Қанат Ислам – Канело? бәрі де мүмкін!

Амангелді СЕЙІТХАН

23.02.2021, 14:40

3436

        Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам Майамидегі бокс кешінде Эквадор спортшысы Джейсон Минданы жетінші раундта есеңгіретіп, кезекті жеңісіне қол жеткізді. 2019 жылы намибиялық Уолтер Катуондокуды жеңген соң,  Қанат рингке шықпаған. Сынған қолын емдетті. Артынша  пандемия жарияланды. Былтыр Америкаға аттанып, сол жақта жаттығуын пысықтаған Ислам биыл бірнеше бәсеке өткізуге бекінген екен. Оны қазір қасында жүрген ақылшысы әрі командасының мүшесі Дархан Мұқтарбекұлы жеткізді.

        Бәсекенің бірі Америка уақыты бойынша сенбінің кешінде, біздің есеппен алғанда жексенбі күні таңертең, Флорида штатында өтті. Жарыс басталғанға дейін Дарханмен телефон арқылы тілдесіп тұрдық. Бұрын да спортшының және оның командасындағы жігіттердің жағдайын біліп жүрдік. Естеріңізде ме, Қанат, негізі, Гана боксшысы Ободаи Саимен шығуы тиіс еді. Тіпті соған дайындалды. Саи бәсекелерін қарады, рингте өзін ұстау машығына мән берді. Қысқасы, Ободаиді әбден зерттеді. Спарринг-қарсыласты да Саидың ұрыс жүргізі тәсіліне қарап таңдаған. Бірақ салмақ өлшеуге санаулы сағаттар қалғанда ұйымдастыру комитеті Гана өкіліне Америка қақпасы жабық екенін ескертіп, енді Джейсон Минданы ұсынды.

        Эквадор үміті де осал спортшы көрінбеген. Нағыз бабында. Былтыр Джулио Сезар Чавес атты даңқты Чавестің ұлымен рингке шығып, талайға дейін беріспей қойған. Одан кейін дайындығын үдете түсіпті. Рас, Қанаттың қарсыластан бас тартатын құқы болған да шығар. Дегенмен талайдан төгілген тер, кешкен бейнеттің өтеуі болғанын қалап, келісімін берді. Екеуі салмақ өлшеген күні ғана кездесті. Таразы Исламның салмағы тура 160 фунт екенін көрсетті. Джейсон 600 грамға жеңіл екен. Бұл енді сол матч маңындағы абың-күбің әңгімеден қалған ақпар.

       Жекпе-жек өтетін күні Дарханмен тағы бірнеше рет хабарластық. Спортшының көңіл күйін сұрадық, жағдайын білдік.

— Бәрі дұрыс, – деді Дархан. – Қарсыласы өзгерді. Жоспарына ол не әсер етер екен...

— Қанаттың өзі не дейді?

— Қанатты білесіз ғой, аға. Алған бетінен қайтып көрген жоқ. Алла тағала қолдаса, жекпе-жекті жеңіспен аяқтауға дайынмын дейді.

— Минданы зерттеп үлгердіңдер ме?

— Түбегейлі зерттеу мүмкін емес-ау. Бірақ кәсіпқой боксшылар бірін-бірі сырттай да болса таниды. Қазір, өзі, кез келген дүние интернеттен табыла кетпей ме, Джейсонның да бәсекелерін көріп алуға уақыт болды.

— Қазір қайдасыңдар?

— Жарыс өтетін залға келдік. Кісі қарасы қалың. Қазақстанның азаматтары да жүр. Америкадағы қазақтар құлақтанған секілді. Бірнешеуі осы жекпе-жекті күтіп отыр, негізі.

— Онда, дұрыс екен. Бір Алла қолдасын!

— Әмин, аға! Сәлеміңізді Қанатқа жеткіземін.

       Санаулы сағаттан кейін Қанат Ислам мен Джейсон Минда рингке шақырылды. Айтпақшы,  оған дейін Димаш та өнер көрсеткен. Полицей Димаш Ниязов ше? Тап осы кеште аргентиналық Джонатан Годоймен рингке шыққан Ниязов алты раунд бойы өнер көрсетіп, ұпай санымен басым түсті. Бұл Димаштың он төртінші жеңісі болатын. Бірнеше кездесуден кейін рингке Қанат Ислам көтерілді. Бедел дегеннің жақсысы-ай, Қанат шығады дегенде, зал дүр ете қалды. Тікелей эфирде репортаж таратып жатқан арналардың да ойынан шығуды ойлады ма, әлде бастапқы сценарий сондай ма, алдымен телеарналарға арналған анонсқа кезек берілді. Жүргізуші қыз Қанат туралы мәліметті шетінен суырып, көрермендерді қызықты бәсеке өтетініне сендіре алды. Содан кейін Минда мен Исламға рингке қарай жол ашылды. Джейсон сымдай тартылған жігіт екен. Артық еті жоқ, байсалды екені де байқалып тұр. Чавеспен жұдырықтасу кез келген боксшының пешенесіне жазыла бермейтін бақыт. Минда соны терең ұғып, дайындығын біршама ширатқан еді. Бұл жолы да сол қалпынан таймаған, маңғаз басып келе жатты. Қайта Қанат қарапайым. Ішкі бір күйзелістен хабар бергендей, ойлы көзі жан-жағын жиі шолып, әлде ерік, әлде жігер, әлде намыс, оны алға сүйреп, керме арқанның ішіне енді.

