Қалауым компартия

Амангелді СЕЙІТХАН

15.10.2020, 10:17

1609

–    Елдің бәрі  «Ауылға» барып жатыр, сенің жүрісің мынау.

Есік алдынан қарсы алған әйелімнің айтқаны осы болды.

–    Мен қайдан келдім сонда?

–    Әй, шарбағы тозған, шөбінен шаңы озған ауылыңды айтып нем бар, түрі  түзудің бәрі өтіп жатқан «Ауылды»  айтамын!

–    Қызық екенсің.

–    Солай құтыласың да. Басқа амалың бар ма?  Ештеңемен ісі жоқ сен байқұс тіпті анау Праймериздің де не екенін білмейтін шығарсың?

–    Тағы бір сериал табылды ма не? Елге бір аптаға кетсең осы ғой.

–    Сериалың әдіра қалды қазір. Нағыз мелодраманың бірнеше сериалын өткізіп алдың. Дауыс күткендер серейіп қалды. Екінші тур алда! Қызық әлі жалғасады. Қазір олардың мейманасы тасып, қаны көкке шапшып тұр. Ойпырмай ә,  не жақсылар жүрген екен ғой, арамызда. Жүгенін сыпырып, ел алдына шығарып еді, кетті дейсің, айды аспанға көтеріп. Сөздері қандай! Айтып жатыр айызыңды қандырар әңгіменің не төресін!

–    Тағы не науқан басталып кетті, сонда?

–    Басталғанда, әне-міне мәресі де көрінеді. Ауылда екі апта емес, екі ай болғандайсың. Әй, бірақ қалада жүрсең де қатырып саясат ұғатының белгілі ғой, сенің. Анау біреуі бар ғой, сымбатты екен. Енді бірі шешен. Құдай-ау тығылып жүре берген, шіркіндер. Тығынан ағытып еді, ағыл-тегіл кетті дейсің. Ауаны тегін жұтасыңдар дегеніне тіпті риза болдым.

–    Не, бүгінге дейін ауаны ақы төлеп жұтып па едің?

–    Ой, саған кісі деп әңгіме айтқан өзім де обалсызбын. Астар дегенді білесің бе, осы сен? Жігіттің сұлтаны анау, астарлап жеткізгені, жетеліге. «Ауаны тегін жұтасыңдар», – дейді. Одан артық қайтып айтады, әй! Өткенде көрдің ғой, бәлністе ауа жұтқызатын аппарат жетпей көршіміз Келгенбайдың тұншыққанын. Праймериз перісі ертерек депутат болып, ауаны тегін жұтқызғанда жарықтық Келгенекең әлі де арсалаңдап арамызда жүрер еді ау...

–    Е, ЖТА десейші.

–    ЖТА болса, ЖТА. Ауаны тегін жұт, ә? Мен де айтып тұрмын соны. «Депутат болсам ауаны тегін жұтқызам», – дегенде,  әлгі кезде табылмаған жасанды тыныс алу аппаратын айтады да, үйіп тастайын деп отыр ғой.

–    Сайланғанша бәрі жақсы, сайланған соң солардың демі дұрыстығына күмәнмен қарап жүресің.

–    Мейлі ғой. Қазір рахат, есесіне. Айтпақшы, бірінші кезеңнен өтпей қалғандар қатты өкпелеп қалыпты.  Күн сайын тың ұсыныс айтып, қырам-жоям дегенде құлап қалыпты.

– Таңдау болған соң құлайды да...

–  Әй, «Ауылды» текке айтқан жоқпын. Қысы-жазы сен де ауылға шабасың. Туыстарың жер қопсытса, сен біргесің, арам шөбін жұлу, суғару, тіпті жиын-терінге дейін араласқаның шындық қой. Бірақ жөн білетіннің бәрі қазір «Ауыл» жағалай бастады. Е, сені қайтеді, олар. Түрің түгілі түгің де жоқ.

–    Сабаңа түс, солдат болу қолдан келді, мандат алу біздің не теңіміз.

–    Праймериз қызығына еніп, қиялдана беретін болдық қой. Дұрыс айтасың...

–    Одан да шай ішейік. Шай қайнағанша мызғып алайын.

–    Міне, жігіт! Қалай миыма келмеді ә?

–    Не!

–    Мызғығаныңды, мызғуды ғана емес, көз шырымын алғандағы қорылыңды айтам!

–    Кетші-ей!

–    Кеткенің не, шыным, сенің қорылыңда үлкен мән жатыр. Анау қалғып жиын кезінде қалғып кететіндерден, ия сосын Косыревтен бір кем емессің. Мәссаған! Әй, осы жас кезіңде тракторың бұзылғанда дөңгелегін тебуші едің ғой?

–    Не бопты?

–    Қазір де қайратың қайтып тұрған жоқ. Озғанның тракторы үйінде тұр. Елеместің ұлы жаңа телефон алған. Шайды қоя тұрайық. Озғанға барайық!

–    Не деп кеттің?

–    Идея! Қалай басым істейді, а! Жас күніңді еске алып, трактордың дөңгелегін екі-үш рет тебесің. Жамбыл көкемнен қай жерің кем? Жәкемнің біреуді теуіп жайртқанын көрген кісі жоқ. Есесіне, ол кісінің неше түрлі белбеуі бар деседі. Тепкіш екен. Сен де осал емессің, дөңгелек тебетініңді бүкіл ауыл біледі.

