Қанай-Ханеке!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

14.09.2021, 11:30

433

Дүрия дүние дөңгеленіп бір орнында тұрмайды екен: сағымдай бұзылып, сабындай еріп мың құбылады. Адамдар да замана ауанына қарай төңкеріліп, жаңа қоғамға лезде-ақ бейімделіп, бірі ұтқан сайын жұтынып, бірі қаптаған иірімдерге жұтылып, білімі мен біліктілігіне, айласы мен ақылына, қулығы мен сұмдығына қарай өмірден өз орындарын табады екен. Талай тереңдерге үңілген тарихшылардың айтуынша, бабаларымыздың бабалары, тіптен әрідегі Адам Ата мен Хауа Анамыздан кейінгі ұрпақтары тас, қола дәуірлерін бастан кешкен ғой. Аш-жалаңаш жүретін қайран бабаларымыз өмір сүру үшін әуелі тас, ағаштан қару жасап, момонттарға, динозабрларға топтанып шабуыл жасап, оларды бір ойпаңға не жыраға аудап әкеліп, тасборан жасап өлтіріп, етін шикілей жеп күнелткен. Бірте-бірте үстіне жай түсіп өлген аңның дәмін татып көріп, қақталған еттің дәмді болатынын біліпті.Осыдан соң от тұтатуды үйренген. Бертін келе кен қазып, темір қорытып, қылыш, найза, қалқан, жебе жасап, жауларын ойсырата жеңудің оңай жолын тапты. Түп- тұқияндары осындай тапқыр адамдар болғанда, басқасын былай қойғанда баласына дейін баскесер болып тұрған құбылмалы, кезенейлі кезеңде адамдар айланың неше атасын меңгерді. Оларға тіптен адамнан-Алдаркөсе, аңнан-түлкі ілесе алмай қалды.

         Ұстараның жүзіндей мың құбылып, алуан рет аударылған осындай заманның көшіне жүгі аумай әлескендердің бірі Қанабек еді. Кеңес үкіметі күйреп, ескі жүйе жүресінен омақасып, жаңа қатынастар орнай бастағанда Қынабек ылдым-жылдым ептілігімен танылып, едәуір жонданып алды. Бәз көріп-білмеген, бабаларымыздан аңыз болып жеткен Айдаһар жеген жалмауыз ұйқысынан оянғанда қарыны ашқаны сондай қомағайланып аран ауызына не болса соны тоғыта берген дейді ғой. Сол сияқты Қанабек те ата-бабалары аштықтан көнек ауруына қшырап, ісіп-кеуіп өлгелі жатқандай тапырақтап, қармап қалудың жолында ашкөздене ұмтылды. Молшылық пен тоқшылықтың майы сыртқа теуіп, семіздіктен жарылғалы  тұрған бақарлы-шақарлы кеңшар тарады да жайылымдағы үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе, табын-табын сиыр, отар-отар қойдың біраз бөлігі директордың еншісіне тиді де, қалғанын өңшең «бастар» бөлісіп алды. Бұл «бастарда» да едәуір салмақ бар еді. Кеңшар деген кішігірім құрылымның өзінде бас зоотехник, бас малдәрігері,  бас есепші, бас экономист, бас агроном, бас инженер-прораб, бас селекционер-малдәрігері сияөты бірталай «бас» бар-ды. Бас болған соң оларда да көз, құлақ, тіл бар. Бәрінен бұрын қанша асаса да тоймайтын аран ауыз бар. Қаптаған ауызға әлдене тастамасаңғ қауып алады. Арғы-бергіңді қазбалап, жұмысыңнан әлдебір кемшілік тауып алады. Кеңшардың бірқатар мүұлкі «бастарға», одан қалғандары ферма, қойма меңгерушілеріне, партия ұйымының хатшысы, ауылдық кеңестің төрағасы, жастар ұйымының жетекшісі сияқты белсенділерге қыл үстінен үлестілірді.

