Қазақ Совет Республикасы: оның иесі кім еді?

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ

28.05.2021, 09:01

3846

Мәскеулік орталықтың советтік негіздегі Қазақ автономиясын құруға «ықылас» танытуының себебіне тоқталайық. Қазақ совет автономиясының өмірге келуін кең арнада, яғни сол тұстағы Ресей құрамындағы түрік-мұсылман халықтарының саяси қозғалысымен байланыста қараған тура болмақ. Өйткені ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы империядағы түрік-мұсылман халықтарының азаттық үшін қозғалысымен өзара байланыста жүрді. Қырым татары Ысмайыл Гаспаралының (1854-1914) ХХ ғасыр басында түркі-мұсылман халықтарына тастаған «Тілде, пікірде, істе бірлік» ұранын қазақ азаттық қозғалысы да қабыл алған еді. Түрік-мұсылман халықтарының ұлыдержавалық езгіден құтылу жолында жүргізген азаттық қозғалысы патшалық империя үшін қандай қолайсыздық тудырған болса, өзінің империялық тұтастығына байланысты тура сондай қолайсыздықты Совет өкіметі де сезінді. Өйткені башқұрт және татар халықтарының саяси басшылары А.З.Валидов пен М.Сұлтанғалиев қазақ және Түркістан халықтарымен саяси-экономикалық және мәдени бірлігін сақтау ұстанымында екенін білдіріп қана қойған жоқ, осы жолда нақты әрекеттерге барды. Мәселен, А.З.Валидов естелігінде 1919 жылы желтоқсанда Мәскеуде өткен VII советтер съезінде В.И.Ленинмен кездесіп, екеуара әңгіме барысында Башқұрт Республикасының тағдыры жөнінде сұрағанын келтіреді. Нақтырақ айтқанда, сөз, біріншіден, башқұрт және қазақ азаттық қозғалыстары басшыларының 1918 жылы қыркүйекте жасаған келісімшартына сәйкес, қазақ-башқұрт республикасын құру және екіншіден, осы мәселеге тікелей қатынасы бар қарулы башқұрт дивизиясын сақтау жөнінде еді. Бұл пікірін ол В.И.Ленинге осы кездесудің артын ала, яғни 13 желтоқсанда жолдаған хатында да білдіреді.

Кездесуде В.И.Ленин қойылған сұрауға жауап беруден жалтарып, «Калинин мен Рыковтың басшылығымен башқұрт-қырғыз кеңесі өтпек, сонда барлық сұрауларыңызға жауап алатын боласыз» деген жауаппен шектеледі. «Жағымды шешімді ол маған бірден айтқан болар еді, бұрындары солай ететін. Яғни ол біз жақта емес деген ойда қалдым», ‒ деп жазады.

В.И.Ленин ескерткен башқұрт-қырғыз кеңесі 1919 жылы 15 желтоқсанда өтеді. А.З.Валидов осы жиналысқа қатынасқан М.Сұлтанғалиев «Калинин өткізген жиналыстың мақсаты ­– волга-оралдық және ортаазиялық мұсылмандарды өзара бөліп-жарып тастау,… орыстар мен орталық комитеттегілердің көздеген мақсаты сау емес» деген пікірде қайтқанын келтіріп, артынша «Калинин өткізген жиналыс советтердің патша өкіметінің ұлтшылдық және отарлық саясатын жалғастыратынын, республикаларды жоятынын көрсетті», қазақ-башқұрт республикасын құру туралы ұсыныс қолдау таппады, «Осылайша шығыс түркілерін мемлекет ауқымында қосу туралы мәселе орыстардың пайдасына шешілді», ‒ деп жазды.

А.З.Валидов И.Сталинмен арада телефон арқылы жүргізген келіссөзде қарулы башқұрт дивизиясының Совет өкіметі тарапынан таратылуын «ұлттың сол уақытқа дейін қол жеткізген саяси және ұлттық жетістігіне жасалған соққы», ал қарулы күштері жоқ Башқұрт Республикасын аты бар да, заты жоқ «фикция» есебінде бағалайды. Калинин өткізген жиналыстан соң, А.З.Валидов Башқұрт Республикасының тағдырына байланысты, жалпы, ұлт мәселесіндегі ұстанымына байланысты В.И.Ленинді «екіжүзділер королі» орнында көріп, оған деген құрметінен ештеңе қалмағанын жазды. Жалпы, башқұрттар мен қазақтардың, башқұрт пен татарлардың ортаазиялық түрік-мұсылмандармен өзара жақындасуына В.И.Лениннің де, И.В.Сталиннің де үзілді-кесілді қарсы болғанын А.З.Валидов жан-жақты баяндап қалдырды.

