Пешене

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ

07.12.2021, 13:00

2632

«Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,

                                         Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ...»

 Абай

 Тақтайдай тас жолмен зымырап келе жатқан қара «Мерседес» ішінде екі кісі. Рөлдегі сыптығыр қара жас жігіт баранканы сығымдай ұстап, алға қарап келеді. Артқы орынға жайғасқан  қырық жас шамасындағы қысық көз, етжеңді жігіт қаладан шыққалы жағы сембей әңгіме айтып келе жатты да, аяқастынан үнсіз қалған. Жүргізуші «апырым-ау, неге тыныштала қалды» деп мойын бұрса,  пысылдап тәтті ұйқыға кетіпті. Ылғи осылай. Қайда барса да, жарты жолды өстіп ұйқымен өткізетін. Бұл да жақсы. Жылдамдықты жүз жиырмадан асыруды қаламайтын қожайынның қорылдап жатқанын пайдаланып, уақыт ұту үшін шофер газды аямай басып, ұшыртып-ұшыртып алатын.

         Ұйқысы қанды-ау деймін, бір кезде оянған бастық басын көтеріп, аспаннан түскендей. 

   – Қай тұста келеміз? – деді есінеп-құсынап.

   – Жамантұздан өттік.

         – А-а… Жамантұз дейсің бе? Жамантұз-з!.. Естімеген елді мекен...

       – Едіге Ануарович! Жамантұз – бұрынғы аты ғой. Жаңылыспасам, қазір Кенесары аталады.

         – Кенесары, Кенесары!.. Қазақтың соңғы ханы… Төре тұқымынан… Жә, саясатта нем бар? «Саясат – сайқал қатын» дейді тарихшы досым Бекайдар. Енді бірер сағатта Петропавлға да жетеміз. Көкшетауда бір жақсы рестораннан тамақтанайық. Ас – адамның арқауы. Асқазанды ренжітуге болмайды.

            – Айтсаңыз болды, Ануарович.

            – Радионы қосшы, жаңалық тыңдайық.

         – Қазақ радиосын ба?

         – «Шалқарды».

            Сырт етіп қосылған радио толқыны сайрап қоя берді:

         – Қымбатты тыңдарман! «Шалқар шаңырағында» хабарын тыңдауға шақырамыз. Тікелей эфирдің бүгінгі қонағы – елордамыздағы «Нұр-Астана» мешітінің наиб имамы Рахметолла Оразұлы.

         –Қош келдіңіз! Өзіңізге мәлім, қазіргі таңда жасы келген әке-шешесін қариялар үйіне тапсырып жатқандардың арасында қаракөз қазақтардың көбейіп бара жатқаны көңіл қынжылтады. Қазақ қауымында мұндай жағдай бұрын болды ма?! Жетім-жесірін жылатпаған, ата-анасының алдынан кесе-көлденең өтпеген қазаққа бүгін не болған? Осыған орай, шариғаттың қандай уәжі бар?

         –Бисмилляһир рахманир рахим! Дұрыс айтасыз. Ешкімге қол созбай, масыл болмай, бұл өмірді жақсы аяқтау – әр адамның мұраты. Алайда жасы келген кісілер ішетін асы, киетін киімі, денсаулық қажеттіліктеріне байланысты алдымен отбасының, содан соң қоғамның демеуіне, сүйеуіне мұқтаж болуы ықтимал. Бір қартқа таяныш болып, көмек қолын созу мен оның өміріне араласып, еркіндігіне кедергі болудың арасында нәзік бір сызық жатады. Сол үшін өте мұқият болып, лажы болса, үлкен кісілердің өз қажеттіліктерін өздері өтеуіне мүмкіндік беру керек. Олардың өздеріне тән жеке шешімдері, пікірлері және сезімдері бар екенін ұмытпай, кісіліктеріне зиян жасамай, отбасында еркін өмір сүруіне жағдай жасауымыз қажет. Біріншіден, ондай жағдайды жасайтын, әрине, кәрі кісілердің өз перзенттері. Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафа ғалейһи салам: «Ата-ананың ризашылығы – Алланың ризашылығы, ата-ананың батасы – Алланың батасы», – деген.

         – Өшірші ананы...