         Құдауанда, осы кезде қырдағы қора-жайлар, небір мықты қоймалар, бітпей қалған құрылыстар, щабындық басында қалып кеткен техникалар, тауарлы-сүт фермасының, гараж, шеберхананың әп-әйдік ғимараттары, көп-көрім клуб пен айтулы асхана, мал бордақылау пунттері ешкімге керексіз болып қалды. Тіпті, иесіз қалғаны соншама, оларды «түұбінде керек болады-ау» деп ойлаған пенде табылсашы. Қолына машина, трактор, бес-он тұяқ мал тигендер «осыған да қанағат» деп миықтарынан күұліп, тоқмейілсіп тымырайып жүрді. Міне, осы кезде жоғарыдағы қырғын қазынаға аш бөрідей тиген осы өзіміздің Қанабек еді. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған соң кеңшардың түкке керегі болмай қалған ырғын дүниесі талан-таражға түсті. Оларды қисық шегесіне дейін түгін қалдырмай тасып әкеткен қырғи Қанабек.

         Көп ұзамай ауылда «ойбай, несің айтасыз, Қанабек қалаға барып үлкен кәсіпкер, жаңа қазақ болыпты» деген сөз желдей гуледі. «Сонда жаңа қазақ болғанда анасынан қайта туып па?» деп әйелдер беттерін шымшыласты. «Ауылда жүргенде шөп басын сындырмайтын еді, үлкен кәсіпкер боп не тындырыпты?» деп еркектер таңырқасты.

         Несің айтасың, айналдырған екі-үш жылда Қанабек қанардай қомпайып шыға келді. Бұрын салдырлатып ескі «Жигули» мініп жүруші еді, бұл жолғысының сорты да, сұрқы да алабөтен. Еңгезердей болғанмен, ерен жүйрік келісті көлік. Қанабек те көлігіне сай керги қалыпты. Шікірейіп, шіреніп жүрісі қандай! Екі езуінен түтінін будақтатып темекі шегуі қандай! Барлы-сайлы екенін әсте ұмытпайды. Шалқая түсіп, шырт түкіріп, ретті-ретсіз шарт кетеді. Тоқтықтан кекірік атып тұрса да аш иттей қабаған. Құтты бір ата-бабасынан қалған қанды кегі бар адамдай анаған да, мынаған да зәрлі көзін кектене қадайды. Оның сұсты да суық безерген бетін көргендер ық жағынан өтпесе, қарсы алдынан келе алмайды.

         Бақыт дегеніңіздің өзі кейде қарап отырсаңыз, көзсіз көбелек тәрізді. Айналып келіп кейде соқырдың, кейде қотырдың басына қона салады. Бақыт құсын қайда қондырарын Жаратушы Иемізден басқа білетін ешкім жоқ. Аядай ғана ауылда көптің бірі, қолдың кірі болып елеусіз жүрген ебелектей Қанабекті еңселі де екпінді кәсіпкер болады деп кім ойлаған? Дегенмен өзі ауылда жүргенде жә деген көкпаршылардың бірі болатын. Бойы мықыр болса да,  күші тықыр емес еді. Мен деген көкпаршының тақымындағы көкпарды жұлқа тартып жұлып алғанда алпамсадай алып адамдардың өзі қайран қалатын. Сірә, осы жұлқа тартып, көлденең килігіп, ұрымталдан ұрмалап, айласын асырып, сұмдығын жасырып көкпардан үйренгені бойына құт болған шығар-ау, жырымдап жинаудан, әлсіздерді қинаудан, жоқтан бар жасаудан, бір жүріп, екі асаудан алдына жан салмай жүр. Кешегі көкпаршы, бүгінгі кәсіпкер Қанабек жаңа дәуіріне сай жаңа есімге ие болған!  Бұрынғы аты қырт Қанабек, әрі кеткенде көкпаршы Қанабек еді, бүгінде оны Қанай, Қанаға деп аспандатады. Кім барып көрген, қонақ үйлері мен сауналарындағы жалдамалылары, бәлкім жалшылары «Хан аға!», «Ханеке!» деп табынатын көрінеді.

         Шіркін-ай, кездейсоқтық деген керемет күш қой. Бір замандарда өазан тқңкерісі жасалып, кедейлер байларға қырғидай тиді. Кедей белсенді болды. Жарлы жарылқаушы болды. Енді келіп дәуір дүрбелеңі килігіп, дәлдірдер мен дүмбілездер дүние кілтін ұстап тұр. Бүгінде екінің бірі-президент, үштің бірі-бас директор. Оңаша ортада да, қияндағы қалтарыста  біреулер «хан» атанып жүр. Бұдан асқан қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман болар ма? Бұдан асқан демократия болар ма?