Жалпы, бір нәрсенің басы ашық. Татар-башқұрт халықтары азаттық қозғалысының басшылары М.Сұлтанғалиевтің 1923 жылдан бастап саяси қуғынға алынуы, 1939 жылы ату жазасына бұйырылуы, ал А.З.Валидовтың шетелдік эмиграцияға кетуге мәжбүр болуы (1923), әрине, жоғарғы советтік басшылықтың, В.И.Ленин мен И.В.Сталиннің түрік-мұсылман халықтарына қатысты отарлық ұстанымына ашық қарсылық көрсетуіне байланысты болды. Тура осы саяси ұстаным, яғни өз елдерінің саяси өмірінен репрессиялық әдіс-құралдар арқылы шығарып тастау қазақ және Түркістан азаттық қозғалысының басшылары Ә.Бөкейхановқа (1921) және М.Шоқайға да байланысты іске асырылды. Бұл келтірілген фактілер, әрине, 20-жылдардың соңы және 30-жылдары бүкіл ұлттың саяси басқарушы бөлігіне және шығармашылықтағы зиялыларға байланысты жүргізілген қанды репрессиялық шараларға кіріспе ғана еді.

М.Шоқайдың Мунаввар-Қарының өліміне байланысты жазған азанамасындағы мына жолдар советтік репрессияның құрбаны болған барлық түрік қайраткерлеріне байланысты айтылғандай оқылады: «Мунаввар-Қарыны өлтірген – Совет өкіметі. Мунавварды большевиктер не үшін өлтірді деген сұрауды қоюдың қажеті де жоқ. Олар Мунавварды басқа емес, Мунаввар болғаны үшін, өр де кіршіксіз таза түркішілдік идеясын насихаттағаны үшін, Түркістанда түркілердің ұлттық мемлекеттілігі идеясының салтанат құруы жолындағы қайраткерлігі үшін өлтірді».

Мәскеудің большевиктік империялық орталықтандыру саясаты Тұрар Рысқұлов басқарған Мұсылман бюросы мен В.И.Лениннің қолымен бекітілген Түріккомиссияның арасындағы қарсыласудан да анық байқалды. Түркістандағы саяси билікті Мәскеудің қолында мықтап ұстау үшін жіберілген Түріккомиссия эмиссарлық институттың нақты көрінісі болды, сондай-ақ ол большевиктер жариялаған ұлттардың өздерін-өздері басқару идеясының бар болғаны әзәзіл әдіс, фикция екенінің айғағы еді.

Түріккомиссияға (құрамы: Ш.Элиава (төраға), Ф.Голощекин, В.Куйбышев, М.Фрунзе, Я.Рудзутак) берілген тапсырма Түркістан халқы өміріне таптық жіктелу процесін енгізу арқылы өңірде тапаралық күрес тудыру, осы жұмысты пәрменді жүргізу үшін коммунистік партия ұйымын қалыптастырып, жергілікті қоғамды советтендіру болды.

Түркістан коммунистік партиясы орталық басқару органы жанынан құрылған Мұсылман бюросына (төралқасы: Т.Рысқұлов, Шәкіров, Абдурашитов, Фаворисов, Юнусов) жүктелген міндет Түркістанда құрылатын Советтік Республиканың мемлекеттік қызметінде және Конституциясында жергілікті халықтардың салт-дәстүрін, тұрмыстық, тарихи-экономикалық және мәдени сұраныстарын, талап-тілектері мен ерекшеліктерін негізге алуына қол жеткізу екенін жариялады. Т.Рысқұлов Түркістан автономиясы туралы мәселе қараған мәжілісте (1920, 17 қаңтар) «Түркістан өзінің этнографиялық және басқа жағдайы бойынша Түрік ұлттық республикасы болып табылады. Түркістан Конституциясы болса ресейлік ата заңнан көшірілген, сондықтан да оны өзгертуге тура келеді» деген тұжырым айтты

Қорыта айтқанда, қазақ ұлт-азаттық және жалпы, түрік азаттық қозғалыстарының басшылары Совет өкіметіне ақылға қонымды нақты талаптар қойды: 1) «Ресей халықтарының құқығы туралы декларациядағы» ұлттардың өзін-өзі билеуі туралы баптың орындалуын; 2) империя құрамындағы түрік халықтарының өзара саяси-экономикалық және мәдени тұрғыдан ықпалдасуына кедергілер қоймауын.

