Қазақша оқыт балаңды!

Жарас КЕМЕЛЖАН

05.05.2022, 05:30

3566

«Бұдан былай қазақтар мен барша қазақстандықтар өз балаларын міндетті түрде қазақ мектебіне беруі керек», дейді тарихшы Зиябек Қабылдинов. Қазақтың тілі – елдегі ұлтаралық келісім мен тәуелсіздіктің ең маңызды тірегі екенін түсінетін кез келді, деген ой тастайды ол.

«Дос жылатып айтады» демекші, кезінде Ресейден тарихи отанына көшіп келген ғалым бұл пікірін әлеуметтік желіде жариялаған екен. Былай дейді:

– Қазақстан халқы тұтастығы мен бүгінгі бірлігін көздің қарашығындай сақтап, бағалауы тиіс. Бәріміздің ортақ үйіміз болған Қазақстан Республикасындағы бейбітшілік пен келісімді сақтау – әрқайсымыздың міндетіміз һәм қастерлі парызымыз. Қазақстан 30 жылдық тәуелсіз ғұмырында Ресей, Грузия, Әзербайжан, Армения, Молдова, Қырғызстан мен Украинада орын алған ұлтаралық хаостан аман болды. Қазақ өзінің – Димашымен, Генасы, Иманбегі мен Самалымен ғана емес, бейбіт аспан астындағы жерұйығы үшін «қазақ феномені» аталған қасиетімен әлемге аз-мұз танылды.

Алайда қазіргі геосаяси тұрғыдағы аса күрделі аласапыран заманда үлкен сұрақ туындады. Мәселен, тіл мәселесін тиек етіп, біреулер бүйректен сирақ шығара келмей ме, бейбіт өмірімізге қауіп төндіріп? Жуырда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің «биыл қазақ отбасыларынан бірінші сыныпқа баратын баласын қазақ сыныбына беруге ниетті ата-аналар саны азайып отыр», деген өкінішпен әлеуметтік желіде жазған жазбасын оқыдым. Мен министрдің бұл өкінішін түсінемін. Өйткені біздің берекелі бақытты өміріміз, тұрақтылығымыз, тіпті, саяси тәуелсіздігіміз де қазақ тілімен тікелей байланысты!

Меніңше, біз соңғы отыз жылда көптеген мүмкіндіктеріміз бола тұра, қазақ тілінің мәртебесін шын мемлекеттік деңгейге дейін көтере алмадық. Шын біртұтас халықты, немесе біртұтас саяси ұлтты қалыптастыра алмадық. Мен өзім оралман-қандас едім, 1994 жылы Ресейден тарихи Отаныма оралған. Оның үстіне, кәсіби тарихшымын, тарих пен этнология сықылды гуманитарлық сала бойынша білетінім біраз бар. Ресей мен Қазақстан бойынша талай тарихи-этнологиялық экспедицияларға шыққам, бірқатар ірі елдердің архивтерімен жұмыс істеп, оқу-ағартушылық және ғылыми мақсаттармен әлемнің 40-қа жуық елінде болдым. Мені, негізі, «нацист», шовинист, я болмаса, русофоб деп айыптау қиын. Өйткені мұндай пәлекет пиғыл мен сияқты кешегі көшпенділердің ұрпағына, Ұлы дала ұлдарының психологиясы мен менталитетіне мүлдем сәйкес емес еді. Мен орыстың ортасында туып-өстім, бірақ бала кезімнен өзім туған Сібірдегі қазақ ауылының ұлттық-мәдени құндылықтарына қанық болдым. Совет армиясында интернационал бөлімшенің старшинасы болып қызмет еттім, орыс, ноғай, табасаран, украин, авар, шешен, белорусь, әзербайжан, қазақ, лезгин және басқа да көптеген ұлт өкілдерімен қатар жүрдім. Орыс мектебінде үлгерімім жақсы болды. Ресейдің классикалық жетекші университетінде жақсы оқып, жоғары стипендия алдым. Бүгінде квазимемлекеттік ұйымды басқарып отырмын. Өткенде қазақша тәп-тәуір сөйлей алатын орысты, бір қырғызды, бір түрік-месхетин мен поляк қызын жұмысқа қабылдадым. Бұрын мұнда өңкей бір ұлт өкілдері жұмыс істеп келген екен. Сонымен, менің айтпағым, жоқ дегенде, ұлты қазақ ата-аналар міндетті түрде өз балаларын қазақ мектебіне беруге міндетті. Қазақстанның болашағы үшін. Елдегі бейбіт өмір үшін. Өз балалары үшін. Неге десеңіз, мен түсіндірейін.

