«Қазақ футболы» қайда бара жатыр?

Фермебай ЕРЕЖЕПОВ

06.10.2021, 10:06

961

Айтайын дегеніміз: біздің Қазақстанның барлық облысындағы футбол командасы құрамына шетелдік «кереметтерді» неге көп ақшаға сатып алады? Қарап отырсаң, біз Бразилияның көп қара сирақтарын асырап, бағып отырмыз немесе басқа да шетелдік доп тебетіндер көп. Ойлап қараңызшы: солар сондай керемет, «аузымен құс тістеген» болса, өз елдерінде неге ойнамайды, өз елінің командасын неге жұлдыз етіп алға шығармайды? Болмаса, қазақ жігіттерінің ішінде солардай ойнайтыны жоқ па? Анығын айтсақ, қазақ аналары солардай доп тебетін ұлды дүниеге әкелмеді ма?

«Қайрат» командасында «9» санды бір қара нәсілді ойнайды. Бойы да биік емес, алдыңғы шепте басқа ойыншылар дайындап берген допқа ие болып, «піскен асқа – тік қасық» деп қақпаға допты соғады, өтсе өтеді, өтпесе қалады. Шолталақтап жүгіреді, допты тартып ала алмайды. Ойлап қарасаң, соның орнына бір қазақ баласы да соны істей алады ғой. Бізге кім Пелесін, Тастао, Марадонасын, Эйсебиосын береді дейсіз? Өздерінде келістіріп ойнай алмағандарын ғана бізге сатады. Әрине, біз, қазақ, құлқын үшін «сатып» аламыз. Оны бәрі біледі. Бірақ бұл – елді (футбол федерациясын) жайлаған ауру, індет.

Айдалада отырған менің ойыма арам ой келеді. Сол Хамның балаларын немесе шетелдіктерді сатып алудың айналасында ақша жоқ па? Қазақ халқының атақты жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «ақша – қармақ» деген нақыл сөзі бар еді. Аурудың түрі сол ақшада ғой. Біз болсақ – содан жалап-жұқтап отырған бейшара жандар шығармыз. Қазақстанның ішкі футбол командаларынан соларды түгелдей тазалап, қазақ балаларын тарту керек. Біз оларды асырағанша, сол ақшаны қазақ балаларына берсек қайтеді!

 Біз шетелдік «кереметтерді» жинап алып республика ішіндегі жарыста ойнатқанымен, олар халықаралық жарыстарға қатыса алмайды. Сонда олардан не пайда? Ішкі біріншілік жарыстарда да өз балаларымыз ойнаса, халықаралық жарыстарға да солар дайын болмай ма? Көп болып ойланып, таза жолға салып, ойнай алмаса да өзіміздің жастарды командаларға тартуымыз керек.

 Енді командалардың ойнауында кемшілік көп. Ол – жаттықтырушылардың өзге жандар болғандығынан. Өйткені кім сенің «қазаныңның қайнағанына» жаны ашиды? Жалданып келді, ақшасын алып жүр, ойнаса ойнар, ойнай алмай жатса жігіттерге жаба салады. Сондықтан жаттықтырушыларды да өз адамдарымыздан (орыс болсын, қазақ болсын, қазақстандық болсын) қойғанымыз дұрыс. Құрбан Бердыев «Қайрат» командасына келді ғой. Ол команданы қазақстандықтармен толықтыратын шығар. Себебі Құрбан қазақ футболы үшін аз еңбек еткен жоқ.

Осы ретте жаттықтырушы жоқ деген сылтау айтылып жүр. Алматы қаласында дене шынықтыру және спорт академиясы бар ғой. Содан барлық спорт түрлерінен жаттықтырушылар дайындайтын факультет ашылғанда өткен 30 жыл ішінде қаншама жаттықтырушы шығарып алуға болатын еді… Оның орнына даладағы біреудің «кереметін» алып келіп, соның тілегін тілеп жүрміз. Мұның айналасында да құрғыр құлқын бар шығар.