         Советтік басшылық іс жүзінде бұл екі талапты да қабылдауға даяр еместігін көрсетіп қана қойған жоқ, қазақ-башқұрт республикасын немесе ортаазиялық түрік халықтарының федерациясын, оның коммунистік партиясы мен әскерін құруға қарсылық танытты. Орталық үкіметке осы ұсыныстарды түсіріп, олардың орындалуын талап еткен қайраткерлер «буржуазиялық ұлтшылдар» ретінде айыпталып, саяси қуғындауға ұшырады. Басқаша айтқанда, Совет өкіметінің басшылары, В.И.Ленин және И.В.Сталин билік басына келген бетте «Декларация прав народов России» (1917 ж. 2 қараша) және «Ко всем трудящимся мусульманам России и Востока» (1917 ж. 20 қараша) сияқты құжаттарда өз міндеттеріне алған уәделерін орындаудан жалтарып қана қойған жоқ, советтік империя құрамындағы түрік халықтарының сенімді болашағын қамтамасыз ете алмайтын «қуыршақ» (М.Шоқайдың советтік республикаларға байланысты қолданған ұғымы) республикалар қалыптастыру жолына түсті.

Осы ретте қазақ азаттық қозғалысы басшыларының Алаш автономиясын құру әрекетінен хабардар бола тұрып, советтік басшылықтың өз бетінше, дербес советтік негіздегі Қазақ автономиялық республикасын құру туралы шешім қабылдап және бұл шешімін іске асыруға кірісіп кетуінің астарында қандай мақсаттың жатқанына назар аудару артық емес. Империя аумағында жүріп жатқан азамат соғысы жағдайында осы қадамға бара отырып, советтік басшылық империя тұтастығына төніп келе жатқан бірнеше қауіптің алдын алудан үміттенді. Біріншіден, А.З.Валидовтың башқұрт-қазақ республикасын құру туралы ұсынысын қабыл алып, екі елдің азаттық қозғалысы басшыларының келісімшартының (1918 жыл, қыркүйек) орындалуына жол ашуды В.И.Ленин мен И.В.Сталин Ресей совет империясының тұтастығына төнген қауіп ретінде қабылдады. Өйткені келісімшартқа келген екі жақ та қазақ-башқұрт автономиясының қарулы әскерінің болғанын жақтады, сондай-ақ табиғи-экономикалық бай ресурстарын, алдымен өздерінің мүдделеріне қызметке жұмылдыру жолында тұрғандарын анық білдірген болатын.

Мұндай автономиялық құрылымның өмірге келуі Еділ-Орал түркілерінің ортаазиялық түркілермен тұтастыққа ұмтылысына жол ашумен тең еді. Екіншіден, қалыптасқан жағдайды пайдаланып, Түрік халықтарының федерациясын, соған сәйкес, әскерін құруға ұмтылыс Орта Азия түркілерінде де көрініс тапты. Т.Рысқұлов басқаратын Мұсылман бюросы тарапынан жасалынған ұсыныс осы ұстанымның айғағы еді. Ендігі уақытта бұл ағымдарға шек қою БОАК-і мен Ұлт істері бойынша комиссариаттың негізгі міндеттерінің біріне айналып, бұл істе саяси басшылықты партияның ОК-і өз қолында ұстады. Мақсат біреу: бұрынғы Ресей империясының Еділ-Орал және ортаазиялық территориясын жаңа советтік империядан бөлініп кетуден сақтап қалу еді.

Жиырмасыншы жылдардың басында құрылған ГПУ-дың шығыс бөліміне жүктелген міндеттердің бірі түрік-мұсылман қайраткерлері арасында орын алуы мүмкін «сепаратистік» үрдісті жіті бақылауда ұстау болды. Осы мезгілден бастап «2-парламент» аталатын операция іске қосылып, түрік-мұсылман республикалары басшылары үстінен мәлімет жинастыру жолға қойылды.    