         Әлгінде ғана беріле тыңдап, радионың ішіне еніп кетердей қалып танытқан бастығының табан астында өзгеріп, ашуланғанын көрген жүргізуші жігіт аң-таң.

     – Едіге Ануарович, бір жеріңіз ауырды ма? Әлде әке-шешеңізді  сағындыңыз ба?

            – Анам екі жыл бұрын қайтқан, ал әкем жалғыз тұрады.

             – Жалғыз дейсіз бе? Үлкен адам шығар...

            – Үлкен кісі… Қолымызға алайық десек, туған жерден кеткісі жоқ.

            «Өтірік айтпайтын шығар, – деп ойлады жүргізуші жігіт. – Бірақ мен жұмысқа тұрған жарты жылда әкесін еске алғаны алғаш рет… Адамның жеке басында нем бар. Әр кәлләнің өз пайымы болады емес пе?!»

                                                                               

                                          ***

           Сарша тамыз. Шаңқай түс мезгілі. Ауыл тұрғындары есік-терезелерін тұмшалап, аптап ыстықтан бас сауғалайды. Көшеде бейсауат жан некен-саяқ, ит екеш иттер де үйшіктеріне тығылып, тілдерін салаңдатып жиі тыныс алады. Жайшылықта ұзап жайылатын жылқылар да өзен жағасында біріне-бірі тұмсықтарын тыға түсіп шыбындайды.

         Осы сәт ауыл ортасындағы көк шатырлы үйден қызыл жалын лап берді, ізінше қара қошқыл түтін будақтады. Өзеннен келе жатқан жалаңбас, жалаңаяқ балалар:

         – Өрт, өрт!

         – Кімнің үйі?      

         – Тездетіп жетейік, – десіп, улап-шуласа жүгіре жөнелді. Бәрінің көкейінде «кімнің үйі» деген сауал бар. Топшылағандарымен толық білмейді, аптығып-алқынып жеткендерімен, көздері бақырайып тұра-тұра қалысқан.

          Үйге жапсарлас салынған қора төбесіндегі ескі шөптің иесі Әнуар кәрия-тұғын; әуелде осы жерден  басталған қызыл жалын сәлден кейін шатырға тиіп, сытыр-сытыр жанып жатыр.  Сүріне-қабына жеткен кемпір-шалдар мен әйелдердің біреуі  шелекпен су шашып жатса, енді біреулері ескі көрпе, күпәйкемен жерге ұшып түскен отты сабалап жүр.

         – Оу, халайық! Әнекең  қайда?      

         – Үйінде болуы тиіс.

         – Науқастанып жүр еді.

         – Көптен көрінбейді, бәсе-е!..                                                         

         Соңғы кезде сіркесі су көтермей, тұла бойы зіл тартқан Әнуар ақсақал бұл кезде қалың ұйқыда болатын. Сексенге дейін ыңқыл-сыңқылды көп білмеген қарт кәрілік шіркіннің бұғалық  салғанын мойындап болған. Тәңірі екі аяқты  құлының күш-қуатын кемітіп, жүрегінде зәредей иманы  болса тәубесіне түсіріп, сағымдай бұлдырап, қайран да қайран қалып бара жатқан сағынышты жылдарын жадына түсіріп, өкіндіріп, өксітіп, о дүниеге ыңғайлайды екен-ау! Нарттай қызыл шырайы, қажыр-қайраты қайда кешегі?! Белі құрғыр да қақсайтынды шығарған. Тіпті болмағасын он жылдай кәсіп еткен қоймадағы күзетшілік жұмысын да тапсырып берген.      

         Елу жылдай отасқан кемпірінің барзақ әлеміне аттанғанына екі жылдан асқан. Үміт бар ма күтетін? Болжаусыз, беймәлім екен ойласа… Әлде қолды бір-ақ сілтеп, қаладағы баласының қолына кетіп  отыра ма? Майшаның жылын өткізген соң, Алматыға  жиналғанда тоқтатқан ұлы еді. «Қартайып тұрған жоқсың, денсаулығың сыр берсе көшіріп әкетем. Сіздің арқаңызда соғымнан тарықпаппыз. Қоныс аударғанның жөні сол екен деп, үйдің бағасын арзандатпаңыз. Жылқылар жүре берсін, қой мен сиырдың он шақтысын  сатып, қалғандарын көршілерге қосып қойсақ  қайтеді?» – деген соңғы  келгенінде.