Қазақ тілі – Қазақстандағы жалғыз мемлекеттік тіл екенін ешқашан ұмытпайық. Оны бұл елде тұратын әркім білуі тиіс. Бірлескен бақытты тірліктің ең басты шарты осы. Ұлыбритания азаматтары неге тегіс ағылшынша сөйлейді, француздың бәрі қайдан французша біледі, немістер неге немісше сөйлегіш, орыс қай бетімен орысша сөйлеп жүр, деген сұрақтарды біз ешқашан қоймаймыз ғой?! Бізде де солай болуы тиіс. Бірақ қазақ тілін қазақ мектебі үйретуі керек. Дұрысы да, жеңіл жолы да осы. Қазақша сөйлейтін адамның Қазақстандағы болашағы көп, мемлекеттік қызметті айтпағанның өзінде…

Егер балаңды қазақ сыныбына беріп, өзің де осы Қазақстанда қаламын деп шешсең, сенің ұрпағың кейін қазақтілді ортада бәсекеге қабілетті болады, осы жерге жақсы бейімделген азамат боп шығады. Орыс тілін біздің балаларымыз онсыз да үйреніп алады, тәп-тәуір деңгейде. Қазақ мектебінің бәрінде орыс тілі пәні бар, сосын, қазақтың көпшілігі кемінде екі тілді қатар меңгеруге әбден-ақ қабілетті.

Қазақ мектебіне берсеңіз, балаңыз болашақта анда-санда туындауы мүмкін түрлі тұрмыстық ұлтаралық кикілжіңдерден мәңгілікке сақтандырылады. Көріп жүрміз ғой қазір де, қазақша еркін сөйлейтін орысқа қазақ та тиіспейді, не орыс та шүйлікпейді екен. Мансап та, атақ та, ақша да жеңіл келеді. Максим Споткай, Максим Рожин, Геннадий Шиповских секілді Қазақстандағы талай орыс бұған тірі мысал.

Қазір елдегі қазақтың үлесі 70 пайыздан асып кетті, оған қазақша сөйлей алатын түркітілдес халықтардың өкілдерін қоссақ, тіпті, 80 пайызға жетеді! Шамамен, жиырма жылдан кейін бұл үлес, тіпті, 90 пайыздан асады. Соған балаңызды алдын ала дайындауыңыз керек!

Соңғы 30 жылда елге сырттан 1,5 миллионға жуық қазақ оралды. Егер біз, шынымен, «Жаңа Қазақстан», «Екінші республика» немесе ең дұрысы «Әділетті Қазақстан» құратын болсақ, елге одан да көп қазақ қайтып келеді. Солармен ортақ тіл табысып, сөйлесу үшін де қазақ тілі керек. Қазақ тілін меңгеріп алған бала үшін тағы ондаған түркі тілдеріне жол ашылады, білім мен танымның көкжиегі кеңейеді.

Қазіргі қазақ мектебінің деңгейі мен білімі орысша оқытатын мектептен төмен деген сөз – сандырақ боп барады. Республикалық және халықаралық олимпиадаларға қараңыз, жеңімпаздардың көпшілігі қазақ мектебінде оқитын балалар. Соңғы деректер бойынша, 90 пайызға жуығы. Қазір «Назарбаев университетінде» оқитындардың басым бөлігі қазақ мектебінен шыққан, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқитындардың көбі қазақ мектебінің түлегі екен.

Қазақ сыныбында білім алған бала ақыр аяғы тәрбиелі адам боп шығады, үлкенді құрметтеп, кішіге ізеттілеу болып, қонақжай, кеңпейіл, қайырымды, толерантты, көптілді, ұлттық дәстүр мен дәстүрлі дінге жақындау боп шығады. Қазақ мектебінде ғана балалар әйел мұғалімді асқан ізет пен сыйластықпен «апай» дейді, ер ұстазын «ағай» дейді. Орыстілді мектепте ондайды қашан көріп едіңіз? Қазақ сыныбында білім алған бала бөтен ұлт пен өзге өркениет өкілдерін сыйлай біледі, ертең Қазақстандағы тұрақтылық пен ұлтаралық келісімнің тірегі солар болады! Сосын, біреулер ренжісе де айтайын, қарттар үйіне тапсырылатын кемпір-шалдың көпшілігі – балалары орыс мектебін бітірген әке-шешелер еді.