         Заманына қарай амалы. Өкімет өгейсінген соң ауыл тұрғындары өз беттерінше тіршілік етуге көшті. Енді адамдардың арасалмағын ажырататын айна пайда болды. Екі тізгін, бір шылбыр қолға тиген соң адамдар бай, кедей болып бөліне бастады. Қанабек сияқты қақатұяқтар қожайынға айналды. Үйлерінде малай ұстайтындар да табылды.

         Бір күні ауыл дүрлікті.

         -Несің айтасың, Қанай ағай ауылдан фабрика ашады екен,- десті білетіндер.

         -Фабрика емес, ферма ашады,-деп түзетті оны екіншісі.

         -Жоқ, шағын кәсіпорын ашады,- деп нығарлады Қанабектің маңайында жүріңкірейтіндер.

         Сол жүріңкірейтіндердікі жүдә бек шындыққа жанасады. Қанабек өзі ту-талаөайын шығарып ауыл іргесіне автокөліктер қаптатты да құрылыс материалдарын үйіп тастады. Бұлш ауыл жастарына кәдімгідей жанбағыс көзі болып қалды.

         Кейін білді ғой, салынып жатқан құрылыс шлактан құйылған кірпіш шығаратын шағын кәсіпорын екен. Бүгінгінің тілімен мұны шағын бизнес деп те атайтын көрінеді.

         Пәленің бәрі өнім шығарғанда басталды емес пе? Ауыл жастары жұмыстан ат-тондарын ала қашты.

         -Әй, күшік! Саған мұндай жағдайды кім жасайды,ә?  Үйіңнің дәл іргесінен жұмыс тауып беріп тұр. Істе де теңгеңді алып, қажетіңе жұмса. Қазір мұндай жұмысты еш жерден итпен іздесең де таппайсың. Сонда сенікі қай мастану? Қай дандайсу?-деп әкелер балаларын бықпырт тигендей етті.

         Ауылдың әр-әр жерінде осы тектес ұрыс-керіс бұрқ-сұрқ қайнап жатты. Жастар ауылдарындағы кәсіпорынды көрсе кірпідей жиырылды.

         Сөйтсек, Қанабек «хан» жастарды 10-12 сағат ауыр жұмысқа жегіп, дуананың алдына тастайтындай ғана тиын-тебенді қолдарына ұстатады екен.  Бұған қала көріп қпйтқан жастар өлсе көнер ме?

         Қанабек қарап отырмады. Ол ауыл жастарын жұмыстан тырқыратып қуып шығып, орындарына ала шапанды ағайындарды қойша тоғытты. Шіркіндерде шаршау деген болсашы. Таңғы сағат бестен кешкі он-он бірге дейін бір тынбайды. Шлакоблок тау болып үйілді. Алушылар бірінен соң бірі ағылғаны сонша онсыз да топырағы шығып жататын жол ми батпаққа айналды. Шаңға батып қалған ауыл тұрғындары ауыр жүк көлігін көрсе бөжей көргендей тіксінді. Бірақ бқл қырман да ұзамай сарқылды.

         «Қанабектің жұмысшылары қашып кетіпті» деген сөз суық желдей сумаңдап ауыл-ауылға лезде тарады.

         Артынша Қанабектің оларды да қыспаққа алып, қаржыдан тарықтырғаны белгілі болды.

         Ауылдағылардың Құдайы беріп қалды. Көшені көктей өткен автокһліктердің күрк-күрк жөтелі, дыбыс ұлғайтқыштарының құлақ тұңдырар ащы айқайы, соңдарында көпке дейін ыдырамай қалып қоятын тыныс тарылтар қою қоймалжыңды шаң тиылды.Бірақ қпй жыртөыштың да соңында ізқі қалады емес пе? Ойдым-ойдым, балшық пен шалшыққа барынша мелдектеген жырым-жырым жанайқайлы жол, кәсіпорынның қаңқасы бір кездері Қанабек деген дөкейдің салтанат құрғанын айшықтап айқайлап тұрды.

         Ескі жараның орыны қарақотырланып біте бастағанда Қанабек үлкендігі пілдей, салмағы зілдей автокөлікпен екпіндетіп тағы келіп қалды. Қасында төрт-бес нөкері бар. Қабағы-қатулы, сәлемі-сатулы. Бұл жолғы жоспары да ерек, жосығы бөлек. «Ауылды гүлдендіремін, тұрмыстарыңды түрлендіремін. Жеке-жеке уақ шаруа қожалықтарының басын қосып ірілендіремін» дейтін көрінеді. Басқа да жоспарлары пішен.

