Қасқыр қамағанда

Әкейдің әңгімесі

Ғабит САПАРОВ

01.11.2022, 13:30

3017

Соғыс кезінде бала болдық. Әйтеуір, хат танимын. Әскерден келген

хаттарды маған оқытады. Зуылдатып оқып шығамын. Кейде әйелдер жағы дауыс салып жылап жатады. Сөйтсем, мен оқыған хат – «қара қағаз» екен. «Рядовой Пәленшеев погиб смертью храбрых», деген мағынасына бойламай зырылдатып оқып шығамын. «Еңбегіме» құрт, ірімшік, бауырсақ беруі мүмкін. Сыртта өзім сияқты көгенкөздер тосып тұрады. «Бұл үй не берер екен?» – деп...

Сол 1941-42 жылдары әскерге кеткендерден қайтып оралғаны жоқ.

Көбісі ат мініп кететін. Сол ат-матымен қайтып келмеді...

Бір жылы үшбұрыш хаттар ағыны сап тиылды. Ауыл ішінде:

«Нағиманы қасқыр жарып кетіпті» деген әңгіме дүңк етті. Нағима деген жас келіншек пошташы болатын. Күйеуі – әскерде (соғыста – Ғ.С.).

Қазіргі Өндіріс ауылы (бұрынғы Семей облысындағы Бесқарағай

ауданында – Ғ.С.) төрт колхоздан біріккен ғой. «Социал» (біз тұрған ауыл), «Қызыл Талап», «Жолбасшы» (шешеңнің ауылы) және «Өндіріс». Аралары аса алыс та емес, жаяу жүргіншіге жақын да емес – 10-15 шақырымнан. Осы ауылдардың арасына бір-ақ пошташы жүреді. Нағима! Қысы-жазы – жаяу. Өйткені аттардың бәріне жуығы әскерге алынған.

Сол жылдары қасқыр қалың болды. Ыңғай шал-шауқан, кемпір-

сампыр, жетім бала, жесір әйел қалған ауылдарды басынды ма, көшеге кіріп келіп, иттерге дейін жеп кетіп жүрді.

Нағима пошташы екі ауылдың арасында тапа-тал түсте бір үйір

қасқырға жем болыпты. Жігіттер қан майданда жау қоршауында қалып, қаза болып жатса, Нағима пошташы қасқыр қамауында жан тапсырды. Ол да – соғыс құрбаны!

Шешейдің әңгімесі

Өз әкемнің есімі – Шаматай екендігін, тіпті кейін білдім ғой. Көзімді

ашқалы көргенім – Ахметжан аға. Мені еш алалаған жоқ, қайта: «Запаннан үйреніңдер! Запандай болыңдар!» – деп отыратын. Өйткені мен сабақты өте жақсы оқыдым. Менің азан шақырып қойған атым – Күлзаһран ғой. Ахметжан аға қысқартып, «Запан» деп кетті. Запан – Запышқа, одан Бапышқа айналдық. Ахаңды мен әкемдей көрдім, ол кісі маған нағыз әке болды да! Ал өз әкем Шаматай Лебяжіде НКВД бастығы болып тұрған кезінде ұсталып, атылып кеткен екен. (Репрессия жаңа басталып келе жатқан 1935-36 жылдар болуы керек. Ежов НКВД бастығы боп келе сала, өзінің алдындағы Ягода адамдарын түгел құртты ғой. Менің нағашы атам да сол дүрмектің ішінде кете барса керек. Қанша талаптансам да, әлі бірде-бір дерегі табылмай тұр. Тіпті фамилиясының өзі әлде Асылханов, әлде Салиханов – белгісіз – Ғ.С.)

Бірде қыстыгүні Ахметжан аға екеуміз пар ат жеккен шанамен алыс

жолға шықтық. Ахаң ол кезде колхоз басқарады, көп жүреді. Сондықтан мініс аттарына арпа-сұлыны аямай беріп, барынша бабында ұстайтын. Ұшыртып келеміз. (Шамасы, соғыстан кейінгі кез болса керек. 1940 жылдар аяғы – Ғ.С.) Ертістің үстімен Ақжарға түспекшіміз. Семиярлатып.

