


  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01
  • Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
    23.05.2022, 10:30
  • Мусин міз бақпайды
    19.05.2022, 08:52
  • Сор болған стрестік активтер
    19.05.2022, 08:56