Мен өз балаларымды қазақ мектебіне бердім. Туып-өскен, білім алған жерім Ресей екенін жаңа айттым. Ресей туралы жаман айтпаймын, жаман нәрсе жазған емеспін. Бірақ Ресейдегі қазақтарға ассимиляция қаупі тікелей төніп отыр. Онда – 1 миллион қазақ бар, бірақ қазақша білім беретін бір балабақша, мектеп, колледж, университет жоқ, қазақша сөйлейтін бір театр, газет, радио мен телеарна жоқ. Мен балаларымның толық ассимиляциясынан қауіптеніп, Қазақстанға көштім. Біздің таңдауымыз осы. Ешкімді кінәламаймын.

Кезінде Алаштың бетке ұстар интеллигенциясы қазақ отбасыларына «балаларыңды қазақтың бастауыш мектебіне беріңдер», деген кеңес берген. Олар да русификация немесе ассимиляциядан қауіптенді.

«Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай, жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады», — деген еді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы.

Ушинский, Макаренко, Каменский сияқты орыс пен батыстың кемеңгер педагогтары да қадап тұрып, шырылдап жүріп, осыны айтқан, бастауыш сыныбының балалары тек қана туған тілінде білім алуы тиіс деп. Қоршаған орта туралы бала бойындағы ең бастапқы түсінік өзіне жақын сөздер мен туған тілі арқылы қалыптасуы керек деген.

Ал дәл қазір бір Қазақстан Республикасы аясында екі бөлек халық қалыптасуының зор қатері төніп отыр: бірі – екі тілді білетін қазақ, өзбек, қырғыз сықылды түркілер. Бұлар көпшілік. Екінші халық – орыс мектебінде оқыған, орысша ғана сөйлейтін елдегі орыстар, белорусь, украин, поляк, татар, кәріс, еврейлер. Бұлар қазақ тілін мүлдем білмейді деуге болады. Мұның түбі тұрмыстағы түсінбеушіліктен бастап, ертең сыртқы күштер қатысып кетуі мүмкін ұлтаралық кикілжің мен қақтығысқа ұласу қатері бар екені анық. Бұл – мәселе. Тәуелсіз Қазақстанның денесіндегі әлі іріңдеп тұрған ауыр жара. Бұл мәселемен дүкенде әкіреңдейтін «тіл патрулі» немесе керекулік Руза апай мен Асылы Осман сияқты жекелеген қоғам қайраткерлері ғана айналыспауы тиіс. Бұл мәселемен мемлекеттің өзі мықтап айналысуы керек. Бұл мәселені ұлтына қарамай, елдегі барлық ата-аналар түсініп, мәселенің шешімін табуға белсенді қатысқаны қажет.

Міне, шешім. Бұл жерде көп мәселені қай тілде оқытатын қай мектепті таңдау деңгейінде-ақ шешіп тастауға болады екен. Көпұлтты Қазақстан халқының абсолютті басым көпшілігі мемлекеттік тілді меңгеріп алса, ел тәуелсіздігінің мызғымас тірегі мен барша ұлтты біріктіретін басты фактор сол болады, – деп пайымдайды пікір иесі.

Тегтер: тіл мемлекеттік тіл мәселе латын әліпбиі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.03.2023, 10:33
Тоқаев Елена Рыбакинаны жаңа жеңісімен құттықтады
Сайт әкімшілігі 20.03.2023, 08:34
Елена Рыбакина әлемдік рейтингте өз рекордын жаңартты
Кәкен ХАМЗИН 17.03.2023, 07:20
Есімде, бәрі есімде
Кемел ЖАН 17.03.2023, 05:30
Берлин көрмесінің көзайымы
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ 16.03.2023, 17:53
Ғаламдағы адам
Асқар ТҮКБАЕВ 16.03.2023, 10:11
Қазақ мультфильмінің атасы – Әмен Қайдаров

Аңдатпа


  • Сайлау– 2023: Бір өкініш, Бір үміт...
    06:56
  • Оқшауланған Ресей: Путин тұтқындала ма?
    06:37
  • 13-премьер: құт па, жұт па?
    06:45
  • Қандай елде өмір сүреміз?
    17.03.2023, 05:35
  • Сайлау: Мойның жуан болса мақтан, жіңішке болса - сақтан!
    17.03.2023, 05:28