Бір кезде төбенің басында отырған топ қасқыр көрінді. Қасқырлар бізді

көріп, қар бората бастады.

— Ал, Запан! – деді Ахметжан аға. – Мықтап ұстанып отыр! Қазір

тоқтамай, қастарынан зулап өтеміз!

Сөйдеді де:

— Құсты аяған көкке, атты аяған жерге қарайды! – деп түрегеп тұрып

ұзын бишігімен қос атты жон арқадан тартып-тартып жіберді. Менде

зәре жоқ. Бойымда: «Қаптаған аш қасқырға жем боламыз ба?» – деген үрей бар. Онсыз да ауыздығымен алысып келе жатқан күйлі жануарлар шана жолдың екі жақ шетінде отырған қасқырлар ортасынан «зу!» етіп өте шықты. Соңымнан қарап қоямын, бір-екеуі қосыла шапқандай болды да, тілдері салақтап, кейіндеп қала берді.

Қызыліңірде Ақжарға да аман-есен жеттік-ау, әйтеуір.

Әбілдің әңгімесі

Әбіл Қасымов – менің курстас досым. Қасым Аманжолов өлеңдерін

жатқа оқитын. Өзі де сол Қасым ақынға ұқсас кішкентай, шапаты шымыр денелі, құс тұмсықтылау келген ұзын мұрынды, көзі сығырайыңқы, сүйір ерінділеу, «Ал енді бар ғой...» деп әңгіме бастаса, бөлмедегі бар жігіт соның аузына қарап, үнсіз тыңдап отыратын.

Аш адам әңгіме айта ма? Аш адамның әңгіме айтуға, тіптен тыңдауға

да құлқы бола ма? Ал студент байғұстың тоқ жүргенінен аш жүргені көп болады емес пе?! Сондайда Әбіл:

— Әй, Ғабит! Осы сенің аспаз апайыңа бармағалы да біраз болды емес пе?

– деп маған қой көзін қадап сығырайтатын.

— Иә. Оны неге сұрадың?

— Ойбу, кешеден бері қатқан қара наннан басқа нәр татқан жоқпыз, сол

апайыңа тағы барсақ қайтеді?

Әбілдің айтып отырғаны – менің немере апайым Сақан. Ол – 1970

жылдар ортасында қазіргі Көктөбедегі кәсіптік училищеде аспазшылар курсында 2 жыл оқыған болатын. Жалтырдағы біздің үйге құрбы қыздарымен жиі келіп, қонып кетіп жүретін. Апайым дәл Ертіс жағасындағы пединституттың бас корпусы жанындағы «Юность» асханасында аспаз болып істейтін.

— Барсақ, барайық, – деймін мен. – Тек төрт жігіт қана барамыз. Одан көп

болса, апайым ренжиді.

Әбілден бұрын өзімнің де қарным ашып, көзім қарауытып, кейде

басым айналып кететін.

— Ал, ендеше, кеттік! «Ұрыста тұрыс жоқ!» – деген. Мен, Ғабит, тағы

екеуің қосылыңдар!

Әбіл соңғы «бұйрығын» береді.

Сонымен 4 жігіт Семейдің сол жағалауындағы жатақханамыздан оң

жағалауға автобуспен түсіп, ары қарай жаяулап асханаға жетеміз.

Сақан апайым студенттерге ас салып тұрады. Мен ақырын алдына

келемін.

— Нешеусіңдер? – деп сұрайды.

— Төртеуміз!

— Ана бос үстелге отыра беріңдер! Тамақты өзім апарып беремін! 

— Тек, Сақан, бәрін двойной салшы. Қаймақты да. Екі күннен бері нәр

сызған жоқпыз...

