Қазақ мифін қайтсек оятамыз?

Айнұр ӘЛИ

04.08.2021, 08:49

1238

Ауылдың мамыражай кеші. Әр үйдің алдында топ-топ болып жиналып, әңгіме-дүкен құрған әжелер. Күннің батқанын аңғармай,доп теуіп қуаласқан балалардың даусы. Бұл бұрын еді.Ал қазір ше? Ауылдың иісін аңсап,сағынышпен жол тарттым. Көне үй, шаңы бұрқыраған көше, ескі мектеп қабырғасыбәрі-бәрі орнында. Бірақ көшеде тірі жан көрінбейді. Бұрынғыдай қуаныш, шаттық жоқ. Себебі қазіргі жаһандану заманындағы ғаламтор, көгілдір экран мен алуан түрлі фильмдер ересектерді ғана емес, балаларымызды да «жаулап» алды.

Бүлдіршіннің теледидардан көріп тамашалайтын туындыларының басым бөлігі – мульт­фильмдер. Ал сол көріп жүрген батыстық мультфильмнің балаңыздың денсаулығына, психикасына, ұлттық болмысына қандай әсерін тигізетінін білесіз бе? Америкалық зерттеушілер теледидар көрермендерінің басым бөлігі балалар мен жасөспірімдер екенін дәлелдеген. Олардың пікіріне назар аударсақ, әр бала шамамен өз уақытының 30 пайызын экран алдында өткізеді екен. Осыған орай, зерттеушілер баланың мектепке барғанша 5 мың сағат, мектеп бітіргенге дейін 19 мың сағат теледидар алдында отыратынын да дәлелдеген. Сонымен қатар шамамен балаларымыз күніне 17 өлім, 37 мейірімсіздікке толы көріністерді көреді екен. Осыдан-ақ өз балаңыздың дүниетанымы мен жүйке жүйесінің қалыптасуына теледидардың қаншалықты әсер етіп жатқанын аңғаруға болады.

Баланың сана-сезімін, бүтін психологиясын не адам емес, не құбыжық емес бейнелер жаулап алған. Ал оған тосқауыл боларлық деңгейдегі ұлттық өнімдеріміз жоқтың қасы. Қай үйдің баласы болсын үстіне жамылғыны жауып алып «Супермен», қолына қылыш ұстап «Тасбақа-ниндзя», тағы бірі – «Өрмекші адам» болып тыным таппайды. Жаһандану үрдісі белең алған шақта батыстан келген анимациялық фильмдер жас ұрпағымыздың санасын улауда. Шетелдік мультфильмді қарасаңыз, балаларды қызықтыру үшін барлық жағдай ойластырылған. Түрлі-түсті жарқыраған бейнелер балалар түгіл, ересектердің өзін еріксіз баурап алады. Осыдан барып сана-сезімі, өзіндік ұстанымы әлі қалыптасып үлгермеген балалардың мінез-құлқында өзгерістер пайда болады. Күндіз-түні жағымсыз әсердегі фильмдер мен ағыл-тегіл төгілген қанды көріп, содан тәрбие алып өскен ұрпақ не болмақ?

– Бірде тобымдағы қыз қуыршақ алып келді. Түрі әдеттегідей «барби» болғанымен, жүкті екен. Кәдімгідей шын бейнеленген. Қолынан тастамай, бірінен-бірі алып ойнап жүр. Қазіргі таңда түрлі ұсқынсыз ойыншықтар  дүкен сөрелерінде қаз-қатар тізіліп тұрады. Батыстық мультфильмді көрген бала сол кейіпкерге ұқсағысы келеді. Дүкеннен сондай ойыншықты әкеліп ойнап жатады. Біз барынша қазақ ертегілерін айтып, қазақ анимациясын көрсетеміз. Әрине, қызығады, көреді. Бірақ олар да санаулы. Қайта-қайта көруден жалығады. Әлсіз тұсы – сол батыстық мультфильмдердің көптігінен қазақ анимациясы кенде қалып жатады, – дейді балабақша тәрбиешісі Б.Есетова.