–    Жәкеңі кім, тепкені несі? Түсіндірші маған.

–    Түсінудің түкке керегі жоқ. Солардың бәрі бірдеңені түсініп айтады дейсің бе? Түсінбегеннен соң айтады. Қоңыровтан қай жерің кем, мысалы? Оның үстіне Күләйдің қарызын кешірейік деп, көршілер чатында бастама көтерген де өзің ғой. Қоңыровтың кешірімінен  көш ілгері. Құр сөз емес. Нәтиже бар! Әне, Озған тіпті кешіріп те жіберді, қарызын. Тағы тоғыз көрші Озекеңнің челенджін іліп әкетсе, сенен өткен кешірімшіл болмайды. Күләйға қарыз бермесең де алашағы бардың  бәрін үгіттеп, берешектен арашалап алуға аз тұрсың. Өзім де түс көріп едім.

–    Дым ұқсам қайтейін...

–    «Ұқпаған ұшпаққа шығады», – деген заманауи мақал бар. Сенің келбетің көз алдымда қалыптасып келеді. Айқындала түстің. Жамбыл ағай да талайға келді. Косырев әне-міне, несіне кетеді зейнетке. Қанша ғұмырын саясатқа сарп етті. Жас коммунистер жоқтың қасы, оның үстіне өзің де айтқансың.

–    Нені?

–    Баяғыда танысқан кезде ше?  Арманым озат механизатор болу еді. Одан коммуниістік партияға өтіп, съезге делегат атанып, елге орденмен оралу. Кеңшар ғана емес, Кеңес Одағының өзі тарап кетіп, арманым желге ұшты деп едің ғой. Міне, сәті түсіп тұр. Бағдарламаңды тастай етіп жасап берем!

–    Сен де айтасың!

–    Айтпағанда! Әпкем кезінде мұғалім болды. Солардың көмір сатып алғанын көрдің бе? Сібеттің ақшасын да үкімет төлеп беретін. Праймеризге түскен оны мыңның бағдарламасын түгел оқыдым. Бірінің ойына келсеші, Мұғалімнің коммуналдық шығынын өтеп береміз деген ешкім жоқ. Совет елі балалардан айналушы еді ғой. Қазір баланың киімі бабаның мұрасынан қымбат! Екінші азат жолға соны жазамыз. Көбі сол қазақ тілінің мәселесін қозғап, ұпай іздеді.

–    Дұрыс қой енді

–    Дұрыс дәнеңесі де жоқ. Жер тұрғанда қазақ бар. Қазақ барда, қазақ тілі өлмейді. Сөйлейтіндер сен ұрандатпасаң да сөйлейді. Сөйлемейтіндер сен сөзіңе қылқынып қалсаң да жақ ашпайды. Қысқасы сенің ұраның мынау: «Қазақ қазақпен түрікше сөйлессін»!

–    Не дейді?

–    Не естісең, сол! Қазіргі қазақ түрік сериалдарын көреді. Соларға сенің ұраның майдай жағады. Тағы да сериал көбейеді дейді, маңызды әрі өзекті мәселені көтеріп отырсың. Ал, іші кепкен блогерлерге тіпті ермек. «Мынау не дейді», – деп тақырып қояды да, тағы бір қырт шықты деп сені жерден алып, жерге салады.

–    Өлдің де!

–    Қырттардың қыжыртпасынан өлген ешкім жоқ, әзірге. Саған да ештеңе болмайды. Қайта атың шығады, даңқың өседі. Сыртыңнан саусақтарын шошайтып, мәз болысады. «Әлгі, қазақ қазақпен түрікше сөйлессін», – дейтін ше десіп, сенімен суретке түсетін болады әлі! Елде жас коммунист жоқтың қасы деп мана айттым!

–    «Мана, сана»! Томирисшілемей тұра тұршы. Қайдағы жас коммунист? Қырық тоғызда екенімді ұмыттың ба?

–    Қалай ұмытам? Сен де сол Кеңес Одағында өмір сүрдің ғой. Шіркін, политбюро мүшелері қандай еді! Жарықтықтардың аты–жөнін жатқа айтушы едік қой. Горбачкев, Лигачев, Слюньков, Зайков… Шетінен шырт–шырт түкірген шалдар еді! Өзіміздің Косыревтің төлқұжатын қарашы! Талып қала жаздайсың, қалай жақсы сақталған деп. Төлқұжатын емес, түрін айтамын. Ахметбек атамның ұрпағы да талайға келді. Ең жасы сенсің! Бірақ, анау достарыңа айтпа! Бәрінің қалауы компартия болып, мандатсыз қалмайық!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 29.10.2020, 11:15
Оның жыры шырқалды – ГИМН болып!
Сайт әкімшілігі 29.10.2020, 10:17
Дос туралы сыр
Айжан БҮРКІТБАЕВА 29.10.2020, 09:17
«Алтын қалам» жылдың ең үздік қаламгерін анықтады
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 17:54
Карикатушыларға арналған республикалық байқау жарияланды
Жабал ШОЙЫНБЕТ 27.10.2020, 11:01
Қазақты, Абайды қорлау – ұлттық құндылыққа шабуыл...
Тілекқабыл РАМАЗАНОВ 27.10.2020, 10:29
Азамат. Ғалым. Дос

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    29.10.2020, 11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04