         Иә, күшенсең, қолында нақты бизнес-жоспары бар Қанабек сияқты күшең!

         Бқлай боларын кім болжапты? «Соқыр атқа қотыр ат үйірсек» демекші, Қанабектің маңайына кілең бір әлдекедей жалаңдаған жылпос жәдігөйлер мен әккілер жиналак қалыпты. Бқларға көңілшек келіншектей көрінгеннің көлеңкесіне тығылатын жылтырлар қосылған. «Қашайын деп тқрған киікке тәйт деген соң не жорық?», тұтанғалы тұрған отқа май құйған соң оңа ма, өрт лаулай түсті. Ауылда «түлкі замандытазы болып шалар» ыңғайын күұтіп жүрген жылмағайлар да бар еді. Қанайдың ығына жығылып, айдауында жүретіндер бір қауым ел болып қалыпты. Олардың арасында аңғал да, арам да жүр.

         Негізінен бұрынғы бос қалған бірең-сараң қорада Қанабек мал өсіреді. Осында көкпарға ат баптайды. Қанабектің қарасын кеңейтіп жүргендер арасында жалдамалы жұмысшылары да бар.

         Япырай, жымың білдірмей, жібін ілдірмей жүретін жандардың жолы қашан да ашық-ау. Қай әкімнің кезінде келіп заңдастырып алғанын итім білсін бе, қожайынның қыр, беткейлерде пәленбай гектар егістік алқабы да бар екен. Күзге салым астық орған комбайндар дала төсін дүбірлетіп жатады.

        … Ауылдың ардақты ақсақалдарының бірі Алтынбектің үйіне он төрт-он бес жасар балап алқынып жетті.

         -Ата, сізді ертең сағат тоғызда ауыл әкімдігінде өтетін жиналысқа шақырады,- деді хабаршы бала.

         Енінен таныды, құрдасы Біләлдің немересі. Кетпекке асығып тұр.

         -Кәрі қойдың жасындай жасы қалған мені әкім неге керек ете қалды?-деп Бауыржанға сұрауды жүзбен қарады.

         -Білмедім, ата,-деп Бауыржан велосипедіне мінді.

         Ұзап бара жатқан балаға қарап Алтынбек ауыр күрсінді.  Өтіп бара жатқан заман-ай десеңші! Күні кеше осы неменің тұсаукесер тойында Біләл екеуі біраз жырғап еді-ау. Сол бала да әне-міне мектеп бітіргелі жүр. Өзі қолқанат болуға жарап қалыпты.

         -Балам! Жиналысқа атаң да келеді ме?-деп айқай салды Алтынбек ұзап кеткен баланың соңынан.

         -Келеді, ата келеді!

         «Е, онда менің де баруым керек екен» деп ой түйді Алтынбек. Шұғыл шақыруларына қарағанда мағызды мәселе бар ғой. Әйтпесе, тілерсегі тілерсегіне соқтығысып, құлағалы жүрген өлмелі шалды олар бастарына шайнап жаға ма?

         Әкімшіліктің аядай бөлмесіне бұл кіріп барғанда едәуір адам жиналып қалған екен.  Көптен көрмеген бірер шал-шауқанмен шұрқырап табысты. Өткен-кеткенді, биылғы егін шығымын, мал-жан амандығын әңгіме етісті.  Балалардың, келіндердің, немере-шөберелердің амандық-саулығын сұрасты.

         -Әй, мына жиналыстың мәнісі не екен?- деп Тоқтарбай қария әңгімені бөлді.

         -Үкімет коронавируске байланысты жұмыссыз қалғандарға 42500 теңгеден беріп жатыр ғой. Соны кімдер алатынын, кімдерге жәрдем берәлетінін айтатын шығар,-деп алдын-ала болжам жасап қоюға шебер Өтемұрат килікті.

         -Соны да бізбен ақылдаса ма? Өздері үйме-үй аралап көріп, кімге жәрдемақы тиесілі, кімге тиесілі емес, осылай анықтайды емес пе? Меніңше, бұл жолғы жиынның жөн-жосығы басқарақ,-деп Орынтай жағдайға қанық екенін аңғартты.