Жаттықтырушылар футболшыларды дайындағанда: «Жеңіл атлетика – спорттың атасы» дегенді естен шығарып, тек доп тепкенге мәз. Айтайын дегенім: біздің футболшылар шетелдік командалармен ойнағанда алғашқы 20-30 минутта шама-шарқы келгенше ойнайды, содан кейін сұйыла бастайды. Қуса жете алмайды, қарсыластың аяғынан шалып жығады не жейдесінен тартып, сүйретіліп жүреді. Сондықтан футболист болам дейтін жастар 100 метр қашықтықты кем дегенде 12 секундта жүгіріп өтетін, шыдамдылығы 120 минутқа еркін жететін болу керек. Ондай жастар ауылдық жерлерде бар. Бірақ соны іздеп-табуға жаңағы сатып алған «керемет» жаттықтырушылар ұмтылмайды. Айналасындағы «көкесінің, апасының, танитын досының» доп тебетін, жүгіре алмайтындарын жинап алады.

Бір жылы Бразилияға оқуға жіберген 25 бала қайда? Соларды жіберуде де айқай болып, біреудің баруға тиісті балаларының орнына әлгі отырған «көкелері» балаларын салып жіберген жоқ па? Атам қазақта: «Анаңда болса сұрарсың, алақаныңда болса жаларсың» – деген мақал бар. Сондықтан өз арыстарымызды өзіміз тәрбиелейік.

 Еліміздің ауылдарында қаншама спорт мектептері бар. Солардан бойшаң, шапшаң балаларды жинап, манағы «асырап» отырғандардың орнына алып тәрбиелеу қажет сияқты.

 Тағы бір ойланатын жағдай: қазір халық телеарнадан спорттық шындықтан басқаны көруді қойды. Себебі: ырылдаған «өлі» дауыстағы өтірік өлең, түріктің аяқталмайтын қатынға таласқан киносы, қазақтың соған еліктеген ойнас жасайтын, біреудің қатынына қол салатын кинолары халықты жалықтырып, шаршатып жіберді. Теледидардың «КазСпорт» деген арнасында кейбір келеңсіз берілістерді тауып алыпты. Мысалы: «Спорттық ашық алаңында» үш қазақ тұрып аузы көпіріп орысша сөйлейді. Кімнің құрметіне дейсің? Одан қалса «Про Футбол», «Доп дода» деген теледидарлық бағдарламалар бар. Осы екеуінде де екі қазақ орысша сөйлеп, шетелдік командалардың ойындары туралы көпіріп айтып отырады. «Реал Мадридтің», «Манчестер Юнайтедтің» немесе «Барселонаның» ойындары кімге керек? Көретін адам іздеп жүріп көреді. Тағы бір ренжітетіні: сол ойындарды көпіріп айтып отырған адамдар ешқандай футбол ойнамаған жандар. Оның орнына өз командаларымыздағы жетістіктерді, жастардың ойындарын, спорттық жарыстарды тікелей көрсетсе жақсы болмай ма?

Менің ойлайтыным – ұлтшылдық емес. Бірақ қазақ балалары ешкімнен кем емес. Олар ҚАЗАҚ халқы үшін бар күшін сарқа ойнайды ғой. Өйткені Әбіш Кекілбаевтың: «Арға тартпай арман тұл, намыс қумай, мақсат тұл» – дегені көп дүниені айтып тұр. АР мен НАМЫСТЫ ойламайтын қазақ болмас. Сондықтан «Қазақ футболын» жандандырайық, ағайын. Барлық уақытта жеңіліп, таяқ жеп, мұрнымыз қызыл ала қан болып қайта бергеніміздің мәзі болды.

Тегтер: спорт футбол хоккей ақпарат дерек ұйымдастыру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 13:00
Пешене
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 23:09
Талас Омарбеков дүниеден өтті
Оңалбек ӘУЕЛБЕКОВ 02.12.2021, 13:12
Қажымұқанды насихаттау – қазақты құрметтегенмен бірдей
Жақсыбек САЙЛАУБАЙ 02.12.2021, 11:19
Ана - бақыт, ана - деген шырағың!
Жарас КЕМЕЛЖАН 02.12.2021, 09:00
Светқали Нұржан: Басымды шауып тастаса да, тілімді кесіп, қаламымды тартып ала алмайды
Қуандық ТҮМЕНБАЙ 01.12.2021, 16:47
Саябақтағы классикалық әуен

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14