Советтік басшылықтың саяси ұстанымындағы бұл бетбұрыс, яғни 1917 жылдың соңында қабылданған түрлі декларациялық құжаттардағы ұлттардың өздерін-өздері билеу құқын жария ету курсынан бас тартып, ендігі уақытта советтік жүйедегі Ресей империясы ұстанымына көшу нені білдіретін еді? Бұл ұстаным, әрине, бұрынғы патшалық-монархиялық, жартылай крепостниктік орыс империясының ұлтшыл-большевиктік мазмұнда қайта жаңғыруы-тын. Большевиктер оның атын ССРО-ға өзгертті, ал бірақ оның ішкі ұлыдержавалық ұстанымы сол күйінде қалуға, тіптен жаңа мазмұн, сипат алып нығая түсуге тиіс болды. Партия, советтер, интернационализм (советтік) ұстанымы осы ортақ мақсатқа жұмыс жасауға жұмылдырылды.        

Советтік басшылықтың ұстанымындағы бұл өзгерісті алғашқылардан болып түсінген авторлардың алдында ұлттық-большевизм идеологиясының негізін қалаушы Н.В.Устрялов тұр (1890-1938). Ізін ала Н.Устряловтың бұл тұжырымын еуропалық орыс эмиграциясы да (Н.П.Милюков, А.Ф.Керенский т.б.) қабылдады.

Түрік халықтары, Түркістан үшін мәскеулік орталық ұстанымындағы бұл өзгерістің астары мен мазмұнын дәл де терең түсінген Мұстафа Шоқай еді. Он екі томнан тұратын зерттеу және публицистикалық еңбектерінде оның бұл тақырыпқа тоқталмаған еңбегі кемде-кем. Мәселен, ол «О современном положении Туркестана» деп аталатын баяндамасында (1930 ж. 8 қаңтар) империя құрамындағы түрік халықтарының өзара табиғи бірлікке ұмтылысына тоқталып, К.Маркстың неміс ұлыстарының, италиялықтардың мемлекетті ұлтқа бірігуін ХІХ ғасыр тарихындағы ең бір прогрессивті құбылыс ретінде бағалағаны сияқты түркістандықтардың да, тіптен советтік қызыл ту астында тұтас бір мемлекеттің ұлтқа бірігуге ұмтылысына Ленин неге сонша қауіпті де реакциялық құбылыс ретінде қарады, ол Маркстың ісін жалғастырушы ең сенімді шәкірті емес пе еді деген сұрау қойып, Лениннің мұндай ұстанымының астарында ең негізгі нәрсе – территория мәселесі жатқанын, орыс патшалары ғасырлар бойы қиянат пен зорлық арқылы жинаған еуразиялық кеңістіктің заңды иесі түрік халықтары енді, міне, бүгін бірігіп, мемлекет құру әрекетіне көшуі, орыс патшаларының тағына отырған Ленин мен оның мұрагері Сталинге «заңсыз» талап болып көрінгеніне назар аударады. Осы уақытқа дейін бұрынғы патшалық мемлекетті «халықтар түрмесі» ретінде қирату ұстанымында тұрған Ленин ендігі уақытта ұлттардың өзін-өзі билеуі туралы ұранның Совет мемлекетінің тұтастығына қауіп төндіретін идеяға айналуы әбден мүмкін деген тұжырымға келеді. Яғни осы уақытқа дейін ұлт мәселесінде әлем алдында ең әділетті ұстанымдағы саяси партия болып көрінуге күш салған большевиктердің демократиялық ұстанымы осымен аяқталған еді.

Сонымен, орыс эмиграциясы арасындағы еуразиялық ұстанымдағылар тарапынан (Н.В.Устрялов т.б.) қолдау тапқан бұл Совет өкіметі берген мемлекеттік жүйе қазақ қоғамы үшін қаншалықты жайлы құрылым болып шықты? Оның қызметінің алғашқы нәтижелері туралы не айтуға болады?

Бұл тақырып советтік кезеңдегіден мүлдем жаңа көзқарас тұрғысынан талдауға алынуға мұқтаж. Анығырақ айтқанда, айналымға соңғы жылдары тартылған тарихи фактілер советтік басшылық пен коммунистік партияның Қазақстан мен Түркістандағы қызметін осы уақытқа дейін түсіндіріп келгендей біржақты, жасампаздық тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге бұл қызметтің арандатушылық қырлары да болғанына назар аударуды талап етеді.