         Тауасар, Ерболат, Әукен сияқты ауыл ақсақалдары бір-бір ауыз сөз қыстырды. Атынша құрқылтайдың ұясындай шағын бөлме араның ұясындай гуілдеді.

         Кенет жиналғандар жым-жырттана қалды. Әлдекім «дөкейлер келе жатыр!» деп дабыл қаққан сыңайлы.

         Ауыл әкімі Оңғарбаймен бірге Қанабек бастаған қағынды топ акт залына кіріп келгенде жиналғандардың таңданысын көрсеңіз. Бәрінің де жүзінде әмынау тағы не бүлдіргелі жүр?» деген сауал аңталап тұр еді.

         Оңғарбай орындығына орнығып болып, жан-жағына «әй, мені жауға жығып бергелі отырмысыңдар?» дегендей жалынышты қарады. Содан-ақ бқл жиналыстың зорлықпен, әлдекімнің күштеуімен өткелі отырғанын аңғарды көпшілік.

         Әкім орнынан сылбыр көтеріліп, бүгінгі жиынның күн тәртәбән хабарлады.

         -Жолдастар! Ағайын-туыстар! Ақсақалдар! Күн тәртібінде бір ғана мәселе. Мына қыратта игерілмей жатқан бірнеше гектар жер бар. Соны мына Қанабек жерлестеріңіз алып, ел игілігіне пайдаланбақ. Ауыл тұрғындары тұрақты жмыспен қамтылады,-деп бір тоқтады.

         -Қай жерді айтып отырсың?

         -Анығырақ айтшы.

         -Игерілмей жатқан қандай жер өзі?

         -Сол жер Қанабекті күтіп жатып па?

         -Бұл құлқыны өмірі тоймайтын Қанабектің 100 гектар бидай, 50 гектар арпа, 30 гектар көкөніс егетін жері бар емес пе? Сонда бұл өзі тағы қай жерге көз тігіп отыр?

         Жиналғанар ұлардай шулады. Әкім сасқалақтады. Сосын қолындағы қаламымен шыны ыдысты ұрғылап, жиналғандарды тыныштыққа шақырды.

         -Әкім бала, мына дөй қай маңды сұрап отыр? Нақтырақ айтсаңшы.

         -Оған жер детпей қалды ма?

         -Жерге тоймайды екен өзі.

         Әкім қолын көтеріп, жұртты сабырға шақырды. «Не айтар екен?» дегендей жиналғандар тынши қалды.

         -Мына Қаражонның арғы беті көптен бері бос жатқан жоқ па? Қанекең сол жерді игеремін деп отыр,-деді әкім кекештеніп.

         Алтынбек шоқ басып алғандай ыршып түсті. Жиналғандар тұс-тұстан айқайға басты.

         -Ой, Алла-ай! Мына жалмауыз енді жұрттың жан бағып отырған жалғыз жайлауына қол салмақ екен ғой. Сонда ауыл малы топырақ жейді ме? Онсыз да ауыл іргесінде жайылымдық ұлтарақтай жер қалмады ғой. Енді кеп Қаражонның арғы бетін алса, күнкөрісі малға қарап отырған ауыл адамдары  шеттерінен оба тиген жан сияқты қырылады десеңші!-деп Алтынбек ақсақал қалай мінберге барып қалғанын өзі де аңғармай қалды.

         -Жер жұтқыр, жерге тоймайды екен,-деп Бәтима кемпір жер тоқпақтады.

         -Бұл Қанабек елді жарылқаймын дейді. Қане, жарылқағаны? Ана жылы ауыл жастарын қанап, бейбіт елді бір бөріктіріп еді. Ендігісі не?-деп Әукен таяғымен үстелді ұрғылады.

         -Ей, Қанай! Онда барсаң сенің жерің, мұнда барсаң сенің жерің. Сонда мына ағайындарын Ай мен Күннің аманында үйқамаққа қамалып, аштан қырылсың дейсің бе?-деп Тауасар ашудан тұтығып сөйлей алмай қалды.

         -Ата жауымыз жоңғардан да жаман болдың ғой, енді тартып алмаған неміз қалды?- деп Кеңбай шал кейіншектеп барып орынына қайта отырды.