Содан қуана -қуана көрсеткен үстеліне жайғасамыз. Алдымызға үлкен

тәрелкемен шүпілдеген борщ, 2 котлеттен салынған картоп пюресі, 200 грамдық стақанға ернеулете құйылған қаймақ (біздің жігіттер «кілегей» дейді), бір тәрелкедей кесілген нан, 2 стақаннан шай келеді. Ал, соқтырт!

— Ал, Ғабит, мына біздей аш-арықты бір сапарға тойындырдың! Осы

жақсылығыңды жалғанда ұмытпаспын! – дейді Әбіл жатақханамызға келген соң. 

— Ал  енді бар ғой...  – деп езуіне бір тал «Веганы» қыстырып жатып.

– Мен сендерге бір әңгіме айтайын… Кеше қасқыр туралы сөз болды ғой. (Кеше, жатарда, қазақ, орыс, әлем әдебиетіндегі қасқыр мен адам, қасқыр мен ит мәселесі қозғалған болатын – Ғ.С.)

10-класта оқып жүрген кезім. Желтоқсанның ортасы. Қыс келсе де,

«шөпке үнем болсын» деп, 5-6 бас сиыр, тайыншаны сыртқа шығарып жіберетінбіз. Әлі қар аса қалың түсе қоймаған кез ғой, мал кешке тыңқиып тойып келеді. Солардың не жеп келетіндерін итім білсін… «Көк шыққанда бір тойдым, көбік қарда бір тойдым» дейді екен Зеңгі Баба тұқымы.

Ал енді бар ғой… Осы мәтелді сиыр емес, адам шығарды емес пе? Сиыр мәтел шығара ма? Әйтпесе, қыстың көзі қырауда, ақ қар, көк мұзда тоңып, жаурап жүріп, көбік қарға, суға деші, тоя ма сонда? – деп жұтқыншағы әрі-бері ойнап, қиқылдап күліп алады.

— Қасқыр туралы әңгіме бастағансың, – дейді біреуіміз...

— Иә, бірді айтып, бірге кетемін-ау… Қасқырға келейін. Содан кешке бір

семіз қызыл құнажын үйге оралмады. Өзі буаз болатын. Әрі қарадық, бері қарадық. Табылмады. Сөйткенше, қараңғы түсіп кетті. Ертеңінде шешем:

— Әбіл, сен кер атпен жақын маңды шолып шықсаңшы, – деді. – Қарасан

келгірдің, қасқыр жеп кетпесе, келетін уағы болды ғой!

Сонымен шолақ тон, қара пимамды киіп, кер атыммен қызыл

құнажынды іздеуге шықтым. Қас қылғандай, мен ауылдан ұзай бере жаяу борасын күшейіп, ақтүтек боранға айнала бастады. Бұл кезде мен ауылдан едәуір ұзап кеткенмін. Алдымда бірдеңе қарауытады. Атымды борбайлап солай қарай жүрдім.