Совет өкіметінің Қазақстандағы алғашқы қадамынан бастап-ақ империялық ұстаным оның өмір салтына айналды. Қазақ қоғамын басқару үшін белгіленген (1919-20 жж.) Қазақ революциялық комитеті мен большевиктер партиясының қазақ облыстық бюросы өз шешімдерінде: 1) қазақ ұлт-азаттық қозғалысына белсенді түрде атсалысқан ұлт оқығандарын жауапты совет және партия қызметіне тартуға, оларды қазақ бұқарасымен жұмыс жүргізуге шек қойды, осы мақсатта азаттық қозғалыс тұлғаларын Мәскеуге, ішкі ресейлік губернияларға жер аудару немесе қызметке ауыстыру практикасы енгізілді; 2) қазақ ұлт-азаттық қозғалысының баспа органы қызметін атқарған «Қазақ», «Сарыарқа», «Жас азамат», «Бірлік туы», «Абай» газеттері мен журналдары жабылып, олардың типографиялары тәркіленді; 3) өткізілуі 1920 жылдың қазан айына белгіленген Қазақ советтерінің құрылтай съезіне азаттық қозғалысы басшылары мен олардың жақтастарын қатыстырмау шаралары қарастырылып, қатысқан күнде олардың қабылданатын шешімдерге ықпалын әлсірету, тіптен болдырмау жолдары белгіленді.

Қазақстан Республикасы президенті архивінде С.С.Пестковский және орталық жіберген басқа өкілдердің басқаруымен өткен Қазақ облыстық партия комитеті бюросы отырыстарының хаттамалары сақталған. Олармен мұқият таныса отырып, мынадай жағдайды байқауға болады. Қазақстан өміріне қатысты кез келген мәселе бойынша партия ұйымы қабылдаған соңғы шешім мәскеулік орталық қалағандай, ұстаным тұрғысынан қабылдануға тиіс болды. Бірінші күннен бастап орталықтандыру (централизация) ең жоғары деңгейде жүрді. Жергілікті халықтан партия қызметіне тартылғандар бұл тәртіпке көнуге, тіптен алғашқы күннен бастап-ақ бой үйретуге міндеттенді. Қазақ облыстық партия комитеті, Қазақ революциялық комитеті және басқа басқару органдарындағы атмосфера осы талап тұрғысынан қалыптасуы үйреншікті жағдайға айналды. Мұндай әділетсіздікті байқап, оған қарсылық танытқан Т.И.Седельников, Г.Сафаров сияқты қызметкерлер тез арада Мәскеу тарапынан кейін шақырылып, империяның басқа өңірлеріне немесе шетелдерге жіберілді. Бұл жағдай советтік тарихнамада идеологиялық күрестің көрінісі ретінде баяндалды, ал шын мәнінде бұл жергілікті күштер мен орталықтың арасында қазақ қоғамындағы саяси билік үшін жүрген күрестің көрінісі еді.

 Мәскеу Қазақстандағы билікті басқа балама ұстанымдағы күштермен бөлісуге үзілді-кесілді қарсы болды. Бұл ­– бір. Екіншіден, орталықтың бұл большевиктік-таптық ұстанымы ұлтшыл-большевизм ұстанымымен астарласып жатты. Мәселен, жоғарыда айтылғандай, Қазақстанда советтік автономия мен өкіметтің орнағанын жария етуге тиіс болған советтердің бірінші құрылтай съезіне делегаттар сайлау үлкен күрес арқылы жүрді, мәскеулік орталық съезде мүмкін болғанша жергілікті ұлттық күштердің басымдық алуына жол бермеуге тырысты. Мәселен, Қазақ ревкомы 1920 жылы 27 сәуірдегі (хаттама №24) отырысында советтердің «Жалпықазақ съезін шақыру туралы ережені» бекіту туралы мәселе қарап, өзінің шешімімен бекітілген комиссияның (Т.И.Седельников (төраға), Ә.Әлібеков, Ә.Әйтиев және А.Байтұрсынов) даярлаған ережесін ұлтшылдық ұстанымдағы ереже есебінде бекітпей тастап, ревком қызметкері А.Н.Кулаковтың даярлаған ережесін негізге алды.

Міне, осы соңғы ережеге сәйкес, съезге қазақ облыстарынан сайланған 273 және Алтай губерниясындағы қазақ тұрғындары атынан сайланған алты делегат қатысады. Олардың 128-і қазақ, 127-сі орыс, 18 делегат басқа ұлттардан, 197-сі коммунистер, ал төртеуі коммунистерге ықылас танытушылар болды. Коммунист делегаттардың құрамында қазақтар азшылық болды. Т.И.Седельников ұсынған ереже бойынша съезге делегаттар кәмелеттегі азаматтардың атынан сайлануы қарастырылған еді. Бұл тұрғыдан алғанда, делегаттардың ұлттық құрамы республика халқының ұлттық құрамына (шамамен қазақтар 57,5 пайыз, орыстар мен украиндар 33,3 пайыз) сәйкес болуға тиіс-тін.