         -Ағайын! Елім! Жұртым! Мына жемірдің атын Қанай деп бекер шатасып жүрміз. Негізінде мұның ныпсысы Қанау болу керек. Елді қанағаннан басқа бір түйір пайдасын көрдік пе? Айтыңдаршы, қане?-деп Салқынбек мінберге қарай тұра ұмтылған еді, оны жанындағылар жібермей ұстап қалды.

         -Ана жылы шлакоблок құямын деп ауылға ауыр жүк көліктерін қаптатып, шаң-топырақ астында қалдырып еді. Енді өрісімізді топыраққа айналдырмақ екен ғой. Жарылқағыш екенінді көрейін, сенің жұмысыңды істеймін деп екі баласы бірдей мүгедек болып қалған Тұрғанкүл әжейге қандай  қамқорлық жасадың? Әне, екі бірдей сотқалдай жігіт үйінде іріп-шіріп жатыр. «Мен кінәлі едім-ау. Көмек көрсетейін» деген ниетіңді көрмейміз,- деп Жұман жұлқынғанда жиналғандар бөрі тиген қойдай дүрлікті.

         Осы бір оңтайлы сәтте орайын тауып мінберге шыққан Қанабек:

         -Ту-у, ұлардай шулайсыңдар-ау, түге! Мен жер алсам, сіздердің қамдарыңыз үшін алып жүрмін.  Жыл сайын үйлеріңізге екі-үш қаптан ұн беремін. Мектепке, балалар бақшасына, жалғызілікті қарттарға жыл сайын демеушілік жасап тұрамын. Басқа да көмегімді аянып қалып жатқаным жоқ. Қаражон иесіз жатыр. Мен ол жерді өз пайдама алғалы отырғаным жоқ. Бәрі сіздердің қамдарыңыз. Жыл сайын қыста барлықтарыңыз шөп таппай қиналасыздар. Мал көп. Шөп аз. Ол жер шабындық. Мен сіздерге жыл сайын жеткілікті шөп түсіріп беремін. Тек балаларыңызды науқанға жіберсеңіздер болды. Айтыңыздаршы, қане, мұндай көмекті сіздерге кім береді?-деді әлі де көпшілікке тізгін бергісі келмей.

         -Мынау не шатып тұр? Жайылымды алғаның-малымызға қол салғаның. Жайылымы жоқ мал жұтамай ма? «Іріген ауыздан шіріген сөз шығады» деген. О, несі-ей!,-деп Ерболат шаптықты.

         Жиналғандар тұс-тұстан жамырап сөйлеп қайыру бермей бара жатқан соң әкім тағы да шыны ыдысты ұрғылады. Бірақ, бұған басыла салған адам көрінбейді. Есесіне шу үдей түсті.

         Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тұран түтігіп кетті.

         -Шырағым Қанай! Сені бір тәуір жігіт пе деп жүрсем, бас пайдаңнан басқа ешнәрсені ойламайтын оспадар жан екенсің. Мыналарға қарашы, бәрі өз ағайының. Сен осылардың соңғы ырзығын тартып алғалы отырсың. Адамгершіліктен, иманнан жұрдай екенсің. Жұрдай болмасаң, осыны істермісің?-деп қамшысымен үстелді салып қалды.

         Сарт ете қалған сақман дауыстан отырғандар селк етті. Іле шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштық орнады. Қанабек осы мезетті де құр жібергісі келмей, орнынан тұрды.

         -Мен бұл шешімді жеке-дара қабылдап отырғаным жоқ. Бастаманы ауыл белсенділері, кооператив төрағалары қолдап, маған келді. Мен оларға қарсылық көрсете алмадым. Жайылымды тиімді пайдалану жөніндегі жоспарымызды хаттап, аудан әкіміне апарып тапсырдық. Олар да бізді қолдайды,-деп кәсіпкер «енді қайтер екенсіңдер?» дегендей отырғандарға қоқилана қарады.

         -Оу, мынау не деп тұр? Сонда мұның қолтығынан су бүріккен белсенділер кімдер? Жоспар жасағаны несі? Біз оны неге білмейміз?-деп Тұран жан-жағына сезіктене қарады.

         Іштері қылп ете қалған төрт-бес жігіт сырғақтап сытылып кетпекке тырысты.