       Бірінші раундта екеуі де жұрттың делебесі қозатындай бокс көрсете алған жоқ. Оны өздері де жақсы түсінді. Тіпті көрсетейін деген ниет те болмаған, сірә. «Пышақтың кәрісі ұялғанынан өтеді» демекші, алғашқы үзілістен кейін Қанат қарсыласының іш-құрылысын тексеріп өтті. Жұдырығы көп аялдаған жоқ. Өйткені шегініп, қорғануға тура келген. Минданың да өзіндік мақсат-мұраты бар ғой. Бауырдан соққы тиді екен деп, бүк түсетіндер қатарынан емес екенін дәлелдеп бақты. Тек үшініш раундта арадағы жік ажырап, кімнің мерейі үстем болатыны байқалды. Төртінші кезеңде Қант жас қарсыласын тәрбиелеп алуды жөн көрді-ау, жағына салып қалып, тізеге отырғызды. Оған дейін Джейсонның екі тірсегі сыр беріп қалған еді. Қанат тағы бір ұрғанда сұлап түсер еді. Біздің жігіт аяды ма, тек қарсыласы жығылғанда ғана жұдырық сілтеп жасқады. Рефери Алан Абелес есеп ашты. Нокдаун! Минда есін жинаған бетте Абелес Қанатты тауып алып, қатаң ескерту жасады. Тіпті екі ұпайын алып қойды. Міне, қызық! Негізі, Ислам сол жерде сәл тартынып қалды. Тәлтіректеген қарсыласын тағы бір ұрғанда баудай түсірер еді. Жарайды. Бесінші раунд жайма-шуақ өтті. Ешкім екпін алған жоқ. Қанат сәл әлсірейін деді ме, соққы жұмсауға асықпады. Джейсонның да төбелес бастауға зауқы соқпады. Алтыншы раундта Қанат қайта екпін алды. Ал келесі кезеңде істің тез бітуін қалағандай Минданы маңдайдын қойып қалды. Ол омақасты. Содан тұрғысы келмеді. Жеңіс! Қанат Ислам өз мықтылығын паш етті.

        Жекпе-жек аяқталып, Қанатқа белдік тағылған соң, ол сөз алды. Сөз алғанда, ринг-аннонсермен сұхбат құрды. Ол шамамен былай өрбіді:

— Қанат Ислам әдемі жеңді. Оның шеберлігіне таңғалдық. Ал өзің ше?

— Қайта оралғаныма қуаныштымын. Бокспен қайта қауыштық деп, өз отбасыма, өз командама айтамын. Осы азаматтардың еңбегі. Соның ақталғаны.

— Екі ұпай тартып алғаны қалай кетті? Реферидің?

— Дұрыс қой. Ойланбай қалдым. Баста өзге бірдеңе тұрды. Оны да реті келсе іркіп қалмаспын.

— Ол не?

— Сәті келер. Қазір барлық жанкүйерлерге алғыс айтсам деймін. Көп рақмет! Алла риза болсын!

— Ендігі жоспарыңызбен бөлісе аласыз ба?

— Әй, әлгі Канело естіп отыр ма? Қайда екен ол? Менімен шығуға қалай қарайды екен, а?

— Сонда Сауль Альваресті рингке шақырып тұрсыз ба?

— Әрине. Менің мақсатым – Канеломен төбелесу. Рингте жұдырықтасу. Осы жерде күтемін. Жігіт болса, келетін шығар.

— Міне, нағыз батыр!

— Бере тұрсаңыз микрофонды, айтуым керек. Жаңатастағы оқиға мені де қайғыртты. Бес бірдей сәбиден айырылып қалдық. Жеңісімді солардың рухына арнадым. Алла тағала алдарынан жарылқасын… Ағалар, ойланайықшы!

         Жекпе-жек аяқталғаннан кейін Дархан Мұхтарбекұлымен хабарластық.

— Қанат жарап тұр. Қарсыласы табан астында ауысып кетсе де, сыр алдырмады. Жеңіске жетті. Енді алтыншы айда рингке шығуды ойлап отырмыз. Бұрынғы әлем чемпионы Хайм Мунгиямен келіссөз жүріп жатыр. Сәтті аяқталар деп ойлаймын. Содан кейін Канелоны көздеп отырмыз. Бұл өмірде бәрі де мүмкін, – деді Дархан.

Тегтер: спорт күрес ұпай жарыс шара

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 05.03.2021, 16:25
"Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
Амангелді СЕЙІТХАН 05.03.2021, 12:29
Төрдегі төртеу - Түркістанда Қазақстан суперкубогын сарапқа салуда
Оралхан ДӘУІТ 05.03.2021, 09:32
«Жас Алаштан» шенеуніктер қатты қорқатын
Серік ШАЙМАН 03.03.2021, 10:12
Сейдағаңның серілері едік
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ 02.03.2021, 10:44
Бес тағдыр – бес тал гүл
Әкім ЫСҚАҚ 25.02.2021, 13:12
Буырқанған дауылда сыналған басылым

Аңдатпа


  • "Жас Алаштың" 100 жылдық мерейтойына орай бильярдтан турнир өтеді
    05.03.2021, 16:25
  • Қарағандыдағы үш газет қазақшаға қалқан бола ма?
    05.03.2021, 13:12
  • Әкім бол, туысыңа жақын бол!?.
    04.03.2021, 10:15
  • Сейдағаңның серілері едік
    03.03.2021, 10:12
  • Бес тағдыр – бес тал гүл
    02.03.2021, 10:44