Бұл арада съезді ұйымдастырушылардың қазақ үкімет орындарының ұлттық құрамына үлкен мән бергенін байқау, әрине, қиынға түспейді. Яғни мәскеулік орталық, біріншіден, съезд делегаттарына жаңа советтік империяда үстемдік сол бұрынғыдай, орыс ұлтында болатынын ескертуді қажет санаса, екіншіден, әрине, жаңа құрылған қазақ үкіметінің қызметінде жергілікті ұлттың мүддесі басымдық алып кетпеуі де қарастырылған еді.

Құрылтайды ұйымдастырушылардың есебі бойынша съезд большевиктер партиясы мен Совет өкіметінің қазақ жерінде салтанат құрғанының, ал, керісінше, ұлттық мемлекеттік ұстанымдағы Алаш партиясы мен Алашорда өкіметінің идеялық тұрғыдан жеңіліс тапқанының көрінісі болуға тиіс еді. Осы ұстанымды негізге алған олар съезге Әлихан Бөкейхановты шақыруға үзілді-кесілді қарсылық танытты. Қазақ ревкомының мүшесі ретінде А.Байтұрсынұлының талабы бойынша ғана Әлекеңе делегаттық билет беріледі. Бірақ азаматтық соғысқа қатынасқан қазақ делегаттарының белсенділік танытуымен Әлекеңе берілген мандаттың күші жойылып, ол съезге қонақ ретінде ғана қатысады.

Съезд жұмысы барысында қазақ делегаттарының өзара қарсы екі көзқарас төңірегінде жіктеліп, бірі – ұлт-азаттық, алаштық, ал екіншісі – большевиктік, советтік ұстанымды басшылыққа алғаны мәлім болды. Бұл жағдай, біріншіден, ұлттың саяси күрестегі тәжірибесіздігінің көрінісі болса, екіншіден, қоғамның белгілі бір бөлігінің биліктегі партияның ықпалына түсіп, таптық идеологияны қабылдағанының, сондай-ақ, үшіншіден, қоғамда тек қызметті ғана құндылық тұтқандар партиясының да бар екенінің айғағы еді. Сонымен бірге қазақ делегаттарының саяси ұстаным тұрғысынан бірлікке жете алмауы империялық күштердің алдында жалтақтық, өз күштеріне сенімсіздік, дәрменсіздік танытуының да көрінісі болатын.

Съезд барысында большевиктік ұстанымдағы топтың өкілдері, мәселен, алашордалық зиялыларды азамат соғысы тұсында Совет өкіметіне қарсылық танытқандары үшін ату жазасына бұйыруды талап етті. Екі топтың арасындағы алауыздық Қазақ орталық атқару комитетінің төрағасын сайлауда да көрініс тапты. Екі жақтан бұл қызметке ұсынылған А.Байтұрсынұлы мен Ә.Жангелдин тиесілі дауыс жинай алмағандықтан, сайланбай қалды. Қазақ АССР орталық атқару комитетінің төрағасы болып орталықты қанағаттандыратын жаңа тұлға – Меңдешов Сейітқали сайланды.

Қазақстан советтерінің құрылтай съезі 12 қазан күнгі соңғы мәжілісінде Қазақ орталық атқару комитетінің 76 мүшесін және оған 25 кандидаттан тұрған құрамын сайлайды. Ал оның 10 адамнан тұрған төралқасының жартысы қазақтардан, ал екінші жартысы еуропалықтардан тұрды.

Қазақ ОАК-ті 14 адамнан тұратын Халық комиссарлар советін, яғни үкіметін бекітті. Оның төрағасы болып В.А.Радус-Зенкович бекітілді. Яғни жоғарғы атқарушы билік – республика үкіметінің төрағасы қызметіне қазақтардан лайық адам болмай шықты.