         -Пәдеріңе нәлет! Сендер екенсіңдер ғой, мынаны емексітіп жүрген. Жауыздар.Сатқындар. Бұлар ма, бұлар отыз жетінші жыл келсе, беттері бүлк етпей сіңіріңді созып, сирағыңнан ұстап жатырластарын, да жауға ұстап беруден тайынбайды. Құдай берін әрі қылсын, ашарылық келсе бар, ой, бірінің етін бірі жейтіндер осылардан шығады. Өй, өңшең қаныпезерлер. Боқшаларыңды жинаңдар да, залдан шығыңдар,-деп Алтынбек басқа айтарға сөз таппай булығып қалды.

         Бұдан әрі жиналғандар тоғанды жарып өткен тасқын судай екпіндеп алды. Біреулер Қанабек пен оның жарамсақ қолшоқпарларына бөріктерін атты. Ызаға булыққан көпшілік Қанабекті ағаш атқа мінгізіп жіберді. Боқтық пен айқайдың, қарғап-сілеудің арасынан зорға шыққан кәсіпкер залды да, аталарын да, туыстарын да тастай қашты.

         Ертесіне ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұран бастаған топ аудан әкімінің есігін күзетті. Аудан әкімі кәсіпкердің әлдеқандай қағазға жергілікті тұрғындардың қолдарын қойғызып әкелгенін жасырған жоқ.

         -Мен «ауылға барып жалпы жиналыс жасаңдар. Көпшіліктің ұйғарымына сай ойланып көрерміз» дегем. Алайда, оның жайылымдық жер екенін білмедім. «Бос жатқан жер, ешкімге керегі жоқ. Игерілгені дұрыс емес пе?» деген соң сеніп қалғаным рас. Дегенмен, қателеспеппін. «Ауылдың барлық тұрғындары қатысқан жиналыстың хаттамасы керек» дегенім дұрыс болған екен,- деді аудан әкімі Жолан.

         Сазарып барған ақсақалдар сабаларына түсіп қайтты.

         Япырай, бір жылдары адамдарды қызмет баспалдағыда білімі мен біліктілігіне, тәлім-тәжірибесіне қарай жоғарылатушы еді. Бүгінгінің бәрі-би, бәрі-қожа. Тіпті, әріпті таяқ деп білмейтін дүмбілездер дәуірлеп тұр. Ұры-қарылар, есіріктер мен есектің миын жегендер, қаныпезерлер, қарақшылар ірі-ірі компаниялардың тізгінін ұстайды. Заман ауаны осылай кете берсе бай мен кедей арасы алыстай түсеріне дау жоқ. Зұлымдықбар жерде оған қарсы күш пайда болмаушы ма еді? Сол тегеуірінді топ бөгетті жарып өте алады ма, жоқ па? Биліктегілер «бай мен кедейді теңестіреміз» деп аңғал, етекбасты қазақтың ауызын аңқитып жүр емес пе?

         Аңқиған ауызға шыбын тезек тастап кетеді. Тезек пен қидан тазару үшін сілкініс керек. Серпілік керек. Кедей байғұс қалай сілкінеді? Қалай көшке ілеседі? Бұл да жұмбақ.

         Айтпақшы, өткендегі жұлқынысты жиналыстан соң ауыл тұрғындары жайылымға күзет қойыпты. Бүгінде төрт аяқты қасқырдан екі аяқты қасқыр қауіпті. «Іштен шыққан жау жаман». Жоңғарға, моңғолға, шүркітке, қытайға, орысқа, қызылбастарға бұйырмаған Ұлы Дала жалбақбай жапалақтың қолтығында кетіп қалмасына кім кепіл?

         Ағайынды бір-біріне алакөз жау етіп қойған заман-ай десеңші! Алаң жұрттың көңіліне аужар етер жұбаныш табылар ма? Келер күндердің келбеті күңгүрт. Оны Жаратушыдан өзге ешкім де болжай алмақ емес.

         Бүгінде қаражондықтар ауылына көлденең көк атты келсе шошынатын болыпты...

        

        

Тегтер: проза поэзия сатира пайым пікір

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 16:19
Көрсеқызар
Жарлы БАЙҒАНИН 23.09.2021, 16:30
Жемшелек
Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК 23.09.2021, 10:10
Жадымның мықтылығы арқасында аман қалдым
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.09.2021, 10:02
Арман Қани: Біздің ел екі теңіздің ортасындағы көл сияқты
Жабайыл БЕЙСЕНОВ 22.09.2021, 17:15
Ауылым – алтын қазығым
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 11:00
Облыстық радио келмеске кеткені ме?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39