1967 жылы Ә.Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі ұлттық анимацияның бастауы болды. Бірнеше жылдан соң Ж.Дәненов пен Ұ.Қыстауовтың «Алпамыс батыр», «Айдаһар аралы», Е.Әбдірахмановтың «Тапқыштар», «Бозторғай», Б.Омаровтың «Үш шебер», «Қаңбақ шал», Т.Мұқановтың «Жібек шашақ», «Қайшы», Қ.Сейденовтың «Тігінші мен Ай», «Қадірдің бақыты» сынды мультфильмдері халыққа танымал болып, 100-ден аса графикалық және қуыршақ фильмдер дайындалған. 1991 жылы еліміз тәуілсіздік алған соң, мультфильм түсіру жұмысы біраз уақытқа тоқтаған. Одан кейінгі жылдары жекеленген студиялар қазақ анимациясын құрастыруды қолға алды. «Сақ» киностудиясы түсірген «Қошқар мен теке», «Қазақ елі» мультфильмдері байқауларда бірнеше рет марапатталып, балалар мен үлкендердің көңілінен шығып, сүйікті мультфильміне айналған болатын.

Azia animation студиясы ұсынған ағайынды Артур, Игорь Краустың идеясымен түсірген «Алдар көсенің қызықты оқиғалары» экранға шықты. Алайда біріне ұнаса, енді бірі ерсі түсірілгенге балады. Графикалық тұсы да батыстыкінен әлдеқайда төменде. Ересектер мен балалардың серігіне айналған youtube желісіндегі қазақ анимациясына қарағанда, шетелдік мультфильмдердің қарау саны миллионнан асады. Көргің келмесе де, автоматты түрде құбыжық анимацияға қосып жібереді. Ұялы телефонның функциясына қанықпаған бүлдіршін сол қосылған мультфильмді көреді. Ойы енді ғана қалыптасып келе жатқан баланың санасын қан-жоса болып бірін-бірі өлтіргендер улап жатқанын бірі білсе, бірі білмейтіні өкінішті. Батыстық анимациялар қазақ баласының психологиясына ғана емес, тіл мен ұлтқа деген құрметіне де кері әсер етеді. Ал сіз балалардың ойынына зер салып көрдіңіз бе? Экрандағы жағымсыз кейіпкерді ойын баласының бойынан оңай аңғарасыз.

– Менің екі қызым бар. Біріншісі ұялы телефонда ғаламтор болса болды – «берге» салып жылайды. Мүмкін, кішкентайынан мультфильм көрсетіп үйреніп қалған соң болар. Тіпті азаннан кешке дейін не ас ішпей, не ұйықтамай көруге дайын. Қолынан ала алмаймыз. Жөнді мультфильм көрсе бір сәрі ғой. Түрлі шетелдің қорқынышты анимациясын көріп, түнімен ұйықтамай, шошынып шығатыны тағы бар. Ал екінші қызым мүлдем қызықпайды. Оңбай сабақ алған соң, екіншіме қатты көңіл аудардым. Баланың ой-өрісінің өсуінде ананың алатын орны ерекше екенін кеш түсінгеніме өкінемін, – дейді А.Тілепова.

Балаңыз мультфильм көргенде оның мазмұнына мән беріңіз. Бірге отырып көріңіз. Көрген соң бірге талқылаңыз. Балаңыз көргенінен сабақ ала алды ма? Ерінбеңіз! Жіті қадағалаңыз. Бала тәрбиесі өте нәзік дүние. Ол ұзақ жылдар бойы қалыптасады. Ал ең дұрысы – баламен көбірек тілдесу. Ешбір фильм сіз оқып берген ертегі мен аңыздың орнын баса алмайды.

Қазақ «Ер Төстігінің» батыс «Бэтменінен» қай жері кем? Сапасы жоғары, графикасы мықты тың дүниелер шығарса қызықпайтын бала жоқ шығар, сірә?! Қазақ мифін жандандырып, бүлдіршінімізге ұлттық нақыштағы, рух пен ұлттық намыс дарытатын мультфильмді өмірге әкеліп, көгілдір экранымызды түзеуіміз қажет. Ертең кеш болмасын десек...

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 16:19
Көрсеқызар
Жарлы БАЙҒАНИН 23.09.2021, 16:30
Жемшелек
Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК 23.09.2021, 10:10
Жадымның мықтылығы арқасында аман қалдым
Жарас КЕМЕЛЖАН 23.09.2021, 10:02
Арман Қани: Біздің ел екі теңіздің ортасындағы көл сияқты
Жабайыл БЕЙСЕНОВ 22.09.2021, 17:15
Ауылым – алтын қазығым
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 11:00
Облыстық радио келмеске кеткені ме?

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39