Совхоздың қырманы екен. Қазір басында кісі жоқ. Түгел астық

элеваторға жөнелтілген. Қаз-қатар қоймалар қаңырап бос тұр. Боран күшейіп барады. Не де болса, осында аялдай тұрайын деп, сол қырманның кеңсесі болған ауызғы бөлмесіне атымды байлап, төргі бөлмесіне өзім кірдім. Мұндайда уақыт өте ме? Барлық класымыз таласа-тармаса оқып жүрген Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабын үйден ала келмегеніме өкіндім. Әйтпесе, қараңғы түскенше оқимын ғой… Айнала сарт-сұрт, тақ-тұқ, дүлей боранға айналды. Уілдей ме, жылай ма – белгісіз. Ептеп бойға қорқыныш кіре бастады. Бір кездері алыстан ұлыған дауыстар естіле бастады. Ауызғы бөлмедегі атым осқырынып, тықырши бастады. Ұлыған дауыстар жақындай түсті. Шынымен қорқайын дедім. Сәлден соң: «Қой, бір тіршілік қылайын! Кешегі қан майданда аталарымыз жасанып келген қатыгез жаудан да қаймықпай, тойтарыс берген, Берлинге жеткен. Ер жігітке, тәйірі, қасқыр деген не?! Ол да бір қаңғыған ит емес пе? Жанды жерінен бір ұрсаң, қаңқ етіп қаша жөнелетін!» Осылай өзімді-өзім қайрап қоямын. Кіреберіс бөлмеге шықтым. Атым мені көріп, кісінеп жіберді. Оған да: «Қорықпа! Мен тірі тұрғанда, сені қасқырға жегізбеймін!» – деп қаз мойнынан қағып қойдым. Кеңсе ішінен сым табылып, есікті мықтап байлап, бекіттім. Әбүйір болғанда, 2 бөлмедегі терезелер де темір арматурамен торланған екен. Тегінде, астық ору науқаны кезіндегі құнды қағаздар жоғалып кетпесін деп осылай істетсе керек. Кім істесе де, маған жақсы болды. Сол ауызғы бөлмеден домалақ, ұстауға ыңғайлы кесінді ағаш та табыла кетті. Ал енді алып көрсін мені, қасқыр! Ұлыған қасқыр үні тіпті жақыннан естіле бастады. Жылқының иісін сезді ме, есіктің арғы жағын жұлмалағандай болды. Оған қалың тақтай есік ашыла ма? Оның үстіне ішінен күршек салып, тесігінен сыммен байлап, шандып тастасам… Сендерге өтірік, маған шын, сол қасқыр құрғырмен таң атқанша алысып шықтым. Олар ішке кірем дейді. Мен айбат шегіп, кеспегіммен есікті, қабырғаны ұрғылап, дауысымды зорайтып: «Әй, кетіңдер! Жоғалыңдар!» – деймін. Әй, қасқыр ит зәлім болады екен ғой, әлде менің бала екенімді де біліп қойды ма? Әйтеуір, түні бойы тыным бермеді. Таңды көзіммен атырдым. Боран да саябырлайын деді. Бір кезде дәл жанымнан тарс етіп мылтық атылды да, әлгі «батыр» қасқырлар тым-тырақай қаша жөнелді. Атым кісінеді.

— Кім бар, ей? Ашыңдар! – дейді бір қартаң дауыс. Дауысынан тани

кеттім. Ауылдағы қорықшы шал екен. Түнде мен келмегенге шешей үйіне барып: «Ойбай, балам қырман жаққа мал іздеп кеткен, үйге әлі келген жоқ», – депті. Содан таң ата мені іздеп келген беті екен… Ал әлгі жоғалған қызыл құнажын кешінде үйге өзі келіпті. Қане, темекілерің бар ма?

Әбіл тағы бір тал темекіні езуіне қыстырып:

— Ал енді бар ғой… Даланың қасқырынан мен сияқты ептеп-септеп

Құтыласың-ау, жалғанда адамның қасқыры қамамасын де! – деп, басқа бір  әңгімесін бастайды.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:57
Қазақтың «Соңғы самурайы»
Жексен АЛПАРТЕГІ 09:44
Ниязбек әжі
Жамал ҚАМАШ 02.02.2023, 17:24
Болат НИЯЗЫМБЕТОВ: Намысты қолдан бермеуге тырыстым
Бифат ЕЛТАЕВА 31.01.2023, 10:50
Бақыт Қажыбай, актер: Алаш рухын оята алсақ, үлкен жетістік сол!
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 10:40
Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің үздік теннисшілері ондығына енді
Сайт әкімшілігі 30.01.2023, 08:34
Димаш Құдайберген Шанхайдағы фестивальға қазылық етеді

Аңдатпа


  • Жемқорлықтың «сорпасын» қайнатып жүргендер көп
    07:32
  • Ресей Путиннен қашан құтылады?
    07:17
  • Қайдасың, инвестор?
    07:23
  • Зүлфия-ау, ит құрлы құнымыз болмады ма?!.
    02.02.2023, 07:20
  • Әкімдер ай қарап жүр ме?
    02.02.2023, 07:16