         – Ойланайын, балам.

         – Ойланыңыз, – деген  ұлы сөзін жалғастырып. – Өзіңіз жақсы білесіз, сүйенішім жоқ. Ондай «жанашырды» бүгінгі тілмен  «крыша» дейді. Жалғызбын! Өзім кіндіктен сыңар едім, балам да біреу. Келініңіз өнер соңында жүрген соң, осы ұлмен шектелгенбіз.

         – Келешектерің  алда емес пе?

         – Қырықтан астық, енді кеш қой, әке.

         – Уақыт көрсетер,  сөзіңді жалғай бер.

         Жасына жетпей бұғағы салбыраған, үрлеген қарындай домаланған баласы қалтасынан темекінің жылтыр қорабын шығарып тұтатқан. Ащы түтінді үсті-үстіне сорды.

         – Неге соншама әуессің шылымға, жиілетіп жібердің манадан.

         – Жаман ғадет, қоя алмай жүрмін… Әңгіменің қай жеріне келіп едік?

         – Жалғызбын дедің...

         – А-а, иә-ә!.. Қол жеткен осы тірлігім, пысықтығымнан...

         – Олай  күпірлік жасама! Алланың нәсібі де! Құдайсыз – қу шөп сынбайды!

         – «Береген қолым – алаған» демей ме?! Әретесіз не бітер?! Айтыңызшы?! Былайша айтқанда, өмір – күрес. Жансебілдікпен алға ұмтылу. Қажет жерінде біреуді ағалау, біреуді жағалау. Бүгінгідей дағдарыс кезінде барлық мәселені шешетін – көк қағаз. Доллар! Ақша-а! Ақша-а! Әйтпесе Алматыдай мегаполисте қаңғырып далада қаласың. Мың теңге сұраңызшы біреуден, берер ме екен?! Әй, қайдам. Мен танитын крутой жігіттердің  көкелері жоғарғы жақта отыр. Солар айбар, солар қорған оларға. Жылма-жыл өткізілетін тендер дегеніңіз көзбояу. Фальш! Кімнің тоқпағы мықты болса, сол жеңімпаз. Көкең күшті болса, жол ашық. Тендер дегеніміз – ашық жеңдер деген сөз. Мен қызмет істейтін құрылыс компаниясының Қазақстан бойынша бірнеше қалада үлкен-үлкен құрылыстар жүргізіп жатқаны бірінші басшымыз Еділбай Серғазыұлының арқасы. Оның да «крышасы» жоғарыда. Крыша болғанда қандай! Ол енді құпия, секрет.

Әңгіменің жалғасын  газетіміздің №98-ші санынан оқисыздар

Тегтер: проза поэзия ақын пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Төреғали ТӘШЕНОВ 18:01
ҚАҢТАР. ҚАРА ҚҰЗҒЫН
Бифат Елтаева 25.01.2022, 14:28
Жанат Бақыт: «Қазақи киімді тек наурыздың 22-сі күні киетін әрекетіміз ұнамайтын»
Думан Рамазан 25.01.2022, 10:36
ТОР (әңгіме)
Ғарифолла ЕСІМ 20.01.2022, 16:06
Ойлан, қазақ!
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 18.01.2022, 16:08
Қаза тапқан сарбаздардың ордені ата - анасына табыс етілді.
Сайт әкімшілігі 14.01.2022, 14:20
Бір Алла дегеніне сеніп қалдық – Тұрсынбаеваның тренингіне қатысқандар өкініп жүр

Аңдатпа


  • Байлар 30 жыл «жиып-тергенін» «Қазақстан халқына» қия ма?!
    20.01.2022, 08:50
  • Біреуге бас қайғы, біреуге «мал» қайғы
    20.01.2022, 08:49
  • Алматыны «терроризм астанасы» етпек болды
    20.01.2022, 08:48
  • Қазақстанда билік төңкеріледі - үндістандық көріпкел Арченаның айтқаны келді
    19.01.2022, 00:00
  • «Аш адам ұрысқақ келетінін» ұмытпасақ екен...
    19.01.2022, 08:48