                                   Партия – билік құралы

Қазақ ревкомына, оның төрағасы С.С.Пестковскийге жүктелген маңызды тапсырманың бірі Қазақстанда Ресей большевиктер партиясының ұйымын құру болды. Бұл ретте Г.Сафаровтың «Түркістанда Совет өкіметін большевиктер құрған жоқ, керісінше, Совет өкіметі большевиктер партиясын құрды» деген қанатты сөзінің Қазақстанға да тікелей қатынасы бар-тын. Басқаша айтқанда, алғашқы күннен бастап-ақ «большевизм», «социализм» сияқты ұғымдар мұнда сырттан келген қондырғы элемент есебінде қабылданды. Сондықтан да болар, жергілікті өнеркәсіп ошақтарында істейтін орыс жұмысшылары мен переселен орыс шаруалары өздерін Ресейден жеткен жаңа биліктің иесіндей сезінді. Осы жағдайға байланысты Г.Сафаров «Түркістандағы орыс революциясы ә дегеннен-ақ оның түбіне жетпей қоймайтын отаршылдық сипат алды», ‒ деп жазды.

1920 жылы 30 сәуірде Ресей коммунистік (большевиктер) партиясының қазақ облыстық бюросы ұйымдастырылып, оны С.С.Пестковский басқарды. Алғашқы қадамынан бастап-ақ елдегі саяси басшылықты өз қолында ұстауға тырысқан облыстық партия ұйымы ұлт-азаттық қозғалыста қайрат-жігер танытқан ұлт оқығандарына өздеріне қарсы күш ретінде қарады. Мұндай көзқарас негізсіз де емес-тін. Өйткені ұлт оқығандары білім және парасат жағынан өздерінен ешқандай да жоғары емес, төтеннен келіп «төр менікі» дейтін орыс және басқа еуропалық большевиктерге үрке қарап, олардың тез арада жергілікті өмірді игеріп кете алатынына сенімсіздік танытып, олардың бүтіндей қазақты жарылқау үшін келгеніне илана қойған жоқ.

Облыстық партия комитеті алғашқы қадамын қазақ қоғамын тапқа, әлеуметтік топтарға жіктеуден, сөйтіп, оларды өзара қарсы қоюдан, яғни жасанды тап күресін тудырудан бастады. Партия ел арасындағы қызметін бүтіндей осы арнаға қойып, қоғамды ортақ әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге жұмылдыруға емес, түрлі әлеуметтік наразылықтарды пайдаланып, қоғамдағы әлеуметтік топтарды өзара ымырасыз күреске үндеп, сол арқылы берекесіздікке, мемлекеттік террорға жол ашты. Қоғамдағы жеке адамдардың, бүтін әлеуметтік топтардың құқы аяқасты болды.

Өз ретінде партия ұйымы бюросының осы жылдағы бір отырысының хаттамасынан үзінді келтірейік. Партияның облыстық бюросы 1920 жылы 6 қыркүйектегі (№22 хаттама) отырысында республикадағы қызметінің стратегиялық бағыттарына қатынасты бюро мүшесі Кулаков дегеннің тезистерін тыңдап, мынадай мазмұндағы қаулы қабылдайды:

«Үшінші тезиске байланысты қырғыз (қазақ деп оқыңыз ‒ авт.) тұрғындардың экономикалық және әлеуметтік жағынан біркелкі еместігі ескеріліп, соған байланысты біздің саяси ұстанымымыз қазақ кедейі мен орташаларына бағытталуға тиісті, сондай-ақ оларды ұйымдастыру кедейлер комитеті және кәсіподағы арқылы жүргені жөн. Ал тұрғындары отырықшы және жартылай отырықшы облыстарда басқару органдары есебінде ревкомдар құрылады.

Бірінші тезиске байланысты қазақ бұқарасы арасында ұлттық тұтастыққа ұмтылыстың жоқтығы, тек қазақ және басқа ұлттық тұрғындар арасында кейбір антогонистік қарсыласу барлығы, оның патшалықтың жүргізген саясатының нәтижесі екені ескерілсін.

Екінші пункт бойынша қазақ интеллигенциясының топ ретінде кең қазақ бұқарасы арасында қолдауының жоқ екені ескеріліп, соған байланысты ұлттық интеллигенциямен саяси топ ретінде одаққа барудың қажеті жоқ, ол тек техникалық күш ретінде ғана пайдаланылсын».

Келтірілген құжат Ресей коммунистік партиясының қазақ жеріне қадам басқандағы алғашқы саяси ұстанымынан нақты мәлімет береді. Партияның бұл ұстанымы кейінгі кезеңдерде қитұрқыланып күш ала түспесе, бәсеңдеген жоқ.

