Пенденің ақыры

Сайт әкімшілігі

10.09.2021, 15:00

2132

Көпшілік ақ матаға орап, үш жерінен буылған мәйітті үңірейген көрге жайлап жайғастырды.

Жиналғандар бір-бір уыстан топырақ салысты, оралған түйіншекті де қазылған молаға төгісті. Аузы қыспен қаланып, үстіне жас топырақты бұрқырата үйген соң, көр қазушылар күректің сабымен үшкірленген моланы соңғы рет сипап өтісті.

Ақ киінген молданың даусы естілді:

— Жарандар, Қалмахан марқұм жақсы адам ба еді?

— Ия, жақсы адам еді!

— Молда соңғы дұғасын оқыды да қалың жұрт бет сипасып жолға түсті.

Мен келе жатып өткенге берілдім.  

                                   *      *       *       *       *

Әкесі Әміртай бейшара бойшаң адам болатын. Жүргенде төмен қарап, қолдарын сермеп адымдай қозғалатын. Ұмытпасам, алты әлде жеті жасар кезімізде екеуімізді достастырған да өзі. Мұғалім, кейін бізге сабақ та берді. Қай жылдары еді сол? 1956 жылдары ғой деймін. Онан бері қанша қар жауып су ақты. Өткен заман. Кері айналмас уақыт. Осы Қалмахан булығып кейін өсті. Алғашқыда  денешынықтыру сабағында ең соңында тұратын. Бойшаң, денесіне қарап: Е, әкесіне тартқан да, деп ойлайтынбыз. Ол қызық еді.    

Ауылдан шыға берісте совхоздың үлкен сарайы болатын. Тура асфальт жолдың бір бөлігін кесіп алып табанына төсеп қойғандай теп-тегіс еді. Ішіне кіріп үш-төрт бала велосипедпен жарысамыз. Қарауыл Шәріп деген өзбек ағайын болатын. Сол келіп қалмаса екен дейміз. Айтқандай, сонау ашық қақпадан дауыс естілді:   

— Ей, чықыңлар онаңның...

Сонан біз шығып, ол қуып… Осы Қалмахан бейшара сонда не дейді десеңші?

— Қолың жетсе ұра ғой!

— Мә, сенгә!

Шәріп қарауыл қамшысын сілтеп қалды.

Қайдан! Асау ат жақындатпайды.

Алдынан ұрайын десе Қалмахан ескі велосипедін алдына тосады, артынан ұрайын десе, айналдырып артына тосады. Біз болсақ күлкіге көміліп қалғанбыз.

Е, өтті ғой балалық шақ!

«Біреуге жасаған жақсылығың мен жамандығыңды иығыңда отырған періштелер жазады» делінген Құранда. Мен білетін Қалмаханның жақсылығы болмаса жамандығын көрген емеспін.    

Өмір керуен! Жайлап сырғиды. Орнына жас ұрпақ келеді. Сонан кейін… Ол өмірдегі майда есепке жоқ болатын. Бірде квартирамызға келген. Үстінде ине-жіптен жаңа шыққандай қара костюм. Ойымда ешнәрсе жоқ. Қатар болған соң: – Дос, ақыры киінген соң костюмнің ашық түсін алмадың ба, сәл де болса бозарып көрінетін едің, – дедім. Қалжыңым ғой. Ол аңырап қалды да:

— Мен қазір.

— Оу, қайда?

— Отыз мүйнет.

Біраздан соң келіп тұр. Үстінде су жаңа ақшыл костюм. Жай айта салғанмын. Кейін өзім өкініп қалдым.

— Қалай, жараса ма? Оңды-солды үстіне қарап қояды.

— Қатып тұр!

Есіме түсті. Бір қызды оған сыртынан көрсеткенмін. Жатақханада тұратын. Бүгін соған жолығамыз деген күн екен. Ол кезде Райсобесте кіші қызметкер боп істейтін. Ол екі сөйлемейтін. Бір-ақ кесетін. Мінезділер көп қиындық көрмейді дейді. Солайы солай шығар.  

Әкесі мұғалім болған дедім. Сол айтатын: «Балалар, қандай мамандықты таңдайсыңдар, осы бастан армандай беріңдер», – деп. Ойын баласымыз ғой, сөздің төркінін түсінбеппіз. Сөйтсек, келешек өмірге төселе берсін дегені екен ғой. Қайдан білейік.  

Қалмахан «Нархозды» сырттай бітірді. Үйленді. Жайланды. Баяғы қызға емес, басқа қызға. Кейін Райсобестің басшысы болып жұмыс атқарып, зейнеткерлікке сонан шықты.    

Кейін аудан орталығынан жаңа үй салып, соған көшті. Бірді-екілі барып қайтқанмын. Бұрынғыдай емес шөгіп қалған. «Мен демалайын», – деп, бірге шай ішуге келмеді де. Өзі айтпағанмен беттері солып көз нұры қайтып қалған. Әңгімеге айналдырып ары-бері жүргізейін дегенімнен түк шықпады. Сүйекті ірі адамның мұндай күйге түскенін бірінші рет көріп тұрмын. Әзіл айтып, баяғы мектептегі көріністі еске салып едім, жай ыржиды да қойды. Аяқ-қолдары ебедейсіз. Баяғы Қалмахан қайда? Мынау көрініс қайда?  

Біраз әңгіме айтқан болдым да орнымнан тұрдым. Ол басын жайлап көтерді де: «Келіп тұр», – деді. Есікті ақырын жаптым. Үш күннен соң жайсыз хабар келді, Қалмахан дүниеден озыпты…   

Шариғаттанушы молдалардың айтуынша, адам қайтыс болғанда денесі қабірге кіргенімен, жаны шырқырап ұшып жүреді.  

Менің ақкөңіл досымның жаны да ұшып жүрген шығар. Анау мұнартқан таулар, биік аспандағы ақ бұлттар да оған дым емес. Онда да өмір бар. Мәңгілік өмір! Жан өмірі. Жаңадан үйілген қабірге соңғы рет қарадым. Пенденің ақыры деген...

Кім біледі? Беймәлім дүние!

Тегтер: проза поэзия ақын пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 13:00
Пешене
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 23:09
Талас Омарбеков дүниеден өтті
Оңалбек ӘУЕЛБЕКОВ 02.12.2021, 13:12
Қажымұқанды насихаттау – қазақты құрметтегенмен бірдей
Жақсыбек САЙЛАУБАЙ 02.12.2021, 11:19
Ана - бақыт, ана - деген шырағың!
Жарас КЕМЕЛЖАН 02.12.2021, 09:00
Светқали Нұржан: Басымды шауып тастаса да, тілімді кесіп, қаламымды тартып ала алмайды
Қуандық ТҮМЕНБАЙ 01.12.2021, 16:47
Саябақтағы классикалық әуен

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14