Қаршадайынан көш бастаған

Ратбек Арынұлы

21.04.2021, 12:25

1602

Қабаңа дейін де менің пір тұтып, ұлы дегенге лайықты адамдарым болды. Олардың біріншісі Абай Құнанбаев болса, екіншісі – Мұхтар Әуезов. Бұл екі тұлғаның ұлылығын жалғыз мен емес, бүкіл дүниежүзі мойындады. Үшінші болып бұларға енді Қабдеш Жұмаділов қосылды.

         «Менің пірім Мұхтар Әуезов болды», – деп Қабаңның өзі де айтқан. «Қазақстанға алғаш келгенде көрсем деп армандап келгенім екі адам еді – бірі Мұхтар Әуезов те, екіншісі Қасым Аманжолов болатын», – деп еске алатын аға. Бірақ Қасым Аманжолов қайтыс болып кеткен еді. Ал Мұқаң КазПИ мен КазГУ-де студенттерге дәріс оқитын. Ағаның бір арманы орындалып, Мұқаңның алдын көрді, сөзін естіді, әңгімелесіп, ұлы ұстазының дәрісін тыңдап, мейірі қанды. Ағаның жазу стилі де Мұқаңа ұқсас, қазақтың бай да орамды тілін орнымен қолданып, оқырмандарын желпіндіріп отырады. Қытай қазақтарының тарихын қаузап, соның негізінде «Соңғы көш» романын жазып шықты. Бұл кезде біз «тың игердік» деп, бөркімізді аспанға атып, қазақ жерінің ойран-топырын шығарып, шаңын аспанға шығарып жаттық. Шын мәнінде тыңға алғаш түрен салған Қабдеш аға болды. Қытайда туысың болса сотталып, айдалудан қорыққан қазақтарға аға жол салып берді. Қабаңның бұл кітабы өзгерістің басы еді, тарих тілімен айтсақ, революция. Содан кейін ғана советтік қазақтардың есі кіріп, ұйқысынан оянып, Қытайдағы туыстарын іздей бастағаны осы кезең еді.

         Ағаның тілі қандай, гауһар тастай жарқ-жұрқ етіп, мың құбылып құлпырып тұрады. «Соңғы көшті» оқи бастағаннан-ақ иірімде бір батып, бір шөккен жаңқадай үйіріліп шыға алмай қалдым. Қызыққаным сонша – аяғына жетпей тоқтай алмадым. Жазушылық құдірет деген осы екен-ау деп таң-тамаша болдым.

         Қабдеш аға осыдан соң өндірте жазды. «… Енді өзіңді ойлайтын емес, ұлтты ойлайтын сатыға көтерілдік. Ұлттың тағдыры, көштің тағдыры өлеңге сыймады. Прозаға көшпесем, мен «Соңғы көшті», «Тағдырды», «Дарабозды» қалай жазар едім? Осы кітаптарымда жазылған дүниенің барлығын айту үшін прозаға көштім», – деп ағынан жарылады. Иә, сол кездерде 10 роман, 20 повесть, 60-тан астам әңгіме жазып тастапты. Тағы былай дейді: «Енді повесть, әңгіме жазуға көштім. Өйткені шалқалап жатып роман оқитын заман келмеске кетті. Екіншіден, оған көп уақыт кетсе, шағын әңгіме, повеспен де көп нәрсе айтуға болады. Әрі оқырманға жеңіл, бір кеште оқып тастайды», – дейді. Содан бері де жеті жыл уақыт өткен екен. Бұл уақыттарда ол не жазды, мен білмеймін. Талмай жазатын ол кісі талай кітаптың басын қайырған болар деп ойлаймын. Аға жазбай, қол қусырып қарап отыратын адам емес. Әйтсе де сол кездері 12 томдық шығармалар жинағы Көкпекті ауданының кітапханасында тұрғанын көрдім. Кейінгі жеті жылды айтып отырғаным – бұрындары жазушының кітаптарын Алматыға барғанда сатып алатынмын. Аудан, облыстардан қазақ тіліндегі кітаптарды күндіз шам алып іздеп таба алмайсың.