Бұл келтірілген фактілерден туындайтын қорытынды қандай болмақ? Жоғарыда А.Байтұрсынұлының В.И.Ленинге Қазақстандағы мемлекеттік басқарудың сипаты жөнінде, бұл іске ұлттық зиялыларды тарту туралы ұсынысына тоқталдық. Өмір ағысы көрсеткендей, Ахаңның бұл ұсынысы қабылданбады. Керісінше, Қазақстанға Ресейдің ішкі губерниясынан келіп, өткінші партиялық басшылықта болып, шовинистік ұстаным, көзқарасы үшін Қазақстаннан қуылған Кулаковтың ұсынысы өтіп, дегені болды.

Кулаковтардың жеңуі агрессивті большевиктік және ұлыдержавалық орыстық көзқарастардың өзара қосылып, қазақ жерінде ұлттық-большевизм ұстанымының орнығуына жол ашты. Бұдан кейінгі жылдарда Қазақстанда салтанат құрған социализм идеясы осы екі идеологиялық ұстанымның қосындысы ретінде қарастырылғаны жөн. Ұлттық-большевизм идеясы өз ретінде ұлттық санадан алаштық ұстаным мен идеяны ығыстырып, біржолата шығарып тастауды өзінің негізгі міндеті санады.

Сонымен, 1920 жылы 4-12 қазан күндері Орынбор қаласында өткен советтердің құрылтай съезінде Қазақ автономиялық социалистік советтік республикасы өмірге келді. «Қазақстан тарихының» соңғы басылымында ҚАССР құрылуына байланысты «байырғы қазақ жерінің едәуір аумағында Қазақстан мемлекеттілігі құрылды», оның құрылуымен «Ресей империясының бодандығы тұсында ыдырап кеткен Қазақстанның аумақтық тұтастығы қалпына келтіріле бастады» деген тұжырым жасалынған.                    Бұл тұжырыммен белгілі дәрежеде ғана келісуге болады. Дегенмен Қазақ автономиялық советтік республикасының өмірге келуін, осы томда көрсетілгендей, тек Совет өкіметінің, оның басшыларының мақсатты қызметінің нәтижесі ретінде қарастырылуы бұл, әрине, тарихи процесті идеологияландырудың, анығырақ айтқанда, бұрмалаудың көрінісі ретінде қарастыруға лайық.

Осы ретте мынадай жағдай есепке алынғаны жөн. Біріншіден, қазақ жерінде оның иесі – қазақ халқының сұранысына лайық мемлекеттілікті жаңғырту идеясы ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан қажеттілікке айналғаны, соңғы рет бұл мақсаттың Алаш ұлттық-демократиялық партиясының бағдарламасында қойылғанын елеусіз қалдыру мүмкін емес. Екіншіден, империялар тарихында отарлық езгідегі халқына өз еркімен мемлекеттілік сыйлаған билікті кездестіру қиын. Мемлекеттілік, тәуелсіздік мақсатты күрестің нәтижесінде ғана келмек. Бұл ақиқат Ресей империясының советтік кезеңіне де тиесілі.                                                   

Ең соңында, үшіншіден, Қазақ автономиялық советтік республикасы мазмұндық тұрғыдан қазақ халқының бір емес, бірнеше буыны өз өмірін арнаған мемлекеттілік түрі ме еді? Бұл ретте Ахмет Байтұрсынұлының: «Біз, қазақтар, Қазақ Республикасы деген атауды малданып жүрміз, ал бұл республиканың мазмұны біздікі емес қой, оның иесі де біз емеспіз», ‒ деген пікірі шындықты толық ашып тұр.

Тегтер: тарих тағылым рухани жаңғыру естелік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ 13:00
Пешене
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 23:09
Талас Омарбеков дүниеден өтті
Оңалбек ӘУЕЛБЕКОВ 02.12.2021, 13:12
Қажымұқанды насихаттау – қазақты құрметтегенмен бірдей
Жақсыбек САЙЛАУБАЙ 02.12.2021, 11:19
Ана - бақыт, ана - деген шырағың!
Жарас КЕМЕЛЖАН 02.12.2021, 09:00
Светқали Нұржан: Басымды шауып тастаса да, тілімді кесіп, қаламымды тартып ала алмайды
Қуандық ТҮМЕНБАЙ 01.12.2021, 16:47
Саябақтағы классикалық әуен

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14