         Кезінде мен «Нобель сыйлығы біздің тақиямызға тар келе ме?» деген мақала жазған едім. Онда Қабдеш ағаның шығармаларын Нобель сыйлығына ұсыну жөнінде әңгіме көтергенмін. Менің осы жазбамды аға «Аққуды атпас болар» деген кітабына кіргізіпті. Сол айтқаным – айтқан, осы пікірімде қаламын. «Соңғы көш», «Тағдыр», «Дарабоз» – кез келгенін ұялмай ұсынуға болады. Тек ағылшын тілін жетік білетін бір мықты жазушы не сауатты журналист табылып, ағылшын тіліне сапалы аударса жетіп жатыр.

         Ұмытпасам, 2013 жылдың 31 мамыры болу керек. Жәкула болыстың шөбересі, белгілі кәсіпкер болған Асқар (марқұм) Қызыл кесікке 35 киіз үй тігіп, Жәкулаға ас берді. Сол асқа Алматыдан Қабдеш аға да келіпті. Барып сәлем беріп, амандық-саулық сұрастық. Сонда ғой, ағаның мені «Көкпектінің ұлы жазушысы» деп атап алғаны. Мұндай юмор көп жазушыларда болады. Мүмкін, бірер мақаламды «Жас Алаштан» оқыған да болар, әйтпесе көрісіп тұрғанымыз осы. Баспадан шыққан кітаптарым болған, біреуін осы жерде өзіне бердім. Алайда маған жазушы деген атақты ешкім бермеген, тіпті Қазақстан журналистер одағының мүшесі де емеспін, атақ қуып жүргем де жоқ. Менің атымды Шығыс Қазақстанға шығарған – Семейден шығатын «Ертіс өңірі» газеті. Он жылдай осы газетке үзбей мақала жазып тұрғам. Кейбіреу мақаланың аяғына Қазақстан журналистер одағының мүшесі, бәлен ауданның құрметті азаматы деп те жазады, менде ол да жоқ. Енді бірер танитындарым Халықаралық журналистер одағының мүшесі деп жазғанын да көзім көрді. Бұл неғылған батпан құйрық деп сұрастырып көрсем, полиграфияға 5 мың теңге төлесе қып-қызыл куәлікті суретіңді жапсырып, қалтаңа салып береді екен. Жағамды ұстадым. Бұдан асқан масқаралық бола ма?! Сөйтсе де, ағаның дуалы аузынан қалжың ретінде шықса да, «Көкпектінің ұлы жазушысы» деген сөзі маған Нобель сыйлығынан бір кем емес еді.

         Әйткенмен сол кездесуде Қабдеш ағамен арқа-жарқа болып, құмардан шығып бір әңгімелесе алмадым. Жанымда шежіреші Мүсәйіп Сыдықов бар еді. Екеуміздің арамыздағы ағаны біресе біреуі, тағы бірде екіншісі келіп қағып алады да кетеді. Қытайдан екі автобуспен қонақтар келген екен, ағаны алып қашып жүрген солар болса керек. Әңгімелесуге мұрсат бермеді, кеш батқанша бір минут саябыр болмады. Кешінде ағаны Ырғызбай әулиенің басына алып кетіпті, біз жиенім Ақанұлы Серіктікіне қонаға кеттік.

         Сөйткен асыл ағам бақилық болып кеткеніне сенер-сенбесімді білмей жоқтап отырған жайым бар. Ертеде, өткен ғасырдың 30-жылдары Түркістан–Сібір теміржолы құрылысы басталғанда Ленинградтан институт бітірген Мұхаметжан Тынышбаев осы құрылысқа бас инженер болып тағайындалыпты. Мәскеудің бас жоспарында теміржол Аягөзден Семейге тура тартылған екен. Қалың найман жаяу қалады деп, Мұхаметжан ол жоспарды бұзып, жолды бұрып әкеп Жалғызтөбе арқылы салған. Жол құрылысы Семейге келіп тірелгенде ғана байқаған билік басындағылар Тынышбаевты түрмеге қамап, кейіннен «халық жауы» деп атып өлтірген.

         Енді, міне, ел иесіз, жер иен қалады деп, Қабдеш аға мәңгілік мекеніне өзі туған Үржар ауданын таңдапты. Алматыдағы құмырсқаның илеуіндей құжынап, аяқ алып жүргісіз Кеңсайды тастап, қазақтың кең сахарасын, туған жеріндегі биік төбенің басында көсіліп тастап мәңгілік тыныстамақ. Ағаның ақырғы арманы да осылайша орындалды. Кеңсайда жатқысы келмеген жалғыз Қабдеш аға емес, бұрындары Ақселеу Сейдімбеков 2009 жылдың 17 қыркүйегінде өзі туған бұрынғы Жезқазған, қазіргі Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына жерленді. Қалихан Ысқақов та 2014 жылы 12 тамызда Шығыс Қазақстан облысындағы Катон Қарағай ауданындағы Топқайыңда жерленді. Ағаның Үржар жеріне «келгеніне» бүкіл қазақ, қалың ел дән риза, енді ше, ағаның аруағы оларға қорған болып, олар да ағаға бас-көз болады. Арғы жағы Зайсан, Үржар, одан әрі Мақаншы, Таскескен, мына жағы Марқакөл, Күршім, Тарбағатай, Ақсуат, Көкпекті, Жарма, Шар аудандары мен ауылдары, қала берді, Алматы–Майқапшағай күре жолы да аға жатқан жердің жанынан өтеді. Ел аузында ол жер «92-ші шақырым» деп аталады. Жолдың қай жағынан келсе де, ағаның кесенесі анадайдан менмұндалап көз тартып тұрады. Осының бәрін елеп-ескеріп, есептеп қойған ағаның көрегендігі мен сұңғылалығына ел тағы бір таңырқап, таңдай қағып, бастарын шайқады.

         Ағаның тағы бір ерлігін айтпай кету ағаттық болар. 1962 жылы сәуір айында  Қытайдың шекарасын бұзып-жарып, 200 мың қазақ көші Қазақстанға келді. Сол көшті бастап келген жап-жас жігіт Қабдеш еді. Оларды көшіруге аға бір жылдай дайындық жүргізді. Сол кездегі КСРО басшысы, орталық комитеттің бірінші хатшысы Н.С.Хрущевқа, КСРО Жоғарғы Советі президиумының төрағасы К.Е.Ворошиловқа әлденеше рет Шыңжаңдағы халықтың қолын жинап, хат жазды. Ел-елдің арасында жүріп үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Қытай тыңшылары қаршадай баланың бұл жанкештілігінен бейхабар қалды. Ақыры көш басталып кеткенде біліп, қамауға алғалы келгенде Қажытай Ілиясов екеуі түн ішінде қашып құтылады. Бұдан асқан ерлік бола ма?

         Мен білсем, ағаның еш арманы жоқ, ойға алған шаруасы, армандаған ісі толық орындалды. Жан жары, Құдай қосқан қосағы Сәуле жеңгей екеуі төрт ұл, бір қыз сүйді. Балалары түгелдей қазақ мектебін бітіріп, қазақи тәрбие алып шықты. Арманы ғылым академиясында тарихты зерттеу саласында еңбек етсе, Жәнібегі АҚШ-тағы университетте доктор, Дәрмені БҰҰ-ның Вена қаласындағы штабында жұмыс істейді, Дәулеті де филология факультетін бітіріп, Лондондағы «Би-Би-Си» радиосында 10 жыл жұмыс істеп, еліне келді. Кенжесі Ерке Алматыдағы халықаралық қатынастар бөлімінде істейді. Топырағың торқа, жаның жәннатта болсын, асыл аға!

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Амангелді СЕЙІТХАН 11:19
Сегізбаевтың сексені
Амангелді СЕЙІТХАН 12.05.2021, 08:27
Оныншы тур. Озған бар
Құрманбек ӘЛІМЖАН 07.05.2021, 08:41
Тәуелсіздік жолында ту көтерген хан Кененің қазасы
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ 06.05.2021, 10:52
Қысқарған іс немесе отқа оранған «Икарус»
Бифат ЕЛТАЕВА 06.05.2021, 09:21
Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
Қымбат ӘБІЛДАҚЫЗЫ 04.05.2021, 16:02
«Айгөлектің» әкесіндей болдыңыз...

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06